2013 жылғы 4 шілдеде Анкарада жасалған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім
(2015 жылғы 18 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 1, 2-құжат)
Кіріспе
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы
достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және заң саласындағы, оның ішінде сотталған адамдарды беру жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып, ұлттық егемендік, құқықтардың теңдігі және Тараптардың ішкі істеріне араласпау қағидаттарын негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде көрсетілген терминдер мыналарды білдіреді:
a) "үкім" - қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімі;
b) "үкім шығарушы мемлекет" - беруге жататын адамға қатысты үкім шығарған мемлекет;
с) "үкімді орындаушы мемлекет" - сотталған адам жазасын өтеу үшін берілетін немесе берілген және үкімнің орындалуына қадағалауды жүзеге асыратын мемлекет;
d) "азамат" - Тараптардың бірінің азаматтығына жататын адам;
е) "Орталық органдар" - Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Түркия Республикасы үшін Әділет министрлігі;
f) "сотталған адам" - Тараптардың бірінің сот үкімімен бас бостандығынан айырылған адам.
2-бап Жалпы қағидаттар
1. Тараптар сотталған адамдарды беруге қатысты мәселелерді осы Келісімнің ережелеріне сәйкес ынтымақтастық жасауға міндеттенеді.
2. Бір Тараптың аумағында сотталған адам үкім шығарушы мемлекеттің соты тағайындаған жазаны өтеу үшін басқа Тарапқа берілуі мүмкін. Бұл мақсатта сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы Келісімге сәйкес үкім шығарушы мемлекетке немесе үкімді орындаушы мемлекетке беруге келісімі туралы өзінің жазбаша өтінішін ұсынады.
3. Беру туралы сұрау салуды Тараптардың кез келгені жасай алады.
3-бап Беру шарттары
1. Сотталған адам осы Келісімге сәйкес, егер:
а) ол үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылған;
b) үкім заңды күшіне енген;
с) сотталған адамды беру туралы сұрау салу алынған кезде өтелуге тиіс жазаның кемінде бір жыл уақыты қалған;
d) сотталған адамның өзі немесе оның заңды өкілі сотталған адамның жасын, дене немесе психикалық жай-күйін ескере отырып, беруге жазбаша нысанда келісім берген;
е) үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылған;
f) үкім шығарушы мемлекет пен үкімді орындаушы мемлекет беруге келіскен жағдайларда берілуі мүмкін.
2. Ерекше жағдайларда Тараптар, егер тіптен жазаны өтеу мерзімі осы баптың 1-тармағының с) тармақшасында белгіленгеннен кем болса да, беруге келісе алады.
4-бап Беруден бас тарту
1. Егер:
а) бір Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыс үшін шығарылса;
с) сотталған адам үкім шығарушы мемлекеттің аумағында қуыным рәсімдеріне тартылған болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға қарамастан, екінші Тарап сұрау салып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шеше алады.
5-бап Ақпаратты беру жөніндегі міндеттеме
1. Осы Келісім қолданылатын сотталған адамды үкім шығарушы мемлекет осы Келісімнің мазмұны туралы хабардар етеді.
2. Егер сотталған адам немесе оның заңды өкілі үкім шығарушы мемлекетке осы Келісімге сәйкес беру жөнінде өз қалауы туралы білдірсе, ол мемлекет бұл туралы үкімді орындаушы мемлекетке, егер бұл үкім түпкілікті үкім болса, мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлайды және бұл мемлекетті осы баптың 3-тармағында көрсетілген ақпаратпен қамтамасыз етеді.
3. Ақпарат мыналарды:
а) сотталған адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған күні мен туған жерін, сондай-ақ жеке деректерін растайтын ақпаратты;
b) егер болса, үкімді орындаушы мемлекеттегі оның мекенжайын;
с) сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің беру туралы жазбаша өтінішін;
d) түпкілікті үкімнің және ол негізделген заңның куәландырылған көшірмелерін қамтиды.
