Қазақстан Республикасы Женевада 1957 жылғы 30 қыркүйекте жасалған Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келісімге қосылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы
туралы еуропалық келісім (ҚЖХЖТ)
(2001 жылғы 26 тамызда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Уағдаласушы Тараптар,
Халықаралық жол тасымалы қауіпсіздігін арттыруға Ұмтылып,
Төмендегілері туралы Келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
а) "көлік құралдары" термині Уағдаласушы Тараптардың бірінің қарулы күштеріне тиесілі немесе осы қарулы күштердің иелігіндегі көлік құралдарын қоспағанда, 1949 жылғы 19 қыркүйектегі Жол қозғалысы туралы конвенцияның 4-бабында келтірілген анықтамаларға сәйкес автомобильдерді, жартылай тіркемелері бар тартқыштарды, тіркемелер мен жартылай тіркемелерді білдіреді;
b) "қауіпті жүктер" термині А және В-қосымшаларының ережелеріне сәйкес халықаралық жол тасымалына рұқсат берілмейтін немесе белгілі бір шарттарды сақтағанда рұқсат берілетін заттар мен бұйымдарды білдіреді;
с) "халықаралық тасымал" термині жоғарыда, а) тармағында анықталған көлік құралдарының көмегімен, тіпті болмағанда, екі Уағдаласушы Тараптың аумағы арқылы жүргізілетін кез келген тасымалды білдіреді.
2-бап
1. 4-баптың 3-тармағының ережелерін сақтаған жағдайда А-қосымшасына сәйкес тасымалдауға рұқсат берілмейтін қауіпті жүктер халықаралық тасымал заты болмауы тиіс.
2. Басқа да қауіпті жүктердің халықаралық тасымалына:
а) қаралып отырған жүктер қанағаттандыруы тиіс А-қосымшасында көзделген талаптар, атап айтқанда, олардың орамдары мен таңбалануына қатысты талаптар, және
b) 4-баптың 2-тармағындағы ережелер сақталған жағдайда,В-қосымшасында көзделген талаптар, атап айтқанда, қаралып отырған жүктерді тасымалдайтын көлік құралының конструкциясына, жабдығына және қозғалысына қатысты талаптар сақталған жағдайда рұқсат етіледі.
3-бап
Осы Келісімнің қосымшалары оның ажырамас бөліктері болып табылады.
4-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап, жолдағы қауіпсіздікті өзге де себептер бойынша, өзінің аумағына қауіпті жүктерді әкелуді реттеу немесе оған тыйым салу құқығын өзінде сақтайды.
2. Осы Келісім күшіне енген уақытта Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағында пайдалануда болған немесе ол күшіне енгеннен кейін екі айдың ішінде пайдалануға берілген көлік құралдары Келісім күшіне енген күннен бастап үш жыл бойы, тіпті олардың конструкциясы мен жабдығы осындай тасымалдау үшін В-қосымшасында көзделген талаптарды толық қанағаттандырмаса да, қауіпті жүктердің халықаралық тасымалдарын жүргізуге құқылы. Алайда бұл мерзім В-қосымшасына айрықша ережелерді енгізу арқылы қысқартылуы мүмкін.
3. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімде кез келген халықаралық тасымалына тыйым салынған кейбір қауіпті жүктердің белгілі бір жағдайларда олардың аумақтары арқылы халықаралық тасымалдануына рұқсат берілуі мүмкін екені туралы немесе осы Келісімде халықаралық тасымалдауға белгілі бір шарттармен ғана рұқсат берілетін қауіпті жүктер осы Келісімнің қосымшаларында айтылғанға қарағанда қатаң емес талаптарды сақтай отырып, олардың аумақтары арқылы халықаралық тасымалдау заты болуы мүмкін екені туралы айрықша екі жақты немесе көп жақты келісімдер жасасу жолымен келісімге келу құқығын сақтайды. Осы тармақта көзделген айрықша екі жақты немесе көп жақты келісімдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарланады, ол бұл туралы жоғарыда аталған келісімдерге қол қоймаған Уағдаласушы Тараптарға хабарлайды.
5-бап
Осы Келісім қолданылатын тасымалдар тұтас алғанда жол қозғалысына, халықаралық жол тасымалына немесе халықаралық сауда-саттыққа қатысты мемлекетішілік немесе халықаралық нұсқамалардың тақырыбы болып қалады.
6-бап
1. Еуропалық экономикалық комиссияның мүшелері болып табылатын елдер және Комиссияның жұмысына осы Комиссияның іс жүргізу аясы туралы ереженің 8-тармағына сәйкес кеңесші дауыс құқығымен қатысатын елдер:
а) оған қол қою арқылы;
b) бекіту туралы ескертпемен қол қойғаннан кейін оны бекіту арқылы;
с) оған қосылу арқылы осы Келісімнің Уағдаласушы Тараптары бола алады.
2. Еуропалық экономикалық комиссияның кейбір жұмыстарына осы Комиссияның іс жүргізу аясы туралы ереженің 11-тармағын қолдану ретінде қатыса алатын елдер Келісім күшіне енгеннен кейін оған қосылу арқылы осы Келісімнің Уағдаласушы Тараптары бола алады.
3. Келісім 1957 жылғы 15 желтоқсанға дейін қол қою үшін ашық. Осы күннен кейін ол қосылу үшін ашық болады.
4. Бекіту немесе қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тиісті актіні сақтауға тапсыру арқылы жүргізіледі.
7-бап
1. Осы Келісім 6-баптың 1-тармағында көрсетілген, оған бекіту туралы ескертпесіз қол қойған немесе бекіту не қосылу туралы актілерді сақтауға тапсырған елдердің саны беске жеткен күннен бастап бір ай өткен соң күшіне енеді. Алайда қосымшалардың ережелері Келісімнің өзі күшіне енгеннен кейін алты ай өткеннен соң ғана қолданылатын болады.
2. Осы Келісімді бекіткен немесе 6-баптың 1-тармағында аталған бес ел оған бекіту туралы ескертпесіз қол қойғаннан кейін немесе бекіту не қосылу туралы актілерді сақтауға тапсырғаннан кейін оған қосылған әрбір ел үшін осы Келісім көрсетілген ел бекіту не қосылу туралы актіні сақтауға тапсырған күннен бастап бір ай өткен соң күшіне енеді, ал осы Келісім қосымшаларының ережелері, егер олар осы кезде күшіне енген болса, бұл ел үшін сол күннен бастап не болмаса керісінше жағдайда осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес қолданылуы тиіс күннен бастап қолданылатын болады.
8-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолданған нотификация арқылы осы Келісімнің күшін жоюы мүмкін.
2. Күшін жою оған қатысты нотификацияны Бас хатшы алған күннен бастап он екі ай өткен соң күшіне енеді.
9-бап
1. Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін тізбекті он екі айдың ішінде Уағдаласушы Тараптардың саны бестен кем болса күшін жоғалтады.
2. Қауіпті жүктердің жол тасымалын реттейтін дүниежүзілік келісім жасалған жағдайда, осы Келісімнің дүниежүзілік келісімнің қандай да бір ережесіне қайшы келетін кез келген ережесі дүниежүзілік келісім күшіне енген күннен бастап есептегенде, дүниежүзілік келісімнің уағдаласушы тараптары болған, осы Келісімге қатысушы Тараптардың арасындағы қатынастарда өздігінен күшін жояды және дүниежүзілік келісімнің тиісті ережесімен ipso facto ауыстырылады.
10-бап
1. Әрбір ел бекіту туралы осы Келісімге ескертпесіз қол қою кезінде немесе бекіту не қосылу туралы өз актісін сақтауға тапсыру кезінде не болмаса кез келген кейінгі сәтте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолданған нотификация арқылы осы Келісім бүкіл аумақтарға немесе ол сыртқы қарым-қатынастары үшін жауапты болып табылатын кейбір аумақтарға қолданылатыны туралы мәлімдеуі мүмкін. Келісім және оның қосымшалары нотификацияда көрсетілген аумаққа немесе аумақтарға осы нотификацияны Бас хатшы алған күннен бастап бір ай өткен соң қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес ол сыртқы қарым-қатынастары үшін жауапты болып табылатын аумаққа осы Келісімнің күші қолданылатыны туралы мәлімдеме жасаған әрбір ел, 8-бапқа сай, көрсетілген аумаққа қатысты Келісімнің күшін жоюы мүмкін.
11-бап
1. Екі немесе бірнеше Уағдаласушы Тараптардың арасындағы осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау, мүмкіндігінше, арасында дау туындаған Тараптар арасында келіссөздер жолымен шешілуі тиіс.
2. Келіссөздер жолымен шешілмейтін кез келген дау дауласушы Уағдаласушы Тараптардың бірінің өтініші бойынша төрелік сотқа берілуі тиіс және сол себептен дауласушы Тараптардың ортақ келісімі бойынша сайланатын бір немесе бірнеше аралық судьяларға беріледі. Егер төрелік сот туралы өтініш берілген күннен бастап үш айдың ішінде дауласушы Тараптар аралық судьяны немесе аралық судьяларды сайлауға қатысты келісімге келмесе, осы Тараптардың кез келгені Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына дау шешуге берілетін бірыңғай аралық судьяны тағайындау туралы өтініш айта алады.
3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес тағайындалған аралық судьяның немесе аралық судьялардың шешімнің дауласушы Тараптар үшін міндетті күші болады.
12-бап
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Келісімге қол қою немесе оны бекіту немесе оған қосылу кезінде өзін 11-баппен байланысты деп санамайтынын мәлімдей алады. Басқа да Уағдаласушы Тараптар осындай ескертпе жасаған кез келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты 11-баппен байланысты болмайды.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес ескертпе жасаған кез келген Уағдаласушы Тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолданған нотификация арқылы оны кез келген сәтте алып тастауы мүмкін.
13-бап
1. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап үш жыл өткен соң кез келген Уағдаласушы Тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолданған нотификация арқылы Келісімнің мәтінін қайта қарау үшін конференция шақыру туралы өтініш жасай алады. Бас хатшы осы өтініш туралы барлық Уағдаласушы Тараптарға хабарлайды және егер көрсетілген хабарламаны жіберген күннен бастап төрт ай өткенге дейін Уағдаласушы Тараптардың, тіпті болмағанда, төрттен бірі осы өтінішпен келісетіні туралы хабарласа, Келісімді қайта қарау үшін конференция шақырады.
2. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес конференция шақырылса, Бас хатшы осы туралы барлық Уағдаласушы Тараптарды хабардар етеді және оларға үш ай мерзімде конференцияның қарауына енгізуге ынталы ұсыныстарын беру туралы өтініш жасайды. Бас хатшы барлық Уағдаласушы Тараптарды конференцияны ашу уақытына дейін, тіпті болмағанда, үш ай бұрын алдын ала конференцияның күн тәртібі, сондай-ақ осы ұсыныстардың мәтіні туралы құлағдар етеді.
3. Осы бапқа сәйкес шақырылатын кез келген конференцияға Бас хатшы 6-баптың 1-тармағында көрсетілген барлық елдерді, сондай-ақ 6-баптың 2-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптар болған елдерді шақырады.
14-бап
1. Кез келген Уағдаласушы Тарап, 13-бапта көзделген қайта қарау рәсіміне қарамастан, осы Келісімнің қосымшаларына бір немесе бірнеше түзету ұсынуы мүмкін. Осы мақсатта ол түзетулер мәтінін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдайды. Осы қосымшалар мен қауіпті жүктердің тасымалына қатысты басқа да халықаралық келісімдердің арасындағы сәйкестікті қамтамасыз ету үшін Бас хатшы осы Келісімнің қосымшаларын өзгерту туралы ұсыныстар енгізуі мүмкін.
2. Бас хатшы осы баптың 1-тармағына сәйкес енгізілген кез келген ұсынысты барлық Уағдаласушы Тараптарға хабарлайды және 6-баптың 1-тармағында көрсетілген басқа да елдерге құлаққағыс жасайды.
3. Егер Бас хатшы жіберген күннен бастап үш ай өткенше Уағдаласушы Тараптардың, тіпті болмағанда, үштен бірі немесе, егер үштен бірі осы саннан асса, олардың бесеуі, ұсынылған түзетуге өзінің қарсылығы туралы бас Хатшыға жазбаша нысанда хабарламаса, қосымшаларға түзетулер енгізу туралы кез келген жоба қабылданды деп есептеледі. Егер түзету қабылданды деп есептелсе, ол жаңа үш ай мерзім өткен соң барлық Уағдаласушы Тараптар үшін күшіне енеді; оған төмендегі жағдайлар қосылмайды:
а) егер ұқсас түзетулер осы баптың 1-тармағында көзделген басқа да халықаралық келісімдерге енгізілген болса немесе енгізілуі мүмкін болса, түзету Бас хатшы, мүмкіндігінше, осы түзету және басқа да осындай келісімдерге енгізілген немесе енгізілуі мүмкін түзетулер бір мезгілде күшіне енуіне мүмкіндік беретіндей белгілеген мерзім өткен соң күшіне енеді; алайда бұл мерзім бір айдан кем болуы мүмкін емес;
b) түзету енгізу туралы жобаны ұсынған Уағдаласушы Тарап өз ұсынысында түзету қабылданған жағдайда оның күшіне енуі үшін үш айдан асатын мерзімді көрсетуі мүмкін.
4. Бас хатшы барлық Уағдаласушы Тараптарға және 6-баптың 1-тармағында көрсетілген барлық елдерге ұсынылған түзетуге Уағдаласушы Тараптардың кез келген қарсылығы туралы мүмкіндігінше кідіріссіз хабарлайды.
5. Егер қосымшаларға түзетулер енгізу туралы жоба қабылданды деп есептелмесе, бірақ егер жобаны ұсынғаннан өзге, тіпті болмағанда, бір Уағдаласушы Тарап өзінің жобамен келісетіні туралы жазбаша нысанда Бас хатшыға хабарласа, Бас хатшы осы баптың 3-тармағында түзетуге қарсылық білдіру үшін көзделген үш ай мерзім өткен соң басталатын үш ай мерзімде барлық Уағдаласушы Тараптарды және 6-баптың 1-тармағында көрсетілген барлық елдерді кеңеске шақырады. Бас хатшы сондай-ақ осы кеңеске:
а) көлік саласында құзыретті халықаралық үкіметтік ұйымдардың;
b) қызметі Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында қауіпті жүктердің тасымалына тікелей қатысы бар халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін шақыруы мүмкін.
6. Осы баптың 5-тармағына сәйкес шақырылған кеңесте барлық Уағдаласушы Тараптың жартысынан астамымен қабылданған кез келген түзету барлық Уағдаласушы Тараптар үшін жоғарыда аталған кеңесте оған қатысқан Уағдаласушы Тараптардың көпшілігі белгілеген тәртіпте күшіне енеді.
15-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы 6-баптың 1-тармағында аталған елдерге, сондай-ақ 6-баптың 2-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптар болған елдерге 13 және 14-баптарда көзделген нотификациялармен қатар мыналар туралы да хабарлайды:
а) 6-бапқа сәйкес Келісімге қол қою мен бекіту және оған қосылу туралы;
b) 7-бапқа сәйкес осы Келісімнің және оның қосымшаларының күшіне енетін күндері туралы;
с) 8-бапқа сәйкес күшін жоюы туралы;
d) 9-бапқа сәйкес осы Келісімнің күшін жоғалтуы туралы;
е) 10-бапқа сәйкес алынған нотификациялар мен денонсациялар туралы;
f) 12-баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес алынған өтініштер мен нотификациялар туралы;
g) 14-баптың 3 және 6-тармақтарына сәйкес түзетулерді қабылдау және олардың күшіне енуі мерзімі туралы.
