"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33763 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес, Сырым аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің 1 – қосымшасына сәйкес Сырым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі айқындалсын.
2. Осы шешімнің 2 – қосымшасына сәйкес Сырым аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сырым аудандық мәслихат төрағасы | Ш. Дуйсенгалиева |
2024 жылғы 27 мамырдағы № 20-21 шешіміне 1-қосымша |
Сырым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі
1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушылар), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.
2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі– көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырылады.
3. Көрсетілетін қызметті алушының жиынтық табысын көрсетілетін қызметті беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Тұрғын үй көмегін беру қағидалары) айқындалған тәртіппен есептейді.
4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
Көрсетілетін қызметті алушылардың жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 5 (бес) пайыз мөлшерінде белгіленеді.
5. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
6. Көрсетілетін қызметті алушылар (немесе оның сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін тоқсанына бір рет Тұрғын үй көмегін беру қағидаларда көзделген құжаттарды ұсына отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі –Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына жүгінуге құқылы.
Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі "Тұрғын үй көмегін беру" қағидаларының 2-қосымшасында көрсетілген.
Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.
7. Тұрғын үй көмегі көрсетілетін қызметті алушыларға кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
8. Тұрғын үй көмегін тағайындау көрсетілетін қызметті алушыларға тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
9. Отбасы тұрғын үй көмегін заңсыз тағайындауға алып келген көрінеу жалған ақпарат және (немесе) дәйексіз құжаттар берген кезде өтініш беруші мен оның отбасына тұрғын үй көмегін төлеу оның тағайындалған бүкіл кезеңі үшін тоқтатылады.
10. Көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.
2024 жылғы 27 мамырдағы № 20-21 шешіміне 2-қосымша |
1. Сырым аудандық мәслихатының "Сырым ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" 2020 жылғы 13 ақпандағы №51-3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6036 болып тіркелген);
2. Сырым аудандық мәслихатының "Сырым аудандық мәслихатының 2020 жылғы 13 ақпандағы №51-3 "Сырым ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №64-14 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6660 болып тіркелген);
3. Сырым аудандық мәслихатының "Сырым аудандық мәслихатының 2020 жылғы 13 ақпандағы №51-3 "Сырым ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 2 маусымдағы №5-5 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7198-07 болып тіркелген).