Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 130) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Апелляциялық комиссия туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрдің міндетін атқарушысы |
К. Акатов |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи
ресурстар министрлігі
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрдің міндетін атқарушысы 2023 жылғы 18 тамыздағы № 423 бұйрығына қосымша |
Апелляциялық комиссия туралы ереже
1-тарау. Жалпы ереже
1. Осы Апелляциялық комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 130) тармақшасына сәйкес әзірленді және апелляциялық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Ережені басшылыққа алады.
3. Комиссия өз құзыреті шегінде өтініш берушілердің өтініштерін, оның ішінде олардың қатысуымен объективті, жан-жақты және уақтылы қарауды қамтамасыз етеді.
4. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) конкурсқа қатысушы – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектісі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
2) өтініш – конкурс қатысушысының ұлттық ғылыми кеңестің (бұдан әрі – ҰҒК) қабылдаған шешімімен келіспейтіні туралы уәкілетті органға берген жазбаша өтініші;
3) салалық уәкілетті орган – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
4) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы салааралық үйлестіруді және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
5. Комиссия төрағадан және комиссия мүшелерінен тұратын алқалы орган болып табылады.
6. Комиссияның жұмыс органы комиссияның қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады (бұдан әрі – Жұмыс органы), оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, комиссия мүшелеріне жолданатын материалдарды дайындайды.
7. Комиссияның құрамы уәкілетті органның, салалық уәкілетті органдардың, ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар, сондай-ақ ғалымдар болып табылатын Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның мүшелері қатарынан қалыптастырылады және уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
ҰҒК мүшелері комиссия құрамына кірмейді.
8. Комиссия құрамы кемінде 11 (он бір) адам тақ саннан тұрады.
9. Комиссияның төрағасы мемлекеттік органдардың өкілдерін қоспағанда, апелляциялық комиссия мүшелерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы оның мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен сайланады.
Комиссияның төрағасы өкілеттігінің мерзімі сайланған күнінен бастап 1 (бір) жылды құрайды. Бір адам қатарынан 2 (екі) мерзімнен артық апелляциялық комиссияның төрағасы бола алмайды.
10. Комиссия мүшелері өкілеттігінің мерзімі 3 (үш) жылды құрайды.
11. Комиссия мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда комиссияның жаңа мүшесі комиссия мүшесінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап 1 (бір) ай ішінде сайланады (тағайындалады). Комиссияның жаңадан сайланған мүшесінің өкілеттігі комиссияның барлық мүшелерінің өкілеттік мерзімі аяқталуымен бір мезгілде аяқталады.
12. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды және уәкілетті орган жұмыскерлерінің қатарынан тағайындалады.
13. Комиссия төрағасы мен мүшелері оның жұмысына қоғамдық негізде қатысады.
14. Комиссия:
1) ҰҒК-тің қабылданған шешімдері бойынша конкурстарға қатысушылардың келіспейтіні туралы өтініштерін;
2) ҰҒК мүшелерінің әдеп кодексін сақтауы мәселелерін;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру туралы аралық және қорытынды есептерді ҰҒК-нің қарауының нәтижелері бойынша өтініштерді қарайды.
15. Комиссия:
1) өтінімдері ҰҒК-нің қарауына жіберілмеген конкурсқа қатысушылардың өтініштерін;
2) жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруды азайту мәселелері жөніндегі өтініштерді;
3) "Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – орталық) ұсынатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыруды мониторингтеудің қорытындысын қарау мәселелері жөніндегі өтініштерді;
4) иесі бүркемеленген өтініштерді;
5) мәселенің мәні баяндалмаған және жеткілікті негіздемелер мен фактілер ұсынылмаған өтініштерді;
6) ҰҒК қойған немесе мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижесі бойынша алынған балдарды ұлғайтуға немесе азайтуға байланысты мәселелер бойынша өтініштерді қарамайды.
2-тарау. Комиссия жұмысын ұйымдастыру
16. Комиссия төрағасы:
1) оның қызметіне басшылық жасайды;
2) комиссия отырыстарының кестесін, сондай-ақ комиссияның бетпе-бет және (немесе) онлайн отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;
3) комиссия отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
4) әрбір мәселені қарау кезінде комиссия мүшелерінің мүдделер қақтығысы туралы ақпаратты сұратады және мүдделер қақтығысы болған жағдайда комиссия мүшесін тиісті мәселе бойынша қараудан, талқылаудан және дауыс беруден уақытша шеттетуді қамтамасыз етеді.
17. Конкурсқа қатысушылардың өтініштерін жұмыс органы орталықтың ақпараттық жүйесінде www.is.ncste.kz сілтемесі бойынша жеке кабинетте көрсетілген ҰҒК шешімі қабылданған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылдайды.
18. Конкурсқа қатысушылардың өтініштерін жұмыс органы және Комиссия олар келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде осы Ереженің 17-тармағы талаптарының сақталуы тұрғысынан тексереді.
Комиссия хатшысы тексеру аяқталғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде орталықтың ақпараттық жүйесі арқылы осы Ереженің 17-тармағы талаптарына сәйкес келетін конкурсқа қатысушылардың өтініштерін, сондай-ақ өтінімдерді, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижелерін, өтінім бойынша ҰҒК қорытындысы және өтінішті мәні бойынша қарау үшін қажетті өзге де ақпаратты комиссияның қарауына жолдайды.
