2013 жылғы 7 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім
(2015 жылғы 22 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 2, 14-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту;
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсаттарында;
1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1) Қазақстан тарапы Қытай тарапына Қазақстан Республикасында Қытай Халық Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында Тәуелсіздік даңғылында алаңы 3 га жер учаскесін 49 (қырық тоғыз) жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартында береді;
2) Қытай тарапы тепе-теңдік негізінде Қазақстан тарапына Қытай Халық Республикасында Қазақстан Республикасы Елшісінің резиденциясын салу үшін Бейжің қаласының 3-дипломатиялық ауданында алаңы 0,2316 га жер учаскесін және Қытай Халық Республикасында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Бейжің қаласының 4-дипломатиялық ауданында алаңы 1 га жер учаскесін 49 (қырық тоғыз) жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартында береді;
3) жалға беруші тараптың құзыретті органы (Астана қаласының әкімдігі, Қытай Халық Республикасының дипломатиялық корпус жөніндегі басқармасы) осы Келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде жалға алушы тарапқа:
Астана қаласында Тәуелсіздік даңғылында алаңы 3 га жер учаскесін;
Бейжің қаласының 3-дипломатиялық ауданында алаңы 0,2316 га жер учаскесін пайдалану құқығына құжат (дипломатиялық ауданның жалпы құрылыс салу жоспарымен байланыстырылған жер учаскесінің жоспарын және коммуникациялардың схемасын) береді.
Қытай тарапы Қазақстан тарапына осы Келісім күшіне енгеннен және аудан игеруге дайын болғаннан кейін, бірақ 2015 жылғы 31 желтоқсанынан кешіктірмей, 4-дипломатиялық ауданда алаңы 1 га жер учаскесін пайдалану құқығына құжат беруге міндеттенеді.
4) Тараптар жер учаскелерін пайдалану құқығына құжат алған күннен бастап 60 күннен кешіктірмей 1 АҚШ доллары сомасында жалға алу төлемін жүргізуге міндеттенеді.
Қазақстан тарапы 3-дипломатиялық аудандағы жер учаскесін пайдалану құқығына құжат алған кезден бастап, Бейжің қаласындағы алаңы 0,2316 га және 4-дипломатиялық аудандағы алаңы 1 га екі жер учаскесі үшін бір мезгілде 1 АҚШ доллары сомасын енгізеді.
Кейінгі төлем жыл сайын есепті жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей жүргізіледі.
2-бап
Тараптардың осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін кеңейтуге, сатуға, оларға ауыртпалық түсіруге, меншікке беруге немесе үшінші тараптарға қосалқы жалға тапсыруға құқығы жоқ.
3-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері оларды осы Келісімнің мақсаттарында пайдалануға кедергі келтіретін борыштардан, ауыртпалықтардан және үшінші тараптардың құқықтарынан босатылып беріледі.
4-бап
Тараптар дипломатиялық өкілдіктердің объектілерін жобалау және салу кезінде болу мемлекетінің қала құрылысы және сәулет саласындағы ұлттық заңнамасын сақтауға міндеттенеді.
5-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес алынатын барлық салықтардан және басқа да міндетті төлімдерден өзара негізде босатылады.
6-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттар мен құрылыстар сатылған немесе берілген жағдайда, оларды сатып алуға болу мемлекетінің басым құқығы болады.
Осы Келісімнің сатылған жылжымайтын мүлікке қатысты күші автоматты түрде тоқтатылады.
7-бап
Тараптардың әрқайсысы өз мемлекеттерінің аумағында осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінің шекарасына инженерлік желілер мен коммуникацияларды (сумен, жылумен жабдықтау, кәріз, электр энергиясы, байланыс және басқалар) тартуды өз қаражаты есебінен, ал жер учаскелерінің шегінде жер учаскесін алатын Тарап мемлекетінің қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.
8-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, ғимараттар жобасының сараптамасы және құрылысын салу сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оларды күтіп ұстауға және жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметтеріне және басқа да нақты қызмет көрсету түрлеріне арналған шығыстарды болу мемлекетінде қолданылатын нормативтер мен тарифтерге сәйкес тараптар өздері төлейді.
9-бап
Тараптар болу мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген барлық қолданылатын нормаларды міндетті түрде сақтаған жағдайда, Тараптар жобалау құжаттамасын келісу және бекіту, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде ғимараттар мен қосалқы құрылыстарды салуға рұқсат беруді ұйымдастыру кезінде бір-біріне жәрдем көрсетеді.
10-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара негізде ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқықтарын және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алу құқығын заңды түрде ресімдеуді қамтамасыз етеді.
11-бап
Тараптардың өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз ету мақсаттары үшін осы Келісімнің 1-бабында көрсетілгеннен басқа жер учаскелерін жалға алуы Тараптар арасындағы жекелеген халықаралық шарттардың нысанасы болып табылады.
12-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен рәсімделетін және осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
14-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 49 (қырық тоғыз) жыл бойы қолданыста болады, осы мерзім, егер Тараптардың бірде-біреуі дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы ағымдағы қырық тоғыз жылдық кезең өткенге дейін кемінде 1 жыл бұрын екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі қырық тоғыз жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
Астана қаласында 2013 жылғы 7 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Қытай Халық
Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін