ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 29.04.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы аккредиттеу органдарына қойылатын талаптарды және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 1 қарашадағы № 629 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14438 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану қағидаларында:
2-тармақтың 7) және 8) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"7) институционалдық аккредиттеу – мәлімделген мәртебесіне және белгіленген аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкес білім беру ұйымында сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесі процестерінің тиімділігін аккредиттеу органының бағалау рәсімі;
8) мамандандырылған (бағдарламалық) аккредиттеу – білім беру ұйымы іске асыратын жекелеген білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау рәсімі;".
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушысы |
Д. Щеглова |