БҰЙЫРАМЫН:
1. "Азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 420 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15427 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 14-бабының 41-18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-18) тармақшасына сәйкес әзірленді және азаматтық авиацияда аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
Осы Қағидалар аэронавигациялық ақпарат өнімдерінде жарияланатын өңделген аэронавигациялық ақпарат (аэронавигациялық деректер) негізінде жасалған, әртүрлі ақпаратты/деректерді (электрондық және/немесе қағаз жеткізгіштегі мәтіндік және/немесе картографиялық түрде) беретін жеке немесе заңды тұлғаларға қолданылмайды, оларды беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің аэронавигациялық ақпарат қызметі қамтамасыз етеді.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Қағидаларда мынадай қысқартулар қолданылады:
ААҚ – аэронавигациялық ақпаратты басқару қызметі;
АҚК – аэронавигациялық қызмет көрсету;
АҰЕ – аспаптар бойынша ұшу ережелері;
ӘҚҚ – әуе қозғалысына қызмет көрсету;
ӘҚҰ – әуе қозғалысын ұйымдастыру;
ӘШҚ – әуе шабуылына қарсы қорғаныс;
ИКАО – Халықаралық азаматтық авиация ұйымы;
ӨЖЖ – өте жоғары жиілік;
РЖ – рульдеу жолы;
ТО – тұрақ орны;
ТСЖ – тежеудің соңғы жолағы;
ҰҚЖ – ұшу-қону жолағы;
AD – әуеайлақтар;
ADIZ – әуе шабуылына қарсы қорғанысын тану аймағы;
AFS – авиациялық белгіленген қызметі;
AFTN – электр байланыстың бекітілген авиациялық желісі;
AIC – аэронавигациялық ақпарат циркуляры;
AIP – аэронавигациялық ақпарат жинағы;
AMA – аймақтағы ең төменгі абсолюттік ұшу биіктігі;
ARP – әуеайлақтың бақылау нүктесі;
CRC – циклдық артық код;
CTA – диспетчерлік аудан;
CTR – диспетчерлік аймақ;
DME – қашықтықты өлшейтін жабдық;
ENR – бағыт;
FATO – қонуға кірудің және ұшудың соңғы кезеңінің аймағы;
FAF/FAP – қонуға кірудің соңғы кезеңінің бақылау нүктесі;
GEN – жалпы ережелер;
GNSS – жаһандық навигациялық спутниктік жүйе;
HRP – тікұшақ айлағының бақылау нүктесі;
IAF – қонуға кірудің бастапқы кезеңінің нүктесі;
IF – қонуға кірудің аралық кезеңінің нүктесі;
ILS – аспаптар бойынша қонуға кіру жүйесі;
INS – инерциялық навигациялық жүйе;
MAPt – екінші айналымға кету нүктесі;
MDA/H – төмендеудің ең төменгі абсолюттік/салыстырмалы биіктігі;
MEA – бағыт бойынша ұшудың ең төменгі абсолюттік биіктігі;
MLS – қонуға кірудің қысқа толқынды жүйесі;
MOCA – кедергілерді ұшып өтудің ең төменгі абсолюттік биіктігі;
MSL – теңіздің орташа деңгейі;
NAVAID – навигациялық құрал;
NDB – бағытталмаған радиомаяк;
NIL – ақпараттың жоқтығы;
OCA/H – кедергілерді ұшып өтудің абсолюттік/салыстырмалы биіктігі;
OFZ – кедергілерден бос аймақ;
PBN – сипаттамаларға негізделген навигация;
RNAV – аймақтық навигация;
RVR – ұшу-қону жолағындағы көріну қашықтығы;
SID – аспаптар бойынша стандарттық ұшу;
STAR – аспаптар бойынша келудің стандарттық схемасы;
TAA – әуеайлақ маңына ұшып келудің абсолюттік биіктігі;
TLOF – жерге қону және көтерілу аймағы;
UTC – дүниежүзілік үйлестіру уақыты;
VOR– көп бағытты ӨЖЖ радиомаяк;
WGS-84 – 1984 жылғы дүниежүзілік геодезиялық жүйе.";
114-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"114. Жергілікті жер туралы деректер 1-аудан үшін ұсынылады.
