2013 жылғы 28 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолын реконструкциялау жобасы [«Шымкент – Ташкент» жол учаскесі] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай Халық Республикасы» халықаралық транзит дәлізіне кіреберіс]) ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
ҚАРЫЗДЫҢ НӨМІРІ 2916-KAZ
2013 ЖЫЛҒЫ 28 МАМЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ мен АЗИЯ ДАМУ БАНКІ арасындағы ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(Жай операциялар)
(ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолын реконструкциялау жобасы [«Шымкент – Ташкент» жол учаскесі] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай Халық Республикасы» халықаралық транзит дәлізіне кіреберіс])
KAZ 46145
ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(Жай операциялар)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ («Қарыз алушы») мен АЗИЯ ДАМУ БАНКІ («АДБ») арасындағы 2013 жылғы 28 мамырдағы ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ.
ТӨМЕНДЕГІНІ НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
(А) Қарыз алушы АДБ-ға осы Қарыз туралы келісімге 1-қосымшада сипатталған жобаның мақсатында қарыз алу үшін жүгінді; және
(В) АДБ қарыз алушыға осы құжатта ұсынылған мерзімдер мен шарттарда АДБ-ның жай капитал ресурстарынан қарыз беруге келісті;
ЖОҒАРЫДА ЖАЗЫЛҒАНДЫ ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, осы Келісімнің тараптары мыналар туралы уағдаласты:
I БАП Қарыз беру қағидалары; Анықтамалар
1.01-бөлім. 2001 жылғы 1 шілдедегі АДБ-ның жай капитал ресурстарынан Лондон банкаралық мөлшерлемесі бойынша бөлінетін қарыздарға қолданылатын жай операциялар үшін қарыз беру қағидаларының («Қарыз беру қағидалары») барлық ережелері осымен осы Қарыз туралы келісімге осы Келісімнің мәтінінде жазылғандай күшпен және қолданыста, алайда төмендегі өзгерістерді сақтай отырып, қолданылатын болып есептеледі:
(а) 3.03-бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
Резервке қойғаны үшін комиссия; Кредит
(а) Қарыз алушы қарыздың талап етілмейтін сомасы бойынша резервке қойғаны үшін Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме мен шарттар бойынша комиссия төлейді.
(b) АДБ қарыз алушыға осы Қарыз туралы келісімде көзделген мөлшерлеме бойынша кредит береді, әрі мұндай кредит қарыз мерзімінің соңына дейін тіркелген болып қалады. АДБ қарыз алушының төлеуіне жататын пайыздарға кредиттің сомасын қолданады.
(b) 3.06-бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
Өтеу
(а) Жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спредтің төмендетілетіні туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін АДБ неғұрлым жоғары тіркелген спред қолданылатын, талап етілмеген қарызы бар әрбір қарыз алушыға өтем береді. Өтем сомасы талап етілмеген қарызға қолданылатын тіркелген спред пен жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спред (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) арасындағы айырманы (і) жаңа қарыздарға қолданылатын, неғұрлым төмен тіркелген спред күшіне енген күннен бастап және одан кейін барлық пайыздық кезеңдер ішінде қарыз алушы пайыздарды төлейтін, талап етілмеген қарыздың негізгі сомасына (іі) көбейту жолымен айқындалатын болады.
(b) Қарыздың кез келген валютасына (немесе бекітілген валютаға) қатысты АДБ-ның қаржыландыру құнының маржасын есептеулері кез келген жартыжылдықта оның қаражатын үнемдеуге әкеп соққаны туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін АДБ қарыз алушыға өтем береді. Өтем сомасы (і) қаржыландыру құнының маржасын (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) қарыз алушы қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде пайыздарды төлейтін (іі) қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалады. АДБ қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде қарыз алушының төлеуіне жататын пайыздарға өтем сомасын қолданады.
(с) 3.07-бөлім алып тасталды және төмендегімен ауыстырылды:
Қосымша сома
(а) Жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спредтің ұлғаятыны туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін неғұрлым төмен тіркелген спред қолданылатын, талап етілмейтін қарызы бар әрбір қарыз алушы АДБ-ға қосымша сома төлейді. Қосымша соманың мөлшері (і) жаңа қарыздарға қолданылатын тіркелген спред пен талап етілмейтін қарызға (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) қолданылатын тіркелген спред арасындағы айырманы (іі) қарыз алушы жаңа қарыздарға қолданылатын, неғұрлым жоғары тіркелген спред күшіне енген күннен бастап және одан кейінгі барлық пайыздық кезеңдер ішінде пайыздарды төлейтін талап етілмейтін қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалатын болады.
(b) Қарыздың кез келген валютасына (немесе бекітілген валютаға) қатысты АДБ-ның қаржыландыру құнының маржасын есептеулері кез келген жартыжылдықта өзі шеккен қосымша шығындарға әкеп соққаны туралы АДБ-ның әрбір хабарламасынан кейін қарыз алушы АДБ-ға қосымша сома төлейді. Қосымша соманың мөлшері (і) қаржыландыру құнының маржасын (жылдық пайыздық мән түрінде көрсетілген) (іі) қарыздың негізгі сомасына көбейту жолымен айқындалады, ол бойынша қарыз алушы қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде пайыздарды төлейді. АДБ қосымша сомасының мөлшерін қаржыландыру құнының маржасы есептелген жартыжылдықтан кейін дереу басталатын пайыздық кезең ішінде қарыз алушының төлеуіне жататын пайыздарға қосады.
1.02-бөлім. Қарыз беру қағидаларында анықтама берілген кейбір терминдер, егер осы құжатта анықтамалар берілмесе немесе түпмәтін бойынша өзгеше талап етiлмесе, осы Қарыз туралы келісімде қолданылған әрбір жағдай кезінде оларда жазылған тиiстi мағынаға ие болады. Осы Қарыз туралы келісімде қолданылатын қосымша терминдердің төмендегідей мәндері бар:
(а) «ОАӨЭЫ» Орталық Азия Өңірлік Экономикалық Ынтымақтастықты білдіреді;
(b) «ОАӨЭЫ 3 Дәліз» – Ресей Федерациясын Ауғанстан Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы сияқты елдер арқылы Таяу Шығыспен және Оңтүстік Азиямен қосатын көлік дәлізін білдіреді;
(с) «Консультациялық қызмет көрсетуді тарту жөніндегі нұсқама» Азия Даму Банкінің және оның қарыз алушыларының консультанттарды пайдалану жөніндегі нұсқамасын (2010 жыл, мерзімді түзетулерімен) білдіреді;
(d) «Консультациялық қызмет көрсету» осы Қарыз туралы келісімге 1-қосымшаның 2(b) тармағында сипатталғандай, қарыз қаражатынан қаржыландырылатын қызмет көрсетуді білдіреді;
(е) «ҚОБЖ» АЭБ-ға біріктірілген, жоба бойынша қоршаған ортаны басқару жоспарын оған енгізілетін кез келген өзгерістерді қоса алғанда, білдіреді;
(f) «Қоршаған ортаны қорғау шаралары» ҚШС-ның (егер қолданылса) V тарауында, 1-қосымшасында және 4-қосымшасында жазылған қағидаттар мен талаптарды білдіреді;
(g) «АЭБ» – оған енгізілетін кез келген өзгерістерді қоса алғанда, қарыз алушы дайындап, ұсынған және АДБ мақұлдаған жоба бойынша алдын ала экологиялық бағалауды бiлдiредi;
(h) «Мәжбүрлеп қоныс аударуды қорғау шаралары» ҚШС-ның (егер қолданылса) V тарауында, 2-қосымшасында және 4-қосымшасында жазылған қағидаттар мен талаптарды бiлдiредi;
(i) «Км» төменде айқындалғандай, жобалық жолдағы километрдің саны көрсетілген жерді білдіреді және «км» километрді білдіреді;
(j) «ЖСҚНҚ» қарыз алушы дайындап, ұсынған және АДБ мақұлдаған, оған енгізілетін кез келген өзгерістерді қоса алғанда, жоба үшін жерді сатып алу және қоныс аудару жөніндегі негіздемелік құжатты білдіреді;
(k) «ЖСҚЖ» қарыз алушы дайындап, ұсынған және АДБ мақұлдаған, оған енгізілетін кез келген өзгерістерді қоса алғанда, жоба үшін жерді сатып алу және қоныс аудару жоспарын білдіреді;
(l) «Қарыз қаражатын жұмсау жөніндегі анықтамалық» қарыз қаражатын жұмсау жөнінде АДБ-ның анықтамалығын (2012 жыл, мерзімді түзетулерімен) білдіреді;
(m) «ККМ» қарыз алушының Көлік және коммуникация министрлігін және оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді;
(n) «Облыс» қарыз алушының аумақтық әкімшілік бірлігін білдіреді;
(o) «ЖБН» жоба үшiн 2012 жылғы 22 тамыздағы қарыз алушы мен АДБ арасында келiсiлген, қарыз алушы мен АДБ-ның тиiстi әкiмшiлiк рәсiмдерiне сәйкес кезең сайын жаңартылып отыратын жобаны басқару жөнiндегi нұсқаманы бiлдiредi;
(p) «Сатып алу жөнiндегi нұсқама» АДБ-ның Сатып алу жөнiндегi нұсқамасын (2010 жыл, мерзiмдi түзетулерімен) бiлдiредi;
(q) «Сатып алу жоспары» жоба үшін 2012 жылғы 22 тамыздағы қарыз алушы мен АДБ арасында келісілген, сатып алу жөніндегі нұсқамаға, консультациялық қызмет көрсетуді тарту жөніндегі нұсқамаға және АДБ-мен келісілген басқа да іс-шараларға сәйкес кезең сайын жаңартылып отыратын сатып алу жоспарын білдіреді;
(r) «Жоба жөніндегі атқарушы агенттiк» Қарыз беру қағидаларының мақсаттары үшін және олардың анықтамасы шеңберiнде жобаның орындалуына жауапты ККМ-ны бiлдiредi;
(s) «Жобалық жол» осы Қарыз туралы келісімге 1-қосымшаның 2(а) тармағында неғұрлым толық сипатталғандай, жоба шеңберінде реконструкцияланатын жол учаскесін білдіреді;
(t) «Қорғау шараларын орындау мониторингі жөніндегі есеп» қарыз алушы дайындаған және АДБ-ға ұсынған, кез келген түзету және алдын алу iс-қимылдарын қоса алғанда, іске асырудағы прогресті және ҚОБЖ мен ЖСҚЖ-ға, (егер қолданылса) сәйкестігін сипаттайтын әрбiр есептi бiлдiредi;
(u) «ҚШС» АДБ-ның қорғау шаралары жөніндегі саясатын (2009 жылғы) білдіреді; және
(v) «Жұмыстар» консультациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, бұрғылау немесе картаға түсiру сияқты көрсетілетін қызметтердi және жобаға қатысы бар бiрыңғай мiндеттеменiң не «пайдалануға дайын» құрылысты салуға келiсiмшарттың бiр бөлiгi ретiнде көрсетiлетiн қызметтердi қоса алғанда, қарыз қаражаты есебiнен қаржыландырылатын құрылысты немесе азаматтық-құрылыс жұмыстарын бiлдiредi.
II БАП Қарыз
2.01-бөлім. (а) АДБ қарыз алушыға АДБ-ның жай капитал ресурстарынан бір жүз жиырма бес миллион АҚШ доллары ($ 125,000,000) сомасында қарыз беруге келіседі әрі бұл сома осы Қарыз туралы келісімнің 2.06-бөлімінің ережелеріне сәйкес Валюта Айырбастау жолымен кезең-кезеңімен айырбасталып отыруы мүмкін.
(b) Қарызды негізгі өтеу кезеңін 16 жыл деп және осы бөлімнің (с) тармағында айқындалған жеңілдікті кезеңді болжайды.
(с) Жоғарыда (b) тармағында пайдаланылған «жеңілдікті кезең» деген термин осы Қарыз туралы келісімге 2-қосымшада жазылған өтеу кестесіне сәйкес қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күнінің алдындағы кезеңді білдіреді.
2.02-бөлім. Қарыз алушы АДБ-ға алынған және талап етілмеген қарыздың негізгі сомасына әрбір пайыздық кезеңнің мөлшерлемесі бойынша пайыздар:
(а) ЛИБОР; және
(b) Қарыз беру қағидаларының 3.03-бөліміне сәйкес жылдық 0.20 % кредитті шегере отырып, қарыз беру қағидаларының 3.02-бөліміне сәйкес жылдық 0.60 %-ға тең сомамен төлейтін болады.
2.03-бөлім. Қарыз алушы резервке қойғаны үшін жылдық 0.15 % сомада комиссия төлейді. Бұл комиссия осы Қарыз туралы келісімге қол қойылған күннен кейін алпыс (60) күн өткен күннен бастап қарыздың толық сомасына (кезең сайын алынатын сома шегеріліп) есептеледі.
2.04-бөлім. Пайыздар мен қарыз бойынша басқа да төлемдер жарты жылда бір рет әрбір жылдың 15 желтоқсаны мен 15 маусымында төленуге тиіс.
2.05-бөлім. Қарыз алушы осы Қарыз туралы келісімге 2-қосымшаның ережелеріне сәйкес қарыз шотынан алынған қарыздың негізгі сомасын төлейді.
2.06-бөлім. (а) Қарыз алушы борышты ұтымды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында кез келген уақытта қарыз шарттарының төмендегідей айырбасталуын:
(і) қарыз валютасының алынған және талап етілмеген немесе
алынбаған қарыз сомасын толық немесе оның негізгі сомасының
бір бөлігін бекітілген валютаға өзгертуді;
(іі) алынған және талап етілмеген қарыздың негізгі сомасына
толық немесе ішінара қолданылатын пайыздық мөлшерлеменің
базасын, құбылмалы пайыздық мөлшерлемеден тіркелген
мөлшерлемеге немесе керісінше өзгертуді; және
(ііі) көрсетілген құбылмалы пайыздық мөлшерлеменің ең жоғарғы
немесе ең төменгі деңгейін белгілеу жолымен алынған және
талап етілмеген қарыздың негізгі сомасына толық немесе
ішінара қолданылатын құбылмалы пайыздық мөлшерлемеге
лимиттер белгілеуді сұратуға құқылы.
(b) Осы Бөлімнің (а) тармағына сәйкес сұратылған, АДБ мақұлдаған кез келген айырбастау Қарыз беру қағидаларының 2.01 (6) бөлімінің анықтамасы бойынша «Айырбастау» деп есептелетін болады және ол Қарыз беру қағидаларының V бабының және Айырбастау жөніндегі нұсқаманың ережелеріне сәйкес күшіне енуге тиіс болады.
III БАП Қарыз қаражатын пайдалану
3.01-бөлім. Қарыз алушы жоба бойынша шығындарды қаржыландыруға арналған қарыз қаражатының осы Қарыз туралы келісімнің ережелеріне сәйкес пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
3.02-бөлім. Қарыз қаражаты осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаның ережелеріне сәйкес бөлінуге және алынуға тиіс, бұл ретте қарыз алушы мен АДБ арасындағы келісім бойынша осы қосымшаға кезең сайын өзгерістер енгізуге жол беріледі.
3.03-бөлім. Егер АДБ өзгеше келіспесе, осы Қарыз туралы келісімге 4-қосымшаның ережелеріне сәйкес қарыз алушы шығыстар баптарын қарыз қаражаты есебінен сатып алатын немесе сатып алуды қамтамасыз ететін болады. Қарыз алушы мен АДБ келіскен рәсімдер шеңберінде кез келген мұндай баптар айтарлықтай дәрежеде сатып алынбаған не егер келісімшарттың мерзімдері мен шарттары АДБ-ның талаптарын қанағаттандырмаған жағдайда, АДБ келісімшартты қаржыландырудан бас тартуға құқылы.
3.04-бөлім. АДБ өзгешеге келісуі мүмкін жағдайлардан басқа, қарыз алушы қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын шығыстардың барлық баптары жобаны орындау мақсатында ғана пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
3.05-бөлім. Қарыз беру қағидаларының 9.02-бөлімінің мақсаттары үшін қарызды жабу күні 2016 жылғы 30 маусым не қарыз алушы мен АДБ арасында кезең сайын келісілуі мүмкін осындай басқа бір күн болып есептеледі.
IV БАП Ерекше жағдайлар
4.01-бөлім. (а) Қарыз алушы жобаны тиісті жауапкершілікпен әрі тиімділікпен және ұтымды қолданылатын техникалық, қаржылық, іскерлік практикаға және даму практикасына сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді.
(b) Жобаны іске асыру және жоба объектілерін пайдалану процесінде қарыз алушы осы Қарыз туралы келісімге 5-қосымшада жазылған барлық міндеттемелерді орындайды не олардың орындалуын қамтамасыз етеді.
4.02-бөлім. Қарыз алушы жобаны орындау үшін және жобалау объектілерін пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті құралдарды, объектілерді, көрсетілетін қызметтерді, жер учаскелерін және басқа да ресурстарды қарыз қаражатына қосымша түрде қажеттілігіне қарай уақтылы қамтамасыз етеді.
4.03-бөлім. (а) Қарыз алушы жобаны іске асыру процесінде қолданылатын жағдайларда АДБ үшін қолайлы, қарыз алушы мен АДБ-ның талаптарына сай келетін дәреже мен мерзімде және шарттарда құзыретті және білікті консультанттар мен мердігерлерді жалдауды қамтамасыз етеді.
(b) Қарыз алушы мен АДБ үшін қолданылуға болатын жағдайларда олар үшін қолайлы жоспарларға, жобалық шешімдерге, жұмыс ерекшеліктеріне, кестелеріне және құрылыс әдістеріне сәйкес қарыз алушы жобаны іске асыруды қамтамасыз етеді. Қарыз алушы осы жоспарларды, жобалық шешімдерді, жұмыс ерекшеліктері мен кестелерін, сондай-ақ көрсетілген құжаттарға АДБ негізді түрде талап ететін кейіннен толық деңгейде жасалған кез келген елеулі өзгерістерді олар дайындағаннан кейін дереу береді не олардың АДБ-ға берілуін қамтамасыз етеді.
4.04-бөлім. Қарыз алушы жобаны орындауға және жоба объектілерін пайдалануға қатысты өз ведомстволары мен ұйымдарының барлық іс-қимылдарының ұтымды әкімшілік саясат пен рәсімдерге сәйкес жүргізілуін және үйлестірілуін қамтамасыз етеді.
4.05-бөлім. (а) Қарыз алушы (і) жоба үшін жекелеген шоттардың және жекелеген есептіліктің жүргізілуін; (іі) АДБ үшін қолайлы бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес жоба бойынша жылдық қаржылық есептіліктің дайындалуын; (ііі) АДБ үшін қолайлы аудиттің халықаралық стандарттарына немесе тең ұлттық стандарттарына сәйкес біліктілігі, жұмыс тәжірибесі мен техникалық тапсырмасы АДБ-ның талаптарына сай келетін тәуелсіз аудиторлардың қаржылық есептілігінің жыл сайынғы аудиті өткізілуін; (іv) әрбір осындай аудит шеңберінде аудиторлар есебін (оның ішінде қарыз қаражатын пайдалану туралы аудиторлардың қорытындысын) және басшылыққа хат (егер болса, онда аудит барысында анықталған жобаның ішкі бақылауындағы кемшіліктер жазылады) дайындауды; және (v) әрбір тиісті фискальды жыл аяқталған сәттен бастап алты ай өткеннен кейін кешіктірмейтін мерзімде, аудиттен өткен осындай қаржылық есептердің көшірмелерін, аудит бойынша есепті және басшылыққа хатты ағылшын тілінде, сондай-ақ АДБ-ның мерзімдік негізді талабы бойынша осы құжаттар мен аудитке қатысы бар басқа да ақпаратты АДБ-ға беруді қамтамасыз етеді.
(b) АДБ жоба бойынша аудиттелген жылдық қаржылық есептілікті және қаржылық есептілік туралы аудиторлар қорытындысын АДБ-ның веб-сайтында жариялау арқылы оларды алған күннен бастап 30 күн ішінде жария етеді.
(с) Қарыз алушы АДБ-ның сұрау салуы бойынша, қарыз алушының жоба үшін қаржылық есептерін және оның жобаға қатысы бар қаржылық істерін жоғарыда келтірілген (а) (ііі) тармағына сәйкес тағайындалған аудиторлармен талқылауға АДБ-ға құқық береді және осындай аудиторлардың кез келген өкілдерінің АДБ-ның сұрау салуы бойынша кез келген осындай талқылауға қатысуы үшін өкілеттік береді және оны талап етеді. Егер қарыз алушы өзгеше келіспесе, осындай талқылауды қарыз алушының уәкілетті өкілінің қатысуымен ғана өткізу оның шарты болып табылады.
4.06-бөлім. Қарыз алушы АДБ-ның өкілдеріне жобаны және жұмыстарды, сондай-ақ кез келген тиісті есептер мен құжаттарды инспекциялау құқығын береді.
4.07-бөлім. Қарыз алушы жобаға қатысы бар кез келген объектілердің қолданылып жүрген ұтымды техникалық, қаржылық, іскерлік практикаларға және дамыту, пайдалану және техникалық қызмет көрсету практикаларына сәйкес пайдаланылуын, қызмет көрсетілуін және жөнделуін қамтамасыз етеді.
V БАП Күшіне енуі
5.01-бөлім. Осы Қарыз туралы келісімге қол қойылған күннен соң тоқсан (90) күн өткеннен кейінгі күн Қарыз беру қағидаларының 10.04-бөліміндегі мақсаттар үшін осы Қарыз туралы келісімнің күшіне ену күні болып есептеледі.
VI БАП Өзге де ережелер
6.01-бөлім. Қарыз беру қағидаларының 12.02-бөлімінің мақсаттары үшін қарыз алушының Қаржы министрі қарыз алушының өкілі ретінде болады.
6.02-бөлім. Төмендегі деректемелер Қарыз беру қағидаларының 12.01-бөлімінің мақсаттары үшін көрсетіліп отыр:
Қарыз алушы үшін
Қазақстан Республикасы
Астана, 010000
Жеңіс даңғылы, 11
Қаржы министрлігі
Факс:
+7 (7172)717-785
АДБ үшін
Asian Development Bank
6 ADB Avenue
Mandaluyong City
1550 Metro Manila
Philippines
Факс:
(632) 636-2444
(632) 636-2428.
ЖОҒАРЫДА ЖАЗЫЛҒАНДЫ РАСТАУ үшін осы Келісімнің тараптары атынан олардың уәкілетті өкілдері осы Қарыз туралы келісімге тиісті қол қойылуын, жоғарыда көрсетілген күні мен жылы қол қойылуын және оның АДБ-ның штаб-пәтеріне жеткізілуін қамтамасыз етті.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
___________________________
Болат Жәмішев
Министр
Қаржы министрлігі
АЗИЯ ДАМУ БАНКІ
___________________________
Мэтью Уэстфолл
Уәкілетті өкіл
1-ҚОСЫМША Жобаның сипаттамасы
1. Жобаның мақсаты – Оңтүстік Қазақстан облысындағы ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолының учаскесінде қарыз алушының тиімді көлік желісі.
2. Жоба мынадай құрауыштарды қамтитын болады:
(а) ОАӨЭЫ 3 Дәліз шеңберінде қарыз алушының Шымкент және Ташкент аралығындағы жолдың 705 км және 742 км арасындағы ұзындығы 36,7 км Оңтүстік Қазақстан облысындағы жол учаскесін реконструкциялау; және
(b) құрылысты қадағалаудың және күзет шараларын іске асырудың сыртқы мониторингі жөнінде қызметтер көрсету үшін қолдау.
3. Жоба 2015 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады деп күтіледі.
2-ҚОСЫМША Қарызды өтеу кестесі (ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолын реконструкциялау жобасы
[«Шымкент – Ташкент» жол учаскесі] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай
Халық Республикасы» халықаралық транзит дәлізіне кіреберіс])
1. Төмендегі кестеде қарыздың негізгі сомасын төлеу күндері және қарыздың негізгі сомасын төлеудің әрбір күніне төленуге тиіс қарыздың жалпы негізгі сомасының пайызы көрсетілген (кезекті жарна). Егер қарыз қаражаты қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күнінде толық көлемде алынған болса, онда қарыздың негізгі сомасын төлеудің әрбір күніне қарыз алушы өтеуге тиіс қарыздың негізгі сомасын АДБ: (а) қарыздың негізгі сомасын өтеуге төлемнің бірінші күнінде алынған және талап етілмейтін қарыздың жалпы негізгі сомасын; (b) қарыздың негізгі сомасын өтеуге төлемнің әрбір күні үшін кезекті жарнасына көбейту жолымен айқындалатын болады, бұл ретте мұндай өтеу сомасы валютаны айырбастау қолданылатын осы қосымшаның 4-тармағында сипатталған кез келген сомаларды шегеру қажеттілігі бойынша өзгертілетін болады.
Төлем күні |
Кезекті жарна |
2016 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2017 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2017 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2018 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2018 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2019 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2019 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2020 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2020 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2021 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2021 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2022 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2022 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2023 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2023 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2024 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2024 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2025 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2025 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2026 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2026 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2027 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2027 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2028 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2028 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2029 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2029 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2030 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2030 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2031 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
2031 жылғы 15 желтоқсан |
3.125000 |
2032 жылғы 15 маусым |
3.125000 |
ЖИЫНЫ |
100.000000 |
---|
2. Егер қарыз қаражаты қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің бірінші күнінде толық көлемде алынбаса, онда қарыздың негізгі сомасын өтеу үшін төлемнің әрбір күніне қарыз алушы төлеуге тиіс қарыздың негізгі сомасы мынадай түрде айқындалатын болады:
(а) Қарыз алушы қарыздың негізгі сомасын өтеу үшін төлемнің бірінші күнінде кез келген қарыз қаражаты алынуға тиіс дәрежесінде осы Қосымшаның 1-тармағына сәйкес осы күні алынған және талап етілмеген соманы төлейді.
(b) Қарыздың негізгі сомасын өтеу үшін төлем жүргізілген бірінші күнінен кейін жүргізілген кез келген қаражат алу қарыздың негізгі сомасын (Бастапқы Кезекті жарнаны) өтеуге жоғарыда аталған төлем күні үшін әрбір алу сомасын, алымы осы қосымшаның 1-тармағындағы кестеде көрсетілген бастапқы Кезекті жарнаны және оның бөлгіші осы күнгі немесе одан кейін түсетін қарыздың негізгі сомасын өтеуге төлемдер күні үшін барлық қалған бастапқы кезекті жарналардың сомасын құрайтын бөлшекке көбейту жолымен АДБ айқындаған сомаларда осы алу күнінен кейін түсетін қарыздың негізгі сомасын өтеу төлемінің әрбір күнінде өтелуге тиіс, бұл ретте осы төлем сомалары, оларға валютаны айырбастау қолданылатын осы қосымшаның 4-тармағында көрсетілген кез келген сомаларды шегеру үшін қажет болған кезде өзгеретін болады.
3. Негізгі қарызды өтеу үшін кез келген негізгі өтеу күндері төленуге тиіс, төлем күндерінің кез келгеніне дейінгі күнтізбелік екі айдың ішінде тек қана негізгі соманы есептеу мақсатында жүргізілген қаражат алуларды қаражат алынған күннен кейінгі негізгі қарызды өтеу үшін төленетін төлемнің екінші күні талап етілген және талап етілмеген деп есептеген жөн және қаражат алынған күннен кейінгі екінші күннен бастап осы сома негізгі қарызды өтеу үшін төлем төленетін әрбір күніне төленуге тиіс.
4. Осы қосымшаның 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, валюталар толық көлемде немесе iшiнара алынған қарыздың негiзгi сомасының қаражаты бекiтiлген валютаға айырбасталған кезде айырбастау кезеңi iшiнде қарыздың негiзгi сомасын кез келген өтеу күнiнде өтелуге тиiс жоғарыда аталған бекiтiлген валютаға айырбасталған қаражат сомасын АДБ тiкелей жоғарыда аталған айырбастау алдында ірілендірілген валютадағы бұл соманы не: (i) жоғарыда аталған айырбастауға жататын валюталық хеджирлеу транзакциясы шеңберiнде АДБ-ға төленуге тиiс, көрсетiлген бекiтiлген валютада көрініс табатын негiзгi соманы валюта айырбастау бағамына; не (ii) айырбастау жөнiндегi нұсқамаға сәйкес АДБ-ның шешiмi бойынша белгіленген мөлшерлеме валюталар айырбастау бағамының құрауышына көбейту жолымен айқындалады.
5. Егер алынған және талап етілмеген қарыздың негізгі сомасы қарыздың бірден артық валютасында кезең сайын номиналданса, осы қосымшаның ережелері осы сомалардың әрқайсысы үшін жеке өтеу кестесін әзірлеу мақсатында қарыздың әрбір валютасына номиналданған сомаларға жеке қолданылуға тиіс.
3-ҚОСЫМША Қарыз қаражатын бөлу және алу
Жалпы ережелер
1. Осы қосымшаға қосылған кестеде қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылатын шығыстар баптарының санаттары, сондай-ақ әрбір осындай санат («Кесте») үшін қарыз қаражатын бөлу баяндалады (осы қосымшада айтылған «Санат» деген ұғым кестенің санатына жатады).
Қарыз шотынан қаражат алу үшін негіздеме
2. Егер АДБ-мен өзгеше келісілмесе, қарыз қаражаты Кестеде көрсетілген шығыстар баптарының әрқайсысына алу бойынша пайыздық мәндердің негізінде төленетін болады.
Қайта бөлу
3. Кестеде көрсетілген қарыз қаражатын бөлуге және қаражат алу пайызына қарамастан,
(а) егер кез келген санат үшiн бөлiнген қарыз сомасы осы санаттың келiсiлген барлық шығыстарын қаржыландыру үшiн жеткiлiксiз болып табылса, АДБ қарыз алушыға хабарлау жолымен, (i) басқа санат үшiн бөлiнген және АДБ пiкiрi бойынша басқа шығыстарды қаржыландыруға қажет емес қаражатты есептелген қаражат тапшылығының орнын толтыру үшiн қажеттi деңгейде осы санат үшiн қаражатты қайта бөлуге құқылы, сондай-ақ (ii) егер осы қайта бөлу есептелген тапшылықтың орнын толығымен толтыра алмаса, осы санат үшiн бұдан кейінгі алулар барлық көрсетілген шығыстар өтелгенге дейін осы шығыстар үшiн қаражатты алудың пайыздық мәнін азайтуға; және
(b) егер қандай да бiр санатқа бөлiнген қарыз сомасы осы санаттағы барлық келiсiлген шығыстардан асып түссе, АДБ қарыз алушыға хабарлау арқылы, мұндай артық соманы қандай да бiр басқа санаттың пайдасына қайта бөлуге құқылы.
Қарызды төлеу рәсімдері
4. Егер АДБ-мен өзгеше келiсілмесе, қарыз қаражаты АДБ-ның қарыз қаражатын төлеу жөнiндегi анықтамалығына сәйкес төленуге тиіс.
3-қосымшаға толықтыру
КЕСТЕ
ҚАРЫЗ ҚАРАЖАТЫН БӨЛУ ЖӘНЕ АЛУ (ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолын реконструкциялау жобасы [«Шымкент – Ташкент» жол учаскесі] «Батыс Еуропа – Батыс Қытай Халық Республикасы» халықаралық транзит дәлізіне кіреберіс]) |
|||
---|---|---|---|
САНАТЫ | АДБ ҚАРЖЫЛАНДЫРУЫ | ||
Нөмірі | Атауы | АДБ қаржыландыруы үшін бөлінген жалпы сома $ Санаты | Қарыз шотынан қаражатты алу үшін негіз |
1 |
Жұмыстар |
111,000,000 |
Шығындардың жалпы сұратылатын сомасының 85 %-ы |
2 |
Консультациялық қызмет көрсету |
3,000,000 |
Шығындардың жалпы сұратылатын сомасының 100 %* |
3 |
Бөлінбеген қаражат |
11,000,000 |
|
Жиыны |
125,000,000 |
* Қарыз алушының аумағына енгізілген салықтар мен алымдарды есепке алмағанда.
4-ҚОСЫМША Жұмыстар мен консультациялық қызмет көрсетуді сатып алу
Жалпы ережелер
1. Жұмыстар мен консультациялық қызмет көрсетуді сатып алу сатып алу жөніндегі нұсқамаға және консультанттарды тарту жөніндегі нұсқамаға сәйкес тиісінше орындалуға және бақылануға тиіс.
2. Осы Қосымшада қолданылатын және осы Қарыз туралы келісімде айқындалмаған барлық терминдер қолдануға болатын жерде сатып алу жөніндегі нұсқамаға және/немесе консультанттарды тарту жөніндегі нұсқамаға айқындалады.
Жұмыстар
3. Егер АДБ-мен өзгеше келісілмесе, жұмыстар халықаралық конкурстық сауда-саттық негізінде ғана сатып алынуға тиіс.
4. Басқаны қоспағанда, сатып алу әдісі сатып алу жоспарында көрсетілген егжей-тегжейлі уағдаластықтар мен шекті құнға сәйкес орындалуға тиіс. АДБ-мен алдын ала келісілген кезде ғана қарыз алушы сатып алу әдісін немесе шекті құнды өзгертуге құқылы, бұл ретте өзгерістер сатып алу жоспарына толықтыруларда көрсетілуге тиіс.
Келiсiмшартты беру жөніндегі шарттар
5. Қарыз алушы:
(а) АЭБ-ны қарыз алушының тиiстi органы мақұлдамағанша; және
(b) Қарыз алушы жұмыстарға арналған келiсiмшарттарға ҚОБЖ-ның тиiстi ережелерiн енгiзбегенше, қоршаған ортаға әсерiн тигiзетiн жұмыстарға келiсiмшарттар бермеуге тиiс.
