1-бап. 1993 жылғы 9 маусымда Манагуада қабылданған Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенция ратификациялансын.
2-бап. Қазақстан Республикасының атынан орталық орган болып Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы белгіленсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Сертификат
Америкалық мемлекеттер ұйымының құқықтық мәселелер бойынша хатшылығы Халықаралық құқық департаментінің аға құқық офицері Луис Торо Утиллано,
Осымен келесіні растайды:
1. Америкалық мемлекеттер ұйымы жарғысының 112.f бабына сәйкес Ұйымның Бас Хатшылығы Америкааралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау құралы ретінде олардың депозитарийі болып табылады;
2. Жіберіліп отырған, 44 беттен тұратын құжат 1993 жылы 9 маусымда Манагуада, Никарагуа, қабылданған «Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияның» ағылшын, француз, португал және испан тілдеріндегі мәтініне тең түпнұсқалы мәтіннің жарамды және нақты көшірмесі. Осы мәтіндердің қол қойылған тұпнұсқалары Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығының депозитарийінде жатыр.
Төменде қол қойғандар осы сертификатты Қазақстан Республикасының Вашингтондағы (Колумбия округі) Елшілігінің сұранысына орай шығарды.
Халықаралық құқық департаменті
Шарттар үшін жауапты
аға құқық офицері
Луис Торо Утиллано
Вашингтон, К.О., 2014 жылғы 5 қараша
Бас хатшылық кеңсесі
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАНЫ ШЕТЕЛДЕ ӨТЕУ ТУРАЛЫ АМЕРИКААРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯ
Америкалық мемлекеттер ұйымына мүше мемлекеттер
АМҰ Жарғысының 2.е-бабына сәйкес Америкалық мемлекеттер ұйымының аса маңызды мақсаттарының бірі «олардың арасында туындауы мүмкін саяси, заңдық және экономикалық проблемаларды шешуді іздеу» болып табылады деп ПАЙЫМДАЙ ОТЫРЫП;
сотталған адамдарды әлеуметтік оңалту арқылы сот төрелігі әкімшілендірілуін жақсартуды қамтамасыз ету үшін ынтымақтасу НИЕТІМЕН РУХТАНЫП,
сотталған адам азаматы болып табылатын елде сотталған адамға жазаны өтеуге мүмкіндік беру осы мақсаттарға қол жеткізу үшін көңілге қонымды болатынына КӨЗ ЖЕТКІЗІП, және
осы нәтижеге қол жеткізудің жолы сотталған адамды беру болып табылатынына СЕНЕ ОТЫРЫП,
төмендегідей Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы Америкааралық Конвенцияны қабылдауды ШЕШТІ:
I БАП. АНЫҚТАМАЛАР
Осы Конвенцияның мақсатында:
1. Үкім шығару мемлекеті – сотталған адамды беретін қатысушы мемлекетті білдіреді.
2. Қабылдаушы мемлекет – сотталған адам берілетін қатысушы мемлекетті білдіреді.
3. Үкім – қылмыс жасағаны үшін жаза ретінде түрмеге қамау немесе шартты түрде соттау, пробация немесе бас бостандығынан айырмай, қадағалаудың басқа нысанын тағайындау туралы түпкілікті сот шешімін білдіреді. Үкім шығару мемлекетінде оған шағым берілмесе немесе шағымдану мерзімі өтіп кетсе, үкім түпкілікті деп танылады.
4. Сотталған адам – қатысушы мемлекеттің аумағында жазасын өтеуге тиіс немесе өтеп жүрген адамды білдіреді.
II БАП. ЖАЛПЫ ҚАҒИДАТТАР
Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес:
a) бір қатысушы мемлекетте басқа қатысушы мемлекеттің азаматына қатысты шығарылған үкімді сотталған адам өзі азаматы болып табылатын мемлекетте өтей алады; және
b) қатысушы мемлекеттер сотталған адамдарды беру жөнінде бір-бірімен толық көлемде ынтымақтастық жасауға міндеттенеді.
III БАП. ОСЫ КОНВЕНЦИЯНЫ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ШАРТТАРЫ
Осы Конвенция мынадай шарттар сақталған кезде ғана қолданылады:
1. Үкім осы Конвенцияның 1.3-бабында айқындалғандай түпкілікті болуға тиіс.
2. Сотталған адам берудің құқықтық салдары туралы алдын ала хабарландырылып, оған келісімін беруге тиіс.
3. Сотталған адамның әрекеті қабылдаушы мемлекетте де қылмыс болып табылуға тиіс. Осы мақсат үшін терминологиядағы айырмашылықтар және қылмыстың сипатына ешқандай қатысы жоқ барлық өзге де жайлар назарға алынбайды.
4. Сотталған адам қабылдаушы мемлекеттің азаматы болуға тиіс.
5. Орындалуға жататын үкіммен өлім жазасы тағайындалмауға тиіс.
6. Сұрау салу берілген кезде жазаны өтеу мерзімінің кемінде алты айы қалуға тиіс.
7. Үкімді орындау қабылдаушы мемлекеттің ішкі заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
IV БАП. АҚПАРАТ БЕРУ
1. Әрбір қатысушы мемлекет осы Конвенция ережелерінің қолданылу аясына жататын кез келген сотталған адамға оны ұстауға қатысты хабарлайды.
2. Қатысушы мемлекеттер сотталған адамға беру процесі туралы хабарлауға тиіс.
V БАП. БЕРУ ТӘРТІБІ
Сотталған адамды бір мемлекеттен басқа мемлекетке беру мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1. Осы Конвенцияны қолдануға сұрау салуды үкім шығару мемлекеті, қабылдаушы мемлекет немесе сотталған адам жасай алады. Беру рәсімдеріне үкім шығару мемлекеті немесе қабылдаушы мемлекет бастамашылық жасай алады. Бұл жағдайларда сотталған адамның беруге келісім білдіруі талап етіледі.
2. Беру туралы сұрау салу осы Конвенцияның XI бабына сәйкес орталық органдарда қарауға немесе ондайлар болмаған кезде консулдық немесе дипломатиялық арналар арқылы қаралуға тиіс. Өздерінің ішкі заңнамасына сәйкес әрбір Қатысушы мемлекет өзі қажет деп есептейтін осындай органдарға осы Конвенцияның мазмұны туралы хабарлайды. Ол орталық орган мен сотталған адамды беруге қатысуға тиіс өзге де органдар арасында ынтымақтастық тетіктерін жасауға да күш-жігерін салады.
3. Егер үкімді штат немесе федералдық Үкіметтен тәуелсіз қылмыстық юрисдикциясы бар провинция шығарған болса, беру рәсімін қолдану үшін осы штат немесе провинция билігінің растауы міндетті болуға тиіс.
4. Беру туралы сұрау салуда III бап шарттарының сақталғанын растайтын тиісті ақпарат қамтылуға тиіс.
5. Беруді жүзеге асыру алдында үкім шығару мемлекеті қабылдаушы мемлекетке қалауы бойынша соңғысы тағайындаған ресми адамның сотталған адамның осы процестің құқықтық салдарын толық түсініп, беруге келісімін беру фактісін тексеруіне рұқсат береді.
6. Сотталған адамды беру туралы шешім қабылдаған кезде қатысушы мемлекеттер өзге де факторлар ішінде адамды әлеуметтік оңалтуға үлес қосу мүмкіндігін; қылмыстың ауырлығын; егер бар болса, сотталған адамның соттылығын; сотталған адам денсаулығының жай-күйін; және сотталған адамның үкім шығару мемлекетінде және қабылдаушы мемлекетте болуы мүмкін отбасылық, әлеуметтік немесе басқа байланыстарын да қарауға құқылы.
7. Үкім шығару мемлекеті қабылдаушы мемлекетке сотталған адамның жазасын өтеген мерзімі және жұмысы, жақсы жүріс-тұрысы, сотқа дейін ұсталған уақыты негізінде мерзімді қысқарту мүмкіндігі туралы ақпаратты қоса алғанда, үкімнің куәландырылған көшірмесін береді. Қабылдаушы мемлекет қажет деп есептеген өзге ақпаратты сұратуға құқылы.
8. Үкім шығару мемлекетінің сотталған адамды қабылдаушы мемлекетке беруі тиісті орталық органдар келіскен жерде жүзеге асырылады. Қабылдаушы мемлекет сотталған адам берілген кезден бастап оның қамалуына жауапты болады.
9. Сотталған адамды беруге байланысты туындайтын барлық шығыстарды, ол адам қабылдаушы мемлекетте қамауда болмайынша, үкім шығару мемлекеті көтереді.
10. Қабылдаушы мемлекет сотталған адамның берілуіне байланысты барлық шығыстар үшін адам қабылдаушы мемлекетте күзетпен қамауға алынған кезден бастап жауапты болады.
VI БАП. БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ БОЙЫНША БАС ТАРТУ
Қатысушы мемлекет сотталған адамды беруге келіспеген жағдайда, ол сұрау салушы мемлекетке өзінің бас тартқаны туралы дереу хабарлайды және ол мүмкін және орынды болған барлық жағдайда өзінің бас тарту себептерін түсіндіреді.
VII БАП. БЕРІЛУГЕ ЖАТАТЫН СОТТАЛҒАН АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ
ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ТӘСІЛІ
1. Осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес берілетін сотталған адам негізге алынып үкім орындалатын дәл сол қылмысы үшін қабылдаушы мемлекетте қайтадан қамауға алынбайды, айыпталмайды немесе сотталмайды.
2. Осы Конвенцияның VIII бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, беріліп отырған сотталған адамға қатысты үкім қамауға алу мерзімін қысқартуға немесе жазаны өтеудің балама тәсіліне қатысты кез келген ережелердің қолданылуын қоса алғанда, қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына және рәсімдеріне сәйкес өтеледі.
Қабылдаушы мемлекет үкім шығару мемлекетінің соты тағайындаған жаза мерзімін ұлғайту бөлігінде бірде-бір үкімді өзгерте алмайды.
3. Үкім шығару мемлекетінің органдары осы Конвенцияға сәйкес қабылдаушы мемлекетке берілген кез келген сотталған адамның жазаны өтеуінің жай-күйі туралы есеп алуға сұрау салуды орталық органдар арқылы жіберуге құқылы.
VIII БАП. ҮКІМДІ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАБЫЛДАУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕ
ҚОЛДАНЫЛУЫ
Үкім шығару мемлекеті өзінің соттары шығарған үкімдерді қайта қарауға толық юрисдикциясын сақтайды. Ол сотталған адамды кешіру, оған рақымшылық жасау немесе кешірім жасау құқығын да өзіне қалдырады. Қабылдаушы мемлекет үкімнің қайта қаралуына байланысты кез келген шешім туралы хабарламаны алғаннан кейін дереу тиісті шараларды қолдануға міндеттенеді.
IX БАП. КОНВЕНЦИЯНЫ ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙЛАРДА ҚОЛДАНУ
Осы Конвенция қатысушы мемлекеттердің біреуінің заңнамасына сәйкес қадағалаудағы немесе басқа да шаралардың қолданылу аясындағы кәмелетке толмаған қылмыскерлерге де қолданылуы мүмкін. Беруге келісім осындай келісім беруге заңдық уәкілеттігі бар адамнан алынуға тиіс.
Тараптар арасындағы келісім бойынша осы Конвенцияны құзыретті органдар есі дұрыс емес деп таныған адамдарға қабылдаушы мемлекетте мұндай адамдарды емдеу мақсатында қолдануы мүмкін. Беру кезінде Тараптар өзінің заңнамасына сәйкес осындай адамдарға тағайындалуы мүмкін емдеу түрі туралы уағдаласуға тиіс. Беру үшін осындай келісімді беруге заңдық уәкілеттігі бар адамнан келісім алынуға тиіс.
Х БАП. ТРАНЗИТ
Егер сотталған адам беру процесінде осы Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттің аумағын кесіп өтуге тиіс болса, беруді күзетпен жүзеге асыруға тиіс мемлекет соңғысына беруге рұқсат ететін шешімді ұсыну арқылы хабарлайды. Мұндай жағдайларда транзит мемлекеті өзінің аумағы арқылы сотталған адамның транзитіне келісім беруге немесе бермеуге құқылы.