Кедергілер туралы деректер жерден биіктігі 100 метр немесе одан жоғары 1-аудандағы кедергілерге қатысты ұсынылады.";
мынадай мазмұндағы 114-1, 114-2, 114-3, 114-4, 114-5 және 114-6-тармақтармен толықтырылсын:
"114-1. Қазақстан Республикасының AIP-те жарияланған барлық әуеайлақтарға қатысты: 2а-ауданы, ұшу траекториясының аймағы және әуеайлақтың кедергілерді шектеу беттерінің бүйір шекаралары шегіндегі аймақ үшін жергілікті жер туралы деректер ұсынылады.
114-2. II немесе III санат бойынша қонуға дәл кіруді орындау үшін жабдықталған әуеайлақтарға қатысты 4-аудан үшін жергілікті жер туралы деректер ұсынылады.
114-3. Қазақстан Республикасының AIP-те жарияланған барлық әуеайлақтарына қатысты ҰҚЖ айналасындағы тікбұрышты аймақ болып табылатын, ұшу жолағын және кедергілерден бос кез келген бар жолақты қамтитын кедергілер туралы деректерді есепке алу шегінен шығатын кедергілерге қатысты 2а-ауданы үшін кедергілер туралы деректер ұсынылады. 2а-ауданының кедергілерді есепке алу шегі ҰҚЖ-ның осьтік сызығы бойымен өлшенген ең жақын ҰҚЖ-дан асыра отырып 3 метр биіктікте, ал кедергілерден бос жолаққа жататын аймақтарда, егер бар болса, ҰҚЖ-ның ең жақын шетінен асып кетуге сәйкес келетін деңгейде орналасқан.
114-4. Қазақстан Республикасының AIP-те жарияланған барлық әуеайлақтарға қатысты ұшу траекториясы аймағындағы 1,2% еңісі бар және ұшу траекториясы аймағымен жалпы басталуы бар жазық бетінен жоғары көтерілетін объектілер үшін кедергілер туралы деректер ұсынылады.
114-5. Қазақстан Республикасының AIP-те жарияланған барлық әуеайлақтарға қатысты әуеайлақтың кедергілерін шектеу беттерінен тыс шығатын кедергілер туралы деректер ұсынылады.
114-6. II немесе III санат бойынша қонуға дәл кіруді орындау үшін жабдықталған әуеайлақтарға қатысты 4-аудан үшін кедергілер туралы деректер ұсынылады.";
мынадай мазмұндағы 122-3-тармақпен толықтырылсын:
"122-3. Осы Қағидалардың 110-тармағында көрсетілген цифрлық деректер массивтері бойынша құрастырушы АҚК берушісі болып табылады.
2 (2a, 2b, 2c, 2d), 3 және 4-аудандардағы кедергілер бойынша деректер массивтерін жаңарту әуеайлақ пайдаланушыларынан тиісті деректер ұсынылғаннан кейін, бірақ кемінде 5 жылда бір рет жүзеге асырылады.
1-аудандағы кедергілер бойынша деректер массивтерін жаңартуды АҚК берушісі Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына сұрау салу арқылы кемінде 2 жылда бір рет жүзеге асырады.";
139-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"139. Қолданылатын тұтастық сыныптамасына байланысты валидация және верификация рәсімдері енгізіледі, олар:
1) қалыпты деректерге қатысты: деректерді өңдеу сатысында бұрмалануды болдырмайды;
2) маңызды деректерге қатысты: бұрмаланудың деректерді өңдеу процесінің кез келген кезеңінде (жинау, өңдеу, сақтау, интеграциялау, алмасу және беру) орын алмауын қамтамасыз етеді және қажет болған жағдайда осы деректердің тұтастығын осы деңгейде одан әрі қамтамасыз ету мақсатында аэронавигациялық деректерді өңдеудің жалпы процесінде ықтимал тәуекелдерді жою үшін қосымша шаралар немесе қадамдар көздеуі мүмкін;
3) сыни деректерге қатысты: бұрмаланудың деректерді өңдеу процесінің кез келген кезеңінде (жинау, өңдеу, сақтау, интеграциялау, алмасу және беру) орын алмауын қамтамасыз етеді және қателер қаупін жою үшін деректердің тұтастығына кепілдік берудің қосымша рәсімдерін көздейді.";
мынадай мазмұндағы 12-параграфпен толықтырылсын:
"12-параграф. Аэронавигациялық ақпараттағы (аэронавигациялық деректер) қателерді анықтау және талдау
143. Аэронавигациялық ақпаратпен (аэронавигациялық деректермен) қамтамасыз ету кезінде қателерді анықтау процесі сапаны басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Аэронавигациялық ақпараттағы (аэронавигациялық деректердегі) қателерді анықтау және есептерді жасау рәсімдері деректерді верификациялау және валидациялау нәтижесінде қате анықталған кезде қолданылады. Қатені аэронавигациялық деректерді өңдеу процесінде (жарияланғанға дейін тексеру кезінде) немесе жарияланған өнімді немесе деректер жиынтығын пайдаланатын пайдаланушы анықтауы мүмкін.
