ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 12-бабының 5) тармақшасының отыз бесінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2023 жылы 1 шілдеде қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
Т. Дуйсенова |
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрлігі
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономикалық министрлігі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2023 жылғы 15 маусымдағы № 221 Бұйрығына 1-қосымша/ |
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі
1. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі:
әлеуметтік-тұрмыстық;
әлеуметтік-медициналық;
әлеуметтік-психологиялық;
әлеуметтік-педагогикалық;
әлеуметтік-еңбек;
әлеуметтік-мәдени;
әлеуметтік-экономикалық;
әлеуметтік-құқықтық қызметтерді қамтиды.
2. Тұрмыстағы қызмет алушылардың тыныс-тіршілігін қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер мыналарды қамтиды:
жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипаттағы әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсету;
ұйымдарда оңалтуға, емдеуге, білім беруге, мәдени іс-шараларға, паллиативтік көмекті ұйымдастыруға, діни әдет-ғұрыптарды өткізуге, емдеу-еңбек қызметін ұйымдастыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағдарлау негіздеріне үйретуге арналған жиһазбен және (немесе) арнаулы жабдықтармен жасақталған үй-жайлар беру;
мүгедектігі бар адамдар мен 18 жастан асқан денсаулығының жағдайы бойынша жұмыс істеуге болатын адамдар үшін жұмыс орындарын ұйымдастыруға жағдай жасау;
бөгделердің көмегінсіз тұрмыстық қажетін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бейімделген үй-жайлар мен құрылғылар беру;
тұру жағдайларын жасау жөнінде қызметтер көрсету;
құнарлы және диеталық тамақтануды ұсыну;
тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету (кір жуу, кептіру, үтіктеу, ішкиімді, киімді, төсек-орын жабдықтарын дезинфекциялау);
қызмет алушылардың отбасы мүшелеріне жеке қызмет көрсету және санитариялық-гигиеналық сипаттағы практикалық дағдыларды үйрету;
қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және үйсіз адамдарға хат жазуда және оқуда көмек көрсету;
түскі ыстық тамақ, күнделікті қажетті азық-түлік және азық-түліктен басқа тауарларды сатып алу және үйге жеткізіп беру;
қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға тамақ пісіруге, кір жууға, пеш жағуға, ағаш, көмір және су әкелуге көмектесу;
үйсіз адамдарды қабылдау және уақытша орналастыру;
үйсіз адамдарға төсектік орын, жиһаз беру, төсек-орын жабдықтарымен, жеке гигиена заттарымен және ішкиіммен қамтамасыз ету;
жүріп-тұруы қиын және өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың тұруына жағдай жасау;
үйсіз адамдардың санитарлық-гигиеналық рәсімдерді (себезгі немесе ванна бөлмелері, санитариялық тораптар) жүзеге асыруы үшін жағдай жасау;
жол жүру құжаттарын сатып алу және жол жүру кезінде тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы үйсіз адамдарды бұрынғы тұрған жеріне қайтаруға жәрдемдесу;
тұратын жері бойынша тіркелу үшін құжаттарын ресімдеуге жәрдемдесу.
3. Қызмет алушылардың денсаулығын қолдауға және жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтер мыналарды қамтиды:
медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастыру және жүргізу;
дәрігер келгенге дейін көмек көрсету;
медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу;
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу;
мүгедектігі бар адамның абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емдеумен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
қызмет алушыларға техникалық көмекші (орнын толтырушы) және міндетті гигиеналық құралдарды пайдалануды үйрету;
мүгедектігі бар адамдардың абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес протездік-ортопедиялық және естуді протездеу көмегін алуына жәрдемдесу;
медициналық-әлеуметтік мәселелер жөнінде, оның ішінде жасына қарай бейімдеу мәселелері жөнінде консультация беру;
денсаулығына байланысты рәсімдерді жүргізу;
алғашқы медициналық тексеруді және алғашқы санитариялық өңдеуді жүргізу;
қызмет алушыларға денсаулығының жағдайына қарай күтімді қамтамасыз ету;
алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;
санитариялық-гигиеналық қызметтер көрсету;
емдеу-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде денсаулық сақтау мекемелерінде ұйымдастыру;
әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізу;
емдеуші дәрігердің тағайындауына сәйкес медициналық рәсімдерді жүргізу (тері астына және бұлшық етке салынатын инъекциялар, компресс қою, ойылған жерін, жараларын таңу, өңдеу, тазарту клизмаларын жасау, зертханалық зерттеулер жүргізу үшін материалдар алу, катетерлер мен медициналық бұйымдарды қолдануға көмек көрсету);
паллиативтік көмек қызметін көрсету;
дәрігерді үйге шақыру және қызмет алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына алып бару;
балаларды, тірек-қимыл аппараты (бұдан әрі –ТҚА) бұзылған балаларды патронажды қадағалау;
отбасы мүшелерін үй жағдайында өткізілетін медициналық күтім негіздеріне үйрету;
емдеуге мұқтаж үйсіз адамдарды денсаулық сақтау мекемелеріне орналастыруға және алып баруға жәрдемдесу.
4. Қызмет алушыларды қоршаған ортаға әлеуметтік бейімдеуге, әлеуметтендіру мен кіріктіруге бағытталған олардың психологиялық жағдайын түзетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтер мыналарды қамтиды:
психологиялық диагностика және жеке тұлғаны тексеру;
әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі қадағалау);
мүгедектігі бар адамдармен, қарттармен және үйсіз адамдармен психопрофилактикалық жұмыс;
қызмет алушыларға психологиялық көмек көрсету, оның ішінде әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, ынталандыру, белсенділікке ынталандыру;
қызмет алушыларды психологиялық түзету;
қызмет алушылар мен олардың бірге тұратын отбасы мүшелерін психологиялық қолдау;
отбасы мүшелеріне қолайлы психологиялық климатты қамтамасыз ету, жанжалды жағдайлардың алдын алу және жою үшін психологиялық көмек көрсету;
психологиялық консультация беру;
шұғыл психологиялық көмек;
өзара қолдау топтарында, қарым-қатынас клубтарында сабақ өткізу.
5. Балалардың, ТҚА бұзылған балалардың физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, оларды педагогикалық түзетуге және оқытуға, сондай-ақ балаларға, ТҚА бұзылған балаларға, 18 жастан асқан адамдарға тұрмыстық дағдыларды үйретуге бағытталатын әлеуметтік-педагогикалық қызметтер мыналарды қамтиды:
әлеуметтік-педагогикалық консультация беру;
арнайы оқу бағдарламалары бойынша балалардың физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес олардың білім алуына жәрдемдесу;
ТҚА бұзылған балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуына жәрдемдесу;
балаларды және 18 жастан асқан адамдарды тұрмыстық бағдар және қолөнер негіздеріне үйрету;
өзіне-өзі қызмет көрсету, жеке гигиена, тұрмыстағы және қоғамдық орындардағы мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, өзін-өзі бақылау, қарым-қатынас жасау дағдылары және тіршілік әрекеттерінің басқа да нысандары жөніндегі қызметтер;
баланы, оның ішінде ТҚА бұзылған балалар мен 18 жастан асқан адамдарды педагогикалық диагностикалауды және жеке тұлғалық даму деңгейін тексеруді жүргізу;
балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды педагогикалық түзету;
ымдау тіліне аудару жөніндегі қызметтер;
балаларды мектепке дейін тәрбиелеу және олардың арнайы білім беру оқыту бағдарламалары бойынша білім алуы үшін жағдай жасау мәселелері жөнінде отбасы мүшелеріне консультация беру;
кәсіптік білім алуға жәрдемдесу;
ата-аналарына немесе отбасының басқа мүшелеріне үй жағдайында оңалту негіздерін үйрету;
отбасы мүшелеріне балалардың және 18 жастан асқан адамдардың бойында үй жағдайында қажетті өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды үйрету.
6. Қызмет алушылардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастыруға, 18 жастан асқан адамдардың, мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың және үйсіз адамдардың бойында қалған еңбек дағдыларын сақтау мен дамытуға және еңбек қызметiн ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтiк-еңбек қызметтерi мыналарды қамтиды:
қызмет алушылардың бойында бар еңбек дағдыларын тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізу;
емдеу-еңбек қызметін жүргізу;
ТҚА бұзылған балаларды, мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік бағдарлау;
мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту;
бейіні бойынша еңбек дағдыларын қалыптастыру;
қызмет алушыларды қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу;
қарттар мен 18 жастан асқан адамдардың бойында ұмыт болған тұрмыстық дағдыларды қалпына келтіру жөніндегі қызметтер;
жеке физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес кәсіп игеруге жәрдемдесу;
үйсіз адамдарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыстыру.
7. Бос уақытты ұйымдастыруға, әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізуге және оларға қызмет алушыларды тартуға бағытталған әлеуметтік-мәдени қызметтер мыналарды қамтиды:
мерекелерді және бос уақыттағы іс-шараларды ұйымдастыру;
клубтық және үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
қызмет алушыларды бос уақыттағы іс-шараларға, мәдени іс-шараларға қатысуға тарту (экскурсиялар ұйымдастыру, театрларға, көрмелерге, концерттерге және басқа іс-шараларға бару).
8. Қызмет алушылардың өмір сүру деңгейін қолдау мен жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық қызметтер мыналарды қамтиды:
әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды, алименттер мен басқа да төлемдерді алуға жәрдемдесу;
қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ балаларды тәрбиелейтін және 18 жастан асқан адамдарды күтуді жүзеге асыратын отбасыларға өзін-өзі қамтамасыз ету және отбасының материалдық жағдайын жақсарту мәселелері бойынша консультация беру.
9. Қызмет алушылардың құқықтық мәртебесін қолдауға немесе өзгертуге, заңды көмек көрсетуге, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтер мыналарды қамтиды:
Әлеуметтік қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында және әлеуметтік қамсыздандыру мен көмекке құқығына байланысты мәселелер бойынша заңдық консультация беру;
заңдық маңызы бар құжаттарды ресімдеуде көмектесу;
арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін және қызмет алушылардың заңды құқықтарын бұзатын немесе шек қоятын ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым даярлауға және беруге көмек көрсету;
заңдық көмек көрсету және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды, әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу;
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен жәрдемақыларды, басқа да әлеуметтік төлемдерді сенімхатпен алу;
жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алу мәселелері бойынша құжаттарды ресімдеудегі көмекті қоса алғанда, заңдық консультация беру;
Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен адвокаттың заңдық көмегін тегін алуға жәрдемдесу;
қызмет алушылардың немесе олардың отбасы мүшелерінің үстінен жасалған физикалық және психикалық зорлыққа кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға жәрдемдесу;
қамқоршылық және қорғаншылық органдарға балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды асырап алуға, қамқорлыққа, патронатқа, қорғаншылыққа алуға жәрдемдесу;
қызмет алушыларды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге, ұйымдарға орналастыруға жәрдемдесу, оның ішінде құжаттарды ресімдеуге көмек көрсету;
қызмет алушыларға жұмысқа орналасу, жеке басын куәландыратын және заңдық маңызы бар басқа да құжаттарды алу үшін құжаттарды ресімдеуде заңдық көмек көрсетуге жәрдемдесу;
үйсіз адамдар қатарындағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды халықты әлеуметтік қорғаудың стационарлық мекемелеріне орналастыру үшін қажетті құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесу.