Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15)-тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Жарма аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес, Жарма ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.
2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес, Жарма аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | |
М. Оспанбаев |
Жарма аудандық мәслихатының 2024 жылғы 28 тамыздағы № 15/290-VIII Шешіміне 1 қосымша |
Жарма ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
3) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы;
4) шекті жол берілетін шығыстар - аз қамтылған отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;
5) "электрондық үкіметтің" веб-порталы - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.
2. Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғын үй ретінде меншік құқығында тұрған Жарма ауданының аумағында тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын көрсетілетін қызметті алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақы төлеуге беріледі:
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
3. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Абай облысы Жарма аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – қызмет көрсетуші) жүзеге асырылады.
4. Қызмет алушының жиынтық табысын қызмет беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Тұрғын үй көмегін беру қағидалар) айқындалған тәртіппен есептейді.
5. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар шекті жол берілетін деңгейі 10 (он) пайыз мөлшерінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.
6. Телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлем тарифтерінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
7. Көрсетілетін қызметті алушы (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Тұрғын үй көмегін беру қағидаларына сәйкес Мемлекеттік корпорация немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінеді.
Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.
8. Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
9. Тұрғын үй көмегін тағайындау көрсетілетін қызметті алушыларға тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
10. Көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй көмегін төлеуді қызмет көрсетуші есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.
Жарма аудандық мәслихатының 2024 жылғы 28 тамыздағы № 15/290-VIII Шешіміне 2 қосымша |
Жарма аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. Жарма аудандық мәслихатының "Жарма ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2020 жылғы 10 қыркүйектегі № 49/466-VI (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7559 болып тіркелген) шешімі;
2. Жарма аудандық мәслихатының "Жарма аудандық мәслихатының 2020 жылғы 10 қыркүйектегі № 49/466-VI "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2021 жылғы 11 қарашадағы № 9/113-VII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25200 болып тіркелген) шешімі;
3. "Жарма аудандық мәслихатының "Жарма ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2020 жылғы 10 қыркүйектегі № 49/466-VI шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Жарма аудандық мәслихатының 2023 жылғы 10 шілдедегі № 3/49-VIII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 98-18 болып тіркелген) шешімі.