16-бап
1. Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге қол қою туралы Хаттаманың Келісімнің өзі сияқты күші, маңызы және қолданыс мерзімі болады.
2. Қол қою туралы Хаттамаға енгізілген және 12-бапқа сәйкес жасалған ескертпелерден өзге осы Келісімге басқа қандай да бір ескертпелер жасауға жол берілмейді.
17-бап
1957 жылғы 15 желтоқсаннан кейін осы Келісімнің түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады, ол куәландырылған көшірмелерін 6-баптың 1-тармағында көрсетілген елдердің әрқайсысына жолдайды.
Осыны куәландыру үшін, тиісті түрде уәкілеттендірілген төменде қол қоюшылар, осы Келісімге қол қойды.
Женевада мың тоғыз жүз елу жетінші жылғы отызыншы қыркүйекте бір данада Жасалды; Келісімнің өзінің мәтіні - ағылшын және француз тілдерінде және қосымшаларының мәтіні француз тілінде жасалды және де Келісімнің өзінің екі мәтінінің де құқықтық күші бірдей.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына қосымшалардың ағылшын тіліне ресми аудармасын қамтамасыз ету және бұл аударманы осы Келісімнің 17-бабында көзделген куәландырылған көшірмелерге қоса тіркеу ұсынылады.
Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы
Еуропалық Келісімге (ҚЖХЖТ)
қол қою туралы хаттама
Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келісімге (ҚЖХЖТ) қол қою сәтінде тиісті түрде уәкілеттендірілген төменде қол қоюшылар:
1. Құрама Корольдікке әкелу немесе осы елден шығару кезінде қауіпті жүктерді теңіз жолымен тасымалдау шарттары ҚЖХЖТ-ның А-қосымшасында айтылатын шарттардан елеулі айырмашылығы бар және таяу болашақта ҚЖХЖТ шарттарымен бір ізге түсіру үшін оларды өзгерту мүмкін емес деп есептей отырып,
Құрама Корольдік А-қосымшасына түзету түрінде оған құрлық пен Құрама Корольдік арасында қауіпті жүктерді жолмен және теңізбен тасымалдау кезінде қолданылатын айрықша ережелері бар айрықша қосымша ұсынуға міндеттеме алғанын Назарға ала отырып,
Осы айрықша қосымша күшіне енгенге дейін ҚЖХЖТ-ны қолдану тәртібінде жүргізілетін қауіпті жүктерді тасымалдау Құрама Корольдікке әкелу немесе осы елден шығару кезінде ҚЖХЖТ-ның А-қосымшасының ережелерін және, сонымен қатар, Құрама Корольдікте қауіпті жүктерді теңіз жолымен тасымалдауға қатысты қолданылатын нұсқамаларды қанағаттандыруы тиіс деп шешеді;
2. Француз Республикасының үкіметі, 4-баптың 2-тармағынан бас тарту ретінде, екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында пайдаланылатын көлік құралдарына, олардың пайдалануға берілген уақытына қарамастан, егер осы көлік құралдары осындай тасымал үшін В-қосымшасында көзделген талаптарды не болмаса қауіпті жүктердің жол тасымалының француздық ережелерінде көрсетілген жүктерді тасымалдау үшін қолданылатын шарттарды қанағаттандыратын жағдайда ғана француз аумағында қауіпті жүктерді тасымалдауды жүргізуге рұқсат беру құқығын өзінде қалдыратыны туралы Францияның өкілі жасаған мәлімдемені Мәлімет ретінде қабылдайды;
3. Осы Келісімге немесе оның қосымшаларына түзету енгізу туралы 14-баптың 1-тармағына немесе 13-баптың 2-тармағына сәйкес жасалған ұсыныстар, мүмкіндігінше, Уағдаласушы Тараптардың сарапшыларының кеңесінде, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, Келісімнің 6-бабының 1-тармағында аталған басқа елдердің де және Келісімнің 14-бабының 5-тармағында көрсетілген халықаралық ұйымдардың да сарапшыларымен алдын ала талқылануын ұсынады.