Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және орман шаруашылығы саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындау туралы" Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 20 сәуірдегі № 118 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4550 болып тіркелген) қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының 2-қосымшасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыны ресми жариялағаннан кейін оның Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Н. Сактаганов |
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 27 маусымдағы № 163 қаулысына қосымша |
|
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 20 сәуірдегі № 118 қаулысына 2 қосымша |
Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесі
1. Басқарушы персонал: мансап орталығының басшысы, басшының орынбасары, стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы ("Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары" коммуналдық мемлекеттік мекемелері), аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының (күндізгі болу жағдайындағы үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері) басшысы, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының облыстық маңызы бар ұйымының құрылымдық бөлімше басшысының орынбасары (арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жанындағы күндізгі болу ұйым басшысының орынбасары).
2. Негізгі персонал: барлық мамандықтағы дәрігерлер, фельдшер, медициналық мейіргер, фармацевт, диеталық мейіргер, барлық мамандықтағы мұғалімдер, тәрбиеші, дефектолог, логопед, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының (ұйымдардың) әдіскері, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, мансап орталығының бөлім (сектор) басшысы, мансап орталығының консультанты, мансап орталығының ассистенті, мансап орталығының маманы, қарттар мен мүгедектігі бар адамдардарға күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкер, психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкер, әлеуметтік қызмет жөніндегі консультант, иппотерапия жөніндегі нұсқаушы-әдіскер, мәдени ұйымдастырушы, шаштараз, емдік денешынықтыру жөніндегі маман, жүзу жөніндегі нұсқаушы, музыкалық жетекші, еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант.
3. Әкімшілік персонал: кітапханашы.
4. Қосалқы персонал: ассистент.