2009 жылғы 22 қазанда Анкарада жасалған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Бейресми аударма
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне ілтипатын білдіреді және Елшіліктің 2010 жылғы 8 қыркүйектегі № 31/1422 нотасына жауап ретінде 2009 жылы 22 қазанда Анкарада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың қазақ тіліндегі мәтініне қазақстандық тараптың енгізген өзгерістерін қабылдайтындығын хабарлауды мәртебе санайды. Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Елшілігіне өзінің ілтипатын тағы да қуаттайды.
Анкара, 2010 жылғы 23 қыркүйек
Қазақстан Республикасының Елшілігі
Анкара
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы
арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы
шарт
(2011 жылғы 9 қазанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне, халықаралық құқықтың бейбітшілікті, қауіпсіздікті қолдауға және достық қарым-қатынасты дамытуға қатысты жалпыға бірдей танылған басқа да принциптері мен нормаларына өздерінің адалдықтарын растай отырып,
1994 жылғы 17 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа өздерінің адалдықтарын растай отырып және оны екі мемлекет пен олардың халқының жан-жақты байланыстары мен өзара іс-қимылын қазір және кейіннен дамыту мен тереңдетудің мызғымас құқықтық негізі ретінде қарай отырып,
екі жақты, өңірлік және жаһандық ауқымда жалпы әлемдік құндылықтар мен мұраттарды бөлісе отырып,
XXI ғасыр ұсынатын қыр көрсетулер мәселелері бойынша өзара іс-қимыл, сондай-ақ туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы әрекет өңірде және бүкіл әлемде бейбітшілікті, тұрақтылықты және өркендеуді қамтамасыз ету ісіне үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенім білдіре отырып,
біздің елдер орналасқан еуразия кеңістігінің жаһандық бейбітшілік, тұрақтылықты және өркендеуді қамтамасыз етуді, демократия мен негізгі бостандықтарды дамытуды, экономикалық дамуды және энергетикалық ресурстар мен оларды жеткізу дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, өркениеттер арасындағы диалогты және төзімділікті одан әрі дамытуды қоса алғанда, бүкіл адамзаттың болашағы тұрғысынан басты рөл атқаратынын, сондай-ақ өңірде жан-жақты ынтымақтасу үшін мүмкіндіктердің бар екенін назарға ала отырып,
Еуропа мен Азия арасындағы өзгеше көпір рөлін атқаратын және ортақ тамырлары, тілі, мәдениеті мен тарихы арқылы байланысып жатқан түркі тілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бауырлас мемлекеттер мен бүкіл өңір игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдіре отырып, сондай-ақ осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысы қолдай отырып,
сауданы және инвестицияларды кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы екі мемлекеттің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету қажет деп санай отырып,
екі мемлекеттің энергетика саласындағы өзара іс-қимылының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап көрсете отырып,
өзара қызығушылық тудыратын барлық салаларда, ең алдымен саяси, экономикалық, қорғаныс, мәдени, ғылыми-техникалық, білім беру, экологиялық, ақпараттық салаларда және денсаулық сақтауда бірлескен және үйлестірілген қызметті жүзеге асыру мақсатында,
қазіргі қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығару қажеттігін жалпы пайымдау шеңберінде,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Тараптар өздерінің қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде құрады.
2-бап
Тараптар саясат, экономика, қорғаныс, мәдениет, ғылым және білім беру салаларын ынтымақтастықтың басым салалары ретінде айқындай отырып, өзара іс-қимылдың барлық мәселелері бойынша, оның ішінде тұрақты сапарларды ұйымдастыру жолымен консультациялық тетіктерді дамытады.
Тараптар халықаралық өзекті мәселелер бойынша тереңдетілген ынтымақтастықты орнату және ортақ мүдделер шеңберін айқындау мақсатында екі жақты саяси диалогты дамытады.
3-бап
Тараптар еуразиялық өңірде және бүкіл әлемде бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайту, өңір халықтарын өркендету мақсатында екі жақты, өңірлік және халықаралық негіздегі қазіргі ынтымақтастықты тереңдетеді, сондай-ақ жанжалдарды бейбіт түрде реттеуге бірлескен қолдау көрсетеді.
Тараптардың бірінің өтініші бойынша оның аумақтық тұтастығына сыртқы қауіп-қатер туындаған жағдайда консультациялар жүргізіледі.
Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының (ЕҚЫҰ) бітімгершілік рөлін нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ өңірлік жанжалдарды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды.
4-бап
Тараптар өздері бір мезгілде қатысушылары болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастық пен байланыстарды кеңейтеді.
Тараптар ЕҚЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және ынтымақтастықты қолдау мәселелеріндегі рөлін одан әрі күшейтуі мақсатында тұрақты түрде кездесулер ұйымдастыру мен ортақ ұстанымдарды тұжырымдауға ықпал етеді.
5-бап
Тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдарға қосылу мәселелері бойынша бір-біріне жәрдемдеседі, осы ұйымдарға кандидатуралар ұсынған кезде өзара қолдауды қамтамасыз етеді, осы ұйымдардың қызметіне үлесі қосу және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірлескен ұстанымдарды айқындау мақсатында консультациялар өткізеді.
6-бап
Тараптар түркі тілдес мемлекеттердің одан әрі ықпалдасуы жөніндегі өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің табысты жұмыс істеуіне, сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы мен ТҮРКСОЙ қызметінің тиімділігін арттыруға барлық қажетті қолдау көрсетеді.
7-бап
Тараптар конфессияаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті, сыйластықты және төзімділікті дамыту мақсатында қалыптасқан бастамаларға, ең алдымен Өркениеттер альянсы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне жан-жақты қолдау көрсетеді, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдарда нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлескен шаралар қабылдайды.
8-бап
Тараптар заңнаманы жетілдіру және адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарды имплементациялау саласында екі жақты ынтымақтастықты нығайтады.
9-бап
Тараптар жаппай қырып-жою қаруын таратпау, терроризмге, контрабандаға, есірткінің және қару-жарақ саудасының заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, оның ішінде әлем мен халықаралық қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіретін заңсыз көші-қон және адам саудасына қарсы күрес бойынша екі жақты, өңірлік және халықаралық негіздерде ынтымақтасады.
10-бап
Тараптар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге күш-жігерлерін жұмсайды және өздерінің ұлттық заңнамалары мен өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес осы мақсатта қажетті қолайлы жағдайлар жасайды.
Тараптар Қазақстан Республикасында және Түркия Республикасында сауда, экономикалық және қаржылық форумдарды тұрақты түрде өткізуді көтермелейді.
11-бап
Тараптар Еуропа мен Азия арасында өздерінің аумақтары арқылы өтетін, халықаралық сауданы дамыту үшін қажетті шарт болып табылатын жаңа көліктік дәліздерді құру мақсатында бірлескен іс-қимылды жүзеге асырады, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы өзара іс-қимылды күшейтеді.
12-бап
Тараптар қорғаныс және әскери-техникалық салаларда ынтымақтасады.
13-бап
Тараптар энергетика саласындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді.
Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын энергетикалық дәліздерді әртараптандыру және энергетика саласына өзара инвестицияларды ұлғайту мәселелерінде бірлескен іс-қимылды жүзеге асырады. Тараптар энергия үнемдеу, экологиялық тұрғыдан таза отын және жаңғыртылатын энергия көздері салаларына технологиялар беруді көтермелейді.
14-бап
Тараптар банк, қаржы және салық салаларындағы ынтымақтастықты Тараптардың тиісті органдары арасында тиісті келісімдер жасасу, тәжірибе және ақпарат алмасу арқылы дамытады.
15-бап
Тараптар көліктік, телекоммуникациялық және ақпараттық салаларда, сондай-ақ азаматтық авиация саласында өзара іс-қимыл жасайды.
16-бап
Тараптар ғылым және техника, денсаулық сақтау, білім және мәдениет, экология, туризм және спорт салаларында ынтымақтастықты дамытады.
Осы мақсатта олар барлық деңгейде, оның ішінде Тараптардың тиісті органдары арасында өзара іс-қимылды орнату үшін бірлескен жұмысты күшейтеді.
17-бап
Тараптар экономика, ақпараттық технологиялар, инновациялар, сондай-ақ қызметі түркі тілдес мемлекеттердің тарихы мен мәдениетін зерттеуге, ортақ тарихи мұраны сақтап қалуға және түркілердің мәдени мұрасымен әлемдік қоғамдастықты таныстыруға бағытталатын Түркі Академиясын қоса алғанда, білім салаларында мемлекетаралық ғылыми мекемелер құру мақсатында екі жақты және өңірлік деңгейлерде бірлескен жұмысты кеңейтеді.
18-бап
Тараптар жоғарыда көрсетілген баптарда аталған, Тараптардың өзара келісімі бойынша айқындалатын салаларда ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлейді.
19-бап
Осы Шарттың шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шараларды қаржыландыру Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
20-бап
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.
21-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Шарттың 22-бабына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
22-бап
Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап екі ай өткен соң күшіне енеді.
Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
Анкара қаласында 2009 жылғы 22 қазанда әрқайсысы қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін Түркия Республикасы үшін
2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың қазақ тіліндегі түпнұсқасынан аударылған орыс тіліндегі көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Еуропа департаментінің
Басқарма бастығы Ж. Мырзақасымова
2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2010 жылғы 19 тамыздағы № 09-2/4823 және Түркия Республикасы СІМ-нің 2010 жылғы 23 қыркүйектегі № КОАҮ-II/397 ноталарының орыс тіліндегі аудармасы екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Еуропа департаментінің
Орталық және Шығыс Еуропа
Басқармасының Бастығы Ж. Мырзақасымова
2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2010 жылғы 19 тамыздағы № 09-2/4823 және Түркия Республикасы СІМ-нің 2010 жылғы 23 қыркүйектегі № КОАҮ-II/397 ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Шарттың мәтіні түрік және ағылшын тілдерінде берілген.