Лондонда 2006 жылғы 22 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім
Бұдан әрі»"Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі,
жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеуге және дамытуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Қолданылу саласы және айқындамалар
1. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын реттейді.
2. Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
1. "Тасымалдаушы" термині Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген және ұлттық заңнамаға сәйкес осы мемлекетте жалға немесе сыйақыға, немесе өз есебінен жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етілген жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.
2. "Жолаушы автокөлік құралы" термині өзінің конструкциясы мен дизайны бойынша жолаушыларды автомобильмен тасымалдауға жарамды әрі соған арналған және жүргізушінің орнын қоса алғанда, тоғыздан астам отырғызу орны, механикалық жетегі бар кез келген автокөлік құралын білдіреді.
3. "Жүк автокөлік құралы" термині конструкциясы мен дизайны бойынша жүктің автомобиль тасымалына жарамды және соған арналған, механикалық жетегі бар кез келген автокөлік құралын білдіреді.
4. "Аумақ" термині:
Қазақстан Республикасына қатысты - Қазақстан Республикасының аумағын;
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіне қатысты - Англияны, Уэльсті, Шотландияны және Солтүстік Ирландияны білдіреді.
5. Осы Келісімнің ережелерін орындау мақсатында:
Қазақстан Республикасы Үкіметінен - Көлік және коммуникация министрлігі;
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Үкіметінен - Англияға, Уэльске және Шотландияға қатысты - Көлік департаменті; Солтүстік Ирландияға қатысты - Солтүстік Ирландиядағы Қоршаған орта департаменті құзыретті органдар болып табылады.
Жолаушы тасымалдары
1. Жолаушы автокөлік құралдарымен тұрақты тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өзара келісімі бойынша беріледі. Әрбір Тараптың құзыретті органдары бағыттың өз мемлекетінің аумағы арқылы өтетін бөлігіне рұқсат береді. Рұқсат бір күнтізбелік жылға беріледі.
2. Жолаушы автокөлік құралының бортына жолаушылардың алынуы немесе одан түсірілуі мүмкін алдын ала белгіленген аялдау пункттерін қоса алғанда, алдын ала белгіленген және жарияланған кестеге, жол жүру ақысы тарифтеріне және тасымалдау шарттарына сәйкес белгіленген бағытқа қандай да бір өзгерістер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының арасындағы келісім бойынша енгізілуі мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген рұқсаттар мыналар үшін талап етілмейді:
а) "жабық есік кезіндегі тасымалдар": яғни, бір құрамның бір ғана жолаушылар тобын тасымалдау үшін бүкіл сапар бойы және оларды жөнелткен орнына жеткізу үшін бір ғана көлік құралы пайдаланылатын тасымалдар;
b) "бос қайту тасымалдары": яғни, жолаушылар тобы екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болуы үшін және осы аумақтан бос кететін автокөлік құралымен немесе осы тармақтың с) тармақшасында көзделген тасымалдау шарттары бойынша тасымалдау;
с) "бос кіру тасымалдары": яғни, жолаушы автокөлік құралы екінші Тарап мемлекетінің аумағына бос кіруі үшін немесе осы тармақтың b) тармақшасында көзделген тасымалдау шарттары бойынша пайдаланылатын және тасымалдаушы рұқсат етілген аумаққа мынадай:
екінші Тарап мемлекетінің аумағына осы тасымалдаушы бұрын әкелген;
осындай тасымалдауға дейін тасымалдаушы рұқсат етілген Тарап мемлекетінің аумағына екі сапарға алдын ала келісім-шарт жасасқан жолаушылардың тобын тасымалдайтын жолаушы автокөлік құралының тасымалдары;
d) екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы үшінші елге немесе үшінші елден жол жүру барысында бос жолаушы көлік құралының транзиттік сапары;
е) істен шыққан жолаушы көлік құралын жарамды жолаушы автокөлік құралымен ауыстыру.
Жүк тасымалы
1. Әрбір Тарап мемлекеттерінің тасымалдаушыларына Тараптар мемлекеттерінің арасында, олардың аумақтары бойынша немесе олардың аумақтары арқылы жүк тасымалдарын орындау үшін, сондай-ақ тіркемесі бар/жоқ автокөлік құралдарымен немесе жартылай тіркемесі бар тартқыштармен үшінші елдің аумағындағы кез келген пунктке тасымалдарды орындау үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсаттар береді.
2. Рұқсатты тек ол берілген тасымалдаушы ғана пайдаланады, оны үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
3. Рұқсаттардың нысаны немесе нысандары және рұқсат беру жүйесін қолдануға қатысты әкімшілік рәсімдер жөніндегі кез келген басқа да мәселелер осы Келісімнің 12-бабының ережелерінде көзделген Бірлескен комиссиямен келісіледі.
4. Бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдары сұрау салу бойынша жүк тасымалдарына арналған рұқсат бланкілерінің тиісті санын екіншісіне жібереді. Рұқсат бланкілерінде оларды берген құзыретті органдардың мөрі мен қолы болуы тиіс.
5. Құзыретті органдар осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне сәйкес рұқсаттардан өзара босату туралы немесе квоталар туралы уағдаласуы мүмкін.
1. Осы Келісімнің 4-бабында аталған рұқсаттар:
а) тек қана жарнамаға, білім беруге, жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған заттарды немесе материалдарды;
b) театр, музыка, кинематография, спорттық немесе діни іс-шараларға арналған немесе радиохабарларды жазуға, кино немесе телевизиялық фильмдерді түсіруге арналған жабдықтар мен керек-жарақтарды;
с) цирк немесе спорттық іс-шараларға арналған жануарларды;
d) зақымданған немесе істен шыққан автокөлік құралдарын;
е) мәйіттерді, қайтыс болғандардың күлі салынған сауыттарды;
f) тіркеменің рұқсат етілген толық салмағын қоса алғанда, рұқсат етілген толық салмағы алты тоннадан аспайтын немесе тіркеменің пайдалы жүктемесін қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктемесі үш жарым тоннадан аспайтын автокөлік құралымен жүктерді;
g) дәрі-дәрмектерді, медициналық жабдықтар мен жарақтарды, сондай-ақ шұғыл көмек көрсетуге арналған (әсіресе, дүлей зілзалалар кезінде) басқа да заттарды;
h) пошта жөнелтілімдерін;
і) қайырымдылық жүктерін тасымалдау үшін талап етілмейді.
2. Осы баптың 1-тармағының а), b) және с) тармақшаларында көзделген рұқсаттардан босатулар, оларда көрсетілген заттарды кері әкеткен немесе кейіннен үшінші елдерге тасымалдаған жағдайларда ғана қолданылады.
3. Жасаушы зауыттан жаңа автокөлік құралдарын жеткізу үшін, егер олар Тараптар мемлекеттерінің біріндегі жұмысқа арналған болса, рұқсат талап етілмейді.
4. Бірлескен комиссия тасымалдардың басқа да түрлерін рұқсат беру жүйесінен босату туралы бастамашылық жасауы мүмкін.
1. Ең үлкен салмағы, оське түсетін жүктемесі немесе көлемдері тіркеу құжаттарында көрсетілген немесе болу елінде қолданылатын шектеулерден асатын автокөлік құралымен жүк тасымалдау Тараптың құзыретті органынан алдын ала берілген арнайы рұқсат болған жағдайда жасалуы мүмкін.
2. Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағы бойынша екінші Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген автокөлік құралымен қауіпті жүктерді тасымалдаған жағдайда, аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптың құзыретті органдары берген арнайы рұқсат талап етілуі мүмкін.
Жалпы ережелер
1. Бір Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген және екінші Тарап мемлекетінің аумағына уақытша кіретін жүк автокөлік құралдары мен жолаушы автокөлік құралдары жолдарды пайдаланғандары немесе автокөлік құралын иеленгені үшін алынатын салықтар мен алымдардан, сондай-ақ екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырылатын көліктік қызметтерге салынатын салықтар мен алымдардан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында айтылған босату Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының аумағында, осындай автокөлік құралдарының осындай аумаққа импорттық баждар мен импорттық салықтарды төлемей уақытша бажсыз кіруіне қатысты ұлттық заңнама ережелерінің осы аумақта орындалуы шартымен ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағында айтылған босату жанармайдың бағасына енгізілген салықтар мен алымдарға немесе белгілі бір көпірлерді, туннельдерді, паромдарды, жолдарды, жол бөліктерін немесе жол сыныптарын пайдаланғаны үшін салынатын баждар мен алынатын алымдарға қолданылмайды.
4. Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағына кірген кезде кедендік шарттылықтар үшін алымдар мен баждар төлеуден, кіру үшін алынатын салықтардан мыналар босатылады:
1) автокөлік құралында қозғалтқыштың отындық жүйесімен техникалық және құрылымдық байланысқан негізгі немесе стандарттық шығыс бағындағы жанармай;
2) тасымалдау уақытында қалыпты жұмыс пен техникалық қызмет көрсету үшін автокөлік құралының бортында жеткілікті мөлшерде болатын жанар-жағармай материалдары мен сұйықтық;
3) автокөлік құралдарына қызмет көрсетуге арналған, сынған жағдайда осы Келісімнің шеңберінде пайдаланылатын қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер кері әкетіледі, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер кері шығарылады немесе жойылады немесе оларға тиісті Тарап мемлекеттерінің аумағында белгіленген ережелерге сәйкес шара қолданылады.
"Каботаж", бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушысы екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы екі пункттің арасында жүзеге асыратын жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға тыйым салынады.
9-бап
Ұлттық заңнаманың сақталуы
1. Осы Келісімге сәйкес жолаушылар мен жүктердің тасымалын жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілері мен экипаждары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезде осы аумақта автомобиль көлігіне және жол қозғалысына қатысты қолданылып жүрген ұлттық заңнаманы сақтауы тиіс.
2. Тараптар мемлекеттерінің бір де біреуі екінші Тарап мемлекетінің жолаушы және жүк автокөлік құралдарына олардың өздерінің автокөлік құралдарына ұлттық заңнама бойынша қолданылатыннан артық шектеу талаптарын ұсынуға тиіс емес.
1. Бір Тарап мемлекетінің автокөлік құралдары немесе жүргізушілері екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған кезде осы Келісімнің ережелерін бұзған жағдайда, аумағында бұзушылық болған Тарап мемлекетінің құзыретті органдары осы Тарап мемлекетінің соттары немесе құқық қорғау органдары қолдануы мүмкін кез келген құқықтық санкцияларға құқықты өзіне қалдыра отырып, екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органдарынан мынадай іс-қимылдарды қабылдауды талап ете алады:
а) тасымалдаушы-тәртіп бұзушыға ескерту жасау;
b) екінші қайтара бұзу осы тасымалдаушы иелік ететін немесе басқаратын автокөлік құралының бұзушылық болған Тарап мемлекетінің аумағына тасымалдарды жүзеге асыру құқығынан уақытша, ішінара немесе тұрақты айрылуына әкелетіні туралы хабарлама арқылы ескерту жасау;
с) осындай құқықтан айрылғаны туралы хабарлау.
2. Құзыретті органдар осы Келісімнің 1-тармағының ережелеріне сәйкес қабылданған кез келген іс-қимылдар туралы бір-бірін мүмкіндігінше тезірек хабардар етеді.
Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес талап етілетін рұқсаттар мен басқа да құжаттар олар тиесілі жолаушы немесе жүк автокөлік құралдарының бортында болады және кез келген Тарап мемлекетінің аумағында оларды талап етуге уәкілетті кез келген тұлғаның талап етуі бойынша ұсынылады.
Қорытынды ережелер
Осы Келісімнің орындалуын қадағалау үшін және оны орындау барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Бірлескен комиссия құрады.
13-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісімнің күшіне енуі, қолданылу
мерзімі және оның қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар бойынша соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім Тараптардың бірі өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлаған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
Осыны растау үшін, өз Тараптары осыған тиісті түрде өкілеттік берген төменде қол қоюшылар, осы Келісімге қол қойды.
2006 жылғы 22 қарашада Лондон қаласында, әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және
Үкіметі үшін Солтүстік Ирландия Құрама
Корольдігінің Үкіметі үшін
Осымен 2006 жылғы 22 қарашада Лондон қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы Келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы