"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған онлайн-жарнаманы таңбалау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі 2024 жылғы 16 ақпандағы № 59-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Онлайн-жарнаманы таңбалау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Онлайн-жарнаманы таңбалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және және онлайн-жарнаманы таңбалау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформада тұлғалардың беймәлім тобына арналған ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы;
2) онлайн-жарнама – онлайн-платформаларды пайдаланушылар және (немесе) онлайн-платформалардың меншік иелері таргеттелген жарнама және (немесе) демеушілік контент, және (немесе) өзге де ақпарат түрінде жасайтын және (немесе) орналастыратын, және (немесе) тарататын, және (немесе) сақтайтын, тұлғалардың беймәлім тобына арналған онлайн-платформалардағы жарнама;
3) онлайн-платформа – қаржылық көрсетілетін қызметтер ұсынуға және электрондық коммерцияға арналған интернет-ресурсты және (немесе) интернет желісінде жұмыс істейтін бағдарламалық қамтылымды, және (немесе) лездік хабар алмасу сервисін қоспағанда, онлайн-платформаны пайдаланушының өзі ашқан аккаунт, жария қоғамдастық арқылы онлайн-платформадағы контентті алуға, жасауға және (немесе) орналастыруға, және (немесе) таратуға, және (немесе) сақтауға арналған интернет-ресурс және (немесе) интернет желісінде жұмыс істейтін бағдарламалық қамтылым, және (немесе) лездік хабар алмасу сервисі;
4) таргеттелген онлайн-жарнама – профайлинг негізінде айқындалатын нысаналы топтарға арналған және пайдаланушыларды қамтуды ұлғайтуға және (немесе) оның басымдығын, оның ішінде онлайн-платформаның ұсынымдық жүйесін пайдалана отырып арттыруға бағытталған онлайн-жарнама.
2-тарау. Онлайн-жарнаманы таңбалау тәртібі
3. Инфлюенсер (блогерлер) коммерциялық және (немесе) шарт негізінде орналастыратын, оның ішінде егер:
1) инфлюенсер (блогер) жарнама беруге немесе жарнама таратуға қатысушы не жарнама берушінің немесе жарнама таратушының акционері болып табылса;
2) инфлюенсер (блогер) жарнамаланатын тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді пайдаланудың эксклюзивті шарттарын алса;
3) контентте акциялар жасалған және (немесе) бағасы төмендетілген тауарларға, жұмыстарға немесе көрсетілетін қызметтерге сілтемелер, сондай-ақ интернет-ресурстарға, жарнама берушінің немесе жарнама таратушының онлайн-платформалардағы аккаунттарына сілтемелер қамтылса, онлайн-жарнама таңбалануға жатады.
4. Таңбалау оны сәйкестендіру мүмкіндігімен мәтіндік форматта жүзеге асырылады.
Онлайн-жарнама дыбыстық немесе аудиокөрнекі нысанда таратылған және (немесе) орналастырылған жағдайда, таңбалау онлайн-жарнаманың алдында жүзеге асырылады.
5. Таңбалауда орналастырылған материалдың жарнама екендігі туралы мәтіндік нұсқама болады.
Мәтіндік нұсқамада мынадай тұжырымдамалардың бірін қамтиды:
- "жарнама";
- "жарнамалық материал";
- "серіктестік материал";
- "демеушілік материал";
- "жарнама құқығында";
- "демеушімен төленген";
- "PR құқығында";
- "реклама";
- "рекламный материал";
- "партнерский материал";
- "спонсорский материал";
- "на правах рекламы";
- "оплачено спонсором";
- "на правах PR".
6. Мыналар:
1) лездік хабар алмасу сервисінде орналастырылатын онлайн-жарнама;
2) телерадиоарналардың онлайн-платформалардағы аккаунттарында орналастырылған теле-радио бағдарламалардағы немесе олардың фрагменттеріндегі жарнама;
3) әлеуметтік жарнама таңбалануға жатпайды.
7. Онлайн-платформаларда орналастырылған таргеттелген онлайн-жарнама онлайн-платформаның техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, автоматты режимде дербес таңбаланады.