Өтініштер осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда Комиссия оларды қараусыз қалдырады.
19. Комиссия келіп түскен өтінішті қарау кезеңінде ҰҒК шағымданған шешімін орындау тоқтатыла тұрады.
20. Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын өткізуді, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды жүзеге асырады, мүдделі тұлғаларды хабардар етеді және отырыс өткізілгеннен кейін шешімдер жобаларын ресімдейді.
21. Комиссия отырыстары оған мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
22. Комиссия отырысына қатысатын адамдарды комиссияның хатшысы тіркейді.
23. Комиссия мүшелері оның қызметіне ауыстыру құқығынсыз қатысады.
24. Комиссияның шешімі отырысқа қатысушы комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
25. Комиссия мүшелерінің ғана дауыс беру құқығы бар.
26. Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені қарау кезінде мүдделер қақтығысына әкеп соғуы мүмкін комиссия мүшесінің тікелей немесе жанама мүдделілігі немесе үлестестігі туындаған кезде комиссияның мүдделі (үлестес) мүшесі тиісті мәселені қарауға және талқылауға, сондай-ақ дауыс беруге қатыспайды және комиссияның басқа мүшелеріне ықпал етпейді.
27. Әрбір комиссия мүшесінің бір дауысы болады.
28. Дауыстар тең болған жағдайда түпкілікті шешімді комиссия төрағасы қабылдайды.
Комиссия төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын отырысқа қатысушы мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданатын комиссия шешімі бойынша комиссия мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
29. Өтініштерді шағым жасалатын мәселелер шегінде комиссия қарайды.
30. Комиссия отырыстарда шағым жасалған шешімді қабылдаған ҰҒК төрағасы мен мүшелерін, сондай-ақ қарастырылып отырған өтініштің нысанасын нақтылау үшін конкурсқа қатысушыны тыңдауға құқылы.
31. Комиссия өтініштерді бетпе-бет немесе бейнеконференцбайланыс жүйелерін немесе өзге де осындай жүйелерді пайдалану арқылы өтініш материалдарын алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Қарау форматы конкурсқа қатысушының өтініші негізінде айқындалады.
32. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын өтініштерді комиссия Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік құпиялар туралы" Заңының талаптарын сақтай отырып қарайды.
33. Комиссияға ұсынылатын материалдарды жан-жақты, толық және объективті қарауды қамтамасыз ету мақсатында консультациялар мен түсініктемелер алу үшін комиссия нақты ғылым саласындағы сарапшылар мен мамандарды тартады.
34. Комиссия ҰҒК рәсімдері мен шешімдері бойынша өтініштерді:
1) ҰҒК шығарған шешімнің негізділігі, заңдылығы, объективтілігі және әділдігі;
2) есептерге, қысқаша мәліметтерге жүргізілген сараптаманың жан-жақтылығы, өзектілігі және халықаралық ғылыми деңгейлігі;
3) өтініште баяндалған фактілер мен наразылықтардың негізділігі;
4) бекітілген өтінімді қарау рәсімінің бұзылуы;
5) Әдеп кодексін бұзуы тұрғысынан қарайды.
35. Комиссия отырысы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып жазылады. Комиссия отырысының жазбасы жұмыс органында бір жыл бойы электрондық тасығышта сақталады.
36. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша комиссия мынадай негізделген, дәлелді шешімдердің бірін қабылдайды:
1) өтінішті қанағаттандыру туралы;
2) өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы.
37. Комиссияның шешімі орталықтың ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинетте орналастырылады.
38. Комиссияның шешімдерін ҰҒК, уәкілетті орган және (немесе) салалық уәкілетті органдар міндетті түрде орындауға тиіс.
3-тарау. Комиссия отырысының нәтижелерін рәсімдеу тәртібі
39. Комиссия отырысының барысы қажетті құжаттар қоса беріліп, хаттамамен ресімделеді. Хаттаманы жүргізуді комиссия хатшысы қамтамасыз етеді.
40. Хаттамада комиссияның құрамы, шақырылған адамдар, оның отырысының орны, уақыты мен күні, сондай-ақ Комиссия шешімі көрсетіледі.
41. Хаттама жобасы отырысқа қатысқан комиссия мүшелерімен 3 (үш) күн ішінде келісіледі.
42. Хаттамаға комиссия төрағасы мен хатшысы қол қояды. Комиссия қабылдаған шешімдер хаттамадан үзінді көшірме түрінде шешім қабылданған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің және мүдделі лауазымды тұлғаның (лардың) назарына жеткізіледі.
43. Бұрын қаралған және шешiм қабылданған өтiнiш қайта келіп түскен кезде жұмыс органы мұндай өтінішті қараусыз қалдырады, сондай-ақ комиссия отырысына шығармайды.
44. Комиссияның қарауы кезiнде конкурсқа қатысушы өтiнiштi қайтарып алған жағдайда жұмыс органы мұндай өтiнiштi қараусыз қалдырады.
45. Комиссия мүшелері өз функцияларын орындаған кезде алған коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтер жария етілмейді.
46. Комиссияның өтiнiштердi қарау жөнiндегi өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде оның қызметiне араласуға және комиссия мүшелерiне қандай да болсын ықпал етуге жол берiлмейдi.
47. Егер өтініш беруші уәкілетті органның шешімімен келіспесе, онда оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексіне сәйкес шағым жасалуы мүмкін.