Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 136-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
С. Жакупова |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2025 жылғы 23 қаңтардағы № 21 бұйрығына қосымша |
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 136-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімін (бұдан әрі – мамандар тізілім) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі – әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың электрондық тізімі;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер – арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған лицензия негізінде ұсыну жөніндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларда жұмыспен қамтылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар (бұдан әрі – өтініш беруші);
3) әкімші – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
4) әлеуметтік жұмыскер – арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар жұмыскер;
5) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы – Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін өнім берушілер ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын жергілікті атқарушы органдардың кепілдік берілген сома шегінде өтеуі шарттарымен оларға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттандыру объектісі;
6) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастыру тәртібі
3. Мамандардың тізілімі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында қалыптастырылады.
4. Мамандар тізілімін қалыптастыру қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
5. Мамандар тізілімі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар мен мамандардың келісімімен жалпыға қолжетімді болып табылады.
6. Мамандар тізілімі әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге өтініш білдірген өтініш берушілердің өтініштері негізінде қалыптастырылады.
7. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандар Мамандар тізіліміне енгізуге үміткерлер болып табылады.
8. Мамандар тізіліміне енгізу үшін өтініш берушінің ұялы телефон нөмірін немесе электрондық пошта мекенжайын пайдалана отырып, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеледі.
9. Әкімші өтініш түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) өтінішті тіркейді;
2) өтініш берушіге мынадай себепті көрсете отырып, қайта қарау үшін хабарлама жібереді:
кәсіп атауының сәйкес келмеуі;
біліктілік санаты туралы жалған ақпарат беру;
толық емес құжаттар топтамасын ұсыну және (немесе) олардың қолданылу мерзімінің өтуі;
еңбек қызметі (лауазымы мен штаттық лауазымы) бойынша мәліметтердің сәйкес келмеуі;
3) өтініш берушіге мынадай себепті көрсете отырып, бас тарту туралы хабарлама жібереді:
соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес әлеуметтік жұмыскердің кәсіптік қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылу;
өтініш берушіге медициналық қызметпен айналысуға (мәлімделген мамандық бойынша) тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы;
сот өтініш берушіні әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану;
тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығу.
10. Өтінішті қайтару нәтижелері бойынша өтініш беруші хабарламаны алғаннан кейін осы Қағидалардың 9-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген себептерді жояды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2025 жылғы 23 қаңтардағы № 21 Қағидаларға қосымша |
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың тізілімі
маманның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) | туған күні | байланыс деректері (ұялы телефон, электрондық пошта мекенжайы) | тұрғылықты мекенжайы (облыс, елді мекен, тіркелген мекенжайы) | кәсіп атауы | арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы жұмыс өтілі | білімі туралы мәліметтер (білім деңгейі, оқу орнының атауы, басталу күні, аяқталу күні, білімі туралы құжат) | еңбек қызметі жөніндегі мәліметтер (ұйымның атауы, БСН, лауазымы, жұмыс басталған күні, аяқталған күні) | біліктілік санатын беру туралы ақпарат (біліктілік санаты, біліктілік санатын беру күні, аттестаттау комиссиясының деректері (уәкілетті органның атауы) | тізілімге енгізілген күні |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |