БҰЙЫРАМЫН:
1. "Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы № 210 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32744 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Аттестаттау мыналарды қамтиды:
1) әңгімелесуден өту;
2) аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімін шығару.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Аттестаттауға келген кезде әлеуметтік қызметкер "Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты және өзінің жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) цифрлық жеке куәлікті ұсынады.
Аттестаттау комиссиясы аттестаттаудан өту алдында әлеуметтік қызметкерді аттестаттау кезеңдерін өткізу тәртібі және олардың ұзақтығы туралы хабардар етеді.
Әлеуметтік қызметкер өз таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде аттестаттаудан өтеді.
Аттестаттауды өткізу кезінде әлеуметтік қызметкердің анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиеттерді қағаз, электрондық және өзге де жеткізгіштерде, қабылдайтын-беретін электрондық құрылғыларды (оның ішінде ұялы телефондар мен өзге де электрондық жабдықтарды) пайдалануына жол берілмейді.
Мұндай құрылғылар әңгімелесуден өту кезінде ұяшықтары бар арнайы шкафтарда сақтауға орналастырылады.
Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда аттестаттау комиссиясы әлеуметтік қызметкерді аттестаттаудан шеттете отырып, бұзушылық туралы акт жасайды.
Әлеуметтік қызметкер аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелдi себептер бойынша (еңбекке уақытша қабiлетсiздiк кезеңiнде, демалыста болған кезеңiнде, кәмелетке толмаған балалардың сырқаты кезiнде, жақын туысы қайтыс болған кезде, іссапарда жүргенде) келе алмаған жағдайды қоспағанда, келмеген жағдайда, ол аттестатталмаған болып есептеледi.
Әлеуметтік қызметкер дәлелді себеппен аттестаттау комиссиясының отырысына келмеген жағдайда, оны аттестаттау мәселесін қарау ол жұмысқа шыққан күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімге ауыстырылады.";
8-тармақ мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:
"Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат.".
2 - параграф алып тасталсын.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1 және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
С. Жакупова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрілігі