1980 жылғы 25 қазанда Гаагада жасалған Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенция мынадай: «Қазақстан Республикасы Конвенцияның 42-бабына сәйкес Конвенцияның 26-бабының екінші абзацында көзделген өзінің заң көмегі және консультациялар жүйесі өтей алатыннан басқа, адвокаттардың немесе кеңесшілердің қызметін не сот шығындарын төлеу шығыстарын көтеру міндеттемесіне өзін байланысты деп есептемейді» деген ескертпемен ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ
Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық
аспектілері туралы конвенция
(1980 жылғы 25 қазанда жасалды)
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
балалардың мүдделері – бұл оларға деген қамқорлық ісіндегі ең маңыздысы екеніне кәміл сене отырып,
балаларға халықаралық ауқымда оларды заңсыз алып өтудің немесе күштеп ұстап алудың зиянды салдарынан қорғауды ұсынуға және олар тұрақты тұратын мемлекетке олардың дереу қайтарылуын қамтамасыз ету үшін рәсімдер жасауға, сондай-ақ қол жеткізу құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
бұл мақсатта осы Конвенцияны жасауды ұйғарды және төмендегілер туралы келісті:
I тарау
Конвенцияның қолданылу аясы
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары:
а) Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгеніне заңсыз алып өтілген не Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгенінде күштеп ұсталып отырған балалардың дереу қайтарылуын қамтамасыз ету; және
b) Уағдаласушы мемлекеттің бірінің заңнамасында көзделген қорғаншылыққа және қол жеткізу құқықтарының басқа Уағдаласушы мемлекеттерде тиімді сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
2-бап
Уағдаласушы мемлекеттер өз аумақтарында Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды. Бұл үшін олар өздерінің иелігіндегі ең жедел рәсімдерді пайдаланады.
3-бап
Баланың алып өту немесе күштеп ұстап алу, егер:
а) бұл ретте баланы алып өткенге немесе күштеп ұстап алғанға дейін ол тұрақты тұрған мемлекеттің заңнамасына сәйкес қандай да бір тұлғаға, мекемеге немесе ұжымдық немесе жеке өзге органға тиесілі балаға қамқоршылық құқықтар бұзылса; және
b) алып өткен немесе күштеп ұстап алған кезде бұл құқықтар ұжымдасып немесе жеке түрде тиімді жүзеге асырылса немесе егер алып өту және күштеп ұстап алу болмағанда жүзеге асырылған болса, заңсыз деп қаралады.
а) тармағында айтылған қамқоршылық құқықтары, атап айтқанда, қандай да бір құқықтық актіге сәйкес не сот және әкімшілік биліктердің шешіміне байланысты не осы мемлекеттің заңнамасы бойынша заңдық салдарға әкеп соғатын келісімнің нәтижесінен туындауы мүмкін.
4-бап
Конвенция қандай да бір Уағдаласушы мемлекетте тұрақты тұрған кез келген балаға қамқоршылық немесе қол жеткізу құқықтарын бұзу актісін жасаудың алдында тікелей қолданылады. Бала 16 жасқа толғанда Конвенцияның қолданылуы тоқтатылады.
5-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
a) «қамқоршылық құқықтары» балаға қатысты қандай да бір адамның қамқорлығына жататын құқықтарды және атап айтқанда, баланың тұрғылықты жерін айқындау құқығын қамтиды;
b) «қол жеткізу құқықтары» баланы тұрақты тұратын жерінен өзге жерге шектеулі уақытқа алу құқығын қамтиды.
II тарау
Орталық органдар
6-бап
Уағдаласушы мемлекет осы Конвенция осындай органдарға жүктейтін функцияларды орындау үшін Орталық орган құрады.
Федеративтік мемлекеттер, біреуден көп құқықтық жүйесі бар мемлекеттер немесе құрамына автономдық құрылымдар кіретін мемлекеттер бірнеше Орталық органдар құруға және олардың өкілеттіктерінің аумақтық шектерін айқындауға құқылы. Бірнеше Орталық органдар құрылған жерлерде мемлекет осы мемлекеттегі басқа Орталық органдарға тарату үшін барлық өтініштер мен хабарламалар жіберілуге тиіс Орталық органды тағайындайды.