Әуе көлігі пайдаланылып, үстінен ұшып өту жүзеге асырылуға тиіс қатысушы мемлекеттің аумағына қандай да бір ресми қону жоспарланбаса, мұндай хабарлама міндетті болып табылмайды.
XI БАП. ОРТАЛЫҚ ОРГАН
Осы Конвенцияға қол қойылғаннан, ол ратификацияланғаннан немесе оған қосылғаннан кейін қатысушы мемлекеттер Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығын осы құжатта көзделген функцияларды орындауға уәкілетті орталық орган туралы хабардар етеді. Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығы осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасында өзі алған уәкілетті органдар тізімін таратады.
XII БАП. БАСҚА КЕЛІСІМДЕРМЕН ӨЗАРА БАЙЛАНЫС
Осы Конвенцияның бірде-бір ережесін тараптар арасындағы басқа екіжақты немесе көпжақты шарттарды немесе келісімдерді шектеу ретінде түсіндіруге болмайды.
XIII БАП. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Осы Конвенция Америкалық мемлекеттер ұйымына мүше мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
XIV БАП
Осы Конвенция ратификациялауға жатады. Ратификациялау туралы құралдар Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығына сақтауға тапсырылады.
XV БАП
Осы Конвенция кез келген басқа мемлекеттің қосылуы үшін ашық болып қала береді. Қосылу туралы құралдар Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығына сақтауға тапсырылады.
XVI БАП
Мемлекеттер осы Конвенцияны бекіту, оған қол қою, оны ратификациялау немесе оған қосылу кезінде, ескертпелер осы Конвенцияның мақсаттарымен және міндеттерімен сыйыспайтын болып табылмайды және белгілі бір немесе бірнеше ережеге қатысы бар деген шартпен ескертпелер жасауға құқылы.
XVII БАП
Осы Конвенция оны ратификациялаған мемлекеттер үшін екінші ратификациялық құрал сақтауға қоюға тапсырылған күннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Конвенцияны ратификациялайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекет үшін екінші ратификациялық құрал сақтауға қоюға тапсырылғаннан кейін Конвенция осындай мемлекеттер ратификациялау туралы немесе қосылу туралы өзінің құралын сақтауға қоюға тапсырған күннен кейін отызыншы күні күшіне енеді.
XVIII БАП
Осы Конвенция белгіленбеген мерзімде күшінде болады, бірақ кез келген қатысушы мемлекет оның күшін жоюға құқылы. Күшін жою Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығында тіркелуге тиіс. Конвенция күшін жойған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін күшін жоятын мемлекет үшін өзінің қолданысын тоқтатады.
Дегенмен, оның ережелері осы Конвенцияға сәйкес берілген сотталған адамдарға қатысты тиісті жазасын өтеу аяқталғанға дейін күшін жоятын мемлекет үшін күшінде қалады.
Осы Конвенцияның күшін жою кезінде қарау процесінде болған беруге сұрау салу одан әрі қаралады және егер тараптар оған керісінше уағдаласпаса орындалады.
XIX БАП
Осы Конвенцияның ағылшын, француз, португал және испан тілдеріндегі түпнұсқалары бірдей тең түпнұсқалы болып табылады және Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығына сақтауға тапсырылады, ол Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес куәландырылған көшірмені тіркеу және жариялау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығына жібереді. Америкалық мемлекеттер ұйымының Бас хатшылығы осы Ұйымға мүше мемлекеттерге және Конвенцияға қосылған мемлекеттерге қол қою, ратификациялау, қосылу немесе күшін жою және егер бар болса, ескертпелердің жазылғаны туралы хабарлайды.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өздерінің тиісті үкіметтері тиісті түрде соған уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер «Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы Америкааралық конвенция» деп аталатын осы Конвенцияға қол қойды.
Манагуа қаласында, Никарагуа, бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылы тоғызыншы маусымда жасалды.
1993 жылы 9 маусымда Манагуа, Никарагуада жасалған Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияның қазақ және орыс тілдеріндегі осы мәтіні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен куәландырылған көшірмелерінің ағылшын тіліндегі мәтіне сай келетінің растаймын.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Халықаралық ынтымақтастық
Департаменті бастығының
орынбасары Ә.Нұрбеков
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, француз, португал және испан тілдеріндегі мәтіні берілген.