"Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 2) тармақшасына, 62-бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 29 қазандағы № 500-НҚ бұйрығына 1-қосымша |
Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 6-тармағы 2) тармақшасына, 62-бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент – телерадио хабарларын тарату операторымен телерадио хабарларын тарату қызметтерін алуға шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) абоненттік жол – жергілікті телекоммуникациялар желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;
3) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын таратушы (бұдан әрі – таратушы) – телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының аумағында меншікті спутниктік хабар тарату жүйелері бар телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қолжетімді карталарды, телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиосигналын жеке-дара қабылдауға арналған жабдықты тарататын жеке немесе заңды тұлға;
4) еркін қолжетімді теле-, радиоарна – көру құқығы үшін ақы алынбай адамдардың шектеусіз тобына цифрлық эфирлік және спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарна;
5) Интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған телекоммуникациялардың біріктірілген желілерінің және есептеу ресурстарының дүниежүзілік жүйесі;
6) міндетті теле-, радиоарна – цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату желілерін және телекоммуникация желілерінде телерадио хабарларын таратуды қоспағанда, уәкілетті орган бекіткен тиісті тізбеге кіретін, Қазақстан Республикасының аумағында көпарналы хабар тарату арқылы таратылуға міндетті теле-, радиоарна;
7) теле-, радиобағдарлама – тиісті атауы, хабар тарату көлемі бар және теле-, радиоарнаның басқа бөліктеріне қарамастан пайдаланылуы мүмкін теле-, радиоарнаның мазмұны жағынан аяқталған бөлігі;
8) телерадиокомпания – теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік алған, теле-, радиоарнаның меншік иесі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға немесе оның филиалы (өкілдігі);
9) телерадио хабарларын тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникациялар желілерінде теле-, радиоарналарды ашық немесе кодталған түрде абоненттің жария қабылдауы үшін қалыптастыру және (немесе) тарату;
10) телерадио хабарларын тарату қызметі – теле-, радиобағдарламаларды қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, абонентке дейін жеткізу;
11) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
12) хабар тарату кестесі – хабар таратудың бағдарламалық тұжырымдамасының нақты кезеңдегі негізгі бағыттарын көрсететін теле-, радиобағдарламалардың тізбесі, реттілігі, атауы, эфирге шығу уақыты;
13) шартты қолжетімді карта – дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларының сәйкестендіргішін қамтитын, абоненттің телерадио хабарларын тарату операторының қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз ететін құрылғы.
2-тарау. Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету тәртібі
1-параграф. Теле -, радиобағдарламаларды қабылдау, өңдеу және сақтау тәртібі
3. Телерадио хабарларын тарату операторы телерадиокомпаниялардан теле-, радиобағдарламаларды қабылдауды жүзеге асырады.
4. Телерадиокомпания:
1) телерадио хабарларын тарату операторымен келісілген теле-, радиобағдарламаларды берудің үздіксіз режимін қамтамасыз етеді;
2) телерадио хабарларын тарату операторының техникалық құралдарына телерадио хабарларын тарату операторымен шартта көрсетілген техникалық параметрлерге сәйкес келетін теле-, радиобағдарламаларды беруді қамтамасыз етеді.
5. Телерадио хабарларын тарату операторы теле-, радиобағдарламалардың сигналын сығымдау және кодтау түрінде теле-, радиобағдарламаларды өңдеуді жүзеге асырады.
6. Телерадио хабарларын тарату операторы теле-, радиобағдарламаларды қалыптастыру кезінде міндетті теле-, радиоарналар тізбесіне сәйкес реттік нөмірдің реттілігін сақтай отырып, міндетті теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламаларын телекоммуникация желілерінде цифрлық хабар тарату мен хабар таратуда дәйекті сандарды беру жолымен және арна жиіліктерін бөлу торының басында орналастыру жолымен аналогтік хабар таратуда басым тәртіппен орналастырады.
7. Телерадио хабарларын тарату операторының қызмет көрсету уақыты жоспарлы бақылау өлшеулерін және жоспарлы аялдамаларды жүргізу үшін қажетті уақытты ескере отырып, телерадиокомпанияның апта сайынғы кестесімен регламенттейді.
8. Қызметтер көлемі ай сайын телерадио хабарларын тарату операторы мен телерадиокомпания қол қойған көрсетілген қызметтер актілерінде тіркеледі.
9. Телерадио хабарларын тарату қызметтері телерадиокомпания телерадио хабарларын тарату операторына ағымдағы апта басталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын ұсынған апта сайынғы хабар тарату кестесіне сәйкес ұсынылады.
Теле-, радиобағдарламаларды тәулік бойы хабар таратуы немесе бағдарламалардың басталуы мен аяқталуының белгіленген уақыты кезінде апта сайынғы кесте берілмейді.
10. Телерадиокомпания меншікті техникалық ресурстарда немесе сертификатталған деректерді сақтау платформаларында жасалған және эфирге берілген теле-, радиобағдарламаларды сақтауды қамтамасыз етеді.
2-параграф. Теле -, радиобағдарламаларды беру және абонентке дейін жеткізу тәртібі
11. Теле-, радиобағдарламаларды беру және абонентке дейін жеткізу:
1) эфирлік телерадио хабарларын тарату;
2) спутниктік телерадио хабарларын тарату;
3) кәбілдік телерадио хабарларын тарату;
4) телекоммуникация желілерінде телерадио хабарларын тарату арқылы жүзеге асырылады.
12. Телерадио хабарларын тарату операторы теле-, радиобағдарламалардың сигналдарын тарату кезінде олардың технологиялық параметрлерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
13. Эфирлік телерадио хабарларын тарату сигналды өңдеудің аналогтік әдістері пайдаланылатын немесе бірегей сигналды цифрлау (жинау) әдістемесін пайдалана отырып, жер үстіндегі хабар беруші станциялар арқылы теле-, радиобағдарламаларды тарату жүйесін білдіреді.
14. Спутниктік телерадио хабарларын тарату байланыс спутниктерінде орналастырылатын ретрансляторлар арқылы теле-, радиобағдарламаларды тарату жүйесін білдіреді.
15. Абоненттерге спутниктік және эфирлік хабар тарату арналары бойынша еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды тарату қызметтерін көрсетудің басталуы пайдаланушы жабдығының монтаждалған және күйге келтірілген күні болып табылады.
Абоненттерге спутниктік және эфирлік хабар тарату арналары бойынша теле-, радиобағдарламалардың ақылы топтамаларын тарату қызметтерін көрсетудің басталуы телерадио хабарларын тарату операторы жүйесінде осы қызметтің активтелген күні болып табылады.
16. Аудио-, бейнежазбаларды беру жөніндегі қызметтерге өтінім (бұдан әрі – өтінім) келіп түскен сәттен бастап аудио-, бейнежазбаларды беру жөніндегі қызметтер олардың жүргізілген мерзімдері бойынша жіктеледі.
17. Өтінім телерадио хабарларын тарату операторына жүргізу мерзіміне қарай жазбаша еркін түрде беріледі.
18. Аудио-, бейнежазба берудің нақты уақыты өтінімде көрсетілген беруді бастау уақытынан бастап өтінім бойынша беруді аяқтаудың нақты уақытына дейін, не болмаса, аудио-, бейнежазбаны беру нақты аяқталғанға дейін айқындалады.
19. Интернет желісіне қолжетімділік қызметін көрсететін абоненттік жолдарды қоспағанда, кәбілдік телерадио хабарларын тарату кәбілдік және эфирлік-кәбілдік желілер арқылы теле-, радиобағдарламаларды тарату жүйесін білдіреді.
20. Кәбілдік телерадио хабарларын тарату операторлары абонентті телерадио хабарларын тарату желілеріне оның орынжайында дұрыс жұмыс істейтін абоненттік жол мен параметрлері нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес келетін сертификатталған дұрыс пайдаланушы жабдығы болған жағдайда қосады.
21. Техникалық құралдар болғанда және шартқа сәйкес бір абоненттің абоненттік желісі ұжымдық қолжетімділікті ұйымдастыру үшін абоненттік тармақтағыштың бірнеше жібергішіне қосылады.
22. Абоненттің ғимаратында телерадио хабарларын тарату желілері, ал олар орналасқан орынжайда абоненттік жолдар жоқ болған кезде, жетіспейтін жабдықты және кәбілдік желілерді кәбілдік телерадио хабарларын тарату операторларымен немесе басқа тәсілмен жүргізіледі. Аталған жұмыстарды орындағаннан кейін кәбілдік телерадио хабарларын тарату операторлары абонентпен шарт жасасады.
23. Абоненттік жабдықтардың түрлері жайлы толық ақпарат кәбілдік телерадио хабарларын тарату операторының интернет-ресурсында (болған кезде) және кәбілдік телерадио хабарларын тарату операторының ғимараттарында орналасқан ақпараттық стендтерде орналастырылады.
24. Телекоммуникациялар желілерінде телерадио хабарларын тарату телекоммуникациялар хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялардың техникалық құралдарын және байланыс жолдарын пайдалану арқылы теле-, радиобағдарламаларды тарату жүйесін білдіреді.
25. Телекоммуникациялар желілерінде теле-, радиобағдаламаларды тарату теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия негізінде жүзеге асырылады.
26. Таратушы:
1) жабдықты орнатуды және қосуды;
2) жабдықты активтеуді және телерадио хабарын тарату операторының шартты қолжетімділік жүйесінің деректер базасына енгізуді;
3) теле-, радиобағдарламалар тізімін күйге келтіруді;
4) орнатылған жабдықтың цифрлық сигналдарын қабылдау сапасын тексеруді;
5) абонентті жабдықты және/немесе шартты қолжетімділік картасын қолдану нұсқаулығымен таныстыруды қамтамасыз етеді.
27. Таратушы жабдықты орнатқанға дейін сигналды қабылдау және оның абонент құрылғысымен үйлесімділігіне бастапқы тексеруді жүргізеді.
Шартты қолжетімділік жабдығы өзектендіріледі және телерадио хабарларын тарату операторының шартты қолжетімділік деректер базасына енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 29 қазандағы № 500-НҚ бұйрығына 2-қосымша |
Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 89/1 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 7820 болып тіркелген).
2. "Телерадио хабарларын тарату операторларының қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 89/1 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 1005 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 12321 болып тіркелген).
3. "Телерадио хабарларын тарату операторларының қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 89/1 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 7 наурыздағы № 77 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 16633 болып тіркелген).
4. "Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 89/1 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 22 желтоқсандағы № 418 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 25964 болып тіркелген).
5. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 141-НҚ бұйрығының 1-тармағы (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тiзiлiмiнде № 32357 болып тіркелген).