7-бап
Орталық органдар балаларды дереу қайтаруды қамтамасыз ету және Конвенцияның басқа да мақсаттарына қол жеткізу үшін бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істейді және өз мемлекеттерінің құзыретті биліктері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
Атап айтқанда, тікелей немесе қандай да бір делдал арқылы олар:
а) заңсыз алып өтілген немесе күштеп ұстап алынған бала туралы барлық мән-жайларды ашу;
b) уақытша шараларды қабылдау арқылы балаға одан әрі зиян келтіруді немесе мүдделі тұлғаларға залал келтіруді болдырмау;
с) баланы ерікті түрде қайтарылуын немесе проблемаларды татулықпен шешуге қол жеткізуді қамтамасыз ету;
d) дұрыс деп саналған жерде, баланың әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат алмасу;
е) жалпы сипаттағы, мысалы олардың мемлекеттерінің заңнамасы және Конвенция реттейтін салалар туралы ақпаратты ұсыну;
f) баланы қайтаруға қол жеткізу мақсатында сот немесе әкімшілік рәсімдерге бастама жасау немесе мұндай рәсімдерге ықпал ету және қажет болған жағдайда, қол жеткізу құқығының тиімді жүзеге асырылуын ұйымдастыру;
g) егер мән-жайлар қажет етсе, адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қатысуын қоса алғанда, заң көмегі мен консультациялар беру немесе беруді ұйымдастыру;
h) баланың қауіпсіз қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін ұйымдастырушылық көмек көрсету;
i) осы Конвенцияның қолданылу барысы туралы ақпарат алмасу және мүмкіндігіне қарай қолдануға кедергілерді жою үшін барлық қолайлы шараларды қабылдайды.
III тарау
Балаларды қайтару
8-бап
Бала қамқоршылық құқықтары бұзылып ұрланды немесе күштеп ұстап алынды деп растайтын кез келген адам, мекеме немесе өзге орган баланы қайтаруда көмек көрсету туралы өтінішпен бала тұрақты тұратын мемлекеттің Орталық органына немесе кез келген басқа Уағдаласушы мемлекеттің Орталық органына жүгіне алады.
Өтініште:
а) өтініш берушінің жеке басы туралы, баланың жеке басы туралы және баланың алып өтуде немесе оны күштеп ұстап алуда күдікті болып отырған адамның жеке басы туралы ақпарат;
b) егер мүмкін болса, баланың туған күні, айы, жылы;
с) өтініш берушінің баланы қайтару туралы талабына себеп болған негіздер;
d) бала туралы және болжам бойынша бала соның қолында болуы мүмкін адамның жеке басы туралы қолда бар барлық ақпарат қамтылуға тиіс.
Өтініш:
е) іске қатысты кез келген шешімнің немесе келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесімен;
f) бала тұрақты тұратын мемлекеттің Орталық органы немесе басқа құзыретті органы немесе осы мемлекеттің іске қатысты заңнамасы туралы қандай да бір хабардар адам берген куәлікпен немесе айғақпен;
g) іске қатысты кез келген басқа құжатпен толықтырылуы мүмкін.
9-бап
Егер 8-бапта көзделген өтінішті алған Орталық орган бала басқа Уағдаласушы мемлекетте деп ұйғарым жасауына негіздер болса, ол өтінішті кідіртпестен осы Уағдаласушы мемлекеттің Орталық органына тікелей береді және сұрау салушы Орталық органға немесе өтініш берушіге хабарлайды.
10-бап
Бала тұрып жатқан мемлекеттің Орталық органы баланың ерікті түрде қайтарылуы үшін барлық қолайлы шараларды қабылдайды.
11-бап
Уағдаласушы мемлекеттердің сот және әкімшілік биліктері балаларды қайтару үшін барлық рәсімдерді кідіртпестен жүргізеді.