4. Егер сотталған адам немесе оның заңды өкілі үкімді орындаушы мемлекетке өзін беру жөніндегі қалауын білдірсе, онда үкім шығарушы мемлекет үкімді орындаушы мемлекеттің өтініші бойынша оған осы баптың 3-тармағында көрсетілген ақпаратты береді.
5. Сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы бапқа сәйкес үкім шығарушы мемлекет немесе үкімді орындаушы мемлекет қабылдаған кез келген әрекеттер туралы, осы мемлекеттердің кез келгені беру туралы өтінішке қатысты қабылдаған қандай да бір шешім қабылданғаннан кейін жазбаша хабарландырылады.
6-бап Сұрау салулар мен жауаптар
1. Беру туралы сұрау салулар мен жауаптарды әр Тараптың Орталық органдары жазбаша нысанда жасайды және дипломатиялық арналар арқылы ұсынады.
2. Үкім шығарушы мемлекет үкімді орындаушы мемлекетке беру жөніндегі сұрау салуға өзінің келісетіні немесе келіспейтіні туралы шешімін дереу хабарлайды.
7-бап Растайтын құжаттар
1. Үкімді орындаушы мемлекет үкім шығарушы мемлекеттен сұрау салу алған жағдайда оған мыналарды:
а) сотталған адам осы мемлекеттің азаматы екенін растайтын құжатты;
b) үкім шығарушы мемлекетте шығарылған үкім бойынша әрекет немесе әрекетсіздік оның заңнамасына сәйкес қылмысты құрайтынын көздейтін заңның тиісті бабының көшірмесін ұсынады.
2. Беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, үкім шығарушы мемлекет үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттарды:
а) түпкілікті үкімнің және ол соған негізделген заңның расталған көшірмесін;
b) алдын ала қамауға алу туралы ақпаратты қоса алғанда, жазаның қандай бөлігі өтелгенін көрсететін, сондай-ақ үкімді орындауға қатысы бар мәліметтерді;
с) осы Келісімнің 3-бабы 1-тармағының d) тармақшасында баяндалған беруге келісімін қамтитын өтінішті;
d) қажет болған жағдайда, сотталған адам туралы кез келген медициналық және әлеуметтік деректерді, оның үкім шығару мемлекетте емделуі туралы ақпаратты және оның үкімді орындаушы мемлекетінде одан әрі емделуі туралы кез келген ұсынымдарды береді.
3. Мемлекеттердің әрқайсысы беру туралы сұрау салу ұсынылғанға дейін немесе беруге келісетіні не келіспейтіні туралы шешім қабылданғанға дейін осы баптың жоғарыда көрсетілген 1 немесе 2-тармақтарында баяндалған кез келген құжаттарды немесе мәліметтерді ұсыну туралы сұрауы мүмкін.
4. Осы Келісімнің мақсаттары үшін бір Тараптың Орталық органы жіберген қолтаңбамен және елтаңбалы мөрімен бекітілген құжаттар екінші Тараптың аумағында авторын белгілеместен және заңдастырмай пайдаланылады.
8-бап Сотталған адамның келісімі және оны растау
1. Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамның беруге оның құқықтық салдарын толық түсіне отырып өз еркімен келісім беретіндігіне және оны беруге келісім беру жолымен растайтынына кепілдік береді.
2. Үкім шығарушы мемлекет үкімді орындаушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша үкімді орындаушы мемлекетке уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағы d) тармақшасының талаптарына сәйкес беруге келісім білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік береді.
9-бап Сотталған адамды беру
Беруге келісімге қол жеткізілген жағдайда Тараптар берудің уақытын, орнын және басқа да шарттарын айқындайды.
10-бап Үкім шығарушы мемлекет үшін берудің салдары
Егер сотталған адам үкімді орындаушы мемлекеттің қарамағында болса, онда бұл үкім шығарушы мемлекетте үкімді орындауды тоқтатуға әкеп соғады.
11-бап Үкімді орындаушы мемлекет үшін берудің салдары
Сотталған адамды үкімді орындаушы мемлекетке бергеннен кейін үкімді орындаушы мемлекеттің Орталық органы үкімнің орындалуын қамтамасыз етеді.
