1954 жылғы 19 желтоқсанда Парижде жасалған Еуропа мәдени конвенциясы ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Еуропа мәдени конвенциясы
(2010 жылғы 5 наурызда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Париж, 1954 жылғы 19 желтоқсан
Осы Конвенцияға қол қойған Еуропа Кеңесіне мүше үкіметтер
Еуропалық Кеңестің мақсаты басқаларымен қатар өздерінің ортақ игілігі болып табылатын мұраттар мен принциптерді қорғау және жүзеге асыру мақсатында өз мүшелерінің арасында мызғымас бірлікке қол жеткізу болып табылады деп есептей отырып,
Еуропа халықтарының арасындағы өзара түсіністікті тереңдету осы мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді деп есептей отырып,
осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Кеңес мүшелерінің арасында екі жақты мәдени конвенциялар жасасып қана қоймай, сонымен қатар Еуропа мәдениетін дамытуды қорғауға және ынталандыруға бағытталған ортақ іс-қимыл саясатын ұстанған жөн деп есептей отырып,
барлық мүше мемлекеттер мен оған қосылуы мүмкін осындай басқа еуропалық мемлекеттер азаматтарының басқа елдердің тілдерін, тарихы мен мәдениетін және олардың барлығы үшін ортақ мәдениетті зерделеуі үшін жәрдемдесуге бағытталған ортақ Еуропа мәдени конвенциясын жасасуға шешім қабылдай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап Еуропаның ортақ мәдени игілігіне қосқан өзінің ұлттық үлесін дамытуды қорғау және ынталандыру үшін тиісті шаралар қабылдайды.
2-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап мүмкіндігіне қарай:
а) өз азаматтарының басқа Уағдаласушы Тараптардың тілдерін, тарихын және мәдениетін зерделеуін ынталандырады және осы Тараптарға өз аумағында осындай зерделеуге ықпал ету үшін тиісті мүмкіндіктер береді, сондай-ақ
b) басқа Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында өз тілін немесе тілдерді, тарихты және мәдениетті зерделеуді ынталандыруға ұмтылады және осы Тараптардың азаматтарына өзінің аумағында осындай зерделеу жүргізуге мүмкіндіктер береді.
3-бап
Уағдаласушы Тараптар Еуропа үшін қызығушылық тудыратын мәдени іс-шараларды көтермелеу жөніндегі өздерінің іс-қимылдарын келісу мақсатында Еуропа Кеңесі шеңберінде өзара консультациялар өткізеді.
4-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап мүмкіндігіне қарай, 2 және 3-баптардың ережелерін жүзеге асыру мақсатында адамдардың, сондай-ақ мәдени құндылығы бар заттардың қозғалысына және олармен алмасуға жәрдем көрсетеді.
5-бап
Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің бақылауына берілген Еуропа үшін мәдени құндылығы бар затты Еуропаның ортақ мәдени игілігінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады, оларды қорғау үшін тиісті шаралар қабылдайды және оларға ақылға сыйымды қол жеткізілуін қамтамасыз етеді.
6-бап
1. Осы Конвенцияның ережелерін қолдану бойынша және оларды түсіндіруге қатысты мәселелер бойынша ұсыныстар Еуропа Кеңесінің Мәдениет мәселелері жөніндегі сарапшылар комитетінің кеңестерінде қаралады.
2. Еуропа Кеңесіне мүше болып табылмайтын, 9-баптың 4-тармағының ережелеріне сәйкес осы Конвенцияға қосылған кез келген мемлекет алдыңғы тармақта көзделген кеңестерге қатысу үшін өкілін немесе өкілдерін тағайындай алады.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген кеңестерде жасалған қорытындылар қосымша шығыстарға алып келмейтін әкімшілік сипаттағы мәселелерге жатқызылатындар ретінде Мәдениет мәселелері жөніндегі сарапшылар комитетінің құзыретіндегі шешімдер болып табылмаса, олар Еуропа Кеңесінің Министрлер комитетіне ұсынымдар нысанында беріледі.
4. Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Конвенцияға қатысты Министрлер комитеті немесе Мәдениет мәселелері жөніндегі сарапшылар комитеті қабылдауы мүмкін кез келген шешімдерді Кеңес мүшелеріне және осы Конвенцияға қосылған кез келген мемлекеттің үкіметіне жолдайды.