Егер тиісті сот немесе әкімшілік билік органдары рәсімдер басталғаннан бастап алты ай ішінде ешқандай шешімге қол жеткізбесе, өтініш беруші немесе сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органы өзінің жеке бастамасы бойынша не сұрау салушы мемлекеттің Орталық органының өтініші бойынша өздеріне кешіктірудің себептері туралы түсіндірмелер ұсыну жөнінде өтінуге құқығы бар. Егер жауапты сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органы алса, онда бұл орган жауапты сұрау салушы мемлекеттің Орталық органына не өтініш берушіге табыс етеді.
12-бап
Егер бала 3-бапта көзделгендей, алып өтілсе немесе күштеп ұстап алынса және бала тұрып жатқан Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанцияларында рәсімдер басталғанда заңсыз алып өткен немесе күштеп ұстап алынған күннен бастап бір жылдан аз уақыт өтсе, тиісті инстанциялар баланы дереу қайтару туралы өкім береді.
Сот және әкімшілік инстанциялары, рәсімдер алдыңғы абзацта айтылған бір жылдық мерзім өткеннен кейін басталған жағдайларда да, егер бала өзінің жаңа ортасына толығымен сіңісіп кеткені туралы айғақтар жоқ болғанда ғана, баланы қайтару туралы өкім береді.
Егер сұрау салынатын мемлекеттегі сот немесе әкімшілік инстанцияларының бала басқа мемлекетке әкетілді деп ұйғаруға негіздері болса, олар рәсімдерді тоқтатуы немесе баланы қайтару туралы өтінішті қабылдаудан бас тартуы мүмкін.
13-бап
Алдыңғы баптың ережелеріне қарамастан, сұрау салынатын мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары, егер адам, мекеме немесе өзге де орган:
а) балаға қамқорлық жасауды жүзеге асырған адамның, мекеменің немесе өзге де органның алып өту немесе күштеп ұстап алу кезінде іс жүзінде қамқоршылық құқықтарын жүзеге асырмағанын немесе алып өтуге немесе күштеп ұстап алуға келісім бергендерін не кейіннен алып өтуді немесе күштеп ұстап алуды үнсіз мойындағандарын;
b) баланы қайтару оның денесінің зақымдану немесе психологиялық тұрғыдан зардап шегу қаупіне айтарлықтай тәуекел бар екенін немесе өзге жолмен балаға төзімсіз жағдай туғызатынын дәлелдесе, баланы қайтару туралы өкім беруге міндетті емес.
Сот немесе әкімшілік инстанциялары, егер олар баланың қайтып оралуға қарсы екенін білсе және оның пікірін есепке алмауға болмайтын жасқа және кәмелет деңгейіне жетсе, баланы қайтару туралы өкімнен бас тарта алады.
Осы бапта айтылған мән-жайларды қарастыра отырып, сот және әкімшілік инстанциялары бала тұрақты тұратын елдің Орталық органы ұсынған баланың әлеуметтік тегі туралы ақпаратты назарға алады.
14-бап
3-баптың мағынасында заңсыз алып өту немесе күштеп ұстап алу нақты орын алған-алмағанын анықтай отырып, сұрау салынатын мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары бала тұрақты тұратын мемлекетте формальды мойындалған және мойындалмаған құқық пен сот және әкімшілік шешімдерді осы құқықты дәлелдеудің немесе шетелдік инстанциялардың шешімдерін мойындаудың арнайы рәсімдеріне жүгінбей-ақ, тікелей ескеруі мүмкін.
15-бап
Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары баланы қайтару туралы өкім беруден бұрын, егер бұл мемлекетте мұндай шешімді немесе ұйғарымды алу мүмкін болса, бала тұрақты тұратын мемлекеттің билігінен қандай да бір шешімді немесе Конвенцияның 3-бабының мағынасында заңсыз акт ретінде немесе күштеп ұстап алу ұйғарымы бар өзге де құжатты алуды өтініш берушіден өтінуі мүмкін. Уағдаласушы мемлекеттердің Орталық органдары өтініш берушінің мұндай құжатты алуына жәрдемдеседі.
16-бап
3-баптың мағынасында баланы алып өту немесе күштеп ұстап алу туралы хабар алғаннан кейін аумағына бала алып өтілген немесе аумағында бала күштеп ұсталып отырған Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары осы Конвенцияға сәйкес бала қайтарылмауы тиіс екені айқындалмайынша немесе хабар алғаннан кейін тиісті уақыт кезеңінде өтініш берілмейінше қамқоршылық туралы мәселені мәнісі бойынша шешпейді.
17-бап
Қамқоршылық туралы шешім шығару фактісінің өзі немесе бұл шешімді сұрау салынатын мемлекетте мойындаудың қажеттілігі осы Конвенцияға сәйкес баланы қайтарудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды, бірақ сұрау салынатын мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары осы шешімнің дәлелдемесін Конвенцияны қолдану процесінде назарға алуы мүмкін.
18-бап
Осы тараудың ережелері сот немесе әкімшілік инстанцияларының баланы кез келген уақытта қайтару туралы өкім беру өкілеттіктерін шектемейді.
19-бап
Осы Конвенцияға сәйкес баланы қайтару туралы қабылданған ешқандай шешім қамқоршылық туралы мәселені шешу кезінде істің мәні бойынша ұйғарым ретінде қабылданбауы тиіс.
20-бап
12-баптың мағынасында баланы қайтарудан, егер сұрау салынатын мемлекеттің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауға қатысты негізгі қағидаттары бойынша оған жол берілмейтін болса, бас тартылуы мүмкін.
IV тарау
Қол жеткізу құқықтары
21-бап
Қол жеткізу құқықтарының тиімді жүзеге асырылуын ұйымдастыруды немесе қамтамасыз етуді сұраған өтініш баланы қайтаруды сұраған өтініш сияқты тәртіпте Уағдаласушы мемлекеттердің Орталық органдарына берілуі мүмкін.
Орталық органдар 7-бапта жазылған ынтымақтастық туралы ережелердің арқасында қол жеткізу құқықтарының бейбіт жүзеге асырылуына және осы құқықтарды жүзеге асырудың кез келген шарттарын орындауға жәрдемдесуге міндетті. Орталық органдар мұндай құқықтардың жүзеге асырылуының барлық кедергілерін жою үшін қаншалықты мүмкін болғанша әрекеттер жасайды.
Осы құқықтарды жүзеге асыруды немесе қорғауды ұйымдастыру және оларды сақтау жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Орталық органдар тікелей не делдалдар арқылы рәсімдер қозғауға бастама жасауы немесе қозғау үшін жәрдемдесуі мүмкін.
V тарау
Жалпы ережелер
22-бап
Осы Конвенцияда көзделген сот немесе әкімшілік рәсімдерге арналған шығыстарды төлеуді қамтамасыз етуде ешқандай сақтандыру, бағалы қағаздар немесе депозиттер қажет етілмейді.
23-бап
Осы Конвенцияның ережелерін орындау үшін ешқандай заңдастыру немесе формалдылықтар қажет етілмейді.
24-бап
Кез келген өтініш, хабарлама немесе өзге құжат сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органына түпнұсқа тілінде жіберіледі және сұрау салынатын мемлекеттің ресми тіліне немесе ресми тілдерінің біріне, ал егер бұл мүмкін болмаса, ағылшын немесе француз тілдеріне аудармасымен қоса беріледі.
Алайда, Уағдаласушы мемлекет 42-бапқа сәйкес ескерту жасай отырып, Орталық органға жіберілетін арыздарда, хабарламаларда немесе өзге құжаттарда не ағылшын, не француз тілдерін пайдалануға қарсы болуы мүмкін, бірақ екеуінен де бас тартпауға тиіс.
25-бап
Уағдаласушы мемлекеттердің азаматтары және осы мемлекеттерде тұрақты тұратын адамдар осы Конвенцияның орындалуына байланысты мәселелер бойынша кез келген басқа Уағдаласушы мемлекетте, егер олардың өздері осы мемлекеттердің азаматтары болған немесе оның аумағында тұрақты тұрған жағдайда көрсетілетіндей, заңгерлік көмек және кеңес алуға құқылы.
26-бап
Әрбір Орталық орган осы Конвенцияның қолдану бойынша шығыстарын өздері көтереді.
