Ескерту. Күші жойылды - Абай облысы Үржар аудандық мәслихатының 20.09.2023 № 5-113/VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Үржар аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Үржар аудандық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 15 сәуірдегі № 24-253/V (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3325 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
шешімнің тақырыбы келесі редакцияда жазылсын:
"Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы";
көрсетілген шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
А. Омаров |
2023 жылғы 26 сәуірдегі № 2-31/VIII шешіміне қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - қағидалар) 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия - өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Абай облысы Үржар ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі - "Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін, мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган - "Абай облысы Үржар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) учаскелік комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін ауылдық округ, аудан әкімінің шешімдерімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай түрде көрсетілетін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.
5. Осы Қағидалар Үржар ауданының аумағында тіркелген адамдарға қолданылады.
6. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10 бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
2 тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Мерекелік күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлемдер түрінде бір рет көрсетіледі:
1) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.
2) Жеңіс күні - 9 мамыр:
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі - КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлеріне - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерне - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдарына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына - 70 000 (жетпіс мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз - 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1986 - 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде.
3) Қазақстан Республикасының Конституция күні - 30 тамыз:
18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне) - 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
4) Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан:
бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргіндерді кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануында болған тұлғаларға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (жай адамдар мен әскери қызметшілерді) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыпталуынша сотталған тұлғаларға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшін шақырылғаннан кейін қуғын-сүргіндерде болған тұлғаларға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
қуғын-сүргіндерді орталық одақтық органдар: КСРО Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, СКРО Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСРО Ішкі істер халық комиссариаты - Мемлекет Қауіпсіздігі министрлігі - Ішкі істер министрлігі жанындағы айрықша кеңестің, КСРО Прокуратурасы мен КСРО ішкі істер халық комиссариатының Тергеу Істері жөніндегі комиссиясының және басқа органдар шешімдері бойынша болған тұлғаларға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылған тұлғаларға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
КСР Одағы мемлекеттік өкіметтің жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған тұлғаларға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде.
8. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) өмірлік қиын жағдайда деп танылған тұлғалар (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің екі еселенген шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып бір рет көрсетіледі, келесі негіздер бойынша:
жетімдік;
ата-ана қамқорлығының болмауы;
кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық;
кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіншіліктерінің шектелуі;
дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіншіліктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;
әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;
жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;
баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;
пробация қызметінің есебінде болу;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) пайда болу орны бойынша өмірлік қиын жағдайда қалған сәтінен бастап үш ай ішінде жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай бір рет беріледі;
3) туберкулезбен ауыратын, амбулаторлық емделу кезеңіндегі адамдарға, жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ұсынылады;
4) адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған және қатерлі ісіктермен диспансерлік есепте тұрған (балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініші негізінде) жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен екі еселенген мөлшерінде ай сайын тағайындалады.
Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды.
Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды.
9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне Үлгілік Қағидалардың 13-тармағына сәйкес құжаттардың тізбесін қоса бере отырып өтініш ұсынады.
11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру аудан бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзргізіледі.
12. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
3 тарау. Қорытынды ереже
13. Әлеуметтік көмек ұсынудың мониторингісі және оларға есеп жүргізуді уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорларын пайдалана отырып жүргізеді.