"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 73 және 73-1 бабтарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның баласынан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды шешу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
Г. Бейсембаев |
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 31 наурыздағы № 53 бұйрығымен бекітілген |
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның баласынан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды шешу қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның баладан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды шешу тәртібін айқындайды.
2. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді.
2 тарау. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды шешу тәртібі
3. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды (бұдан әрі – дау) шешу үшін баладан бөлек тұратын ата-ана, аталар, әжелер, аға-інілері мен апа-сіңлілері (бұдан әрі – өтініш беруші) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға (бұдан әрі – орган) осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша баламен араласуға байланысты дауды шешу туралы өтінішті және оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмелері;
2) "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20665 болып тіркелді) бекітілген нысанға сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғаны туралы мәліметтердің жоқтығы туралы анықтама;
3) соттылығының болуы не болмауы туралы анықтама;
4) тұрғын үйге меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері.
4. Дауды шешу туралы өтінішті қарау мерзімі органға өтініш келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнін құрайды.
5. Орган өтініш келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде бала бірге тұратын ата-анаға және өтініш берушіге өтініште көрсетілген тұрғылықты жері бойынша, электрондық поштаға немесе телефон нөміріне хабарламаны жолдау арқылы дауды шешу туралы өтінішті қараудың орны, күні мен уақыты туралы хабарлайды.
6. Дау өтініш берушінің және бала бірге тұратын ата-ананың қатысуымен шешіледі.
7. Дау тараптарының бірі келмеген жағдайда, дауды шешу туралы өтінішті қарау мерзімі 3 (үш) жұмыс күніне кейінге қалдырылады.
Дау тараптарының бірінің дәлелді себептерсіз қайта келмеуі дауды шешу туралы өтінішті қарау үшін кедергі болып табылмайды.
8. Дауды шешу барысында орган тараптардан даудың себептерін, араласу жағдайларын, баламен араласудың нақты режимін немесе режимнің жалпы сипаттамасын (араласу уақыты, орны, ұзақтығы) анықтайды.
9. Орган он жасқа толған баланың өтініш берушімен араласу шарттары туралы пікірін анықтайды.
Он жасқа толған балаға сауалнама педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен жүргізіледі.
10. Орган дау тараптарының бірінің талабы бойынша дау тараптарының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларына тексеру жүргізеді.
11. Баламен тұратын ата-ананың, өтініш берушінің баламен араласу шарттары және он жасқа толған баланың пікірі, сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды тексеру жүргізілген жағдайда оның нәтижелері анықталғаннан кейін орган дауды шешу туралы шешім шығарады.
12. Дауды шешу туралы шешімде мынадай мәселелер көрсетіледі:
1) шешім шығарылған күні мен орны;
2) шешім шығарған органның атауы;
3) дауды шешуге қатысқан тараптардың, адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) даудың мәні;
5) баланың күн тәртібін (оқу, демалу, ұйықтау), баланың денсаулық жағдайын, мереке, каникул және демалыс күндерін, өтініш берушінің тұратын жерін ескере отырып, араласу жағдайлары, араласудың нақты режимі немесе режимнің жалпы сипаттамасы (араласу уақыты, орны, ұзақтығы);
6) ерекше жағдайларда қосымша кездесулер (туған күндер, отбасылық мерекелер);
7) шешім шығарған орган басшысының қолы қойылады.
13. Дауды шешу туралы шешім дау тараптарына өтініште көрсетілген тұрғылықты жері бойынша, электрондық поштаға немесе телефон нөміріне жолданады.
14. Баламен араласу бойынша органның шешімімен келіспеген жағдайда дау медиация тәртібімен немесе орган мен баланың ата-анасының қатысуымен сот арқылы шешіледі.
Баласынан бөлек тұратын ата-ананың, аталарының, әжелерінің, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің баламен араласуға байланысты дауларды шешу туралы өтініш
Мен,
__________________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда))
баланың _________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда))
әкесі, анасы, атасы, әжесі, аға-інісі, апа-сіңлісі (керегінің астын сызу)
Баламен араласу үшін дауды қарауды сұраймын:
1.________________________________________________________________________
(баламен араласу бойынша даудың себептерін көрсетіңіз)
2.________________________________________________________________________
3.________________________________________________________________________
Баламен араласудың келесі тәртібін анықтауыңызды сұраймын:
__________________________________________________________________________
(баламен араласу күндерін, уақытын және орнын көрсетіңіз)
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
Баламен бірге тұратын ата-ананың деректері ____________________________________
__________________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), байланыс деректері, телефон нөмірі,
электрондық пошта)
Ақпараттық жүйелердегі "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді пайдалануға келісемін.
"___" ____________ 20__жыл | азаматтың (шаның) қолы |