Уағдаласушы мемлекеттердің Орталық органдары мен басқа да бұқаралық қызметтері осы Конвенцияда көзделген өтініштерге байланысты ешқандай алымдар төлеуді талап етпейді. Атап айтқанда, олар рәсімдерге арналған немесе адвокаттардың немесе кеңесшілердің қатысуынан туындаған шығыстарды өтеуде өтініш берушінің тарапынан ешқандай төлемдер талап ете алмайды. Алайда олар баланы қайтаруға арналған шығыстарды өтеуді талап етуі мүмкін.
Дегенмен, Уағдаласушы мемлекет 42-бапқа сәйкес ескерту жасай отырып, алдыңғы абзацта көзделген, адвокаттардың немесе кеңесшілердің қызметтеріне ақы төлеуге немесе оның заңгерлік көмек және консультациялар жүйесі өтеуі мүмкін шығыстардан басқа, ол сот шығындарына ақы төлеуге арналған шығыстарды көтеруге өзін міндетті деп есептемейтінін мәлімдеуі мүмкін.
Баланы қайтару туралы өкім немесе осы Конвенция бойынша қол жеткізу құқықтарын атқаруға байланысты өкім бере отырып, сот немесе әкімшілік инстанциялары баланы алып өтуде немесе күштеп ұстап алуда кінәлі адамға немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіретін адамға өтініш берушінің атынан қажетті шығыстарды, оның ішінде жол жүру ақысын немесе баланың тұрып жатқан жерін табуға, сондай-ақ өтініш берушінің атынан заңгерлердің әрекеттеріне жұмсалған шығыстарды және баланы қайтаруға жұмсалған шығыстарды жүктей алады.
27-бап
Егер осы Конвенцияның талаптары орындалмағаны немесе өтініш өзгедей түрде жеткіліксіз негізделгені айқын болса, Орталық орган өтінішті қабылдауға міндетті емес. Бұл жағдайда Орталық орган өтініш берушіге немесе сол арқылы өтініш берілген Орталық органға өзінің дәлелдері туралы дереу хабарлайды.
28-бап
Орталық органдарға өтініштің өтініш берушінің атынан әрекет ететін не өкіл тағайындайтын жазбаша сенімхатпен қоса берілуін сұрата алады.
29-бап
Осы Конвенция 3 немесе 21-баптың мағынасында қамқоршылық немесе қол жеткізу құқықтарының бұзылғаны туралы мәлімдеуші ешбір адамның, мекеменің немесе органның осы Конвенцияда көзделгеніне қарамастан, кез келген Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанцияларына тікелей жүгінуіне кедергі келтірмейді.
30-бап
Осы Конвенцияның шарттарына сәйкес Уағдаласушы мемлекеттің Орталық органына немесе тікелей сот немесе әкімшілік инстанцияларына жіберілген кез келген өтінішті Уағдаласушы мемлекеттердің сот немесе әкімшілік инстанциялары оған қоса тіркелген немесе Орталық орган берген құжаттармен немесе өзге ақпаратпен бірге қабылдайды.
31-бап
Балаларға қамқоршылық мәселелерінде әртүрлі аумақтық бірліктерде екі немесе одан да көп құқық жүйесі қолданылатын мемлекетке қатысты:
а) тұрақты тұру осы мемлекеттің аумақтық бірліктерінің бірінде тұрақты тұру ретінде түсініледі;
b) тұратын мемлекеттің заңнамасы бала тұрақты тұратын сол аумақтық бірліктің заңнамасы ретінде түсініледі.
32-бап
Балаларға қамқоршылық мәселелерінде тұлғалардың әртүрлі санаттарына қолданылатын екі немесе одан да көп құқықтық жүйе қолданылатын мемлекетке қатысты бұл мемлекеттің құқығы осы мемлекеттің құқығымен айқындалған құқықтық жүйе ретінде түсініледі.
33-бап
Біртұтас құқық жүйесі бар мемлекет осыны орындауға міндетті болмаған жағдайларда, балаларға қамқоршылыққа қатысты әртүрлі аумақтық бірліктерінде өзіндік құқықтық нормалары бар мемлекет осы Конвенцияны қолдануға міндетті емес.
34-бап
Осы Конвенция реттейтін мәселелерге қатысты болғанда, оның екі Конвенцияға да қатысушылар үшін биліктің өкілеттігіне және жасы кіші адамдарды қорғауға қолданылатын құқыққа қатысты 1961 жылғы 5 қазандағы Конвенциядан күші басым. Басқа жағдайларда осы Конвенция заңсыз орны ауыстырылған немесе күштеп ұсталып отырған баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын ұйымдастыру мақсаттарында шығу мемлекеті мен сұрау салынатын мемлекеттің арасында не сұрау салынатын мемлекеттің басқа құқығынан жоғары қолданылатын ешқандай халықаралық шарттың қолданылуын шектемейді.
35-бап
Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттердің арасында осы мемлекеттер үшін күшіне енгеннен кейін ғана орын алған заңсыз алып өту немесе күштеп ұстап алу актілеріне қатысты қолданыла бастайды.
Егер 39 немесе 40-бап бойынша мәлімдеме жасалса, Уағдаласушы мемлекеттің алдыңғы тармақта көрсетілген еске салуы өздеріне қатысты осы Конвенция қолданылатын аумақтық бірлікке немесе бірліктерге қатысты деп түсіндіріледі.
36-бап
Осы Конвенциядағы ешнәрсе баланы қайтаруға қойылатын шектеулерді тарылту мақсатында екі немесе одан да көп Уағдаласушы мемлекетке мұндай шектеуді қоятын осы Конвенцияның кез келген ережесін орындаудан жалтаруға мүмкіндік беретін келісім жасасуға кедергі келтірмейді.
VI тарау
Қорытынды ережелер
37-бап
Конвенция Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының бұрынғы мүше мемлекеттерінің қол қоюы үшін оның Он төртінші сессиясы кезеңінде ашық болады.
Ол ратификацияланатын, қабылданатын немесе мақұлданатын болады және ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттар Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға беріледі.
38-бап
Кез келген басқа мемлекет Конвенцияға қосыла алады.
Қосылу туралы құжат Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға беріледі.
Қосылған мемлекет үшін Конвенция қосылу туралы құжат сақтауға берілгеннен кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
Қосылу тек қосылған мемлекет пен осы қосылуды өзінің мойындағаны туралы мәлімдеген мемлекеттердің арасындағы қатынастарда ғана күшін сақтайды. Мұндай қосылудан кейін Конвенцияны ратификациялаушы, мақұлдаушы немесе қабылдаушы кез келген қатысушы мемлекеттің тарапынан да осындай мәлімдеме қажет болады. Мұндай мәлімдеме Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға берілуі тиіс; осы министрлік Конвенцияның расталған көшірмесін әрбір Уағдаласушы мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
Конвенция қосылған мемлекет пен өзінің қосылуын мойындағаны туралы мәлімдеген мемлекеттің арасында мойындау туралы мәлімдемені сақтауға бергеннен кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
39-бап
Кез келген мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу кезінде Конвенцияның күші ол халықаралық қатынастарына жауапты болатын бүкіл аумақтарға не бір немесе одан көп осындай аумақтарға қолданылатыны туралы мәлімдеуге құқылы. Мұндай мәлімдеме осы мемлекет үшін Конвенция күшіне енген кезде жарамды болады.
Конвенцияның қолданылуын кейіннен кеңейту туралы кез келген мәлімдеме сияқты осындай мәлімдеме туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс.
40-бап
Егер Уағдаласушы мемлекеттің құрамына осы Конвенция реттейтін мәселелерге қатысты әртүрлі құқықтық жүйелер нормалары қолданылатын екі немесе одан көп аумақтық бірлік кіретін болса, ол қол қою, ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу кезінде Конвенция осы аумақтық бірліктердің барлығында немесе тек олардың біреуінде немесе бірнешеуінде қолданылатын болады деп мәлімдеуі мүмкін және кез келген уақытта басқа мәлімдеме ұсынып, өз мәлімдемесін өзгерте алады.
