БҰЙЫРАМЫН:
1. "Облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 457 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19753 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау қағидаларында:
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"9) қарыз алушы – эмитентпен кредит/лизинг алу туралы қарыз шартын жасаған және қызметін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және (немесе) өңдеу саласындағы басым жобалар бойынша кредит беруге және қаржы лизингіне арналған тауарлар тізбесіне сәйкес жүзеге асыратын және қарыз шарты бойынша өзіне міндеттемелер қабылдаған жеке және заңды тұлға, дара кәсіпкер (оның ішінде шаруа (фермер) қожалығы), сондай-ақ кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, әлеметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар, микроқаржы ұйымдары;";
11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"11) қысқа мерзімді облигациялар есебінен қаржыландыру бойынша жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесі – кредиттік серіктестіктерді, екінші деңгейлі банктерді, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды, өңірлік инвестициялық орталықтарды және микроқаржы ұйымдарын және түпкілікті қарыз алушыларды қоспағанда, қарыз алушылар үшін мөлшері жылдық 5 (бес)%-тен аспайтын, кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар мен микроқаржы ұйымдары үшін жылдық 3 (үш)%-тен аспайтын сыйақы мөлшерлемесі;";
18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"18) түпкілікті қарыз алушы – кредиттік серіктестіктің, екінші деңгейлі банктің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның, өңірлік инвестициялық орталықтың, микроқаржы ұйымының қарыз алушысы;";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Жұмыс органы облигациялық қарыз бойынша купондық төлемдер басталған күнге дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын астық нарығы жөніндегі оператор болып табылатын эмитенттің банктік шотына жасалған келісімге сәйкес купондық сыйақының субсидияланатын бөлігін төлеммен аударады.
Бұл ретте, есептік жылы астық нарығы жөніндегі оператордың облигациялары бойынша есептелетін купондық сыйақы бойынша субсидиялар есептік жылдың 30 қаңтарынан кешіктірілмей тиісті қаржы жылына арналған бюджетте көзделген қаражат шегінде эмитенттің банктік шотына аванстық төлеммен аударылады.
Эмитент облигациялар бойынша купондық сыйақыны өз қаражаты есебінен төлеген жағдайда, жұмыс органы эмитентке купондық сыйақының субсидияланатын бөлігінің сомасын эмитенттің банктік шотына аудару жолымен облигациялар бойынша купондық сыйақының бұрын төленген бөлігін өтейді.
Жұмыс органы шығарылған мерзімі 12 (он екі) айды қоса алғанға дейін болатын облигациялар бойынша купондық сыйақыны 100% (жүз процент) жасалған келісімге сәйкес облигациялар бойынша тіркеуге жататын эмитенттің банктік шотына аванстық төлеммен аударады.
Эмитент субсидия қаражатын алғаннан кейін не эмитентке Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 100% (жүз процент) купондық сыйақы мөлшерінде субсидиялар бөлуді көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаражат бөлу туралы қаулысы болған жағдайда, қарыз шарттарын жасасу жолымен қысқа мерзімді облигациялар есебінен қарыз алушыларға қаржыландыру бойынша жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесі бойынша кредит береді.
Көрсетілген қысқа мерзімді облигациялар есебінен:
2023 жылғы 1 қарашадан бастап жасалған қарыз шарттары бойынша көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бұрын берілген кредиттік қаражатты ауыстыруға;
2023 жылғы 1 қарашадан бастап, көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жасалған қарыз шарттары бойынша екінші деңгейлі банктердің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, өңірлік инвестициялық орталықтардың және микроқаржы ұйымдарының қарыз алушыларының міндеттемелерін қайта қаржыландыруға жол беріледі.".
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
А. Султанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі