БҰЙЫРАМЫН:
1. "Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 340 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21140 болып тіркелді) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ә. Сарбасовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
Т. Дуйсенова |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2022 жылғы 31 желтоқсандағы № 550 бұйрығына қосымша |
Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) жұмыс берушілерге еңбекті қорғауды басқару жүйесін (бұдан әрі – ЕҚБЖ) құру және қолданылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 16-бабының 41-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен экономикалық қызмет түріне қарамастан ұйымдарда ЕҚБЖ туралы жұмыс беруші әзірлейтін Ереженің негізі болып табылады.
2. Үлгілік ереже Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында айқындалатын талаптарды сақтай отырып, еңбекті қорғау жөніндегі ұйымның саясатына сәйкес жұмыс беруші іске асыратын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау құралдарын (бұдан әрі - ҚжЕҚ) және іс-шаралар кешенін айқындайды.
3. ЕҚБЖ ұйымның экономикалық қызметінің ерекшелігі мен түрін ескере отырып құрылады және кәсіптік тәуекелдерді басқаруға негізделеді және ұйымның барлық құрылымдық бөлімшелеріне, жұмыскерлеріне және жұмыс берушіге жататын аумақтағы ғимараттар мен құрылыстағы адамдарға таралады.
4. Ұйымдарда ЕҚБЖ осы Үлгілік ережеде ЕҚБЖ көзделген құрылымдық элементтерін сақтай және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ете отырып халықаралық, мемлекетаралық және ұлттық стандарттар негізінде құрылады және енгізіледі.
5. Ереже жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
6. ЕҚБЖ туралы Ереже ЕҚБЖ-не қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде, сондай-ақ ЕҚБЖ-нің жұмыс істеуін талдау негізінде қайта қарауға және өзектілендіруге жатады.
2-тарау. Еңбекті қорғауды басқару жүйесінің мазмұны
7. ЕҚБЖ құрылымдық элементтері (кезеңдері) мыналар болып табылады:
1) ЕҚБЖ жоспарлау;
2) ЕҚБЖ қолдану;
3) ЕҚБЖ қолданылуын бақылау және рәсімдердің іске асырылуын мониторингтеу;
4) ЕҚБЖ жетілдіру.
ЕҚБЖ құру және жұмыс істеуінің барлық кезеңдері жұмыс беруші дербес немесе шарттық негізде мамандарды тарта отырып жүзеге асырылады.
ЕҚБЖ ұйымның құрылымында көзделген басқару деңгейлерін пайдалана отырып, ҚжЕҚ қамтамасыз ету жөніндегі лауазымды адамдардың функциялары мен өкілеттіктерін бекітуді көздейді.
1-параграф. ЕҚБЖ жоспарлау
8. ЕҚБЖ жоспарлау кезеңінде жұмыс беруші мыналар бойынша функциялары мен өкілеттіктерін бөледі және бекітеді:
1) еңбекті қорғау саласындағы саясатты (бұдан әрі - Саясат) әзірлеу;
2) басқару деңгейлерін ескере отырып, ұйымдағы бөлімше басшылары арасында еңбекті қорғау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді бөлу және бекіту
3) еңбекті қорғау саласындағы шығындарды қаржыландыруды қоса алғанда, ЕҚБЖ енгізу және рәсімдерді іске асыру үшін ресурстармен қамтамасыз ету;
4) жұмыскерлерді жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы, кәсіптік тәуекелдер және ұйымдағы еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде қолданылатын шаралар туралы хабардар ету;
5) жұмыскерлермен және (немесе) олардың өкілдерімен ұйымдағы ЕҚБЖ-ні әзірлеу, жоспарлау, қолданылуын қамтамасыз ету, тиімділігін бағалау және жақсарту бойынша консультация беру;
6) ЕҚБЖ қолданылуының тиімділігін бақылау;
7) ЕҚБЖ туралы Ережені және Саясатты уақтылы өзектендіру.
9. Саясат ұйымның еңбекті қорғау саласындағы қызметінің қағидаттары, мақсаттарының, міндеттері мен бағыттарының тізбесін қамтиды, оларды іске асыруға ұйым басшылығы кепілдік береді және ұйымның қызметін талдау негізінде әзірленеді, қызметтің ерекшелігін, өндіріс сипатын, кәсіптік тәуекелдердің болуын ескереді.
Саясат ұйым басшылығының актісімен бекітіледі және ЕҚБЖ-нің жұмыс істеу тиімділігін талдау негізінде міндетті түрде қайта қаралуға және өзектілендіруге жатады және жұмыс беруші ұйымның стендтеріне орналастыру арқылы не мүдделі тараптар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ететін өзге де тәсілмен қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, барлық қызметкерлердің назарына қол қойғызып жеткізіледі.
10. ЕҚБЖ шеңберінде ішкі және сыртқы өзара іс-қимыл және коммуникациялар жүйесі қамтамасыз етіледі, жұмыскерлерге консультация беру және ақпараттандыру жүзеге асырылады.
ЕҚБЖ шеңберіндегі ішкі коммуникация және өзара іс-қимыл жұмыс берушінің актілерін, өкімдерді шығару, жоспарларды, есептерді келісу және бекіту, ЕҚБЖ құжаттамасын ресімдеу, өндірістік кеңестер өткізу арқылы жүзеге асырылады. Ішкі коммуникация мен өзара іс-қимылды жүзеге асыру тәртібін ұйым басшысы айқындайды.
ЕҚЖБ шеңберіндегі сыртқы коммуникация және өзара іс-қимыл есептілік, сұрау салулар бойынша ақпарат беру, ҚжЕҚ қатысты мәселелерді мердігерлік (қосалқы мердігерлік) ұйымдармен келісу, ҚжЕҚ қатысты ұйым қызметіндегі өзгерістер туралы хабардар ету түрінде жүзеге асырылады.
ЕҚБЖ шеңберінде жұмыскерлерге консультация беру және ақпараттандыру мыналарды қамтиды:
1) ЕҚБЖ енгізу және оның жұмыс істеуі мәселелері бойынша консультация беру;
2) еңбекті қорғау жөніндегі заңнаманың талаптары туралы хабардар ету;
3) жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғауының жай-күйі туралы, денсаулықтың қазіргі қауіптері мен зақымдану тәуекелдері, тиісті жеке қорғану құралдары, ауыр жұмыстар мен зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстар үшін жеңілдіктер мен өтемақылар туралы хабардар етуді қамтиды.
ҚжЕҚ қатысты мәселелер туралы жұмыс берушіні жұмыскерлер хабардар ету мыналарды қамтиды:
1) ҚжЕҚ саласында басқа тұлғалар тарапынан бұзушылықтардың анықталғаны туралы хабарлама;
2) оқиғалар және олардың туындау қатерлері туралы хабарлама;
3) ҚжЕҚ жағдайын жақсарту және ұйымдағы ЕҚБЖ тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар.
ЕҚБЖ шеңберінде жұмыскерлерге консультация беруді және оларды хабардар етуді және жұмыс берушіні немесе жауапты адамдарды ұйым жұмыскерлеріне хабардар етуді жүзеге асыру тәртібін ұйым басшысы айқындайды және ЕҚБЖ туралы ережеде көрсетіледі.
11. ЕҚБЖ рәсімдерін айқындау және ҚжЕҚ бойынша іс-шаралар жоспарларын әзірлеу мына негізде жүргізіледі:
1) еңбек жағдайларының жарақат алу қауіпі, өндірістік жабдықтың қауіпсіздігі, ЖҚҚ-мен қамтамасыз етілуі, жұмыскерлердің сырқаттанушылығын бағалауды қамтитын еңбек жағдайларының зияндылығын, кәсіптік қатерлерді бағалау нәтижелері;
2) уәкілетті жергілікті және еңбек инспекциясы жөніндегі мемлекеттік органдардың нұсқамалары;
3) құрылымдық бөлімшелер басшыларының, жұмыскерлердің, жұмыскерлер өкілдерінің ұсыныстары.
ҚжЕҚ бойынша іс-шаралар жоспарларын әзірлеу Саясатта, ЕҚБЖ жоспарлау кезеңінде белгіленген ЕҚБЖ мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін жоспарланған көрсеткіштерді белгілеуге бағытталған.
ҚжЕҚ бойынша іс-шаралар жоспарларында жоспарланған көрсеткіштерді белгілеу кезінде іс-шаралар, орындаушылар, жауапты тұлғалар, орындау мерзімдері, қаржыландыру көздері мен көлемдері, күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар көзделеді.
ҚжЕҚ бойынша іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, қайта қарау және өзектендіру тәртібін ұйым басшысы белгілейді және ол ЕҚБЖ туралы ережеде көрсетіледі.
2-параграф. ЕҚБЖ қолданылуы
12. ЕҚБЖ қолданылуы мынадай рәсімдерді іске асыру арқылы жүзеге асырылады:
1) ҚжЕҚ бойынша жұмыскерлерді даярлау;
2) жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттамамен қамтамасыз ету;
3) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау;
4) кәсіптік тәуекелдерді басқару;
5) жұмыскерлердің денсаулық жағдайының мониторингі;
6) жұмыскерлерді жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, жуу және залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз ету;
7) зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін кепілдіктер ұсыну;
8) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру;
9) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру;
10) мердігер ұйымдардың жұмыстарды қауіпсіз орындауын бақылау.
13. ҚжЕҚ бойынша жұмыскерлерді даярлау мыналарды қамтиды:
1) жұмыскерлерді жұмысшы кәсіптері бойынша оқыту және білімін тексеру;
2) басшылар мен ҚжЕҚ қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды оқыту және олардың білімін тексеру;
3) ҚжЕҚ мәселелері бойынша нұсқама беру және білімдерін тексеру.
Жұмыскерлерді оқыту, оларға нұсқау беру және білімдерін тексеру Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 "Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12665 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
ҚжЕҚ-ды қамтамасыз ететін адамдардың тізімін, жұмыскерлерді оқыту жүргізілетін жұмыстар мен кәсіптердің тізбесін, оқыту және нұсқау беру бағдарламаларын кәсіптің сипатына, жұмыс түріне, өндіріс ерекшелігіне және еңбек қауіпсіздігі жағдайларына сүйене отырып, жұмыскерлер өкілдерімен (олар болған кезде) келісе отырып, ЕҚБЖ туралы ережеде баяндала отырып, ұйым басшысы белгілейді және бекітеді.
14. ЕҚБЖ шеңберінде жұмыс берушінің өндірістік үй-жайларда, кәсіпорын аумағында, құрылыс алаңдарында, көлік құралдарында және осы жұмыстар жүргізілетін және қызметтік міндеттер орындалатын ұйымның өзге де орындарында жұмыстарды орындау кезінде ҚжЕҚ жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу, бекіту, қайта қарау және жұмыскерлерді нұсқаулықтармен қамтамасыз ету бойынша іс-қимылдар регламенттеледі.
Жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттамамен қамтамасыз ету Кодектің 182-бабына және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 927 "Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12534 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Кәсіптерге, жекелеген жұмыс түрлеріне және ұйымдағы жұмыс орындарына арналған нұсқаулықтардың тізбесін жұмыс беруші немесе өзге де уәкілетті тұлға бекітеді және ЕҚБЖ туралы ережеде көрсетіледі.
15. Қызметінің негізгі түрі өндірістік болып табылатын ұйымдар үшін, сондай-ақ өндірістік бөлімшелері бар ұйымдар үшін ЕҚБЖ құру және енгізу кезінде ЕҚБЖ туралы ережеге өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау (бұдан әрі - Аттестаттау) рәсімі енгізіледі.
Аттестаттау Кодекстің 183-бабына және "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1057 "Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12743 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
ЕҚБЖ туралы ережеде аттестаттауға жататын ұйымның өндірістік объектілері мен жұмыс орындарының тізімі көрсетіледі, комиссияның құрылу мерзімдері мен құрамының, жұмыс берушінің, комиссияның, мамандандырылған ұйымның рәсімді іске асыру жөніндегі іс-шараларының сипаттамасы, сондай-ақ оның нәтижелері бойынша тиісті есептілікті ресімдеуге, қабылдауға және ұсынуға қойылатын талаптар келтіріледі.
