Тимирязев аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Тимирязев аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 қарашадағы № 8/8 "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7640-15 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген, Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары, осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың төрағасы | А. Асанова |
Тимирязев аудандық мәслихатының | |
2024 жылғы 25 желтоқсандағы | |
№ 22/19 шешіміне қосымша | |
Тимирязев ауданы мәслихатының | |
2023 жылғы 28 қарашадағы | |
№ 8/8 шешімімен бекітілген |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданындағы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы негізінде, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданындағы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Тимирязев ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
4) әлеуметтік көмек – Тимирязев ауданының әкімдігі (бұдан әрі – Әкімдік) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі-алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша статистика органдары есептейтін, шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мерекелік күндер (бұдан әрі - атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;
10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
11) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
12) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
13) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Осы Қағидалар Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының аумағында тұрақты тұратын және тіркелген тұлғаларға қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеу тәртібі
6. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіз болып табылады:
1) табиғи зілзаланың салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтіру;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтіру;
3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
4) Тимирязев ауданының мәслихаты белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың ең төменгі күнкөріс деңгейіне еселенген қатынасында болуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасы ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіздігі;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде болу.
Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке залал келтірілген кезде әлеуметтік көмек зардап шеккен мүліктің орналасқан жері бойынша оның меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде Тимирязев ауданының мәслихаты бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздердің тізбесін басшылыққа алады.
7. Мереке және атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек мемлекеттік корпорация арқылы азаматтардың мынадай санаттарына ақшалай төлемдер түрінде жылына 1 рет көрсетіледі:
1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі – КСР Одағы) үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлері – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлері – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілері – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілері – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығу салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алғандар, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылар – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлігінің, ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери міндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көріністерге байланысты төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілерінің, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде;
бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасылары – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери кызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілер – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;
майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдары – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк балалары (тәрбиеленушілері) және юнгалар ретінде болған адамдар – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет елдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсіпшілік және көлік кемелерінің жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсібі халық комиссариатының, теңіз және өзен флотының, Солтүстік теңіз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшілер жағдайына көшірілген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегінде майдандағы армия мен флот мүдделері үшін міндеттер атқарған қызметкелері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында еріксіз ұсталған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелері – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтар – 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1944 жылғы 1 қаңтар - 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар – 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергілікті әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектілік және авариялық командаларының өзін-өзі қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінің отбасылары – 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екенші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы) – 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар – 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:
бұрынғы КСР Одағы аумағында саяси қуғын-сүргіндерге тікелей ұшыраған және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын адамдар – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Қазақстан Республикасының қазіргі аумағын құрайтын аумақта оларға қуғын-сүргін қолданылғанға дейін тұрақты тұрған адамдарға – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде:
а) бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргіндерді кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануы;
б) Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (жай адамдар мен әскери қызметшілерді) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыптауы;
в) Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшін шақырылғаннан кейін қуғын-сүргіндердің қолдануы;
г) қуғын-сүргіндерді орталық одақтық органдар: КСР Одағының Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, КСР Одағы Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСР Одағы Ішкі істер халық комиссариаты – Мемлекет Қауіпсіздігі министрлігі – Ішкі істер министрлігі жанындағы айрықша кеңестің, КСР Одағы Прокуратурасы мен КСР Одағы ішкі істер халық комиссариатының Тергеу Істері жөніндегі комиссиясының және басқа органдар шешімдері бойынша қолдануы;
КСР Одағы мемлекеттік өкіметтің жоғары органдарының құжаттары негізінде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдар – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргін кезінде он сегіз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесінде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдар – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
"Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдар –10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар, облыстық маңызы бар дербес зейнеткер мәртебесі бар зейнеткерлер, облыстың, қаланың (ауданның) құрметті азаматтары – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, оларға қатысты қылмыстық істерді қараудың қолданыстағы тәртібі сақталатын, Қазақстан Республикасының қазіргі аумағында өздеріне қуғын-сүргіндер қолданылғанға дейін тұрақты өмір сүрген адамдары – 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде.
8. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір реттік мөлшерінің шегінен аспайтын, бір рет – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі:
жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдарға (отбасына) ең төмеңгі күнкөріс деңгейіне еселенген қатынаста;
жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығы болмаған кезде;
әлеуметтік маңызы бар аурулардан зардап шегетін адамдарға;
жасы ұлғаюына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмайтын адамдарға;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға, пробация қызметінің есебіндегі адамдарға.
9. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі жекелеген санаттарына табыстарын есепке алмай көрсетіледі:
азаматқа (отбасына) өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі алты айдан кешіктірмей табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтірілген жағдайда азаматқа (отбасына) 1 рет – тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне мұқтаждық басталған сәттен бастап алты айдан кешіктірілмей, 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
АИТВ-инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын тізім негізінде тұрақты күтім жасау және қосымша күшейтілген тамақтану үшін адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балаларға ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде жәрдемақы төленеді;
"Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің "Тимирязев аудандық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған тізімдер негізінде қосымша тамақтануға – ай сайын 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
10. Әлеуметтік көмек табыстары ескерілмей азаматардың келесі санаттарына көрсетіледі:
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында көрсетілген, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8 - бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа да адамдарға тіс протездеу ақысын төлеуге, бағалы металдар мен металл керамикадан, металл акрилден жасалған протездерден басқа, 70 (жетпіс) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспайтын мөлшерде, бағалы металдар мен металл-керамикадан, металл-акрилден жасалған протездерден басқа, осы қызметті көрсетуге лицензиясы бар ұйымның ұсынылған шот-фактурасына сәйкес, жылына бір рет;
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында көрсетілген, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8 - бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа да адамдарға, Қазақстан Республикасының санаторийлерінде (профилакторийлерінде) санаторий-курорттық ем алуға, өтініш берушінің санаторлық-курорттық картаны, санаторлық-курорттық ұйымның шот-фактурасын ұсына отырып, санаторлық-курорттық емделудің құны мөлшерінде тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесінің ұсынымдарына сәйкес, жылына бір рет;
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында көрсетілген, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8 - бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа да адамдарға кірісін есептемегенде, осы санаттағы тұлғаларды растайтын құжат бойынша коммуналдық қызметтер мен отын сатып алуға төлемақы төлеуге айына 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында көрсетілген, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8 - бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, басқа да адамдарға, Семей ядролық сынақ полигоны аймағында зардап шеккендерге, жөнелту станциясынан ауруханаға жатқызу орнына дейін және кері Қазақстан Республикасының аумағы арқылы темір жол, автомобиль жолаушылар көлігі (таксиден басқа) арқылы жол жүру құны мөлшерінде, жол жүру фактісін растайтын құжат (жол билеті), көшірме немесе ауруханаға жатқызу фактісін растайтын басқа құжат бойынша жылына бір рет;
абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері көзделген бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін (жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда) жеке көмекшінің еріп жүруіне, уәкілетті ұйымның тізімі негізінде жылына 1 (бір) рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде.
11. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеу "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 28 мамырдағы № 181 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32609 болып тіркелген).
12. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3- тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
13. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі осы Қағидаларда айқындалады.
Әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдаған шешімге шағымдану тәртібі "Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) айқындалған.
Әлеуметтік көмек алушылардың тізімдері Мемлекеттік корпорацияға, денсаулық сақтау ұйымына не Тимирязев ауданының мәслихатына сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
14. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкіл) жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе Мемлекеттік корпорацияға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен жазбаша жүгінеді Үлгілік қағидаларға немесе үлгілік Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен бірге порталға электрондық түрде жіберіледі.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) осы Үлгілік қағидаларға 1-2 – қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;
жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттар ұсынған кезде осы Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-сын куәландырады.
15. Осы Қағидалардың 6-тармағы 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.
Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша осы Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
16. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге осы Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға (бас тартқан жағдайда – осы Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға) сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жолдайды.
Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.
Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.
Өтініш портал арқылы берілген болса, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.
17. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
18. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Тимирязев ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
19. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы Тимирязев ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады;
5) әлеуметтік көмек көрсету негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмек төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі келесі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
20. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
21. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып, жүргізеді.
22. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес бойынша қалыптастырылады.
23. Әлеуметтік көмек көрсету иуралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
24. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде Мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатынан сұраныс қалыптастырады.
25. Сұраныс қалыптасқаннан кейін Мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімді көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
26. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
27. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алынғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
28. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
29. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.