Жазасын одан әрі өтеу үшін берілген сотталған адам орындалуға жататын үкімге байланысты үкімді орындаушы мемлекеттің аумағында сотта іс қарауға тартылмайды немесе сотталмайды.
12-бап Үкімді орындауды жалғастыру
1. Үкімді орындаушы мемлекеттің Орталық органы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес:
а) үкім шығарушы мемлекет сотының үкімін орындауды жалғастыруды дереу қамтамасыз етеді;
b) үкімді шығарушы мемлекет айқындаған санкцияны үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында дәл осындай қылмыс үшін көзделген санкцияға ауыстыра отырып, сот немесе әкімшілік рәсімдерін жүргізу арқылы осы мемлекеттің шешіміне үкімді өзгертуді қамтамасыз етеді.
2. Жаза өзінің мәні және ұзақтығы бойынша шығарылған үкімге мүмкіндігінше сәйкес болуға тиіс, сондай-ақ үкім шығарушы мемлекет белгілеген санкцияны ауырлатпауға және үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген жазаның ең жоғары мерзімінен аспауға тиіс.
13-бап Кешірім, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету
Әрбір Тарап екінші Тарапқа дереу хабарлай отырып, өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім, рақымшылық жасауы немесе жазаны жеңілдетуі мүмкін.
14-бап Түпкілікті үкімнің қайта қаралуы
Үкімді қайта қарау туралы кез келген өтінішхат бойынша үкім шығарушы мемлекет қана шешім қабылдауға құқылы.
15-бап Үкімнің орындалуын тоқтату
Үкім шығарушы мемлекет жазаны жоюға немесе жеңілдетуге әкеп соққан кез келген шешімі немесе шарасы жөнінде оған хабарлағаннан кейін үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуын бірден тоқтатады немесе жазаны жеңілдетеді.
16-бап Үкімнің орындалуы туралы хабарлау
Үкімді орындаушы мемлекет үкім шығарушы мемлекетті:
а) үкімнің орындалуы аяқталды деп есептесе;
b) егер сотталған адам үкімді орындау мерзімі аяқталғанға дейін қамаудан қашып кетсе;
с) егер үкім шығарушы мемлекет арнайы есепті сұратса, үкімнің орындалуына қатысты ақпаратпен қамтамасыз етеді.
17-бап Транзит
1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, екінші Тараптың аумағы арқылы сотталған адамдардың транзитін жүзеге асырған жағдайда, біріншісі соңғысына осындай транзиттерге рұқсат алуға сұрау салу жібереді.
2. Әуе көлігін пайдаланған және екінші Тарап аумағында қону жоспарланбаған жағдайда, мұндай рұқсат талап етілмейді.
3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы Тараптың транзит туралы өтінішхатын қанағаттандырады.
18-бап Тілдер
Сотталған адамды беру бойынша барлық ақпарат пен сұрау салулар олар жолданған Тараптың ресми тілінде немесе ағылшын тілінде беріледі.
19-бап Шығыстар
1. Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында ғана жұмсалған шығыстарды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы мемлекет өтейді, беруге қатысты жұмсалған кез келген басқа да шығыстарды үкімді орындаушы мемлекет өтейді.
2. Транзиттік тасымалға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалға рұқсат беру туралы өтініш берген Тарап көтереді.
20-бап Уақыт ішіндегі қолданыс
Осы Келісім заңды күшіне енген үкімдердің орындалуына қатысты қолданылады.
21-бап Келіспеушіліктерді шешу
Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты келіспеушіліктер консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
22-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 23-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамалармен ресімделеді.
23-бап Ратификациялау және заңды күшіне ену
1. Осы Келісім ратификациялауға жатады және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның ратификацияланғандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтатқысы келетін ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.
Осының дәлелі ретінде, төменде қол қойғандар, осыған уәкілетті бола отырып, осы Келісімге қол қойды.
2013 жылғы 4 шілдеде Анкара қаласында әрқайсысы қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы | Түркия Республикасы |
үшін | үшін |
РҚАО-ның ескертпесі! |
Бұдан әрі Келісімнің түрік және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.