"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ резервтерді қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп-қисаптар жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Экспортты ілгерілету департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция Бірінші вице-министрі 2024 жылғы 29 наурыздағы № 160-НҚ Бұйрықпен бекітілген |
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттік үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ резервтер қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп-қисаптар жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттік үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ резервтер қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп-қисаптар жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі (бұдан әрі – ЭКА) үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ резервтерді қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп айырысулар жүргізу тәртібін айқындайды.
2-тарау. Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру
2. ЭКА Директорлар кеңесі мен Басқармасы тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылаудың барабар жүйесінің болуын қамтамасыз етеді және ЭКА қызметкерлерінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау саласындағы өз міндеттерін орындауы үшін жағдайлар жасайды.
3. ЭКА Директорлар кеңесі тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау мақсаттары үшін андеррайтинг, активтер мен пассивтерді басқару, сақтандыру және кепілдік жағдайларын реттеу мәселелері бойынша алқалы органдар құру туралы шешім қабылдайды.
Алқалы органдар қызметінің тәртібін және оның құрамын ЭКА Директорлар кеңесі айқындайды.
Алқалы органдардың мүшелері:
1) алқалы органның Төрағасы мен Хатшысына алқалы орган қарастыратын мәселелер бойынша оларда мүдделер қақтығысының туындағаны туралы немесе мұндай қақтығыстың туындау мүмкіндігі туралы өздеріне белгілі болған бойда оның туындауының негізін қоса алғанда, дереу хабардар етеді;
2) өздерінің мүдделері (немесе олармен байланысты тұлғалар) мен ЭКА мүдделері арасында қақтығыстың туындауына әкеп соқтыратын немесе әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермейді және іс-әрекеттерден аулақ болады;
3) мүшелердің жеке мүдделілігі бар мәселелер бойынша дауыс беруден бас тартады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына және ЭКА ішкі құжаттарына сәйкес мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнінде шаралар қабылдайды.
4. Андеррайтинг мәселелері жөніндегі алқалы органның негізгі функцияларына:
1) ЭКА Директорлар кеңесі белгілеген лимиттер шегінде ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру шарттарын жасасу жөнінде шешімдер қабылдау;
2) ЭКА Директорлар кеңесі белгілеген лимиттер шегінде ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру шарттарына енгізілетін негізгі және қосымша талаптардың тізбесін айқындау;
3) ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беруге жасалған шарттар шеңберінде айыппұлдар сомасын ұстап қалу, күшін жою немесе өзгерту туралы шешімдер қабылдау;
4) ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беруге жасалған шарттар шеңберінде кредиттік және кепілдік құжаттаманы өзгертуге келісім беру жөнінде шешімдер қабылдау;
5) сақтандыру немесе қайта сақтандыру тарифін есептеу кезінде немесе кепілдіктер беру кезінде сыйлықақы мөлшерін пайдалану үшін ЭКА-ның ішкі жіктелімі бойынша елдердің санаттарын белгілеу;
6) сақтандыру және қайта сақтандыру қызметі, кепілдік беру мәселелері бойынша мониторингтік есептерді, талдамалық есептер мен шолуларды, құрылымдық бөлімшелердің ұсынымдарын қарау;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына, ЭКА Жарғысына және ішкі құжаттарына қайшы келмейтін сақтандыру және қайта сақтандыру қызметіне, кепілдік беру жөніндегі қызметке, сақтандыру портфелі мен берілген кепілдіктердің портфелін басқаруға қатысты өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау жатады.
5. Активтер мен пассивтерді басқару мәселелері жөніндегі алқалы органның негізгі функциялары:
1) ЭКА инвестициялық шешімдерін қабылдау;
2) бұрын алынған сақтандыру сыйлықақыларын қайтару/сторналау туралы шешім қабылдау;
3) ЭКА Директорлар кеңесі бекіткен лимиттер шеңберінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдау;
4) контрагент-банктерге (контрагенттерге) барынша жоғары лимиттер белгілеу жөнінде шешімдер қабылдау;
5) ЭКА беретін кредиттер, қаржылық көмек және кепілдіктер бөлігінде, сондай-ақ ЭКА-ны қарыздық қаржыландыру бойынша ұсынымдарды қарау және ұсыну;
6) Банктердің/контрагенттердің қаржылық жағдайын талдауды қарау;
7) ЭКА ішкі құжаттарына сәйкес брокерді/дилерді/кастодианды таңдау бойынша шешім қабылдау;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына, ЭКА Жарғысына және ішкі құжаттарына қайшы келмейтін ЭКА активтері мен міндеттемелерін басқаруға қатысты өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.
6. Сақтандыру және кепілдік жағдайларын реттеу мәселелері жөніндегі алқалы органның негізгі функциялары:
1) іс-шаралар жоспарын бекітуді, ЭКА жауапты құрылымдық бөлімшелеріне тапсырмалар беруді, сақтандыру және кепілдік төлемдерін жүзеге асырудан бас тартуды алдын ала мақұлдауды қоса алғанда, сақтандыру және кепілдік жағдайлары бойынша шешімдер қабылдау;
2) ерікті сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары, кепілдік шарттары бойынша ЭКА кредиторлық және дебиторлық берешегіне байланысты мәселелерді қарау және оларды реттеу жөнінде шешімдер қабылдау;
3) сақтандыру және кепілдік дауларын сотқа дейінгі және сот тәртібімен реттеу, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу мәселелерін қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына, ЭКА Жарғысына және ішкі құжаттарына қайшы келмейтін ЭКА қатысуымен дауларды реттеу мәселелеріне қатысты өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.
7. Ішкі бақылау жүйесі тәуекелдерді, активтер мен міндеттемелерді басқару тиімділігін, активтердің сақталуын, қаржылық есептіліктің толықтығын, дұрыстығын және уақтылығын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қоса алғанда, қызметін қамтамасыз ету үшін ЭКА қабылдайтын ұйымдастыру, саясат, рәсімдер мен әдістер жүйесі болып табылады.
8. ЭКА қызметтің барлық аспектілері бойынша тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру және объективті бағалау үшін ішкі аудит жүргізуді қамтамасыз етеді.
9. ЭКА штатында актуарлық қызметті жүзеге асыруға қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар актуарийдің болуы міндетті.
10. ЭКА қаржылық тұрақтылықты бақылау мақсатында ай сайынғы негізде капиталдың жеткіліктілік нормативін есептейді.
Капиталдың жеткіліктілік нормативі ЭКА меншікті капиталының ЭКА міндеттемелеріне қатынасы ретінде есептеледі және кемінде екі бірлікті құрайды.
11. ЭКА осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес меншікті капиталдың жеткіліктілігі нормативінің сақталуы туралы ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынады.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сауда және интеграция министрінің 23.05.2024 № 227-нқ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1-параграф. Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау
12. ЭКА сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік және өзге де қызметіне байланысты орнықтылық пен тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылауды қамтамасыз ету шеңберінде:
1) сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру андеррайтингінің болуын;
2) сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша лимиттерді бекітуді;
3) қайта сақтандыру жөніндегі саясатты бекітуді;
4) комплаенс-тәуекелді басқару саясатын бекітуді;
5) уақытша бос ақша қаражатын осы Қағидаларға сәйкес орналастыруды;
6) сақтандыру резервтерін (міндеттемелерін) қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
13. Директорлар кеңесі ЭКА ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ішкі аудит қызметінің функционалдық және ұйымдастырушылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
1) ішкі аудитті ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
2) ішкі аудит қызметі туралы ережені бекітеді;
3) ішкі аудиттің жылдық жоспары мен бюджетін бекітеді;
4) ішкі аудит қызметінің басшысы мен қызметкерлерін тағайындайды.
14. Ішкі аудит қызметі туралы ереже мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) ішкі аудит қызметінің ұйымдастырушылық мәртебесі;
2) ішкі аудит қызметінің миссиясы, міндеттері мен функциялары;
3) ішкі аудит қызметінің құқықтары мен міндеттері;
4) ішкі аудит қызметі басшысының және қызметкерлерінің кәсіби сапасына қойылатын талаптар.
15. Ішкі аудитті ұйымдастыру жөніндегі ережелер мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) бағалау өлшемшарттарын көрсете отырып, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау, корпоративтік басқару жүйесін бағалау әдістемесін қамтитын ішкі аудитті жоспарлау және жүзеге асыру тәртібі мен рәсімдері;
2) ЭКА құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу тәртібі.
16. Ішкі аудит мәселелері жөніндегі алқалы орган:
1) ішкі аудитті ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды, ішкі аудит қызметі туралы ережелерді, жылдық жоспарды, бюджетті және оқыту жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді және келіседі;
2) ЭКА және оның қызметкерлерінің ішкі аудитті ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды сақтауына мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады;
3) ішкі аудит қызметі басшысының және қызметкерлерінің кандидатурасын іріктеуді жүзеге асырады.
17. Ішкі аудит қызметі ішкі бақылау жүйесіне, тәуекелдерді басқару жүйесіне, корпоративтік басқарудың жай-күйіне объективті баға беру және оларды жетілдіру бойынша ұсынымдар беру мақсатында құрылады.
18. Ішкі аудит қызметі өз қызметінде ЭКА Жарғысын, ЭКА ішкі аудит қызметі туралы ережені, Ішкі аудитті ұйымдастыру жөніндегі ережені, сондай-ақ ЭКА қызметін реттейтін ішкі құжаттарды басшылыққа алады.
19. Ішкі аудит қызметі ішкі аудит жоспарын жасайды.
Ішкі аудит жоспары ЭКА мақсаттарына сәйкес ішкі аудиттің басым бағыттарын айқындайтын тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделеді.
20. Ішкі аудит қызметінің міндеттеріне:
1) ішкі бақылау жүйесінің және тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуі;
2) Директорлар кеңесі үшін ішкі аудит қызметінің жұмысы туралы есептілікті дайындау;
3) бухгалтерлік есепте немесе ішкі аудитте сыртқы немесе ішкі аудиторлар анықтаған кез келген елеулі кемшіліктер мәселелерін қарау және талқылау кіреді.
21. Ішкі аудит қызметінің негізгі функциялары:
1) ішкі аудит қызметінің қағидаларын, ережесін, бюджетін, қызмет жоспарын, аудиторлық қорытындысын әзірлеу және Директорлар кеңесіне бекітуге ұсыну;
2) ішкі бақылау жүйесі мен тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін тексеру және бағалау, сондай-ақ ішкі бақылау жүйесі мен тәуекелдерді басқару жүйесін үнемі жетілдіруге жәрдемдесу;
3) Директорлар кеңесіне ішкі аудитті жетілдіру жөнінде ұсыныстар беру;
4) активтер мен міндеттемелерді басқару бөлігінде қабылданған басқару шешімдерін бағалау;
5) корпоративтік басқару, ұйымның операциялық қызметі және оның ақпараттық жүйелері саласындағы тәуекелдерді бақылаудың барабарлығы мен тиімділігін бағалау;
6) ЭКА ішкі құжаттарында көзделген ішкі аудит қызметінің құзыреті шегіндегі функциялар болып табылады.
22. Ішкі аудит қызметі өз функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті барлық материалдарға, мәліметтерге, құжаттарға (файлдарға), ақпаратқа, оның ішінде оқшауланған есептеу желілерінде және дербес компьютерлік жүйелерде оларға өзгерістер енгізу құқығынсыз қол жеткізе алады.
23. Ішкі аудит қызметінің басшысы:
1) Директорлар кеңесіне жылына кемінде бір рет ұйымдастырушылық тәуелсіздік және ішкі аудиттің объективтілігі фактісін растайды;
2) ішкі аудит қызметінің қызметіне араласу фактілері туралы ақпаратты Директорлар кеңесінің назарына жеткізеді.
24. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері:
1) Қазақстан Республикасының экспорттық-кредиттік агенттік туралы, Акционерлік қоғамдар туралы, Бағалы қағаздар нарығы туралы, Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтайды;
2) ішкі аудиттің халықаралық кәсіби стандарттарын басшылыққа алады;
3) алаяқтық нәтижесінде есептіліктің бұрмалануын анықтайды;
4) аудиторлық шешімдер мен дәлелдемелерді құжаттайды;
5) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды;
6) алынған аудиторлық дәлелдемелерді бағалау барысында ЭКА-ның негізгі қызметіне сәйкес келмейтін мәмілелерді (операцияларды) тексеру рәсімдерін орындайды, бұл ретте, мәміленің (операцияның) ЭКА мақсаттарына сәйкестігі (мақсатының болмауы) алаяқтық тұрғысынан бағаланады.
25. Ішкі аудит қызметінің басшысы мен қызметкерлері бір мезгілде өзге құрылымдық бөлімшелердің басшысы және (немесе) қызметкерлері, сондай-ақ алқалы органдардың мүшелері бола алмайды.
26. ЭКА қызметкерлері ішкі аудит қызметіне мынадай мәмілелер (операциялар) туралы хабарлайды:
1) 3 000 (үш мың) айлық есептік көрсеткіштен астам мөлшерде сақтандыру төлемін жүзеге асыру;
2) заңдылығына күмән туғызатын басқа да мәмілелер (операциялар).
2-параграф. Сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру андеррайтингі
27. Директорлар кеңесі сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру андеррайтингімен байланысты тәуекелді тиімді басқару мақсатында андеррайтинг жөніндегі ішкі құжатты бекітеді.
28. Андеррайтингтік шешім қабылдау құрылымдық бөлімшелердің ұсынымдары негізінде ЭКА ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
29. Директорлар кеңесі сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттарын жасасу туралы шешімдер қабылдау жөніндегі алқалы органдардың лимиттерін бекітеді.
30. Ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттарын жасасу туралы шешімдер қабылдау жөніндегі алқалы органдардың лимиттері ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттарының жиынтығына белгіленеді, олар бойынша сақтанушылардың не пайда алушылардың жеке немесе заңды тұлғаның (бір-бірімен байланысты заңды/жеке тұлғалар) міндеттемелерін орындамауы кезінде туындайтын залалдарға байланысты мүліктік мүдделері (оның ішінде кепілдік беру шеңберінде) сақтандыру/кепілдік беру объектісі болып табылады.
Байланысты заңды/жеке тұлғалар деп (өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) шешімдерді анықтау және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың бірі), оның ішінде жасалған мәміленің күші бойынша қабылданған шешімдеріне тікелей және (немесе) жанама ықпал ету мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар түсініледі. Егер осы жеке немесе заңды тұлғаның ЭКА алдында берешегі бар болса, берешек сомасы ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру шарттарын жасасу бойынша лимиттер есебіне енгізіледі.
31. ЭКА осы Қағидалардың 29 және 30-тармақтарына сәйкес ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттарын жасасу туралы шешімдер қабылдау жөніндегі лимиттердің сақталуы туралы ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
32. Ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру (оның ішінде шарттар жиынтығы) шарты бойынша ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру (міндеттемелер көлемі бөлігінде) шартына өзгерістер енгізу және жасасу күніне ЭКА-ны өз ұстауында қалдырылатын жауапкершіліктің шекті көлемі сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру шарттары бойынша ЭКА активтерінің баланстық құнының 25%-нан аспауға тиіс.
Ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттарының жиынтығы деп сақтанушылардың не пайда алушылардың (оның ішінде кепілдік беру шеңберінде) бір жеке немесе заңды тұлғаның (бір-бірімен байланысты заңды/жеке тұлғалардың) міндеттемелерін орындамауы кезінде туындайтын залалдарға байланысты мүліктік мүдделері сақтандыру/кепілдік беру объектісі болып табылатын екі және одан да көп шарттар түсініледі.
33. ЭКА осы Қағидалардың 32-тармағына сәйкес ерікті сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру шарты бойынша (оның ішінде шарттар жиынтығы) ЭКА өз ұстауында қалдырылатын жауапкершіліктің шекті көлемдерінің сақталуы туралы ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
3-параграф. Сақтандыру және кепілдік төлемдері
34. Директорлар кеңесі төлем тәуекелдерін басқару шеңберінде сақтандыру және кепілдік төлемдерінің лимиттерін бекітеді, олар бойынша шешім қабылдау Директорлар кеңесінің, активтер мен пассивтерді басқару жөніндегі кеңестің, басқарманың, төлемдер жөніндегі бөлімшенің және ЭКА-ның басқа да органдарының құзыретіне жатады.
35. Сақтандыру және кепілдік төлемдерін жүзеге асыру тәртібі ЭКА Директорлар кеңесі бекіткен ішкі құжатпен айқындалады.
36. ЭКА осы Қағидалардың 34 және 35-тармақтарына сәйкес сақтандыру және кепілдік төлемдерінің лимиттерінің сақталуы туралы ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
4-параграф. Қайта сақтандыру
37. Директорлар кеңесі қайта сақтандыру тәуекелін тиімді басқару мақсатында қайта сақтандыру жөніндегі саясатты бекітеді.
38. ЭКА қаржылық тұрақтылықты бақылау мақсатында мынадай талаптарды ескере отырып сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыру үшін:
1) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтерді сақтайтын Қазақстан Республикасының резидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына;
2) осы Қағидалардың 39-тармағында көрсетілген танылатын рейтингтік агенттіктердің халықаралық немесе ұлттық шкаласы бойынша қайта сақтандырушының "BBB-" төмен емес рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент экспорттық-кредиттік агенттіктеріне беруді жүзеге асырады.
Аталған талаптар экспортты сақтандыру қолдауын жүзеге асыру жөніндегі функцияларды іске асыратын халықаралық қаржы ұйымдарына қолданылмайды.
39. ЭКА Standard & Poor's (Стандард энд Пурс), Moody's (Мудис), Fitch (Фитч), A.M. Best (Эй. Эм. Бест), АКРА (Талдамалық кредиттік рейтинг агенттігі), Эксперт РА агенттіктерінің және олардың еншілес рейтингтік ұйымдарының рейтингтік бағаларын мойындайды.
40. ЭКА осы Қағидалардың 37, 38 және 39-тармақтарына сәйкес қайта сақтандыру жөніндегі талаптардың сақталуы жөніндегі ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
5-параграф. Комплаенс
41. Комплаенс бойынша бөлімшенің функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңнамасында және ЭКА Директорлар кеңесі бекіткен ішкі құжаттарда белгіленеді.
42. Комплаенс-тәуекелді тиімді басқару мақсатында Директорлар кеңесі:
1) ұйымда комплаенс-тәуекелді басқаруды жалпы бақылауды жүзеге асырады;
2) комплаенс-тәуекелді басқару жөніндегі саясатты бекітеді;
3) комплаенс-тәуекелді басқаруды ұйымдастыру мен үйлестіруге жауапты комплаенс-бақылаушы лауазымына тағайындайды;
4) жылына кемінде бір рет ұйымдағы комплаенс-тәуекелді басқарудың тиімділігін бағалайды;
5) комплаенс-тәуекелдерді басқару мәселелерін тиімді және жедел шешуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, комплаенс-тәуекелдерді басқару жөніндегі саясаттың іске асырылуына бақылауды жүзеге асырады.
6-параграф. Уақытша бос ақша қаражатын орналастыру
43. ЭКА мынадай талаптарды ескере отырып, уақытша бос ақша қаражатын орналастыруды жүзеге асырады:
1) банктік шоттары мен салымдарына, сондай-ақ Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) халықаралық шкаласы бойынша "В" кем емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі не басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің (Moody’s (Мудис), Fitch (Фитч)) бірінің, Қазақстан Даму Банкінің ұқсас деңгейі бар екінші деңгейдегі банктер шығарған борыштық бағалы қағаздарына немесе:
банк шоттары мен салымдарына, сондай-ақ Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің (Moody’s (Мудис), Fitch (Фитч)) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-бас банктері резидент-еншілес банктер болып табылатын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің борыштық бағалы қағаздарына;
2) Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің "BBB-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің (Moody’s (Мудис), Fitch (Фитч)) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар халықаралық қаржы ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздарға;
3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына (оның ішінде басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес эмитенттелген) немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің сөзсіз және қайтарымсыз кепілдігімен қамтамасыз етілген бағалы қағаздарға;
4) Қазақстан Республикасының және Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің (Moody's (Мудис), Fitch (Фитч) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар (эмитенті бар) басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздарына (бұл талап суброгация шеңберінде экспорттық-кредиттік агенттік алған бағалы қағаздарға қолданылмайды);
5) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің (Moody’s (Мудис), Fitch (Фитч)) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған мемлекеттік мәртебесі бар борыштық бағалы қағаздарға;
6) уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы болған кезде тазартылған бағалы металдар;
7) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шетелдік эмитенттер шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздарға;
8) "кері РЕПО" операциялары;
9) Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры", "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамдары шығарған борыштық бағалы қағаздарға;
10) "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" акционерлік қоғамының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шоттарына.
11) ЭКА ішкі құжаттарының талаптарына жауап беретін туынды қаржы құралдарына.
44. ЭКА ақшалай қаражатты орналастырудың мынадай лимиттерін сақтайды:
1) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-бас банктері резидент-еншілес банктер болып табылатын екінші деңгейдегі банктерінің бірінде және осы банктің үлестес тұлғаларында, Қазақстанның Даму Банкінде бағалы қағаздарға инвестициялардың ("кері РЕПО" операцияларын ескере отырып) жиынтық баланстық құны, салымдары мен ақшасы ЭКА-ның меншікті капиталының 20%-нан аспайды;
2) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В"-тан "В+"-қа дейінгі ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі банктерінің бірінде және осы банктің үлестес тұлғаларында, Қазақстанның Даму Банкінде бағалы қағаздарға инвестициялардың ("кері РЕПО" операцияларын ескере отырып) жиынтық баланстық құны, салымдары мен ақшасы ЭКА-ның меншікті капиталының 10%-нан аспайды;
3) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің (Moody’s (Мудис), Fitch (Фитч)) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар бір халықаралық қаржы ұйымына бағалы қағаздарға инвестициялардың ("кері РЕПО" операцияларын ескере отырып) жиынтық баланстық құны, салымдары мен ақшасы ЭКА меншікті капиталының 20%-нан аспайды;
4) екінші деңгейдегі банк болып табылмайтын бір заңды тұлғаның және Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірінің (Moody’s (Мудис), Fitch (Фитч)) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар аталған заңды тұлғаның үлестес тұлғасы болып табылмайтын немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігі бар заңды тұлғаның бағалы қағаздарға инвестициялардың ("кері РЕПО" операцияларын ескере отырып) жиынтық баланстық құны, салымдары мен ақшасы ЭКА меншікті капиталының 10%-нан аспайды (бұл талап суброгация шеңберінде экспорттық-кредиттік агенттік алған бағалы қағаздарға қолданылмайды);
5) мемлекеттік мәртебесі бар, "BBB-" төмен емес тәуелсіз рейтингі бар бір шет мемлекеттің орталық үкіметі шығарған бағалы қағаздарға инвестициялардың ("кері РЕПО" операцияларын ескере отырып) жиынтық баланстық құны ЭКА меншікті капиталының 10%-нан аспайды;
6) тазартылған бағалы металдарға жиынтық орналастыру ЭКА меншікті капиталының 5%-нан аспайды;
7) Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар бір шетелдік эмитент шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздарға инвестициялардың жиынтық баланстық құны – ЭКА меншікті капиталының 10%-нан аспайды;
8) Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры", "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамдары шығарған борыштық бағалы қағаздарға ("кері РЕПО" операцияларын ескере отырып) инвестициялардың баланстық құны – әрбір акционерлік қоғам үшін ЭКА меншікті капиталының 10%-нан аспайды;
9) "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" акционерлік қоғамының шоттарындағы ақша қаражатының жиынтық баланстық құны – ЭКА меншікті капиталының 20%-нан аспайды;
10) туынды қаржы құралдары ЭКА меншікті капиталының 5%-нан аспайды.