5. Әрбір Уағдаласушы Тарап Министрлер комитетінің немесе Мәдениет мәселелері жөніндегі сарапшылар комитетінің шешімдеріне сәйкес осы Конвенцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында өзі қабылдауы мүмкін кез келген іс-қимыл туралы Еуропа Кеңесінің Бас хатшысына уақтылы хабарлайды.
6. Егер осы Конвенцияны қолдануға қатысты қандай да бір ұсыныстар тек айтылған Тараптардың белгілі бір саны үшін ғана қызығушылық туғызса, оларды жүзеге асыру Еуропа Кеңесі үшін шығыстарға әкеліп соқпайды деген шартпен мұндай ұсыныстар 7-баптың ережелеріне сәйкес неғұрлым мұқият қаралуы мүмкін.
7-бап
Егер екі немесе одан да көп Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ету үшін Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде 6-баптың 1-тармағында көрсетілгендерден бөлек, басқа кеңестер ұйымдастыруды қалайтын болса, Кеңестің Бас Хатшысы оларға қажет болуы мүмкін әкімшілік көмек көрсетеді.
8-бап
Осы Конвенциядағы ештеңе:
а) Уағдаласушы Тараптардың қайсыбірі қол қоюы мүмкін қолданыстағы кез келген екі жақты мәдени конвенцияның ережелерін немесе Уағдаласушы Тараптардың қайсы бірінің кез келген осындай басқа конвенция жасасуының орындылығын төмендететіндей, немесе
b) шетелдіктердің келуіне, болуына және кетуіне қатысты кез келген Уағдаласушы Тараптың аумағында қолданылатын заңдар мен ережелерді кез келген адамның сақтауы міндеттемесін қозғайтын ретінде қарастырыла алмайды.
9-бап
1. Осы Конвенция Еуропа Кеңесі мүшелерінің қол қоюы үшін ашық. Ол ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталары Еуропа Кеңесінің Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
2. Конвенцияға қол қойған үш үкімет ратификациялау грамоталарын сақтауға тапсырғаннан кейін осы Конвенция аталған үкіметтер үшін күшіне енеді.
3. Конвенцияға қол қойған және кейіннен оны ратификациялаған әрбір үкіметке қатысты Конвенция оның ратификациялау грамотасы сақтауға тапсырылған күні күшіне енеді.
4. Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті Кеңестің мүшесі болып табылмайтын Еуропалық кез келген мемлекетті өзі қажет деп санайтын шарттарда осы Конвенцияға қосылуға шақыру жөнінде бірауыздан шешім қабылдай алады. Осылайша шақырылған кез келген мемлекет өзінің қосылу туралы құжатын Еуропа Кеңесінің Бас хатшысына сақтауға тапсыру жолымен Конвенцияға қосыла алады. Осындай қосылу көрсетілген құжат алынған күні күшіне енеді.
5. Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Кеңестің барлық мүшелеріне және қосылған кез келген мемлекеттерге барлық ратификациялау грамоталары мен қосылу туралы құжаттарды сақтауға тапсыру туралы хабарлайды.
10-бап
Кез келген Уағдаласушы Тарап Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысына өтініш жолдау арқылы осы Конвенцияның ережелері қолданылатын аумақтарды көрсете алады, Кеңестің Бас хатшысы өтінішті барлық басқа Уағдаласушы Тараптарға таратады.
11-бап
1. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Конвенция бес жыл бойы қолданылғаннан кейін кез келген уақытта басқа Уағдаласушы Тараптарды осы туралы хабардар ететін Еуропа Кеңесінің Бас хатшысының атына жазбаша нысанда хабарлама жіберу арқылы оның күшін жоя алады.
2. Тиісті Уағдаласушы Тарап үшін мұндай күшін жою Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.
Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті Үкіметтері тиісті дәрежеде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
Парижде бір мың тоғыз жүз елу төртінші жылғы он тоғызыншы желтоқсанда, ағылшын және француз тілдерінде Еуропа Кеңесінің мұрағатында сақталатын бір данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар. Бас хатшы Конвенцияның куәландырылған көшірмелерін оған қол қойған немесе қосылған үкіметтердің әрқайсысына жөнелтеді.
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Конвенцияның мәтіні ағылшын және француз тілдерінде берілген.