"Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тарифтерді қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі |
Р. Жаксылыков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі 2024 жылғы 14 қарашадағы № 1319 бұйрықпен бекітілген |
Тарифтерді қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тарифтерді қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әуежайлық қызмет саласында маманданатын мемлекеттік мекемесінің тарифті (бұдан әрі – тариф) қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) амортизация – амортизацияланатын актив құнын пайдалы қолдану мерзімі ішінде оны жүйелі бөлу;
2) әуежайлық қызмет саласындағы көрсетілетін қызметке тікелей шығын – белгілі бір көрсетілетін қызметпен тікелей себеп-салдарлық байланысты шығын және сондықтан белгілі бір көрсетілетін қызметке тікелей және бірегей жатады;
3) өндірістік процесс тобының (бұдан әрі – ӨПТ) элементтеріне тікелей шығын – ӨПТ-ның белгілі бір элементіне тікелей себеп-салдарлық байланысты шығын және сондықтан ӨПТ-ның белгілі бір элементіне тікелей және бірегей жатады;
4) өтінім – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әуежайлық қызмет саласында маманданатын мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – мекеме) уәкілетті орган ведомствосына тарифті бекіту туралы өтініші;
5) тартылған актив – мекеменің әуежайлық қызмет саласында қызмет көрсету (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет) үшін пайдаланылатын негізгі құралдары мен материалдық емес активі;
6) тарифтік смета – уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша реттеліп ұсынылатын көрсетілетін қызмет кірісінің, шығысы мен көлемінің тізбесі;
7) уақытша өтемдік тариф – уәкілетті орган тұтынушыларға қаражатты қайтару мақсатында белгілі бір мерзімге бекітетін тариф;
8) уақытша төмендетілетін коэффициент – уәкілетті орган бекіткен және тұтынушылар мен табиғи монополия субъектісінің мүддесін қорғау мақсатында тарифке қолданылатын шама;
9) уәкілетті орган – табиғи монополияның тиісті саласында басшылықты жүзеге асыратын және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган болып табылатын мемлекеттік орган;
10) уәкілетті орган ведомствосы – уәкілетті орган айқындайтын басқару органы.
2-тарау. Мекеменің тарифті есептеу тетігі
1-параграф. Тарифтік реттеудің шығынды әдісін ескеріп, тарифті есептеу тетігі
3. Уәкілетті орган тарифті, егер қолданыстағы тариф ол үшін тариф бір жылдан аспайтын мерзімге бекітілетін объекті және (немесе) учаске бойынша жеке бекітілсе, алғаш құрылған, жаңа реттелетін қызметті (жаңа реттелген қызметті) көрсететін немесе жаңа объектіні және (немесе) учаскені сатып алатын (салатын) мекеме үшін жеңілдетілген тәртіппен бекітілетін тарифті қоспағанда, бес және одан көп жыл мерзімге экономикалық негізделген шығын мен пайданы айқындау арқылы бекітеді.
4. Тарифті бекіту үшін мекеме уәкілетті орган ведомствосына өтінім береді.
5. Тарифті бекіту кезінде уәкілетті орган ведомствосы өтінімді ол берілген күннен бастап 90 (тоқсан) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде және Заңның 20-бабының 5-тармағына сәйкес тарифті бекіту кезінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде қарайды.
6. Өтінімді қабылдаудан бас тарту негіздері мыналар болып табылады:
1) Заңның 15-бабының 7-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттардың Заңның 15-бабының 10-тармағына сәйкес келмеуі;
3) Заңның 25-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу.
7. Тарифті есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:
Т=Кi/Қi,
мұнда:
Т – көрсетілетін қызмет бірлігі үшін тариф;
Кi – бір жылдағы кіріс бөлігі;
Қi – бір жылда көрсетілетін қызмет саны.
8. Көрсетілетін қызмет бірлігіне экономикалық негізделген тариф есебі:
1) көрсетілетін қызмет бірлігіне тарифтің шығынды бөлігі есебінен;
2) көрсетілетін қызмет бірлігіне тарифтің кіріс бөлігі есебінен тұрады және мынадай формула бойынша есептеледі:
К = Тш + Р;
мұнда:
К – көрсетілетін қызмет бірлігіне тарифтің кіріс бөлігі;
Тш – тарифтің шығынды бөлігі (көрсетілетін қызмет бірлігіне келетін шығын);
P – көрсетілетін қызмет бірлігіне келетін жол берілетін пайда деңгейі.
9. Көрсетілетін қызмет бойынша шығыс осы Қағидалардың 10-тарауына сәйкес көрсетілетін қызметке тарифтің шығынды бөлігіне енгізіледі.
10. Тарифтің шығынды бөлігін қалыптастыру штатты қамту шығысынан, еңбекке ақы төлеу қорынан аударымнан, материалға шығыстан, негізгі өндірістік қорды жөндеу шығысынан, арнайы автокөлік техникасын күтіп-ұстау мен қызмет көрсету шығысынан, амортизация шығысынан, негізгі өндірістік қорды күтіп-ұстау мен пайдалану шығысынан, материал, электр энергиясы мен отын шығысынан тұрады.
2-параграф. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолданып, тарифті есептеу тетігі
11. Уәкілетті орган тарифті тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолданып, реттеліп көрсетілетін қызмет сапасы мен сенімділігі көрсеткішін және мекеме қызметінің тиімділік көрсеткішін ескеріп, бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.
12. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолданып, тарифті бекіту кезінде өтінімге Заңның 15-бабының 7-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6), 7), 9), 10), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген құжаттар, сондай-ақ негіздейтін материалды қоса беріп, реттеліп көрсетілетін қызметтің сапасы мен сенімділігі көрсеткішінің және табиғи монополиялар субъектісі қызметінің тиімділік көрсеткішінің жобалары қоса беріледі.
13. Уәкілетті орган ведомствосы өтінімді алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей қоса берілетін есеп-қисап пен негіздейтін материалдың толықтығын осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкестігіне тексереді және мекемені өтінімнің қарауға қабылданғаны немесе Заңның 15-бабының 11-тармағына сәйкес бас тарту себептерін көрсетіп, оны қабылдаудан бас тартылғаны туралы жазбаша хабардар етеді.
14. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі:
1) экономикалық негізділігін ескеріп, тарифте ескерілетін шығын түрі мен мөлшерін шектеуді;
2) тиісті салада қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде айқындалған шикізат, материал, отын, энергия болған кезде шығысының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық шығынды, персоналдың нормативтік санын қолдануды.
Осы тармақшаның күші тарифтік реттеудің шығынды әдісінен тарифтік реттеудің ынталандыру әдісіне ауысқан жағдайда тарифті бекіту кезінде қолданылады;
3) бақыланатын және бақыланбайтын шығынды айқындауды;
4) бекітілген инвестициялық бағдарлама және бақыланбайтын шығын іс-шараларын орындамағаны үшін уақытша өтемдік тариф бекітуді;
5) реттеліп көрсетілетін қызмет сапасы мен сенімділік көрсеткішін айқындауды;
6) тозуды есептеудің тікелей әдісін қолдануды;
7) инвестициялық бағдарламаны бекітуді;
8) инвестицияланған капиталды қайтаруды және инвестицияланған капитал кірістілігінің нормаларын, сондай-ақ мекеме активтерінің баланстық құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін ескеріп, пайданы айқындауды;
9) мекеме қызметінің тиімділік көрсеткішін айқындауды көздейді.
15. Мекеменің болжамды тарифтік кірісі мынадай формула бойынша айқындалады:
ТКәқ = Шәқбақн + Шәқбақбн + ЖКДәқинвест + ЖКДәқсапа,
мұнда:
ТКДәқ – мекеменің қызмет көрсетуге болжамды тарифтік кірісі, теңге;
Шәқбақн – мекеменің көрсетілетін қызметтің жоспарлы көлеміне есептелген қызмет көрсетуден экономикалық негізделген жоспарлы бақыланатын жиынтық шығыны, теңге;
Шәқбақбн – мекеменің көрсетілетін қызметтің жоспарлы көлеміне есептелген қызмет көрсетуден экономикалық негізделген жоспарлы бақыланбайтын жиынтық шығыны, теңге;
ЖКДәқинвест – инвестициялық бағдарламаны іске асыруға бағытталатын қызмет көрсетуден жол берілетін пайда деңгейі, теңге;
ЖКДәқсапа – мекеме реттелiп көрсетiлетiн қызмет сапасын, сенiмдiлiгiн және қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталатын қызмет көрсетуден жол берiлетін пайда деңгейi, теңге.
16. Көрсетілетін қызметке жол берілетін пайда деңгейі осы Қағидалардың 11-тарауына сәйкес айқындалады.
17. Көрсетілетін қызмет бойынша шығыс осы Қағидалардың 10 және 13-тарауларына сәйкес көрсетілетін қызметке тарифтің шығынды бөлігіне енгізіледі.
3-параграф. Тарифті индекстеу әдісін қолданып, есептеу тетігі
18. Тариф индекстеу әдісі қолданылып, Заңның 18-бабының талаптарына сәйкес белгіленеді.
19. Тарифті индекстеу деңгейін уәкілетті орган жыл сайын күнтізбелік жыл басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму параметрін ескеріп айқындайды.
20. Тарифті индекстеу деңгейін айқындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында болжамды тиісті бес жылдық кезеңге мақұлданған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көзделген пайызбен инфляция деңгейі туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.
21. Индекстеу деңгейі ретінде алдағы күнтізбелік жылға инфляция деңгейінің орташа мәні (%) қабылданады және ол Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына кіретін өзгерістерді ескеріп түзетіледі.
22. Индекстеу деңгейін белгілеу туралы шешім күнтізбелік жыл басталғанға дейін 2 (екі) айдан кешіктірмей өз интернет-ресурсында не тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында орналастырылады.
23. Әлеуеті төмен мекеменің тарифін индекстеу 12 (он екі) айда бір реттен сиретпей жүргізіледі.
Әлеуеті төмен мекемесіне кірісі күнтізбелік бір жылда мекеменің барлық реттеліп көрсетілетін қызметінен түсетін кірістің 5 пайызынан аспайтын ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша мекемесі де жатады.
24. Тарифті индекстеу әдісімен есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:
Т = Тбек × Динд (1),
мұнда: Т – индекстеу әдісімен айқындалатын тариф;
Тбек – бекітілген тариф;
Динд – осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес айқындалған индекстеу деңгейі.
3-тарау. Мекеменің уақытша өтемдік тарифін бекіту тәртібі
1-параграф. Уақытша өтемдік тарифті бекіту негізі мен тетігі
25. Уақытша өтемдік тарифті бекіту негізі:
1) Заңға сәйкес бекітілген тарифтің асып кетуі;
2) амортизациялық аударым қаражатын мақсатты пайдаланбау;
3) мынадай жағдайды қоспағанда, тарифте ескерілген бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамау :
бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға бекітілген тарифтік сметада көзделген қаражаттың толық алынбауына әкелген көлемнің азаюы. Бұл ретте бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаудың жалпы сомасынан көлемнің азаюына мөлшерлес толық алынбаған кіріс сомасы алып тасталады, негізделмеген кірістің қалған сомасына уәкілетті орган уақытша өтемдік тарифті енгізеді;
өткізілген конкурстық (тендерлік) рәсім нәтижесі бойынша қалыптасқан ақшаның үнемделуі;
анағұрлым тиімді әдістер мен технологияны енгізуге байланысты шығынның үнемделуі;
4) мынадай жағдайды қоспағанда, бекітілген тарифтік смета шығыны құжаттарының бекітілген тарифтік сметада көзделген мөлшердің 5 пайыздан астамын орындамау:
анағұрлым тиімді әдістер мен технологияны қолдануға, энергия аудитінің немесе экспресс-энергия аудитінің қорытындысы бойынша әзірленген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға, нормативтік техникалық шығынды азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге байланысты шығынның үнемделуі;
табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет көлемінің азаюына байланысты шығынның үнемделуі. Бұл ретте бекітілген тарифтік сметаны орындамаудың жалпы сомасынан көлемнің азаюына мөлшерлес толық алынбаған кіріс сомасы алып тасталады, негізделмеген кірістің қалған сомасына уәкілетті орган уақытша өтемдік тарифті енгізеді;
өткізілген конкурстық (тендерлік) рәсім нәтижесі бойынша қалыптасқан ақшаның үнемделуі.
26. Уақытша өтемдік тариф:
1) мекеменің қызметін тексеру;
2) мекеме ұсынатын бекітілген тарифтік сметаны орындау туралы есепті жыл сайын талдау нәтижесі бойынша бекітіледі.
27. Уақытша өтемдiк тариф шешiм қабылданған күндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң базалық мөлшерлемесі ескерiліп бекiтiледi.
28. Уақытша өтемдік тариф мекеме тұтынушыларға негізсіз алған кірісін, оның ішінде сот шешімі бойынша толық өтеген жағдайда қолданылмайды.
29. Уақытша өтемдік тарифті енгізу тексерілген айдан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
30. Мекеме уақытша өтемдік тарифті бекіту туралы ақпаратты тұтынушыға ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын жеткізеді.
31. Мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне уақытша өтемдік тариф бекіту туралы шешім уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді. Қабылданған шешім туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
32. Уақытша өтемдік тариф қолданылатын кезеңде мекеме Заңда көзделген жағдайда тарифті бекіту үшін өтініммен уәкілетті орган ведомствосына жүгінеді.
2-параграф. Уақытша өтемдік тариф мөлшерін есептеу
33. Осы Қағидалардың 25-тармағында көзделген негіздер болған кезде уәкілетті орган ведомствосы нақты реттеліп көрсетілген қызмет ауқымын және мекеме жол берген бұзушылық кезеңінде нақты алынған кірісті айқындайды.
34. Мекеме жол берген бұзушылық кезеңі болып:
1) осы Қағидалардың 25-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда – мекеме уәкілетті орган бекіткен тарифтен асатын құн бойынша төлем алған кезең;
2) осы Қағидалардың 25-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайда – уәкілетті орган ведомствосы мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифтік сметаны бекіткен жыл саналады.
35. Осы Қағидалардың 25-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда негізсіз алынған кіріс (НЗК1) мынадай формула бойынша айқындалады:
НЗК1 = (Т1 – Т) × V1,
мұнда:
Қ1 – мекеме іс жүзінде қолданған көрсетілетін қызмет құны, теңге;
T – шешім қабылданған күні уәкілетті орган бекіткен тариф, теңге;
V1 – бұзушылыққа жол берілген кезеңде мекеме нақты көрсеткен реттелген қызмет көлемі.
36. Осы Қағидалардың 25-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда негізсіз алынған кіріс (НЗК2) мынадай формула бойынша айқындалады:
НЗК2 = Ан.,
мұнда:
Ан. – бекітілген тарифте және (немесе) тарифтік сметада амортизациялық аударым қаражаты есебінен көзделген, мекеме реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуда пайдаланылатын тіркелген активке капитал салымымен және тартылған кредиттік ресурс бойынша негізгі борышты қайтарумен байланысты емес мақсатқа жұмсаған қаражат, теңге.
37. Осы Қағидалардың 25-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда негізсіз алынған кіріс (НЗК3) мынадай формула бойынша айқындалады::
НЗК3 = ∑ИПi,
мұнда:
ИПi – тарифті бекіту кезінде ескерілген инвестициялық бағдарламаның толық немесе ішінара орындалмаған i. іс-шарасын іске асыруға инвестициялық бағдарламада көзделген шығын, теңге.
38. Осы Қағидалардың 25-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда негізсіз алынған кіріс (НЗК4) мынадай формула бойынша айқындалады:
НЗК4 = ∑ Зi,
мұнда:
Зi – бекітілген тарифтік сметада ескерілген шығынмен салыстырғанда 5 пайыздан асатын i. құжаты бойынша шығынның толық игерілмеуі, теңге.
39. Негізсіз алынған кіріс сомасы (НЗК) мынадай формула бойынша айқындалады:
НЗК = НЗК1 + НЗК2 + НЗК3 + НЗК4 + НЗКбек. – НЗКөтелг.,
мұнда:
НЗКбек. – қолданыстағы уақытша өтемдік тарифті бекіту кезінде ескерілген негізсіз алынған кіріс, теңге;
НЗКөтелг. – шешім қабылданған күні өтелген негізсіз алынған кіріс, теңге.
40. Негiзсiз алынған кірістің түпкiлiктi сомасы (НЗКк) шешiм қабылданған күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң базалық мөлшерлемесі ескерiліп, мынадай формула бойынша айқындалады:
НЗКк = НЗК × (100 + к), мұнда 100
НЗКк – базалық мөлшерлемені ескеріп, негізсіз алынған кіріс сомасы, теңгемен;
НЗК – осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген бұзушылық түрі бойынша негізсіз алынған кірістің жалпы сомасы;
к – шешім қабылданған күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі, %.
41. Уақытша өтемдік тариф бір жылға мынадай формула бойынша айқындалады:
Төтемд. = (TV × V – НЗКк)/V
мұнда:
Төтемд. – уақытша өтемдік тариф, теңге;
Vжыл – бекітілген тарифтік сметада ескерілген уақытша өтемдік тариф енгізілген кезеңге реттеліп көрсетілетін қызметтің жылдық көлемі.
4-тарау. Тарифті саралау тәртібі
1-параграф. Мекеменің сараланған тарифті есептеу тетігі
42. Индекстеу әдісін қоспағанда, осы Қағидаларға сәйкес тарифтік реттеу әдісін ескеріп, мекеме тарифін есептеу тетігіне сәйкес есептелген тариф тұрақты және тұрақты емес рейсті жүзеге асыратын тұтынушылар тобы үшін сараланады және әрбір топ үшін уәкілетті орган жеке бекітеді.
Сараланған тариф мынадай формула бойынша айқындалады:
1) тұрақты рейсті орындайтын тұтынушылар үшін (Ттұр):
Ттұр = Тқолд.рет × k,
мұнда:
Тқолд.рет – тұрақты рейс үшін мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне қолданыстағы тариф;
k – Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тариф белгілеудің әлеуметтік-экономикалық факторы негізінде айқындалған тұрақты рейс үшін мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифтің өзгеру коэффициенті;
2) тұрақты емес рейсті орындайтын тұтынушылар үшін (Ттұрем):
Ттұрем = (Т × V – Ттұрем × Vтұр)/Vтұрем,
мұнда:
Т – осы Қағидаларға сәйкес тарифтік реттеу әдісін ескеріп, мекеме тарифін есептеу тетігіне сәйкес айқындалған мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне тариф;
V – реттеліп көрсетілетін қызметтің жоспарланған жылдық көлемі;
Ттұр – тұрақты рейс үшін мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне тариф;
Vтұр – тұрақты рейс бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтің жоспарланған жылдық көлемі;
Vтұрем – тұрақты емес рейс бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтің жоспарланған жылдық көлемі.
5-тарау. Тарифті жеңілдетілген тәртіппен бекіту тәртібі
1-параграф. Тарифті бекітудің және қолданысқа енгізудің жеңілдетілген тәртібі
43. Тарифті жеңілдетілген тәртіппен бекіту өтінім беру және оны қарау, мынадай:
1) алғаш құрылған;
2) жаңа реттелетін қызметті (жаңа реттелетін қызметтерді) көрсететін;
3) егер қолданыстағы тариф объект және (немесе) учаске бойынша бөлек бекітілсе, жаңа объектілерді және (немесе) учаскелерді сатып алған (салған) жағдайда;
4) қуаты аз мекеменің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифті бекіту және қолданысқа енгізу тәртібін айқындайды.
44. Осы Қағидалардың 43-тармағында көрсетілген мекеме уәкілетті орган ведомствосына өтінім береді.
Өтінімге:
1) тариф және тарифтік смета жобасы;
2) персонал санының, тиісті салада қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде шығарылған шикізат, материал, отын, энергия қажеттілігінің есебі;
3) негізгі өндірістік қорды жұмыс жағдайында ұстау үшін қажетті шығын сметасының жобасы;
4) жол берілген пайда деңгейінің есебі қоса беріледі.
45. Уәкілетті орган ведомствосы өтінімді алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей қоса беріліп отырған есеп-қисаптың және негіздейтін материалдың осы Қағидалардың 44-тармағына толық сәйкестігін тексереді және осы Қағидалардың 46-тармағына сәйкес өтінімді қарауға қабылдағаны туралы немесе бас тарту себептерін көрсетіп, оны қабылдаудан бас тартылғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
46. Өтінімді қабылдаудан бас тарту негізі мыналар болып табылады:
1) осы Қағидалардың 44-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттардың Заңның 15-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
3) Заңның 25-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу.
47. Уәкілетті орган ведомствосы тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күн бұрын мерзімде жеңілдетілген тәртіппен жария тыңдау жүргізеді.
48. Тарифті және тарифтік сметаны бекіту туралы шешім уәкілетті органның бұйрығы түрінде ресімделеді. Бекітілген тарифті уәкілетті орган ведомствосы оларды бекіту туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырады.
49. Жеңілдетілген тәртіппен бекітілген тарифтің қолданыс мерзімі он екі айдан аспайды.
50. Тарифті қолданысқа енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
2-параграф. Бекітілген тарифтік сметаны өзгерту тәртібі
51. Мекеме уәкілетті органға ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 қарашасына дейін тарифті көтермей бекітілген тарифтік сметаны өзгерту туралы өтінішпен жүгінеді.
52. Мекеме бекітілген тарифтік сметаны өзгерту туралы ұсыныспен жүгінген кезде уәкілетті органға өзгерістер ескерілген тарифтік смета жобасын және бекітілген тарифтік сметаға өзгеріс енгізуді негіздейтін материалды ұсынады.
6-тарау. Инвестициялық бағдарламаны бекіту және өзгерту тәртібі
1-параграф. Инвестициялық бағдарламаны қарау және бекіту тәртібі
53. Инвестициялық бағдарламаны бекіту және өзгерту тәртібі:
1) тариф және тарифтік смета жобасын бекітуге өтінім беру;
2) инвестициялық бағдарламаны қарау және бекіту;
3) жоспарланған инвестициялық бағдарлама бекітілген кезде оны өзгерту;
4) бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту кезеңін көздейді.
54. Мекеменің инвестициялық бағдарламасы:
1) қолданыстағы активті кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынудың технологиялық циклінде тікелей пайдаланылатын жаңа актив құруға;
2) энергияны үнемдеуді қамтамасыз етуге және энергия тиімділігін арттыруға;
3) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін дамыту басымдығы және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші ескеріліп әзірленеді.
55. Бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру және оны іске асыру үшін тартылған қарыз қаражатын қайтару:
1) тарифте ескерілген пайда мен амортизациялық аударым есебінен;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
56. Инвестициялық бағдарламаны бекіту үшін мекеме уәкілетті органға еркін нысанда:
1) сатып алынатын негізгі құралдардың, құрылыс-монтаждау жұмысының құнын көрсетіп, бағалар деңгейін салыстырмалы талдауды, оның ішінде осындай жұмыс қажеттілігін құжаттамалық техникалық растауды, жиынтық сметалық есепті, объектілік, жергілікті және ресурстық сметаны әрбір объект бойынша жеке-жеке қоса беріп, инвестициялық бағдарламаны іске асыруға инвестициялық шығын туралы ақпарат, бизнес-жоспар, прайс-парақ, шарт көшірмесі, белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама;
2) қаржыландырудың, оның ішінде қарыз ресурсының болжамды көлемі мен алдын ала шартын растайтын құжаттар (қарыз қаражаты бойынша сыйақы, қаржыландыру кезеңі, комиссиялық төлем, қарыз қаражатын қайтару мерзімі мен шарттары) немесе қарыз қаражатын пайдаланбаудың экономикалық орындылығын есептеу (оның ішінде шығынды, нормативтік шығынды одан әрі азайту мүмкін еместігін растап), егер табиғи монополия субъектісі жоспарланып отырған инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қарыз қаражатын тартуды жоспарламаған жағдайда;
3) егер оларды іске асыру үшін республикалық, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетін немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен кредит (инвестиция) тартылатын жағдайда инвестициялық бағдарламаны қаржыландыру көлемі мен шарттарын растайтын құжаттар;
4) мекеме жоспарлаған инвестициялық бағдарламаның реттеліп көрсетілетін қызметке тариф және тарифтік смета жобасын қоса беріп, оны іске асыру кезеңінде оның тарифіне ықпал ету болжамы қоса берілген өтінімді береді.
57. Мекеме инвестициялық бағдарламаны бекіту үшін уәкілетті органға береді.
58. Инвестициялық бағдарлама жобасын қарау кезінде:
1) осы Қағидалардың 54-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін;
2) қаржыландыру көзімен қамтамасыз етілмеген;
3) негіздейтін құжаттармен расталмаған іс-шаралар алып тасталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес инвестициялық бағдарламаның барлық іс-шарасын алып тастау инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
59. Инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту тарифті бекітуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
60. Инвестициялық бағдарлама тарифтің қолданыс мерзіміне бекітіледі.
61. Инвестициялық бағдарлама уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
62. Мекеменің бекітілген инвестициялық бағдарламасын уәкілетті орган ведомствосы шешім қабылданған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырады.
2-параграф. Бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту тәртібі
63. Мекеме тарифті көтермей бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінеді.
64. Бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы өтінішке өзгеріс енгізудің орындылығын растайтын құжаттар қоса беріледі.
65. Уәкілетті орган мекеменің бекітілген инвестициялық бағдарламасын өзгерту туралы өтінішті осы Қағидалардың 63, 64-тармақтарында көзделген тәртіппен қарайды.
7-тарау. Тарифті жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде айқындау тәртібі
1-параграф. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифті қалыптастыру тәртібі
66. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажетті шығын құнынан төмен болмауға, сондай-ақ мемлекеттік әріптес және жеке әріптес салған инвестицияны қайтаруды және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының, оның ішінде концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес салынған инвестицияға кіріс деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.
67. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессия субъектісі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша, оның ішінде концессия шарты бойынша көрсететін реттелетін қызмет бірлігіне тариф мынадай кезең бойынша қалыптастырылады:
1) жылдық түсімді есептеу;
2) алдағы кезеңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша, оның ішінде концессия шарты бойынша ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызмет түрі бойынша жылдық көлемді айқындау;
3) жылдық түсімді реттеліп көрсетілетін қызмет түрі бойынша негіздеп бөлу арқылы тарифтің құндық негізін айқындау.
68. Тарифті қалыптастыру реттеліп көрсетілетін қызметтің әрбір түрі және жалпы өзге де қызмет бойынша кірістің жеке есебі, шығын мен тартылған актив негізінде жүзеге асырылады.
2-параграф. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде тарифті, оның ішінде концессия субъектісін бекіту тәртібі
69. Уәкілетті орган тарифті бекітуді:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессия субъектісі бастама танытқан;
2) уәкілетті орган бастама танытқан жағдайда жүргізеді.
70. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессия субъектісі тариф қолданысқа енгізілгенге дейін 90 (тоқсан) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға тарифті бекітуге өтінім береді.
71. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессия субъектісі үшін тарифті бекітуге өтінімге ортақ тәртіппен Заңның 15-бабының 7-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.
72. Уәкілетті орган ведомствосы тарифті бекітуге өтінімді алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде материалдың толық берілуін тексереді және мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісін, оның ішінде концессия субъектісін өтінімнің қарауға қабылдағаны туралы немесе бас тарту себептері көрсетілген өтінімді қарауға қабылдаудан бас тартқаны туралы жазбаша хабардар етеді.
73. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессия субъектісінің өтінімін қарауға қабылдаудан бас тартуға негіз:
1) осы Қағидалардың 71-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттардың Заңның 15-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
3) Заңның 25-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу болып табылады.
74. Уәкілетті орган ведомствосы мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессия субъектісі ұсынған өтінімді талдау негізінде тариф және тарифтік смета жобасына сараптама жүргізеді.
75. Уәкілетті орган ведомствосы жария тыңдау кезінде талқылауға мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессия субъектісі ұсынатын тариф жобасын өтінім ұсынылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн мерзімде, өтінім жеңілдетілген тәртіппен қаралған жағдайда күнтізбелік 10 (он) күн бұрын шығарады.
76. Тариф бекітілген айдан кейінгі екінші айдың 1-і (бірінші) күнінен ерте емес қолданысқа енгізіледі. Тариф жеңілдетілген тәртіппен бекітілген кезде тарифті қолданысқа енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі айдың 1-і (бірінші) күнінен бастап жүзеге асырылады.
77. Уәкілетті орган жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша оның қолданыс мерзімі көрсетілген тарифті бекіту туралы шешім қабылдайды. Тарифтің қолданыс мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісі, оның ішінде концессионер инвестициялық бағдарламада және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында, оның ішінде концессия шартында бекітілген іске асыру мерзімінен аспайтын кезеңге белгіленеді.
78. Уәкілетті органның мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифті бекіту туралы шешімі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді және уәкілетті орган оны бекіту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісіне, оның ішінде концессия субъектісіне жібереді.
3-параграф. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша, оның ішінде концессия шарты бойынша көрсетілетін тарифті есептеу тетігі
79. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша, оның ішінде концессия шарты бойынша көрсетілетін тарифтің шығынды бөлігін қалыптастыру осы Қағидалардың 10 және 14-тарауларына сәйкес жүзеге асырылады.
80. Реттеліп көрсетілетін қызметке тариф мынадай формула бойынша есептеледі:
Ti = (Түсi-ЖТүсi )/Vi,
мұнда:
Ti – реттеліп көрсетілетін қызметке тариф;
Түсi – жылдық түсім;
ЖТүсi – шығынды өтеу немесе бюджеттен кіріс алу көздері;
Vi – реттеліп көрсетілетін қызмет көлемі.
81. Жылдық түсім мынадай формула бойынша есептеледі:
Түсi= Шi+Кki,
мұнда:
i – реттеу кезеңінің есептік жылының нөмірі, i – 1, 2, 3...;
Шi – тарифке кіретін шығын, i бір жылға;
Кki – i бір жылға айқындалатын инвестицияланған меншік қаражатына кіріс.
8-тарау. Уақытша төмендетілетін коэффициентті бекіту тәртібі
82. Уақытша төмендетілетін коэффициент осы шараның мемлекет, әуе кемесін пайдаланушылар үшін экономикалық және/немесе әлеуметтік тиімділігін және орындылығын есептеу негізінде белгіленеді. Уақытша төмендетілетін коэффициентті бекітудің экономикалық тиімділігі мекеме, әуежай және әуе кемесін пайдаланушы көрсететін реттелетін қызмет және алатын кіріс көлемін ұлғайтумен айқындалады. Уақытша төмендетілетін коэффициентті бекітудің әлеуметтік тиімділігі әуе тасымалы мәселесінде мемлекеттік қолдау қажеттілігін ескеріп, тарифті реттеу мүмкіндігімен айқындалады.
83. Уақытша төмендетілетін коэффициент белгілі бір кезеңге өтінімде көрсетілген әуе кемесіне жерүсті қызмет көрсетудің реттелетін қызметін тұтынудың жоспарланған көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі реттеліп көрсетілетін қызметті тұтынудың нақты көлеміне қарағанда асып кеткен кезде белгіленеді.
84. Уәкілетті орган ведомствосы әуе кемесін пайдаланушы берген негіздейтін құжаттардың сараптамасын ескеріп, мекеме, әуежай берген қорытынды негізінде өтінім қарауға алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде шешім қабылдайды.
85. Уәкілетті орган ведомствосы мекеме, әуежай өкілдерінің, әуе кемесін пайдаланушылардың және тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен уақытша төмендетілетін коэффициентті қолдану мәселелері бойынша кеңес өткізеді.
86. Жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша уәкілетті орган уақытша төмендетілетін коэффициентті бекіту туралы не оны бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
87. Уақытша төмендетілетін коэффициент айдың 1-і (бірінші) күнінен бастап белгілі бір кезеңге, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге қолданысқа енгізіледі.
88. Уақытша төмендетілетін коэффициентті бекітуді мекеменің өтінімі бойынша уәкілетті орган жүргізеді.
89. Уәкiлеттi орган уақытша төмендетілетін коэффициенттi бекiтудi мекеме орындылығы және қаржы-шаруашылық қызметiн талдау негiзделген өтiнiм берген кезде жүргiзедi. Өтінім еркін нысанда беріледі.
90. Уақытша төмендетілетін коэффициентті бекіту туралы шешім уәкілетті орган бірінші басшысының бұйрығы түрінде қабылданады.
91. Уәкілетті органның уақытша төмендетілетін коэффициентті бекіту туралы бұйрығы уәкілетті органның интернет-ресурсында оны бекіту туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылады.
92. Уақытша төмендетілетін коэффициенттің қолданысы белгіленген мерзім өткеннен кейін, сондай-ақ уәкілетті орган жаңа тарифті бекіткен сәттен бастап тоқтатылады.