45. ЭКА орталық контрагенттің қатысуымен жасалған "кері РЕПО" операцияларын жүзеге асырады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын шектеусіз сатып алады.
46. ЭКА осы тараудың талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген немесе ашық саудаға жіберілген Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздарын "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында сатып алады.
47. ЭКА осы Қағидалардың 43, 44, 45 және 46-тармақтарына сәйкес уақытша бос ақша қаражатын орналастыру жөніндегі талаптардың сақталуы жөніндегі ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
3-тарау. Резервтерді қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп-қисаптар жүргізу
48. ЭКА-дағы актуарлық практика осы Қағидаларға және актуарлық практиканы жүзеге асырудың халықаралық қағидаттарына (стандарттарына) сәйкес жүзеге асырылады.
49. Сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша, сондай-ақ кепілдіктер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін ЭКА резервтерді (бұдан әрі – Міндеттемелер) қалыптастырады. Міндеттемелердің құрамы, оларды қалыптастыру әдістері мен қағидалары, сондай-ақ нысандары Директорлар кеңесі бекіткен ішкі құжатпен айқындалады.
50. Міндеттемелердің құрамы, оларды қалыптастыру әдістері мен қағидалары келесі талаптарға сәйкес келеді:
1) болашақ сақтандыру төлемдерінің міндеттемелері және оларға қызмет көрсету бойынша, алдыңғы есепті кезеңдерде болған немесе мәлімделген және болашақта осы үшін жеткілікті мөлшерде болуы немесе мәлімделуі мүмкін сақтандыру жағдайлары мен кепілдіктер жөніндегі талаптар бойынша қалыптастырылады;
2) Міндеттемелерді есептеу әдістері жалпы қабылданған әлемдік актуарлық практикаға сәйкес келеді;
3) Міндеттемелерді есептеу әдістері сақтандыру, қайта сақтандыру және атап айтқанда, қайта сақтандырушылардың залалдардағы және (немесе) шығыстардағы үлестеріне кепілдік беру шарттарын орындауға байланысты ықтимал болашақ кірістерді бағалауды ескереді;
4) Міндеттемелер сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру шарттарының міндеттемелері номинацияланған валюталар бағамын ескереді.
51. ЭКА осы Қағидалардың 49 және 50-тармақтарына сәйкес қалыптастырылған міндеттемелер туралы ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға береді.
52. ЭКА-дағы актуарлық практика мыналарды қамтиды:
1) Директорлар кеңесі бекіткен ішкі құжаттарда көзделген тәртіппен және шарттарда актуарлық қорытынды жасау;
2) тарифтерді есептеу әдіснамасын әзірлеу, сондай-ақ ерікті сақтандыру және қайта сақтандыру, кепілдік беру шарттары бойынша сыйлықақылар мөлшерлемесін есептеу;
3) консультациялық қызметтер көрсету және актуарлық есеп айырысу мәселелері бойынша ұсынымдар беру;
4) актуарлық есеп айырысулар бөлігінде ЭКА-ның қаржылық орнықтылығы мен төлем қабілеттілігін бағалауға байланысты мәселелер;
53. ЭКА актуарий есептеген көлемде қалыптастырылған Міндеттемелерге ие.
54. Актуарий түрлі сценарийлер бойынша стресс-тестілеуді жүзеге асырады, қалыптастырылған Міндеттемелердің барабарлығына тест жүргізеді.
55. ЭКА осы Қағидалардың 54-тармағының талаптарын сақтау жөніндегі ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25 (жиырма бесінші) күнінен кешіктірмей және есепті жылдан кейінгі жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірмей уәкілетті органға ұсынады.
56. ЭКА-ның тарифтерді белгілеу, ретке келтіру және түзету жөніндегі қызметіне қойылатын негізгі талаптар Директорлар кеңесі бекіткен Тарифтік саясатта белгіленеді.