Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Шахтинск қалалық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
2. Қарағанды облысы Шахтинск қалалық мәслихатының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 276/5 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6489-09 болып тіркелген);
Қарағанды облысы Шахтинск қалалық мәслихатының 2024 жылғы 24 маусымдағы № 351/11 "Шахтинск қалалық мәслихатының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі № 276/5 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6616-09 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Шахтинск қалалық мәслихатының төрағасы | Ж. Мамерханова |
Шахтинск қалалық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 385/16 шешіміне қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі –қағидалар) Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі –үлгілік қағидалары) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Үлгілік қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекеме;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Үлгілік қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндерінің және атаулы күндерінің тізбесі:
1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;
2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;
3) 26 сәуір - Халықаралық радиациялық апат құрбандарын еске алу күні;
4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;
5) 9 мамыр – Жеңіс күні;
6) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;
7) 1 қазан – Қарттар күні;
8) қазан айының екінші жексенбісі - Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні.
6. Учаскелiк және арнайы комиссиялар өз қызметiн Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органмен бекiтетiн ереженiң негiзiнде жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Мерекелік күндерге және атаулы күндерге әлеуметтік көмек азаматардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті шығарылған күні:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер;
2) 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні:
он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
3) Халықаралық радиациялық апат құрбандарын еске алу күні:
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;
4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні:
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
бұрынғы КСР Одағы үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда);
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілеріне;
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;
5) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарына;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 4 – 6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына);
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарына;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарына;
6) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Шахтинск қаласының және іргелес Долинка, Новодолинский, Шахан кенттерінің аумағында тұрақты тіркелген және тұратын, ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Шахтинск қаласының және іргелес Долинка, Новодолинский, Шахан кенттерінің мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда оқитын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көп балалы отбасыларды қоспағанда;
7) 1 қазан - Қарттар күні:
жетпіс бес және одан жоғары жастағы зейнеткерлерге;
8) қазан айының екінші жексенбісі - Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні:
бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар.
Әлеуметтiк көмекке өтiнiш бiлдiру мерзiмдерi:
дүлей апаттың немесе өрттің басталған кезде - дүлей апаттың немесе өрттің басталған кезден алты айдан кешіктірмей;
бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде болу-өмірлік қиын жағдай туындаған күннен бастап алты айдан кешіктірмей.
Азаматтарға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 200 000 (екі жүз мың) теңгені құрайды.
8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін жергілікті атқарушы орган белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.
9. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің шекті мөлшері мен дүркінділігі:
1) жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда, дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру - бір реттік, шекті мөлшері 200 000( екі жүз мың) теңге;
2) АИТВ-инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын тізім негізінде тұрақты күтім жасау және қосымша күшейтілген тамақтану үшін адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балаларға жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда ай сайын 2 (екі) еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
3) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың, санаторийде нақты болған күні үшін, жетпіс пайызы мөлшерінде жан басына шаққандағы орташа табысын есепке алмағанда, санаторийлік-курорттық емделуге жеке абилитация және оңалту бағдарламасы бар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған, санаторийлік-курорттық емдеуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдармен еріп жүретін адамдарға беріледі, жылына бір рет;
4) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға жылына 1 рет 14 күннен аспайтын санаторийлік-курорттық емделуге, бірақ мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторийлік-курорттық емдеудің кепілдік берілген сомасынан артық емес растайтын құжаттар негізінде (орындалған жұмыстар актісі, шот-фактура және фискалдық төлем чегі) жұмсалған шығындарды өтеуге және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;
5) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға;
1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылардың, қоныс аудару күнінде құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймағынан қоныс аударылғандардың (өз еркімен кеткендердің) және Қазақстан Республикасына қоныстанғандардың қатарындағы адамдарға;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына коммуналдық қызметтерге және отын сатып алуға шығындарды өтеуге жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда, жылына бір рет қазан айында жылыту маусымында -12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш.
6) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір жарым еселенген мөлшерінен аспайтын адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, өмірлік қиын жағдайы туындаған сәттен бастап алты ай ішінде– бір реттік, шекті мөлшері 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш;
7) әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға (туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер) жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір жарым еселенген мөлшерінен аспайтын адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, жылына 1 рет, шекті мөлшері 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш;
8) әлеуметтік көмек жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Шахтинск қаласы және іргелес Долинка, Новодолинский, Шахан кенттерінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасылар (азаматтар) сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) көрсетілетін өнім берушінің шот-фактураларын (жылыту маусымына есептелген – 7 ай) жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір жарым еселенген мөлшерінен аспайтын адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, жылына 1 рет - 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш.
10. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді органдар облыс жергілікті атқарушы органмен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді, тек бір ғана негіз бойынша.
11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
13. Әлеуметтік көмек Үлгілік қағидалардың 12 – 20 тармақтарына сәйкес тәртіппен және мерзімдерде көрсетіледі.
14. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
15. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Шахтинск қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
16. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
17. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
18. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
19. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
20. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
21. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.
22. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
23. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
24. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
25. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
26. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.