БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 19 наурыздағы № 115 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5632 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және олардың қызметін жүзеге асыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |
Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және қызметін жүзеге асыру қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2 тарау. Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру тәртібі
2. Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби Кеңестің (бұдан әрі – кәсіби кеңес) атқарушы органы болып табылады.
Комиссияның құрамына уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) өкілі және кәсіби ұйымдардың өкілдерінің тең саны кіреді, сондай-ақ практикамен айналыспайтын сарапшылар кіруі мүмкін.
Комиссия мүшелердің тақ санынан тұрады, бірақ 17 (жеті) адамнан артық емес, олардың кемінде 50 (елу) пайызында "аудитор" біліктілік куәлігі және (немесе) сертификатталған қоғамдық бухгалтердің (СРА), дипломды сертификатталған бухгалтерлер қауымдастығының (ACCA), басқарушылық есеп жөніндегі дипломды бухгалтерлер институтының (cima дипломы) және Англия мен Уэльстің алқаби бухгалтерлері институтының (ICAEW) толық біліктіліктерінің бірі бар, сондай-ақ аудит жүргізу саласындағы жұмыс тәжірибесі кемінде 2 (екі) жыл болуы тиіс.
Аудит жүргізу саласында кемінде 10 (он) жыл жұмыс тәжірибесі бар практикамен айналыспайтын сарапшының кандидатурасын Кәсіби кеңес басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) ұсынады.
3. Комиссия Қазақстан Республикасының аумағында аудиторлық қызметке қатысқысы келетін аудиторларға кандидаттарды аттестаттау мақсатында құрылады.
4. Кәсіби кеңес кәсіби ұйымдардың, уәкілетті органның атына Комиссия құрамына кандидатураларды ұсыну туралы сұрау салу жолдайды.
5. Комиссия төрағасы болып кемінде 5 (бес) жыл аудит жүргізу саласында жұмыс тәжірибесі бар және Комиссия мүшесі болып табылатын аудитор сайланады. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен 3 (үш) жыл мерзімге сайланады.
Бір адам қатарынан 2 (екі) рет төраға болып сайланбайды.
6. Төраға және Комиссия мүшесі болып сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған адам сайланбайды.
7. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау сапасын жақсарту мақсатында Комиссия шарттық негізде Комиссия құрамына кірмейтін іс жүзіндегі аудиторлар мен бухгалтерлерді, арнайы пән оқытушыларын, ғалымдарды тартады.
Ұсынылған кандидатуралардың ішінен Комиссия төрағасы шолу, ұйымдастыру және бағалау топтарының құрамын бекітеді.
8. Комиссия отырыстары жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейін жыл сайын бекітілетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі.
Комиссия біліктілік емтихандарын өткізу күндерін бекітеді және жұмыс жоспарына сәйкес біліктілік емтиханын тапсырғысы келетін кандидаттардан құжаттарды қабылдауды бастайды.
9. Комиссия отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3 болған кезде заңды деп есептеледі. Комиссия шешімдері қатысып отырған Комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
10. Комиссия мүшелері отырыс өткізілетін күнге дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей оның өткізілетін орны мен уақыты туралы хабарлайды.
11. Комиссияның кезектен тыс отырысы Комиссия төрағасының немесе комиссияның кемінде 3 (үш) мүшесінің талап етуі бойынша өткізіледі. Комиссия комиссияның кезектен тыс отырысын өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оның өткізілетін орны мен уақыты және қарауға ұсынылатын мәселелер туралы хабардар етеді.
Іс қағаздарын жүргізуді, хаттамаларды дайындауды Комиссия хатшысы қамтамасыз етеді.
12. Еңбек демалысы, жалақы сақталмайтын демалыс, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі, іссапар жағдайларын қоспағанда, Комиссия мүшесі кезекті отырыстарға (қатарынан 3 (үш) реттен артық) қатыспаған жағдайда, Комиссия Төрағасы Басқармаға өкілін Комиссия құрамынан шығару және оны ауыстыру туралы ұсыныс енгізеді.
13. Басқармамен Комиссия құрамына осындай қажеттілік туындаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тиісті өзгерістер енгізіледі.
14. Уәкілетті орган Комиссияның құрамына кіретін уәкілетті органның өкілі туралы, сондай-ақ емтихан жұмыстарын кодтайтын өкіл туралы Комиссияға жазбаша хабарлайды.
15. Комиссия біліктілік емтиханын өткізу үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ете отырып, оны өткізу процесін ұйымдастырады.
16. Комиссияның мүшесі болып табылатын уәкілетті органның өкілі комиссия отырысына аудиторлар тізіліміндегі ақпарат негізінде аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттаудан өткен адамдарға "аудитор" біліктілік куәліктерінің нөмірлерін береді.
Уәкілетті органның өкілдері емтихан процесіне өтеусіз негізде қатысады.
17. Аудиторларға кандидаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібін бұзушылықтар анықталған жағдайда Комиссия мүшелері және (немесе) байқаушылар Комиссия төрағасына жазбаша түрде ескертулер енгізеді.
Комиссия төрағасы бұл ескертулерді дереу қарастырады, қажет болған жағдайда оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Ұсынылған ескертулер мен олар бойынша қабылданған шешімдер тиісті актіге енгізіледі.
Бұзушылықтарды жоймаған және (немесе) аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттауды жүргізу тәртібін бұзушылықтар бойынша Комиссия мүшелерінің және (немесе) байқаушылардың ескертулерін негізсіз қабылдамаған жағдайда, Комиссия мүшелері және (немесе) байқаушылар Комиссияның шешіміне кәсіби кеңестің апелляциялық комиссиясына немесе сотқа шағым жасайды.
18. Біліктілік емтиханын өткізгеннен кейін емтихан жұмыстары күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде тексеріледі. Емтихан жұмыстарын тексеру және бағалау қорытындылары бойынша шешім хаттамамен рәсімделеді, оған Комиссия төрағасы және отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері қол қояды.
19. Комиссия аудитор біліктілік куәлігін беру туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде "аудитор" біліктілігін беру туралы шешімді қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Аудиторлыққа кандидаттарды жүргізілген аттестаттау нәтижелері бойынша Комиссия аттестаттаудан сәтті өткен адамдарға осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес нысан бойынша "аудитор" біліктілік куәлігін және "аудитор" біліктілік куәлігінің нөмірін, тегін, өз атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып, аудитордың жеке мөрін береді.
Шешім қабылданған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға біліктілік куәлігінің нөмірлері және Комиссияға ұсынылған құжаттардың көшірмелері көрсетілген Комиссия отырысының хаттамасын жолдайды. Бұл құжаттар 5 (бес) жыл бойы сақталуға тиіс.
Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау жөніндегі Біліктілік комиссиясын қалыптастыру және қызметін жүзеге асыру қағидаларына қосымша |
Нысан
Қазақстан Республикасы БІЛІКТІЛІК КУӘЛІГІ "АУДИТОР"
Шешімімен __________________________________________________________
____________________________________________________________________
(Қазақстан Республикасының аудиторлығына кандидаттарды аттестаттау
жөніндегі Біліктілік комиссиясының атауы)
"_____" ___________________ жылғы №__
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда))
"аудитор" біліктілігі берілді.
Куәлік № ____________________________________________________________
Төрағасы ____________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)
_________ _______________________________
(қолы) (мөр орны (бар болған жағдайда))