Кез келген осындай мәлімдеме туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс және онда Конвенция қолданылатын аумақтар дәл көрсетілуі тиіс.
41-бап
Егер қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің басқару жүйесінде атқарушы, сот және заң шығарушы билік органдары осы мемлекеттің ішінде орталық және басқа органдардың арасында бөлінген болса, Конвенцияға қол қою немесе оны ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау немесе оған қосылу немесе 40-баптың мағынасында оның мәлімдемесі осы мемлекеттің ішінде биліктерді бөлу үшін ешқандай салдарға әкеп соқпайды.
42-бап
Кез келген мемлекет ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу сәтінен кешіктірмей не 39 немесе 40-баптардың мағынасында мәлімдеу кезінде 24-бапта және 26-баптың үшінші абзацында көзделген бір немесе екі ескерту жасауға құқылы. Басқа ешқандай ескертулерге жол берілмейді.
Кез келген мемлекет кез келген уақытта өзінің ескертуін кері қайтарып алуы мүмкін. Қайтарып алу туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс.
Ескерту алдыңғы абзацта көрсетілген хабарламадан кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде қолданылуын тоқтатады.
43-бап
Конвенция 37 және 38-баптарда көрсетілген ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы үшінші құжат сақтауға берілгеннен кейінгі үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
Осыдан кейін Конвенция:
1. Конвенцияны ратификациялаушы, қабылдаушы, мақұлдаушы немесе оған қосылушы әрбір мемлекет үшін ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бергеннен кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде;
2. 39 немесе 40-баптарға сәйкес Конвенцияның күші қолданылатын кез келген аумақ немесе аумақтық бірлік үшін осы баптарда көрсетілген хабарламалардан кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
44-бап
Конвенция 43-баптың бірінші абзацына сәйкес күшіне енген күннен кейін, соның ішінде Конвенцияны кейінірек ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған мемлекеттер үшін бес жыл бойы күшінде қалады.
Егер ешқандай күшін жоюлар болмаса, Конвенцияның қолданылуы әрбір бес жылда автоматты түрде қайта жаңартылады.
Кез келген күшін жою туралы кезекті бесжылдық кезең өткенге дейін кем дегенде алты ай бұрын Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс. Күшін жою Конвенцияның күші қолданылатын жекелеген аумақтармен немесе аумақтық бірліктермен шектелуі мүмкін.
Күшін жоюдың ол туралы хабарлаған мемлекетке қатысты ғана күші болады. Конвенция басқа Уағдаласушы мемлекеттер үшін күшінде қалады.
45-бап
Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі Конференцияға қатысушы мемлекеттерге және 38-бапқа сәйкес қосылған мемлекеттерге мыналар:
1. 37-бап бойынша қол қою мен ратификациялау, қабылдау және мақұлдау туралы;
2. 38-бапта көзделген қосылу туралы;
3. 43-бапқа сәйкес Конвенцияның күшіне енетін күні, айы, күні туралы;
4. 39-бап мағынасында Конвенция күшінің қолданылуы туралы;
5. 38 және 40-баптарда көзделген мәлімдемелер туралы;
6. 24-бапта және 26-баптың үшінші абзацында көзделген ескертулер туралы, сондай-ақ 42-баптың мағынасында кері қайтарып алу туралы;
7. 44-бапта көзделген күшін жоюлар туралы хабарлайды.
Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
Гаагада, 1980 жылғы қазанның 25-ші күні ағылшын және француз тілдерінде бір данада жасалды, бұл ретте екі мәтін бірдей тең түпнұсқалы болып табылады, ол Нидерланд Корольдігі Үкіметінің мұрағаттарында сақтауға берілетін болады әрі оның расталған бір көшірмесі дипломатиялық арналар арқылы Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясына мүше мемлекеттердің әрқайсысына оның Он төртінші сессиясы кезінде жіберілетін болады.
1980 жылғы 25 қазанда Гаагада жасалған Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияның куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігінің
Штаб-департаменті
бастығының міндетін атқарушы Д. Халықов
РҚАО-ның ескертпесі! Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.