6. Қарыз алушы жоба бойынша егжей-тегжейлі жобалау шешімі негiзiнде (егер талап етілсе) түпкiлiктi ЖСҚЖ-ны дайындағанша және оны АДБ-ға ұсынғанша және осындай ЖСҚЖ-ға АДБ-ның мақұлдауын алғанша, қарыз алушы мәжбүрлеп қоныс аударуды қамтитын жұмыстарға қандай да бір келiсiмшарттарды бермеуге тиiс.
Консультациялық қызмет көрсету
7. Егер АДБ-мен өзгеше келісілмесе және, егер келесі тармақта өзгеше көрсетілмесе, қарыз алушы консультациялық қызмет көрсетуді іріктеу және тарту кезінде сапа және баға негізінде іріктеу әдістерін қолданады.
8. Қарыз алушы аталған консультациялық қызмет көрсетуді іріктеу және тарту кезінде, басқалармен қатар, сатып алу жоспарында сипатталған рәсімдерге сәйкес мынадай әдісті қолданатын болады: күзет шараларының сыртқы мониторингі қызметін көрсетуге тарту үшін ең төмен баға негізінде іріктеу.
Өнеркәсіптік және зияткерлік меншікке құқықтар
9. (а) Қарыз алушы сатып алынатын жұмыстардың (не жеке не басқа тауарлар мен қызмет көрсету құрамында сатып алынған барлық компьютерлiк аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етуді, компьютерлiк жүйелердi қоса алғанда, бiрақ олармен шектелмей) үшiншi тұлғалардың өнеркәсiптiк немесе зияткерлiк меншiкке құқықтарын немесе талаптарын бұзбауын қамтамасыз етеді.
(b) Қарыз алушы жұмыстарды сатып алу жөніндегі келiсiмшарттардың барлығында тиiстi растамалардың, кепiлдiктердiң және, егер қажет болса, осы тармақтың (а) тармақшасында көрсетiлген жағдайларға қатысты мердiгер немесе өнiм берушi тарапынан залалды өтеу кепiлдiктерiнің қамтылуын қамтамасыз етеді.
10. Көрсетілетін консультациялық қызметтер үшiншi тұлғалардың өнеркәсiптiк немесе зияткерлiк меншiкке құқығын немесе талаптарын бұзбайтынына көз жеткiзу үшiн АДБ қаржыландыратын консультанттармен жасалатын барлық келiсiмшарттардың тиiстi растамаларды, кепiлдiктердi және, егер қажет болса, консультанттар тарапынан залалды өтеу кепiлдiгін қамтуын қарыз алушы қамтамасыз етеді.
АДБ-ның сатып алу туралы шешімдерді қарауы
11. Егер қарыз алушы мен АДБ арасында өзгеше келісілмесе және Сатып алу жоспарында көрсетілмесе, халықаралық конкурстық рәсімдерге сәйкес сатып алынатын келісімшарттар және консультациялық қызметтерге арналған келісімшарттар АДБ-ның алдын ала қарауына жатады.
12. Қарыз алушы ең алдымен:
(a) келiсiмшарт бойынша жұмыстарды аяқтауға белгiленген кезеңді кез келген ұзартуды ұсынбастан; немесе
(b) жұмыстарға арналған келiсiмшарттың талаптары бойынша кез келген өзгерiстерге немесе бас тартуға, оның iшiнде төмендегі (с) және (d) тармақтарын негізге ала отырып, өзгерістер туралы кез келген хабарламаларға келiсуді;
(с) жалпы сомада келiсiмшарттың бастапқы бағасын ұлғайтатын жұмыстарға арналған келiсiмшарт шеңберінде өзгерістер туралы кез келген хабарлама беруден бұрын (күмән тудырмау үшiн мұндай жалпы сомада өзгерiстер туралы кез келген алдыңғы немесе бiр мезгiлдiк хабарламалар немесе осындай келісімшарт бойынша өкімдер ескерiлуге тиiс); немесе
(d) келiсiмшарттың бастапқы бағасының 15 %-ынан астам бағасына (не ұлғаю не азаю арқылы) әсер ететін жұмыстарға арналған келiсiмшарт шеңберінде өзгерістер туралы кез келген хабарлама шығарудан бұрын, тіпті, егер өзгерістер туралы мұндай хабарламаның жиынтық әсерi келiсiмшарттың бастапқы бағасын жалпы сомада ұлғайтпаса да, АДБ тарапынан мақұлдануға тиіс. Күмән тудырмау үшiн мұндай жалпы сомада осындай келісімшарт бойынша кез келген алдыңғы немесе бiр мезгiлдiк өзгерiстер туралы хабарламалар немесе өкімдер ескерiлуге тиiс.
13. АДБ бекiтуге берілген әрбiр сұрау салуға АДБ мұндай сұрау салуды алғаннан кейiн жоғарыда көрсетiлген 12-тармаққа сәйкес 7 жұмыс күнi iшiнде (Манилада) жауап беруге тиiс. АДБ анықтағанындай әрбiр жағдайда мұндай жауап сұрау салудың: (а) бекiтiлгенiн, (b) одан бас тартылғанын, (с) ол бойынша шешiм қосымша ақпарат пен құжаттама алынғанша кейiнге қалдырылғанын; немесе (d) ол бойынша шешiм оны АДБ-ның Сатып алу жөнiндегi комитетi қарағанға дейін кейiнге қалдырылғанын бiлдiредi. Егер АДБ мұндай сұрау салуды алғаннан кейiн 7 жұмыс күнi iшiнде (Манилада) жауап бермесе, сұрау салуды (егер бұл сұрау салу АДБ-ның Сатып aлу жөнiндегi комитетiнiң қарауына жататын жағдайды қоспағанда) АДБ бекiттi деп есептеледі. Қарыз алушы (с) жағдайында АДБ-ға сұратылатын ақпаратты немесе құжаттаманы дереу беруге тиiс және АДБ тиiстi сұрау салуға АДБ-ны қанағаттандыратын сұратылатын ақпаратты немесе құжаттаманы алғаннан кейiн 7 жұмыс күнi iшiнде (Манилада) жауап беруге тиiс. (d) жағдайында АДБ қарыз алушыны Сатып алу жөнiндегi комитеттiң шешiмi туралы Сатып алу жөнiндегi комитет мұндай шешiмдi қабылдағаннан кейiн 7 жұмыс күнi iшiнде (Манилада) хабардар етуге тиiс.
14. Қарыз алушы ККМ-нің:
(а) жоғарыда көрсетiлген 12-тармаққа сәйкес АДБ мақұлдағаннан кейiн 7 күн iшiнде АДБ-ға келiсiмшарттардың мерзiмдерін ұзарту, өзгерту немесе олардан бас тарту жөніндегі барлық құжаттардың көшiрмелерiн (өзгерістер туралы хабарламаларды қоса алғанда) және келiсiмшарттарға АДБ-ның өзгерістерін ұсынуын; сондай-ақ
(b) жоғарыда көрсетiлген 12-тармаққа сәйкес АДБ-ның алдын ала мақұлдауын қажет етпейтiн жұмыстарға арналған барлық келiсiмшарттар бойынша өзгерiстер туралы барлық хабарламалардың есебiн жүргiзуін және осындай есептi АДБ-ның қарауына әрбiр 6 айда ұсынуын қамтамасыз етеді не қамтамасыз етуге мiндеттi.
5-ҚОСЫМША Жобаны орындау; қаржылық мәселелер
Іске асыру жөніндегі іс-шаралар
1. Қарыз алушы мен ККМ жобаның БЖН-да жазылған белгiлi бiр iс-шараларға сәйкес iске асырылуын қамтамасыз етеді. БЖН-дегi кейiнгi кез келген өзгерiстер қарыз алушы мен АДБ мұндай өзгерiстердi бекiткеннен кейiн ғана күшiне енедi. БЖН мен осы Қарыз туралы келiсiм арасындағы кез келген сәйкессіздік жағдайында осы Қарыз туралы келiсiмнiң ережелерiнің күші басым болады.
Қоршаған орта
2. Қарыз алушы ККМ-ге жобаны дайындау, жобалау, салу, iске асыру және пайдалану: қарыз алушының (а) қоршаған ортаға, денсаулыққа және қауiпсiздiкке байланысты қолданылатын барлық заңдар мен нормативтiк актiлерге; (b) Қоршаған ортаға қатысты саясатқа; және (с) АЭБ пен ҚОБЖ-да жазылған барлық шаралар мен талаптарға және күзету шараларының мониторингі есебінде жазылған кез келген түзетушi және алдын алушы іс-қимылдарға сәйкес болуын қамтамасыз етуді тапсырады.
Жер учаскелерін сатып алу және мәжбүрлі түрде қоныс аудару
3. Қарыз алушы ККМ-ге жоба үшін қажетті барлық жер учаскелері мен бөлу жолақтары жұмыстарға арналған тиісті келiсiмшарт шеңберінде келісілген кестеге сәйкес мердігерге қолжетімді болуын және жерді сатып алу жөніндегі іс-шаралар мен қоныс аудару жөніндегі қорғау шаралары қарыз алушының (а) жерді сатып алуға және мәжбүрлі түрде қоныс аударуға байланысты барлық қолданылатын заңдар мен нормативтік актілеріне; және (b) мәжбүрлеп қоныс аударудың қорғау шараларымен (егер талап етілсе); (с) ЖСҚНҚ-мен; және (d) ЖСҚЖ-да жазылған барлық шаралар мен талаптарға (егер талап етілсе), сондай-ақ күзету шараларының мониторингі есебінде жазылған кез келген түзету немесе алдын алу шараларына сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырады.
4. Мәжбүрлі түрде қоныс аударудың қорғау шараларын, ЖСҚНҚ-ны немесе, егер талап етілсе, ЖСҚЖ-ның қолданылуына шектеу қоймастан қарыз алушы ККМ-ге ЖСҚЖ толық іске асырылғанға дейін (егер талап етілсе) жобаға байланысты не жеке басының не экономикалық қоныс аударудың орын алмауын қамтамасыз етудi тапсырады.
Жергілікті халық
5. Қарыз алушы ККМ-ге ҚШС-тiң мән-мағынасы бойынша жоба жергілікті халыққа қандай да бiр әсер етпеуін қамтамасыз етуді тапсырады. Егер осындай әсер ету орын алса, онда қарыз алушы ККМ-ге ККМ-нiң жергілікті халыққа байланысты қолданылатын барлық заңдар мен қарыз алушының нормативтік актілеріне сәйкес жергілікті халық жөнінде жоспар дайындауды, оны жария етуді және iске асыруды тапсыруға тиіс.
Қорғау шараларының талаптарын iске асыру бойынша адам және қаржы ресурстары
6. Қарыз алушы ККМ-ге ҚОБЖ және, егер талап етілсе, ЖСҚЖ-ны толығымен жүзеге асыру үшiн қажеттi бюджет және адам ресурстарын берудi тапсыруға тиiс.
Қорғау шаралары – тендерлік құжаттама мен жұмыстарға арналған келісімшарттардағы тиісті ережелер
7. Қарыз алушы ККМ-ге барлық тендерлік құжаттар мен жұмыстарға арналған келісімшарттарда мердiгерлерді:
(а) АЭБ-да, ҚОБЖ-да және, егер талап етілсе, ЖСҚЖ-да жазылған, мердiгерге қатысы бар шараларды және қорғау шаралары мониторингі жөніндегі есепте жазылған кез келген түзететін немесе алдын алатын iс-қимылдарды сақтауға;
(b) осы экологиялық және әлеуметтiк шаралардың барлығына бюджет қаражатын беруді;
(с) ККМ-ге экологияға, қоныс аударуға немесе жергілікті халыққа немесе жобаны салу, iске асыру немесе пайдалану процесiнде туындайтын және АЭБ, ҚОБЖ және, егер талап етілсе, ЖСҚЖ-да қаралмаған әсер етуге байланысты кез келген күтпеген тәуекелдер туралы жазбаша хабарлама беруді;
(d) жолдардың, ауыл шаруашылығы алқаптарының және инфрақұрылымның басқа да объектілерінің жай-күйін материалдар тасымалдауға және құрылыс басталғанға дейін жеткілікті деңгейде құжаттауды; сондай-ақ
(е) құрылыс аяқталғаннан кейін жолдарды, басқа да жергілікті инфрақұрылымды және ауыл шаруашылығы алқаптарын ең болмағанда, оларды жоба алдындағыдай жай-күйіне келтіруді міндеттейтін ережелердің қамтылуын қамтамасыз етуді тапсырады.
Қорғау шараларының мониторингі және есептілік
8. Қарыз алушы ККМ-ге мыналарды:
(а) АДБ-ға қорғау шараларының мониторингі бойынша есептерді (i) құрылыс жүріп жатқан кезеңде жарты жылда бiр рет және пайдалану кезiнде (ii) жыл сайын ұсынуды және ұсынылғаннан кейiн мүддесі қозғалған адамдарға осындай есептерден тиiстi ақпаратты дереу жария етуді;
(b) егер жобаны салу, iске асыру немесе пайдалану кезінде экологияға байланысты қандай да бір күтпеген тәуекелдер және/немесе АЭБ-да, ҚОБЖ-да және, егер талап етілсе, ЖСҚЖ-да көзделмеген әлеуметтік тәуекелдер мен әсерлер туындаса, оқиғалардың егжей-тегжейлi сипаттамасымен және ұсынылып отырған түзету іс-қимылдарының жоспарымен бірге мұндай тәуекелдердiң туындауының немесе әсерiнің пайда болуы туралы АДБ-ны дереу хабардар етуi қажет;
(с) жұмыстарға арналған келiсiмшартты берген күннен кешiктiрмей, АДБ үшiн қолайлы iрiктеу процесi мен техникалық тапсырма шеңберiнде бiлiктi және тәжiрибелi сыртқы сарапшыларды немесе білікті ҮЕҰ (олар күмән тудырмау үшін осы Қарыз туралы келісімге 1-қосымшаның 2(d) тармағына және осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаға қосылған кестенің № 2 кестеге сәйкес Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын консультациялық қызметтерге енгізілуге тиіс) тағайындауды, жобаның мониторингi арқылы алынған ақпаратты тексерудi, сондай-ақ осындай сыртқы сарапшылардың тексеруі жөніндегі кез келген қызметтi жүргiзуге жәрдемдесудi, және
(d) ҚОБЖ-да немесе ЖСҚЖ-да жазылған шаралар мен талаптардың сақталуын кез келген нақты немесе ықтимал бұзушылықтар туралы, мұндай бұзушылық туралы белгiлi болғаннан кейiн дереу хабарлауды орындауды тапсырады.
Тыйым салынған инвестициялар тiзiмi
9. Қарыз алушы қарыздың ешқандай қаражаты ҚШС-ның 5-қосымшасында көзделген тыйым салынған инвестициялық қызмет тiзiмiне енгізілген қандай да бiр қызметтi қаржыландыру үшін пайдаланылмауын қамтамасыз етедi.
Еңбек стандарттары
10. Қарыз алушы ККМ-ге мердiгерлердің (а) қолданылып жүрген еңбек заңнамасын және Қарыз алушының еңбек нормативтік актілерін және жұмыс орнындағы еңбек қауiпсiздiгiнiң тиiстi нормаларын қолдануын; (b) ерлер мен әйелдерге тең еңбегі үшiн ақы төлеудi саралауын; (с) жолдарды салу және оларға техникалық қызмет көрсету жөнiндегi iс-шаралар кезiнде балалар еңбегiн пайдаланбауын; (d) жұмысқа және тиiмдiлiкке қойылатын талаптарды баламалы түрде орындау шартымен жобаның құрылыс мақсаттары үшiн күнкөрісі төмен және тұрмысы нашар жергiлiктi тұрғындарды ықтимал көлемде барынша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді, (е) тәжiрибелі және тәжiрибесi жоқ жұмыс iстейтін әйелдердi жұмысқа орналастыруға көмек көрсету үшін жұмыстарға арналған келісімшарттарға ережелердің енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырады.
Денсаулық сақтау
11. Қарыз алушы ККМ-ге жыныстық жолмен тарайтын аурулардың, оның ішінде АИТВ/ЖИТС тәуекелдері туралы ақпаратты жоба шеңберiнде тартылған мердiгерлiк ұйымдардың қызметкерлері арасында және жобаға тiкелей жақын тұратын жергiлiктi тұрғындар арасында таратуды қамтамасыз етуді тапсырады.
Әріптестік жағын қолдау
12. Қарыз алушы осы Қарыз туралы келiсiмнiң 4.02-бөлiмiнiң жалпы мағынасын шектеместен, ККМ үшiн жыл сайын бөлiнетiн бюджет қаражаты түрiнде жобаны уақтылы және тиiмдi орындау үшiн қажеттi бiрлесiп қаржыландырудың барлық қаражатына қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етеді және ККМ-ге осындай қаражаттың уақтылы берілуін қамтамасыз етеді. Қарыз алушы ККМ-ге қаржыландырудағы жобаны iске асыру үшiн барлық өзгертілген қажеттiлiктi өзiнiң жыл сайынғы даму бағдарламаларына енгiзетiнiне көз жеткiзуді тапсырады.
Құрылыстың сапасы
13. Қарыз алушы ККМ-ге жобаның қолданылатын техникалық ерекшелiктер мен жоспарларға сәйкес орындалуын және құрылысты қадағалау, сапаны бақылау және жобаны басқару қолданылып жүрген стандарттар мен үздiк халықаралық тәжiрибеге сәйкес жүргiзiлуiн қамтамасыз етудi тапсырады.
Заңсыз саудаға жол бермеу
14. Қарыз алушы жобалық жолда адамдарды, жабайы жануарларды, жануарлардың сирек кездесетiн түрлерін және бақыланатын заттарды заңсыз сатуды анықтау және болғызбау үшiн сенiмдi және қатаң шаралардың толығымен орындалуын қамтамасыз етедi.
Пайдалану және техникалық қызмет көрсету (O & M)
15. Қарыз алушы осы Келiсiмнiң 4.02 және 4.07-бөлiмдерiнiң және осы 5-қосымшаның 12-тармағының жалпы мағынасын шектеместен, қарыз алушы жобаны аяқтағаннан кейін және әрбір келесі қаржы жылында талап етілуі мүмкін жеткілікті қаражат мөлшерін өз бюджетінен бөледі және жобалық жолдың барабар пайдаланылуы және оған техникалық қызмет көрсетілуі үшін ККМ-ге дереу қолжетімді етеді және жобалық жолды негізделген практикаға сәйкес пайдалануға және оған қызмет көрсетуге кепілдік береді.
Басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
16. Қарыз алушы мен ККМ (а) АДБ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi саясатын (1998 жылғы, қазiргi уақыттағы түзетулерiмен) қолданатын болады және АДБ-ның тiкелей не өзiнiң агенттерi арқылы жобаға қатысты барлық болжамды сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, астыртын сөз байласу немесе мәжбүрлеу жағдайларын тексеру; және (b) ынтымақтастыққа және осындай кез келген тексерудің қанағаттанарлықтай аяқталуы үшiн қажеттi деңгейде қолдау көрсету үшін мұндай тексерулерге жәрдем көрсетуге құқылы екендiгiне келiседі.
17. Қарыз алушы ККМ-ге АДБ-ның барлық мердiгерлердiң, өнiм берушiлердің, консультанттардың, сондай-ақ жобаға қатысы бар басқа да көрсетілетін қызмет берушiлердiң жазбалары мен шоттарына аудит жүргiзу және тексеру жүргiзу құқығын айқындайтын ережелердi қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң АДБ-ға қолайлы ережелерi барлық тендерлiк құжаттар мен келiсiмшарттарға енгізілуіне көз жеткізуді тапсырады.
Осымен 2013 жылғы 28 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолын реконструкциялау жобасы [«Шымкент - Ташкент» жол учаскесі][«Батыс Еуропа - Батыс Қытай Халық Республикасы» халықаралық транзит дәлізіне кіреберіс]) осы аударма ағылшын тіліндегі мәтінге сәйкес келетінін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі Құжат айналымын
қамтамасыз ету және бақылау,
мемлекеттік тілді дамыту департаменті
Мемлекеттік тілді дамыту
және редакциялау
басқармасының басшысы Б. Ахметжанова
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.