9-тарау. Реттелетін көрсетілетін қызметтің әрбір түрі бойынша және жалпы реттеліп көрсетілетін қызметке жатпайтын қызмет бойынша кірісті, шығын мен тартылған активті жеке есепке алу тәртібі
1-параграф. Мекеме кірісін, шығыны мен тартылған активін жеке есепке алу тәртібі
93. Реттеліп көрсетілетін қызмет түрі бойынша кірісті, шығынды бөлу және тартылған активті айқындау үшін мекеме кірісі, шығыны мен тартылған активі қызмет бағыты бойынша топтастырылады. Кірісті, шығынды бөлу және тартылған активті айқындау барлық әуежайлық қызмет кезеңін жүйелі бөлу негізінде жүргізіледі.
94. Әуежайлық қызмет бағыты:
1) авиациялық қызметпен;
2) әуежайлық қызметпен;
3) өзге де қызметпен байланысты қызмет көрсету процесін қамтиды.
95. Әуежайлық қызметке бағытталған шығын қызметтің осы бағытына қызмет көрсету процесін қамтамасыз етуге байланысты шығыннан қалыптасады.
96. Егер мекеме әуежайлық қызмет пен авиатасымалдау функциясын біріктірген жағдайда "авиациялық қызмет" ісінің бағыты қызметтің жеке бағыты болып бөлінеді.
97. Жеке есепке алу мақсаты үшін қызмет бағыты бойынша топтастырылған кіріс, шығын және тартылған актив көрсетілетін қызмет түрі бойынша бөлінеді.
98. Қызмет көрсетуден түскен кіріс бастапқы құжаттардың деректері негізінде реттеліп көрсетілетін қызмет түріне және жалпы өзге қызметке тікелей жатқызылады.
99. Өзге қызмет бойынша қызмет көрсету шығыны тиісті қызмет түрін көрсетуге және өткізуге байланысты шығыннан қалыптасады.
100. Жалпы өзге қызмет бойынша тартылған активке өзге қызметтің тиісті түрін көрсетуге және өткізуге байланысты тартылған актив, сондай-ақ өзге қызметті ұсыну үшін қажетті ішкі көрсетілетін қызмет түрі бойынша тартылған актив жатады.
2-параграф. Мекеменің шығыны мен тартылған активін бөлу тәртібі
101. Мекеме әрбір жылдың 31 тамызына дейін уәкілетті орган ведомствосына әрбір ай бөлігінде әуеайлақты күтіп-ұстауға жұмсалған көрсетілетін қызметке, ӨПТ элементтеріне тікелей шығын, материалдық құралдарды (жанар-жағармай материалы, құрылыс материалы және әуеайлақ-пайдалану техникасын жөндеу) есептен шығару және сомасы көрсетіліп, орындалған жұмыс ауқымы туралы мәліметтер береді.
102. Мекеме әрбір жылдың 10 қыркүйегіне дейін уәкілетті орган ведомствосына сметалық тарифтік есепті береді, онда мынадай жоспарланған шығын (шығыс) көрсетіледі:
1) шартқа сәйкес әуежайлық қызмет көрсету үшін тартылатын мамандар еңбегіне ақы төлеу;
2) әуеайлақ-пайдалану техникасы жанар-жағармай материалының шығысы;
3) әуеайлақ-пайдалану техникасын және радиотехникалық қамтамасыз етуді жөндеу;
4) ұшу алаңын күтіп-ұстауға және ағымдағы жөндеуге құрылыс материалы;
5) ұшуды жерүсті қамтамасыз ету және радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарының техникасын сатып алу;
6) әуеайлақты күтіп-ұстау шығысы;
7) қызметкерлердің әуежайлық қызметке байланысты іссапар шығысы;
8) әуеайлақтың және әуеайлақ-пайдалану техникасының амортизациялық аударымы.
103. Сметалық тарифтік есеп әуе кемесінің мәлімделген кезеңінде көрсетілетін қызметті тұтынудың жоспарланған көлемін (тонна) қамтиды. Амортизациялық аударым "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) сәйкес белгіленеді.
104. Уәкілетті орган ведомствосы әр жылдың 5 қазанына дейін келесі жылға әуеайлақты күтіп-ұстау бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы есеп пен негіздеме дайындайды және уәкілетті органға ұсыныс береді.
10-тарау. Жол берілетін пайда деңгейін айқындау тәртібі
105. Көрсетілетін қызметке тарифке кіретін жол берілетін пайда деңгейі тартылған актив құны және тартылған активтің реттелетін базасына пайда мөлшерлемесі негізінде айқындалады:
ЖПД = ПМ х ТРАБ
мұнда:
ЖПД – көрсетілетін қызмет бойынша жол берілетін пайда деңгейі (теңге);
ТАРБ – бір қызметті көрсетуге тартылған активтің реттелетін базасы (теңге);
ПМ – әуежайдың реттеліп көрсетілетін қызметі тартылған активінің реттелетін базасына пайда мөлшерлемесі (%) осы Қағидалардың 94-тармағына сәйкес есептеледі.
106. Пайда мөлшерлемесі орташа сараланған капитал құны әдісінің көмегімен есептеледі және мынадай формула бойынша айқындалады:
ПМ = (1 – g) × re) + (g × rd),
мұнда:
g – леверидж, мекеменің жалпы қаржыландыру құрылымындағы қарыз және меншікті капиталдың арақатынасын сипаттайтын шама, яғни негізгі құралдарды соңғы қайта бағалау ескеріліп, барлық капитал құрылымындағы нақты алынған қаражат үлесі (меншікті және қарыз капиталының сомасы). Леверидж деңгейі кемінде нөл шама болып табылады. Табиғи монополия субъектісі меншікті капиталының мәні теріс болғанда леверидж деңгейі 1-ге тең шама ретінде қабылданады;
re – меншікті капиталға сыйақы мөлшерлемесі (%);
rd – қарыз қаражатына сыйақы мөлшерлемесі (%).
Меншікті капиталға сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша айқындалады:
re = rf + ra,
мұнда:
ra – тәуекел үшін сыйлықақы. Тәуекел үшін сыйлықақы өндірістік-технологиялық (rmex), операциялық (rop) және қаржылық (rfin) тәуекелден тұрады.
Мекеменің өндірістік құзыретіне байланысты емес себеп бойынша болған технологиялық авариядан кірісті жоғалтуды жабу үшін өндірістік-технологиялық тәуекел (rmex) саланың тәуекелге ұшырау дәрежесін көрсетеді, ол көзделген кірісті, негізгі құралдарды және тауар-материалдық қорды жоғалтуға әкелуі мүмкін.
Осы көрсеткіш мынадай формула бойынша есептеледі:
rmex = Za/Ce,
мұнда:
Za – бір жылда орташа есеппен авария және зілзала салдарын жою шығыны.
Жұмыс ауқымының төмен болуынан кіріс шығынын жабу үшін операциялық тәуекел (rop) мынадай формула бойынша айқындалады (жұмыс ауқымы ұлғайған жағдайда бұл тәуекел қолданылмайды):
rор = 0.5 × (V–Znep)/Ce × DV/V,
мұнда:
V – есепті кезеңдегі осы көрсетілетін қызметтен түсім (кіріс);
Znep – есепті кезеңдегі ауыспалы (көрсетілетін қызмет көлеміне байланысты) шығын немесе і-көрсетілетін қызметке болжамды мән;
Се – көрсетілетін қызметке жатқызылған негізгі құралдардың баланстық құны;
DV – і-қызмет көрсетуден болжанатын жылдағы кірістің өзгеруі.
Операциялық тәуекел мәні 0 – 5 %-ға дейін шектелген, бұл ретте көптеген тәуекел түрі үшін қабылданған.
Ұйымның қаржы ресурсын жоғалтудың ықтимал болуына байланысты қаржылық тәуекел (rfin) мынадай формула бойынша айқындалады:
rfin = рбаз × (1–H) × Dp/Ce,
мұнда:
рбаз – ұйымның есепті жылдағы жалпы пайдасы;
Н – пайдаға салынатын салық мөлшерлемесі;
Dp – көрсетілетін қызмет пайдасының төмендеу деңгейі;
Dp = 0.5 × DV/V × (V–Znep )/рбаз.
Қаржылық тәуекелдің мәні 0 – 5 %-ға дейін шектелген, бұл ретте көптеген тәуекел түрі үшін қабылданған.
Акционерлік капиталға сыйақы құны қарыз қаражатына сыйақы құнынан аз емес шама болып табылады.
Қарыз қаражатына сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша айқындалады:
rd = rf + БС,
мұнда:
rf – тәуекелсіз мөлшерлеме Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі деңгейіне тең болып қабылданады.
БС – егер борыштық мiндеттеме шығару орын алған болса, сол айналым мерзiмiндегі мемлекеттiк бағалы қағазға қатысты ол шығарған және айналымдағы борыштық мiндеттемеге сыйлықақы негiзiнде айқындалатын тәуекел үшiн борыштық сыйлыққақы. Өзге жағдайда ол ұқсас қызмет түрімен айналысатын және Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас кредиттік рейтингісі бар басқа табиғи монополия субъектісінің тәуекелі үшін борыштық сыйлықақы ескеріліп айқындалады.
107. Мекеменің тартылған активінің реттелетін базасы нақты актив құнын активті тарту коэффициентіне көбейту ретінде мынадай формула бойынша айқындалады:
ТАРБ = АҚхКза;
мұнда:
СА – нақты актив құны (теңге);
Кза – тартылған актив коэффициенті.
108. Тартылған актив коэффициенті мекеменің негізгі құралымен жасалатын және (немесе) көрсетілетін (нормативтік шығын ескеріліп) нақты қызмет (тауар, жұмыс) көлемінің оның технологиялық әлеуетіне арақатынасы ретінде айқындалады.
109. Нақты актив құны мекеменің негізгі құралдарының қалдық құны негізінде айқындалады.
11-тарау. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданыс мерзімі өткенге дейін өзгерту тәртібі
110. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту негізі:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдай жариялау;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем мөлшерлемесінің өзгеруі;
3) мемлекеттік бағдарламаларды және (немесе) ұлттық жобаларды іске асыруға байланысты бекітілген инвестициялық бағдарламаның, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының өзгеруі;
4) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайту;
5) реттеліп көрсетілетін қызмет сапасы мен сенімділік көрсеткішін сақтамау;
6) қызмет тиімділігі көрсеткішіне қол жеткізбеу;
7) өңірдегі (қаладағы) экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің бір жылдағы статистика деректері бойынша қалыптасқан орташа айлық номиналды жалақысының өзгеруі болып табылады.
111. Тарифтi осы Қағидалардың 110-тармағының 3), 4), 5), 7) тармақшаларында көзделген негiздердi қоспағанда, қолданылу мерзiмi өткенге дейiн өзгерткен жағдайда тиiстi шығын құжаты өзгертіледі.
112. Тарифті өзгерту уәкілетті органның бастамасы бойынша жылына екі реттен асырмай, мекеменің бастамасы бойынша жылына бір реттен асырмай жүзеге асырылады.
113. Уәкiлеттi орган бекiткен тарифтi қолданыс мерзiмi өткенге дейiн өзгерту үшiн мекеме уәкiлеттi органға негiздейтін материалдар қоса берілген өтiнiм бередi.
114. Уәкілетті органның тарифті қолданыс мерзімі өткенге дейін өзгерту туралы өтінімді қарау мерзімі:
1) осы Қағидалардың 110-тармағының 1), 2) және 7) тармақшаларында көзделген жағдайда ол берілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді;
2) осы Қағидалардың 110-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайда ол берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.
Тариф уәкілетті органның бастамасы бойынша өзгертілген жағдайда мекеме тиісті ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде экономикалық негізделген есеп пен материалды ұсынады.
115. Тариф осы Қағидалардың 110-тармағының 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайда бекітілген кезде уәкілетті орган ведомствосы ол бекітілгенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей жария тыңдау өткізеді.
116. Мекеме осы Қағидалардың 110-тармағында көзделген жағдайда тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей тарифті өзгерту себебі көрсетілген ақпарат беріп, ол туралы тұтынушыларды хабардар етеді.
12-тарау. Тарифте ескерілетін және ескерілмейтін шығын тізбесі, тарифте ескерілетін шығын мөлшерін шектеу тәртібі
117. Тарифте ескерілетін және ескерілмейтін шығын тізбесі, тарифте ескерілетін шығын мөлшерін шектеу тәртібі (бұдан әрі – шығын мөлшерін шектеу тізбесі мен тәртібі) реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынатын мекемеге қолданылады.
118. Тарифті қалыптастыру реттеліп көрсетілетін қызметтің әрбір түрі бойынша және жалпы өзге қызмет бойынша кірісті, шығынды және тартылған активті жеке есепке алу негізінде жүзеге асырылады.
119. Мекеме тарифіне кіретін шығынды реттеу тарифтің шығынды бөлігіне кіретін шығыс түрін шектеу арқылы жүзеге асырылады.
Реттеліп көрсетілетін қызметке болжанатын тарифтік сметаны қалыптастыру кезінде ескерілетін шығын Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіші ескеріліп, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасының салық және өзге де заңнамасына сәйкес келуге тиіс және субъект негіздейтін құжаттарды берумен растауға тиіс.
120. Тарифтің шығынды бөлігіне:
1) реттелетін қызмет көрсетуге материалдық шығыс;
2) амортизация;
3) негізгі қор құнының ұлғаюына әкелмейтін жөндеу жұмысына шығыс;
4) қызметкерлердіңге еңбегіне ақы төлеудің барлық түрі, оның ішінде өтемақы бойынша шығыс;
5) реттеліп көрсетілетін қызметке тікелей жататын өзге де өндірістік шығыс кіреді.
121. Уәкілетті орган қызметтің сол немесе ұқсас түрімен айналысатын субъектінің еңбегіне ақы төлеуге шығынды салыстырмалы талдау негізінде, сондай-ақ субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметінің көлемі қысқарған жағдайда тарифке кіретін персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығысын азайту немесе арттырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
122. Уәкілетті органның бастамасы бойынша тариф және тарифтік смета бекітілген жағдайда уәкілетті орган осы шығын мөлшерін шектеу тізбесіне және тәртібіне сәйкес тарифтің өзгеруі алдындағы кезең үшін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткішін (инфляцияны) ескеріп, қолданыстағы тарифте қабылданған шығыс шегіндегі тарифке кезең шығысын қосады.
123. Уәкілетті орган тарифті қалыптастыру кезінде мекеме қызметінің тиімділігі төмендеген кезде кезең шығысының сомасын өзгерту орындылығын айқындайды.
124. Уәкілетті орган тарифті және тарифтік сметаны бекітуге өтінімді қарау кезінде тарифтің өзгеруі алдындағы кезең үшін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткішін (инфляцияны) ескеріп, қолданыстағы тарифте қабылданған шығыс шегіндегі тарифке кезең шығысын қосады.
125. Мекеме тарифін қалыптастыру және бекіту кезінде тарифтің шығынды бөлігінде мынадай шығыс ескерілмейді:
1) тауар-материалдық құндылықтың бүлінуіне және жетіспеуіне және қоймадағы қорға, өндірістік емес шығыс пен шығынға;
2) реттелетін қызмет көрсету, ұсыну кезінде пайдаланылмайтын не субъектінің балансында жоқ негізгі құралдардың амортизациялық аударымы;
3) ластаушы заттың нормативтен тыс шығарындысы (төгіндісі) үшін төлем;
4) сот шығыны;
5) үмітсіз борыш;
6) айыппұл, өсімпұл, тұрақсыздық айыбы;
7) ұрлаудан болған залал;
8) дәріс, көрме, пікірталас, ғылым және өнер қайраткерлерімен кездесу, ғылыми-техникалық конференция өткізуге және ұйымдастыруға шығыс;
9) өндірістік мақсатта пайдаланылатын өнімді қоспағанда, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама бойынша, жарнамалық, плакаттық және баспаханалық өнімді шығару бойынша шығыс;
10) жұмыс қорытындысы бойынша көтермелеу;
11) тұтынушылардан коммуналдық төлемді қабылдау бойынша банк операциясының жеке түрін жүзеге асыратын банк және ұйымдар көрсететін қызмет бойынша шығыс;
12) ұжымдық шартта айқындалған мақсаттарға кәсіподаққа аударым;
13) реттелетін қызмет жасалмайтын және көрсетілмейтін және тарифтің артуына әкелетін шығыс.
126. Уәкілетті орган тарифті есептеу кезінде пайда мөлшерлемесін белгіленген тәртіппен тартылған активтің реттелетін базасының шамасына көбейту ретінде жол берілетін пайда деңгейін айқындайды. Тарифке кіретін пайда деңгейі инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражатты және амортизациялық аударымды ескеріп шектеледі.
127. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі кезінде инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін жол берілетін пайда деңгейі инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражатты және амортизациялық аударымды ескеріп, 70 %-дан аспайтын мөлшерде шектеледі.
128. Қарыз қаражатын қайтару пайда (таза кіріс) және (немесе) амортизациялық аударым есебінен жүзеге асырылады.
13-тарау. Тарифті индекстеу тәртібі
1-параграф. Тариф индекстеу әдісімен өзгертілген кезде оны бекіту тәртібі
129. Тариф индекстеу әдісін қолданып, жыл сайын әлеуеті төмен мекемеге бекітілген тарифті уәкілетті орган айқындайтын деңгейден жоғары емес индекстеу арқылы белгіленеді.
130. Бұл ретте әлеуеті төмен мекеме өзгерткен тариф, тарифтік смета тиісінше реттеліп көрсетілетін қызметке тариф және тарифтік смета болып табылады.
131. Әлеуеті төмен мекеме тариф өзгертілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жария тыңдау өткізеді.
132. Жария тыңдау өткізілетін күн мен орны туралы ақпаратты әлеуеті төмен мекеме өз интернет-ресурсына орналастырады, ол болмаған жағдайда уәкілетті органға ол өткізілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын интернет-ресурсында не тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында орналастыру үшін береді.
133. Тарифті индекстеу туралы шешім уәкілетті орган ведомствосының тарифтік смета қоса берілген және тарифтің өзгеру себебі көрсетілген, уәкілетті орган айқындаған тарифті индекстеу деңгейінен аспайтын шамаға тарифті өзгерту туралы бұйрығымен ресімделеді.
134. Уәкілетті органның ведомствосы ол қолданысқа енгізілгенге күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей тарифтің өзгеру себебін қамтитын ақпарат берілген тарифтің өзгергені туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
135. Әлеуеті төмен мекеме өзгертілген тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей ол туралы тұтынушыларды тарифті, бекітілген тарифтік сметаны өзгерту себебін қамтитын ақпаратты өз интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабардар етеді, ол болмаған жағдайда уәкілетті органға оның интернет-ресурсында не тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында орналастыру үшін береді.
2-параграф. Тарифті индекстеу әдісін қолданып, қалыптастыру тәртібі
136. Әлеуеті төмен мекеменің тарифін индекстеу 12 (он екі) айда бір реттен сиретпей жүргізіледі.
137. Тарифті индекстеу әдісімен есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:
Т = Тбек х Динд (1),
мұнда: Т – индекстеу әдісімен айқындалатын тариф;
Тбек – бекітілген тариф;
Динд – осы Қағидалардың 140-тармағына сәйкес айқындалған индекстеу деңгейі.
138. Әлеуеті төмен мекеме шығынды бөлуді осы Қағидалардың 10 және 13-тарауларына сәйкес осы Қағидалардың 138-тармағына сәйкес есептелген тариф шегінде дербес жүзеге асырады.
3-параграф. Уәкілетті органның тарифті индекстеу деңгейін айқындау тәртібі
139. Уәкілетті орган тарифті индекстеу деңгейін жыл сайын күнтізбелік жыл басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму параметрін ескеріп айқындайды.
140. Тарифті индекстеу деңгейін айқындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында тиісті бес жылдық болжамды кезеңге мақұлданған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көзделген пайызбен инфляция деңгейі туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.
141. Индекстеу деңгейі ретінде алдағы күнтізбелік жылға инфляция деңгейінің орташа мәні (%) қабылданады және ол Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына кіретін өзгерістер ескеріліп түзетіледі.
142. Индекстеу деңгейін белгілеу туралы шешім күнтізбелік жыл басталғанға дейін 2 (екі) айдан кешіктірілмей интернет-ресурсында не тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында орналастырылады.