Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 67-бабы 6-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі |
С. Брекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 2022 жылғы 26 тамыздағы № 586 Бұйрығымен бекітілген |
Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 67-бабы 6-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығы саласындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) балық шаруашылығы – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғаумен, өсімін молайтумен, акваөсірумен, балық өсірумен, балық аулаумен, сондай-ақ қайта өңдеумен және өткізумен байланысты шаруашылық қызмет түрі;
2) балық шаруашылығы субъектісі – қызметінің негізгі бағыты балық шаруашылығын жүргізу болып табылатын жеке және заңды тұлға;
3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкiлеттi орган) – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындау тәртібі
3. Балық шаруашылығы саласындағы бюджеттік субсидиялардан экономикалық әсерді айқындауды жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 25 ақпаннан кешіктірмей, уәкілетті орган және облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
4. Уәкілетті орган:
1) ресми көздерден алған деректердің мониторингін, талдауды және салыстыруды жүзеге асырады;
2) балық шаруашылығы саласындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық тиімділігін айқындайды;
3) балық шаруашылығы саласындағы бюджеттік субсидиялардың әрбір бағыты бойынша экономикалық әсерді айқындау нәтижелері туралы қорытынды дайындайды.
5. Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсері мынадай бюджеттік субсидиялар бойынша тиімділік коэффициентіне сәйкес айқындалады:
инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау;
акваөсіру (балық өсіру) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялау.
6. Егер тиімділік коэффициенті "Балық шаруашылығы субъектілерін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде тартылған инвестициялар көлемі" көрсеткіші бойынша тең болса (=1) немесе асып кетсе (>1), инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау тиімді деп танылады, ол мынадай формула бойынша есептеледі:
Консультативтік тиімді түрі (бұдан әрі – К тиімді) = Негізгі капитал инвистиция көлемі (бұдан әрі – НКИК) ағымдағы жыл/ НКИК өткен жыл,
мұнда:
К тиімді – тиімділік коэффициенті;
НКИК ағымдағы жыл – ағымдағы кезеңде балық шаруашылығы субъектілерін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде тартылған инвестициялар көлемі;
НКИК өткен жыл – өткен кезеңде балық шаруашылығы субъектілерін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде тартылған инвестициялар көлемі.
7. Егер тиімділік коэффициенті "Өсірілген балық көлемі" көрсеткіші бойынша тең болса (=1) немесе асып кетсе (>1), акваөсіру (балық өсіру) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялау тиімді деп танылады.
"Өсірілген балық көлемі" көрсеткіші бойынша тиімділік коэффициенті мынадай формула бойынша есептеледі:
К тиімді = Балық өсіру көлемі ӨБК ағымдағы жыл / ӨБК өткен жыл,
мұнда:
К тиімді – тиімділік коэффициенті;
ӨБК ағымдағы жыл – ағымдағы кезеңде өсірілген балық көлемі;
ӨБК өткен жыл – өткен кезеңде өсірілген балық көлемі.
8. Бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсері егер тиімділік коэффициенті (<1) төмен болса теріс және егер тиімділік коэффициенті (=1) тең болса немесе (>1) асатын болса оң болып табылады.
Егер тиімділік коэффициенті (<1) төмен болған жағдайда, уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде растайтын құжаттармен бірге (балықтың қырылуы, балықтың ауруы, судың ластануы, су айдынының гидрологиялық режимінің нашарлауы, ветеринариялық/фитосанитариялық жағдайдың қолайсыздығы туралы мәліметтер, балық шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен қаражаттың жеткілікті бөлінбейтіндігі туралы растау) есепті кезеңде өсірілген балық көлемінің төмендеу себептерінің негіздемелерін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне жібереді.