Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" № 117 бұйрығына сәйкес, Баянауыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Баянауыл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.
2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Баянауыл аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Баянауыл аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларына жүктелсін.
4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Баянауыл аудандық мәслихатының төрағасыР. Мукашев |
Баянауыл аудандық мәслихатының 2024 жылғы 31 шілдедегі № 193/21 шешіміне 1-қосымша |
Баянауыл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Баянауыл ауданының аумағындағы тұрақты тіркелген және тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – қызмет алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Тұрғын үй көмегін есептеуге енгізілген аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
2. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындауды "Баянауыл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) тегін негізде көрсетеді.
3. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және аз қамтылған отбасы (азаматтар) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен 5 (бес) пайыз шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2 - тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері
4. Қызмет алушыларға тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі нормаға сәйкес жүргізіледі:
- жалғыз тұратын азаматтар үшін-тұрғын үйдің жалпы алаңынан 30 (отыз) шаршы метр;
- 2 және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін – тұрғын үйдің жалпы алаңынан бір адамға 18 (он сегіз) шаршы метр.
Электр энергиясын тұтыну нормасы электр плиталарын пайдаланатын тұтынушылар үшін – бір адамға айына 110 (жүз он) киловатт мөлшерінде белгіленсін;
Электр плиталарын пайдаланбайтын тұтынушылар үшін-бір адамға айына 90 (тоқсан) киловатт.
5. Телекоммуникациялар желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифтерінің көтерiлуiне өтемақы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
3 - тарау. Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі
6. Тұрғын үй көмегі ағымдағы тоқсанда құжаттарды тапсыру уақытына қарамастан өткен тоқсанның жиынтық табысы бойынша және көрсетілген қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бір тоқсаға тағайындалады.
7. Қызмет алушының жиынтық табысы уәкілетті органмен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" (келесі –Ереже) № 117 бұйрығымен айқындалған тәртіпте тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қызмет алушы (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) тоқсанына бір рет мемлекеттік корпорациясына немесе "электрондық үкімет" веб-порталына мынадай құжаттар тізбесімен жүгінеді:
1) Мемлекеттік корпорацияға:
жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
жұмыс орнынан анықтама не жұмыссыз тұлға ретінде тіркелгені туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтер;
банктік шот;
тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
2) "электрондық үкіметтің" веб-порталына:
көрсетілетін қызметті алушының электронды цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;
отбасының табысын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;
жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі не жұмыссыз адам ретінде тіркелгені туралы анықтама;
балаларға және басқа да асырауындағы адамдарға алимент туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;
банктік шоттың электрондық көшірмесі;
тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;
коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;
телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың электрондық көшірмесі немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.
9. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын көрсетілетін уәкілетті орган қабылдайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Ереженің 12-тармағының, 2-тарауына сәйкес электрондық құжат түрінде Мемлекеттік корпорацияға немесе "жеке кабинетке" жіберіледі.
10. Тұрғын үй көмегін көрсетуден бас тарту негіздері Қағидалардың 18-тармағында көзделген.
11. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.
12. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
13. Қызмет алушыға тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады, егер оның алушысы коммуналдық қызметтерді, телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi күтiп-ұстауға арналған төлемдерді мақсатты емес түрде пайдаланса және өз уақытымен жүргізбеген жағдайда.
14. Өтініш иесімен тұрғын үй көмегін тағайындауға әкеп соққан толық емес жалған мәлімет ұсынылған кезде, өтініш иесіне және оның отбасына тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады, ал алынған қаржы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайтарылыуы тиіс.
15. Қызмет көрсетуші артық немесе негізсіз төленген тұрғын үй көмегін төлеу фактісі анықталған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге артық төленген немесе негізсіз төленген тұрғын үй көмегін қайтару қажеттілігі туралы жазбаша хабарлама жібереді.
16. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін ай сайын тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына есептелген сомаларды аудару жолымен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.
Баянауыл аудандық мәслихатының 2024 жылғы 31 шілдедегі № 193/21 шешіміне 2-қосымша |
Баянауыл аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. Баянауыл аудандық мәслихатының 2017 жылғы 24 шілдедегі "Баянауыл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" № 101/16 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5591 болып тіркелген).
2. Баянауыл аудандық мәслихатының 2023 жылғы 23 маусымдағы № 101/16 "Баянауыл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" № 41/5 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7364-14 болып тіркелген).
3. Баянауыл аудандық мәслихатының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы № 101/16 "Баянауыл ауданы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" № 83/11 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7444-14 болып тіркелген).