"Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 116) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгілік ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. "Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 202 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6999 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Көлік министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайдар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 451 бұйрығымен бекітілген |
Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 116) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы (бұдан әрі – ККО) Ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңес болып табылады.
2. ККО өзінің қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2-тарау. ККО-ның негізгі міндеттері
3. ККО-ның негізгі міндеттері:
1) ғылыми ұйымның ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметінің мәселелерін қарау, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу және ұсынымдар енгізу;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – ЖҒТК) айқындаған Қазақстан Республикасының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметінің басым бағыттарын іске асыруға жәрдемдесу;
3) ғылыми ұйым қызметтерінің стратегиялық және ағымдағы жоспарларын қарау;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметі саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қатысу бойынша ғылыми ұйымдармен, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ), ғылыми қауымдастықпен өзара іс-қимыл мәселелерін қарау;
5) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және әзірлеу;
6) ұйымның ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметін дамыту мәселелерін қарау;
7) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін дәріптеу мен насихаттауға қатысу, оларды коммерцияландыруға жәрдемдесу;
8) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;
9) ғылыми ұйымдардың және оның құрылымдық бөлімшелерінің тиімді жұмысы бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
3-тарау. ККО-ның функциялары
4. ККО өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ЖҒТК айқындаған ғылымды дамытудың басым бағыттарын іске асыру мақсатында ғылыми ұйымның негізгі бағыттары бойынша ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;
2) ғылымды дамыту бойынша, оның ішінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын, ғылым саласын дамыту тұжырымдаманы әзірлеу кезінде, ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша, ҒЗТКЖ-ның басым бағыттары бойынша, ғылым саласындағы заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді өзгерту және жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлейді;
3) ҒЗТКЖ және олардың нәтижелерін практикалық іске асыру, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми еңбектерді шығару жоспарларын бекіту және іске асыру бойынша ұсынымдарды қарайды және әзірлейді;
4) ғылыми ұйымның ғылыми, ғылыми-ұйымдастыру және өндірістік қызметінің нәтижелері бойынша есептерді бекіту бойынша ұсынымдарды қарайды және әзірлейді;
5) ғылыми ұйымды басқаруды жетілдіру, сондай-ақ ҒЗТКЖ-ға қаржылық қаражаттарды тиімді пайдалану бойынша мәселелерді талқылайды және ұсынымдар енгізеді;
6) ғылыми ұйымдармен және ЖЖОКБҰ-лармен ынтымақтастық мәселелерін қарайды;
7) құрылымдық бөлімшелердің, олардың басшыларының және жекелеген ғылыми қызметкерлерінің ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік қызметі туралы есептерін тыңдайды;
8) ғылыми ұйымның халықаралық ынтымақтастығы мәселелерін, шетелдік ұйымдармен бірлесе өткізген ғылыми зерттеулердің орындалу барысын талқылайды, қызметкерлердің шетелдік ғылыми іссапарлары бойынша есептерін тыңдайды;
9) ғылыми кадрларды даярлаумен және олардың біліктілігін арттырумен байланысты мәселелерді талқылайды; ғалымдардың ғылыми кадрларды даярлау бойынша жұмыстары туралы хабарламаларын жүйелі түрде тыңдайды;
10) мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға ғылыми еңбектерді, ғылыми жаңалықтарды және өнертабыстарды ұсынады;
11) ұйымның ғылымды дамытуға үлес қосқан ғылыми қызметкерлеріне ғылыми және құрметті атақтарды, марапаттарды беруге кандидатураларды ұсынады;
12) Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамына ұсынылған ғалымдардың кандидатураларын қарастырады;
13) ғылыми қызметкерлердің бос лауазымдарын орналастыру мәселелері бойынша ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;
14) ғалымдардың, ғылыми қызметкерлердің (жекелеген авторлардың және ұжымдардың) ғылыми еңбектерін жариялауға ұсынады;
15) ғылыми ұйымның бөлімшелерін (зертханаларды, бөлімдерді) құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелері бойынша ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;
16) ғылыми-зерттеу нәтижелерін тиісті салаларға енгізу бойынша ұсынымдарды қарастырады және әзірлейді.
4-тарау. ККО қызметін ұйымдастыру
5. ККО-ның төрағасы ғылыми ұйымның басшысы, ол болмаған жағдайда басшының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып табылады.
6. ККО-ның дербес құрамын ғылыми ұйымның басшысы екі жыл мерзімге бекітеді және оның мүшелері тақ саннан тұрады. ККО-ның мүшелері ұйымның ғылыми қызметкерлері ұжымының жалпы жиналысында көпшілік дауыспен сайланады.
7. ККО-ның хатшысы ККО-ның отырысында ашық дауыс беру арқылы сайланады, ол ККО-ның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.
8. ККО-ның хатшысы ККО-ның отырысын өткізуді, қажетті материалдарды дайындауды, ККО мүшелерін хабардар етуді жүзеге асырады және ККО-ның іс қағазын жүргізеді.
9. ККО отырыстары жұмыс жоспары мен отырыстар кестесіне сәйкес, бірақ кем дегенде тоқсанына бір рет өткізіледі.
10. Егер ККО отырыстарына оның құрамының кемінде үштен екісі қатысып отырса, оның құқықтық күші бар деп есептеледі.
11. ККО шешімдері ашық дауыс беру арқылы, оның отырысына қатысып отырған ККО мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
ККО шешімі хаттамамен ресімделеді, оған ККО отырысының төрағасы және хатшысы қол қояды.
12. ККСО шешімдері ұсынымдық сипатта болады.