Тұрақты сипаттағы деректерде анықталған әрбір қате талдауға жатады және осы Қағидалардың 146-тармағына сәйкес іс-әрекеттер қабылданады.
144. Аэронавигациялық деректерде қателер анықталған кезде қабылданатын ААҚ әрекеттері мынадай өлшемшарттарға байланысты болады:
1) қате санаты;
2) қатенің пайда болу себептері (аэронавигациялық деректердегі немесе өңдеу кезіндегі қате);
3) анықталған қатенің мән-жайлары (қате аэронавигациялық ақпарат (аэронавигациялық деректер) жарияланғанға дейін немесе жарияланғаннан кейін анықталды ма;
4) қатені түзетуге кететін уақыт.
145. Қате санаты мынадай тәртіппен айқындалады:
1) сыни қателік – аэронавигация қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін аэронавигациялық деректердегі қателік (мысалы: аспаптар бойынша қонуға кіру схемасына қатысты дұрыс емес деректер, әуеайлақтың кедергілері мен асып кетулерінің дұрыс емес биіктіктері, ұшу-қону жолағының табалдырықтары, ӘҚҚ маршруттарына қатысты дұрыс емес деректер, әуе кеңістігіне қатысты дұрыс емес деректер);
2) маңызды қателік – аэронавигациялық ақпараттағы (аэронавигациялық деректердегі) қателік немесе байланыс немесе аэронавигация мақсатында жарияланатын мұндай ақпараттың (деректердің) болмауы (мысалы: ӘҚҚ органының қате жарияланған жиілігі немесе оның болмауы);
3) кішігірім қате - бұл аэронавигация жұмысына әсер етпейтін қате (кез келген типографиялық, грамматикалық, баспа немесе форматтау кемшілігі, бұл жұмыста қиындық тудырмайды).
146. Тұрақты сипаттағы аэронавигациялық ақпаратта (аэронавигациялық деректерде) қате анықталғаннан кейін ААҚ қабылдайтын шаралар:
1) қатені тіркеу;
2) қатені талдау (қате жарияланды ма, қаншалықты маңызды, бұл аэронавигациялық деректердегі қателік пе, бастапқы аэронавигациялық ақпаратты (аэронавигациялық деректерді) құрастырушыға хабарлау қажет пе;
3) қатенің туындау себептерін анықтау;
4) түзету іс-қимылдарын орындау (мысалы: қате анықталған аэронавигациялық ақпаратты (аэронавигациялық деректерді) өңдеу процесін немесе аэронавигациялық ақпаратты (аэронавигациялық деректерді) өңдеудің автоматтандырылған жүйесін жаңарту);
5) қатені қамтитын аэронавигациялық ақпарат өнімін жаңарту;
6) қатені жою және қабылданған әрекеттер туралы тиісті жазба.
147. Жарияланған аэронавигациялық ақпаратта (аэронавигациялық деректерде) ААҚ сыни қатесі анықталған сәттен бастап мынадай шұғыл әрекеттер қабылданады:
1) шығарылған NOTAM қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін AIP-ке түзетудің жариялануы күтілетін жағдайда, тұрақты қолданылу мерзімі бар NOTAM хабарламасы шығарылады;
2) егер 90 күн ішінде AIP түзетуін жариялау жоспарланбаған болса немесе қатені тек AIP қосымшасы (кең мәтін немесе графикалық ақпарат) арқылы түзетуге болатын болса, AIP қосымшасы жарияланады.";
64-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"8) PBN схемалары жағдайында - PBN талаптары туралы ақпарат бар жақтауды (кез келген шектеулерді қоса алғанда, егер олар орнатылған болса);";
73-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) PBN схемалары жағдайында - PBN талаптары туралы ақпарат бар жақтауды (кез келген шектеулерді қоса алғанда, егер олар орнатылған болса);";
83-тармақ мынадай мазмұндағы сегізінші бөлікпен толықтырылсын:
"83. Қосымша ақпарат.
PBN учаскелері бар қону схемалары жағдайында PBN талаптары туралы ақпарат бар жақтауда беріледі.".
2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Көлік министрі |
М. Карабаев |