БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 318 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19319 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі
Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 12-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жұмыс істеп жүрген жастар – отыз бес жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) жыл сайынғы жинақтау шегі – жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай қатысушылары келісім шарт негізінде тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісіндегі жылдық жинақ шоты, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі айлық есептік көрсеткішке сәйкес кемінде 170 (жүз жетпіс) еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жылдық жинақ шотында (депозитте) жинақталған ақша сомасы;
3) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай;
4) уәкілетті орган – тұрғын үй қатынастары саласында басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 10-3-бабы 2-тармағының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруді жүзеге асырады.
2-тарау. Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібі
4. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында өтініштерді қабылдаудың басталу және аяқталу күнін көрсете отырып, жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы хабарландыруды жариялайды.
Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібі (бұдан әрі – конкурс) мынадай кезеңдерден тұрады:
1) уәкілетті органның хабарландыруды орналастыруы;
2) уәкілетті органның хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде өтініштерді қабылдауы;
3) уәкілетті органның құжаттарды осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексеруі;
4) уәкілетті органның сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы шешім қабылдауы;
5) уәкілетті органның өтініш берушімен тұрғынжайды жалдау шартын (бұдан әрі – шарт) жасасуы.
5. Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алу үшін қойылатын негізгі талаптар:
1) 35 (отыз бес) жасқа толмаған (34 жасқа дейін), Қазақстан Республикасының азаматы;
2) жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген;
3) өтініш берушінің облыста, республикалық маңызы бар қалалар және астана қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай бағдарламасы орналасқан мекенде, өтінім берер алдында соңғы 3 (үш) жылдан кем емес тұрақты тіркеуінің болуы;
4) облыста, республикалық маңызы бар қалалар және астана қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай бағдарламасы орналасқан мекенде, өтініш берушінің отбасы мүшелерінің тұрақты тіркеуінің болуы;
5) өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), балалары (бар болса) апатты жағдайда тұрған, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берер алдында соңғы 5 (бес) жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің болмауы;
6) өтініш берушінің соңғы 6 (алты) айда кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы табысының болуы;
7) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісі (бұдан әрі - банк) жинақ шотының (депозиттің) болуы.
Өтініш берушіге жұбайымен (зайыбымен), бірге шарт жасалған кезден бастап тек бір сатып алу құқығынсыз тұрғынжай беріледі.
6. Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің, балалардың туу туралы жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
2) білімі туралы құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
4) өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне (бар болса) Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
5) жұмыс орнынан анықтама;
6) өтініш берушінің кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ай сайынғы табысын растайтын соңғы 6 (алты) айдағы табыстары туралы анықтама;
7) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
8) банкте жинақ шотының (депозиттің) болуы және нөмірі туралы анықтама және ол бойынша банк берген ақша қалдығы мен қозғалысы туралы үзінді көшірме;
9) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмесі (соңғы 6 (алты) ай);
10) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың бүкіл кезеңі үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы хабарлама (куәлік);
11) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкер ретіндегі қызметтің соңғы жылындағы кірістер бойынша салық декларациясы;
12) өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 (үш) жылдан кем емес облыста, республикалық маңызы бар қалалар және астана қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай орналасқан мекенде тұрақты тіркелуі (скриншот/электронды форматта);
13) өтініш берушінің отбасы мүшелерінің облыста, республикалық маңызы бар қалалар және астана қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай бағдарламасы орналасқан мекенде тұрақты тіркелуі (бар болса) (скриншот/электронды форматта).
Өтініш, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген құжаттар, уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы арқылы не уәкілетті орган құрған платформа арқылы беріледі.
7. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 15 (он бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толық болуын және олардың осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкестігін тексереді.
Өтініш беруші осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, өтініш берушіге жоқ құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жіберіледі.
Өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде толықтырылған құжаттар топтамасын ұсынады.
Өтініш берушіге хабарламада көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган өтінішті қайтарады.
Өтініш беруші осы Қағидалардың 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беруден жазбаша түрде бас тартады.
Өтініш берушіге сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруден бас тарту туралы алдын ала хат қоса беріле отырып, оған қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабарлама жіберіледі.
Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беруден бас тарту туралы алдын ала хатты алғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қарсылық береді.
8. Уәкілетті орган 30 (отыз) жұмыс күні ішінде балдарды есептейді және ең көп балл саны бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алуға өтініш берушілердің тізімін қалыптастырады.
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
1) нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары немесе арнаулы орта білім беру мекемелерінде кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл;
2) отбасы болған жағдайда – 5 балл;
3) 1 (бір) бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
4) кемінде 1 (бір) жыл жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
5) бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер және мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
6) өтініш берушінің банктегі жинақ шотында (депозитінде) жинақтаған әрбір жыл үшін – 2 балл. Балдар шотында кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш қалдық болған жағдайда беріледі.
Балдар тең болған жағдайда жасы үлкен өтініш беруші басымдыққа ие болады.
Бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданын айқындау конкурс қорытындысы бойынша қойылған балдар және өтініш берушінің балаларының саны (бар болса) негізінде жүзеге асырылады.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру мынадай пайыздық арақатынаста жүзеге асырылады:
Жалға берілетін тұрғын үйдің 60 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған өтініш берушілерге;
Жалға берілетін тұрғын үйдің 40 % – некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмаған өтініш берушілерге.
9. Жалға берілетін тұрғынжайды сатып алу құқығынсыз беру туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды және оған облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының бірінші басшысы қол қояды.
Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беру туралы шешім шығарылғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде іріктеу нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды, сондай-ақ өтініш берушілерге қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған азаматтар шарт негізінде жалға берілетін тұрғын үйге жіберіледі.
10. Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде жыл сайынғы жинақтау шегіне жеткен жағдайда, жыл сайын 3 (үш) жылға дейін ұзарту шартымен 1 (бір) жыл мерзімге шарт жасалады.
11. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – 3 (үш) жылдан артық емес мерзімге беріледі.