16. ЕҚБЖ шеңберінде жұмыс беруші кәсіби тәуекелдерді басқаруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Кәсіптік тәуекелдерді басқару Кодекстің 183-бабына және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 363 "Кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21197 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
ЕҚБЖ туралы ережеде кәсіптік тәуекелдерді бағалау және басқару нәтижелерін ұйымдастыру, жүргізу, ресімдеу және тіркеу тәртібі мен мерзімдерінің сипаттамасы келтіріледі.
17. Жұмыскерлердің денсаулық жағдайының мониторингі денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік, инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу мен оларды таратпау және жарақаттанудың алдын алу мақсатында жұмыс берушінің жұмыс беруші мыналары жүргізуді ұйымастыру нысанында жүзеге асырылады:
1) мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулерді;
2) ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медициналық қарап-тексерулерді;
3) ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) медициналық қарап-тексерулерді.
Мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексеру өлшемділігі мен меншік нысанына қарамастан, ұйымдар қызметінің ерекшелігін ескере отырып "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 86-бабына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21443 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Ережеде жұмыстардың сипатына қарай медициналық тексеру түрлеріне қарай ұйым үшін көзделген жұмыс орындарының тізбесі, ұйымдастыру тәртібі мен мерзімдерінің сипаттамасы, нәтижелерді ресімдеуді және тіркеуді жүргізу келтіріледі.
жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқкиімін беруді және жөндеуді, оларды профилактикалық өңдеу, жуу және дезинфекциялау құралдарымен
18. Жұмыс беруші жұмыскерлерді арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен (бұдан әрі – ЖҚҚ), оларды профилактикалық өңдеу, жуу және дезинфекциялау құралдарымен қоса алғанда, күтуді, сақтауды және зарарсыздандыруды қамтамасыз етуді Кодекстің 182-бабына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1054 "Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12675 тіркелген) (бұдан әрі – № 1054 Бұйрық) бұйрығына сәйкес жүзеге асырады.
ЕҚБЖ туралы ережеде ЖҚҚ-мен жұмыскерлерін қамтамасыз ету, сатып алуды, беруді, сақтауды, ауыстыруды, жууды, зарарсыздандыруды және жөндеуді ұйымдастыруға жауаптылар, сондай-ақ осы рәсім шеңберінде есепке алу, тіркеу және есептілікті жүргізу тәртібі көрсетіледі.
Жұмыскерлерге санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауды жұмыс беруші ұжымдық қорғау құралдарын орнату және ұстау, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар мен құрылғыларды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етеді. Өндірістік ерекшелікті ескере отырып ЕҚБЖ туралы Ережеге № 1054 Бұйрыққа сәйкес осы үй-жайлар мен құрылғыларды ұйымдастыру, олардың жарамдылығы мен функционалдығын қамтамасыз ету тәртібі енгізіледі.
19. Кепілдіктерді ұсыну Кодекстің 69 және 89-баптарына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1053 ""Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ оларды беру қағидаларын бекіту туралы"" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12731 тіркелген) бұйрығына және № 1054 Бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Осы рәсімді жүзеге асыру тәртібі, ЕҚБЖ шеңберінде кепілдіктермен қамтамасыз етілуге жататын қызметкерлерді айқындау ЕҚБЖ туралы ережеде келтіріледі.
20. Жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі - ЖОМС) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауда өмірі мен денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін жұмыскерлердің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. ЖОМС-ға меншік нысанына, жүзеге асырылатын қызмет түріне және өлшемділігіне қарамастан ұйымның барлық жұмыскерлері жатады.
ЖОМС "Жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
ЕҚБЖ туралы ережеде ЖОМС-ды жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері келтіріледі.
21. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды (бұдан әрі – жазатайым оқиғалар) тергеп-тексеру меншік нысанына, жүзеге асырылатын қызмет түріне және өлшеміне қарамастан жұмыс берушілер жүзеге асыратын ЕҚБЖ рәсімі болып табылады.
Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және есепке алу Кодекстің 20-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
Ережеде мыналар туралы ақпарат келтіріледі:
1) ұйымды басқаруды жүзеге асыру ерекшеліктері ескеріле отырып, жазатайым оқиға туралы хабардар ету тәртібі;
2) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның лауазымды адамдарын жазатайым оқиғаларға тергеп-тексеру жүргізу үшін жіберуді қамтамасыз ету;
3) жұмыскерлердің жекелеген топтарының (іссапарға жіберілген, өндірістік практикадан өтіп жатқан, мердігерлік ұйымдар жұмыскерлерінің) жазатайым оқиғаларын тергеп-тексеру ерекшеліктері;
4) жұмыс беруші өздеріне қатысты тергеп-тексеру мен есепке алуды қамтамасыз ететін жазатайым оқиғалардың, сондай-ақ еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынуға жатпайтын санаттары;
5) кәсіптік аурулар мен улануларды тексеру және есепке алу ерекшеліктері;
6) жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексерудің ерекшеліктері;
7) жұмыс беруші – жеке тұлғада жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру ерекшеліктері.
22. Ұйым құрылыс саласындағы жұмыстарды бас мердігер ретінде немесе мердігер (қосалқы мердігер) ұйым ретінде жүзеге асырған кезде ЕҚБЖ туралы ережеде мердігерлік жұмыстардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету рәсімінің сипаттамасы келтіріледі.
Бас мердігер Кодекстің 184-бабына және "Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы конвенцияны ратификациялау туралы (167-Конвенция)" Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған "Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы" Халықаралық еңбек ұйымының № 167 конвенциясына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау жөніндегі жұмыстарды жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.
ЕҚБЖ туралы ережеде тараптардың негізгі функциялары және оларды айқындау және бекіту тәртібі келтіріледі, мердігерлік жұмыстардың қауіпсіз орындалуын ұйымдастыру жөніндегі келісілген іс-қимылдардың орындалуына ақпараттандыру және бақылау тәртібі белгіленеді.
3-параграф. ЕҚБЖ қолданылуын бақылау және рәсімдерді іске асыру мониторингі
23. ЕҚБЖ еңбек заңнамасының, қауіпсіздік ережелері мен нормаларының, стандарттардың талаптарына сәйкессіздіктерін жедел анықтау және оларды жою бойынша жедел шешімдер қабылдау мақсатында жұмыс беруші ұйым қызметінің ерекшелігін негізге ала отырып, ҚжЕҚ талаптарының сақталуын бақылауды (бұдан әрі – ішкі бақылау) қамтамасыз етеді.
Ішкі бақылау мыналарды қамтиды:
1) еңбек жағдайларының жай-күйін қадағалау, оның ішінде өндірістік бақылау деректерін талдау;
2) ҚжЕҚ жай-күйін жедел көп деңгейлі бақылау;
3) ҚжЕҚ жөніндегі талаптармен анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қолдану жатады.
Жұмыс беруші ұйымның құрылымы мен қызмет ерекшелігін ескере отырып, бақылау деңгейлері мен бағыныстылықты белгілейді.
Ішкі бақылауды мыналар үшін маман немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі жүргізеді:
1) ЕҚБЖ рәсімдерін сақтау бөлігінде мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарының және өзге де мемлекеттік бақылау органдарының шешімдерінің орындалуы;
2) ҚжЕҚ бойынша қағидаларды, нормаларды, стандарттарды енгізу;
3) ҚжЕҚ мәселелері бойынша жұмыс берушінің актілерін орындау;
4) ҚжЕҚ кабинеттерінің жұмысын ұйымдастыру;
5) арнайы киімді, арнайы аяқ киімді және басқа да жеке қорғаныш құралдарын сатып алуды, сақтауды, жууды, кептіруді, залалсыздандыруды және жөндеуді ұйымдастыруды және жұмыскерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
6) жабдықтардың, машиналар мен механизмдердің жай-күйіне сынақтар мен техникалық куәландырудың қазіргі заманғы жүргізілуімен, қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың параметрлерін өлшеу кестелерінің сақталуымен қамтамасыз ету;
7) ҚжЕҚ бойынша қолданыстағы нормалардың, қағидалар мен нұсқаулықтардың сақталуы.
ЕҚБЖ рәсімдерін жүзеге асыру тәртібінде анықталған сәйкессіздіктер негізінде ҚжЕҚ қызметі немесе маманы ЕҚБЖ кемшіліктері мен сәйкессіздіктерін жою, еңбек жағдайларын және еңбекті қорғауды жақсарту, ҚжЕҚ бойынша жұмыстың жекелеген бағыттарын жетілдіру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді.
ЕҚБЖ туралы ережеде ҚжЕҚ бойынша анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шараларды орындау және қабылдау үшін іс-шараларды әзірлеу және ресімдеу тәртібі келтіріледі.
24. ЕҚБЖ рәсімдерін іске асыру мониторингі осы Үлгілік ереженің 2-параграфында көзделген және ұйымның экономикалық қызметінің ерекшелігі және түрін ескере отырып, жұмыс беруші жүзеге асыратын рәсімдерді іске асыру туралы ақпаратты жинауды, өңдеуді және талдауды қамтиды.
25. ЕҚБЖ ішкі аудитін, жұмыс беруші мен ҚжЕҚ бойынша жұмыскерлердің бірлескен іс-қимылдарын мына мақсатпен жұмыс берушімен қамтамасыз етіледі:
1) ЕҚБЖ енгізу және оның қоланылу тиімділігін бағалау;
2) ЕҚБЖ саясаты мен мақсаттарын орындау нәтижелілігін бағалау;
3) ЕҚБЖ саясаты мен мақсаттарын іске асыру нәтижелері туралы ақпарат ұсыну.
ЕҚБЖ туралы ережеде ішкі аудитті жүзеге асыру тәртібі белгіленеді, ол мыналарды көрсетеді:
1) орган немесе жауапты тұлға (аудитор) туралы ақпарат (құрамы, құзыреті);
2) аудиттің саласын, өлшемшарттарын, кезеңділігін және әдістерін айқындау;
3) аудиттерді жоспарлау, жүргізу, нәтижелері туралы есептілік және құжаттау жөніндегі талаптарды.
Аудит бағдарламалары кәсіптік тәуекелдерді бағалау, сәйкессіздіктерді анықтау және алдыңғы аудиттер нәтижелерін ескере отырып жоспарланады, әзірленеді, енгізіледі және орындалады.
Бақылау мен аудиттің және тексерулер мен талдаудың басқа да түрлерінің нәтижесінде жасалған сәйкессіздіктер, тұжырымдар, қорытындылар мен ұсынымдар құжатпен ресімделеді.
Ұйымда өндірістік кеңес құрған кезде оның функцияларына ЕҚБЖ ішкі аудитін жүзеге асыру кіреді. Өндірістік кеңестің құрамы Кодекстің 203-бабына сәйкес қалыптастырылады және жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің бірлескен шешімімен бекітіледі.
Өндірістік кеңестің ЕҚБЖ шеңберінде бақылау және аудит мақсатында қабылдаған шешімдері, жұмыс беруші мен жұмыскерлер орындауға жатады.
4-параграф. ЕҚБЖ жетілдіру
26. ЕҚБЖ жетілдіру жұмыс берушінің ҚжЕҚ белгіленген нормалары мен талаптарына сәйкес ЕҚБЖ тұрақты ұстап тұру, әлеуетті және анықталған сәйкессіздіктердің себептерін уақтылы жою мақсатында алдын алу және түзету іс-қимылдарын жүргізуін қамтиды.
Алдын алу іс-әрекеттері ықтимал сәйкессіздіктердің туындау мүмкіндігін болдырмау мақсатында әзірленеді және жүзеге асырылады.
Түзету әрекеттері олардың қайта туындауын болдырмау мақсатында анықталған сәйкессіздіктердің себептерін жою үшін әзірленеді және жүзеге асырылады. Түзету әрекеттері жазатайым оқиғаға, кәсіби ауруға, оқыс оқиғаға немесе апатқа әкелуі мүмкін сәйкессіздіктер анықталғаннан кейін бірден жасалады.
Алдын алу және түзету іс-әрекеттерін жүргізу жөніндегі іс-шаралар мыналарды қамтиды:
1) еңбекті қорғау жөніндегі қағидаларды және (немесе) ЕҚБЖ рәсімдерінің сақталмау себептерін айқындау және талдау;
2) бастамашылық ету, жоспарлау, іске асыру, тиімділігін және құжаттамалық ресімдеуді, алдын алу және түзету іс-қимылдарын тексеру;
3) ЕҚБЖ туралы ережеге өзгерістер енгізу.
Сәйкессіздік анықталған кезде, себептері мен маңыздылығына байланысты келесі ескерту және түзету әрекеттері жүзеге асырылады:
1) өндірістік процесті тоқтату;
2) жабдықты пайдалануға тыйым салу;
3) жұмыскерлерді жұмыстан шеттету және білімін кейіннен тексеру;
4) тиісті біліктілігі және жұмыс тәжірибесі бар жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау;
5) ҚжЕҚ бойынша жұмысткерлерді оқыту және біліктілігін арттыру рәсімдерін қайта қарау;
6) сәйкессіздікті жою жөніндегі техникалық іс-қимылдар (жөндеу, техникалық қызмет көрсету);
7) қолданыстағы технологиялық процестердің өзгеруі;
8) мүдделі тараптарды хабардар ету (авариялық жағдай кезінде);
9) аварияларды жою жоспарын қолданысқа енгізу;
10) өнім берушілер мен мердігерлерге қатысты қызметті қайта қарау;
11) ЕҚБЖ туралы ережені, Саясатты қайта қарау.
ЕҚБЖ туралы ережеде анықталған сәйкессіздіктердің себептерін жою бойынша алдын алу және түзету іс-қимылдарының Жоспарларын әзірлеу тәртібі көрсетіледі.
Алдын алу және түзету іс-қимылдарын іске асыруды, сондай-ақ сәйкессіздіктердің туындау себептерін анықтауды ҚжЕҚ қамтамасыз етуші жұмыскерлер жүзеге асырады.
Жүргізілген алдын алу және түзету іс-қимылдарының нәтижелілігі мен тиімділігі ЕҚБЖ ішкі аудиті процесінде тиімділікті бағалау нәтижелері бойынша айқындалады.
27. Ықтимал авариялық жағдайларға, өндірістегі жазатайым оқиғаларға, кәсіптік аурулар мен улануларға ден қою әдістері ЕҚБЖ туралы ережеде көрсетіледі.
Ден қою әдістері өндірістік және технологиялық процестерді, пайдаланылатын шикізат пен өндірілетін өнімнің сипаттамаларын, климаттық, сейсмикалық және өзге де табиғи процестерді талдау нәтижелері, кәсіптік тәуекелдерді бағалау нәтижелері, анықталған сәйкессіздіктер мен бұрын туындаған оқиғалардың, авариялар мен авариялық жағдайлардың салдарлары негізінде әзірленеді.
ЕҚБЖ туралы ережеде жұмыскерлерді авариялық жағдайлар туындаған кезде іс-қимыл жоспарын әзірлеуді, түзетуді және таныстыруды қамтамасыз ететін адамдар көрсетіледі. Жұмыс беруші аварияларға, жазатайым оқиғаларға және кәсіптік ауруларға ден қою нәтижелерін олардың туындауына әкеп соққан себептерді жою жөніндегі түзету іс-шараларын көрсете отырып, акт нысанында ресімдейді. Іс-қимыл жоспары мен актінің нысандары ЕҚБЖ туралы ережеде белгіленеді.
28. ЕҚБЖ бекітілген Саясат пен ҚжЕҚ саласындағы ұйымның мақсаттарына, ҚжЕҚ-ның тиімділігіне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында басшылық тарапынан талдау үнемі жүзеге асырылады.
Талдау келесі әрекеттерді қамтиды:
1) ішкі бақылау нәтижелері бойынша есептік материалдарды, бақылаушы органдардың нұсқамаларын қарау;
2) ЕҚБЖ ішкі аудитінің нәтижелерін қарау;
3) кеңестерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға байланысты ағымдағы мәселелерді талқылау.
Ережеде жұмыс беруші айқындайтын басшылық тарапынан ЕҚБЖ талдауды жүзеге асыру тәртібі келтіріледі.
29. Жұмыс беруші ЕҚБЖ шеңберінде еңбекті қорғау, технологиялық процестер мен еңбек жағдайлары мәселелері бойынша жұмыс берушінің актілерін тұрақты жетілдіру жолымен оның тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдайды.
ЕҚБЖ жақсартуды және тиімділігін арттыруды жоспарлау кезінде жұмыс беруші ЕҚБЖ ішкі бақылау және аудит нәтижелері мен оның тиімділігін бағалау арасында байланыс орнатады.
30. Ұйымда ҚжЕҚ жағдайына сапалы талдау жүргізу, кәсіптік тәуекелдерді сәйкестендіру, бағалау және басқару, сондай-ақ алдын алу және түзету іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында құжаттама жүргізіледі.
Жұмыс беруші ЕҚБЖ туралы ережеде сыртқы және ішкі құжаттаманың тізбесін, жүргізу нысандарын регламенттеу, ресімдеу, бекіту, тіркеу мерзімдерін, сондай-ақ жауапты адамдар мен бөлімшелерді бекітуді қамтитын құжаттаманы басқару тәртібін әзірлейді, бекітеді және сипаттайды.
Еңбекті қорғау жөніндегі құжаттама мыналарды қамтиды:
1) ұйымдастыру-өкімдік және белгілеу сипатындағы құжаттар (бұйрықтар, ережелер, еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтар, тәртіптер, регламенттер, бағдарламалар, жоспарлар, тізбелер, тізімдер, қағидалар, нормалар, стандарттар);
2) ұйымның экономикалық қызмет түріне сәйкес ҚжЕҚ саласындағы нормативтік құқықтық актілер;
3) тіркеу сипатындағы құжаттар (актілер мен хаттамалар, рұқсат нарядтары, өкімдер, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі материалдар, өндірістік объектілерге аттестаттау жүргізу және кәсіптік тәуекелдерді бағалау құжаттамасы);
4) ақпараттық-коммуникациялық сипаттағы құжаттар (жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың статистикалық нысандары, лауазымды тұлғалардың тексеру актілері, қауіпсіздік мәселелері бойынша ұйғарымдар, қорытындылар, шағымдар, еңбекті қорғау саласындағы хат-хабарлар, түсіндірме, қызметтік, баяндамалық және талдамалық жазбалар);
5) есептік құжаттама (жұмыскерлерге медициналық тексеру жүргізу актілері, жұмыскерлер денсаулығының жай-күйі туралы деректерді есепке алу, өндірістік жабдыққа сынақ жүргізу актілері, ЕҚБЖ қолдануын ағымдағы бақылау және талдау нәтижелері, ресми статистикалық есептілік нысандары);
6) есепке алу құжаттамасы (хаттамалар, журналдар, графиктер).
ЕҚБЖ құжаттамасы тұрақты түрде өзектендіріледі және белгіленген мерзім ішінде сақталады және жұмыс берушінің еңбекті қорғау саласындағы актісі қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қызметкерлердің назарына жеткізіледі.
ЕҚБЖ тиімді қоланылуын ұйымдағы еңбекті қорғау жағдайы туралы дұрыс статистикалық есептілікті сапалы жүргізу және уақтылы ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Статистикалық есептілікке мыналар кіреді:
1) зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің саны туралы жылдық кезеңділіктегі есеп;
2) еңбек қызметіне байланысты жарақаттану және факті бойынша кезеңділікпен кәсіптік аурулар туралы есеп.
Міндетті есептілікті жүзеге асыру шеңберінде жұмыс беруші:
1) мемлекеттік органдарға еңбек жағдайларының, еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін мониторингтеу үшін олардың жазбаша сұрау салуы бойынша ақпаратты;
2) белгіленген мерзімдерде қағаз және электрондық жеткізгіштерде еңбек инспекциясы жөніндегі тиісті жергілікті органға өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін;
3) мониторинг үшін еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға ұжымдық шартты (бар болса) ұсынады.
ЕҚБЖ туралы ережеде ЕҚБЖ құжаттамасын әзірлеу, келісу, бекіту және қайта қарау тәртібі, оны сақтау мерзімдері белгіленеді, басқарудың барлық деңгейлерінде жұмыс беруші айқындайтын ЕҚБЖ құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз ететін адамдар бекітіледі.
________________________________