1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2015 жылғы 2 маусымда Байқоңырда жасалған хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш
айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған
жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы
келісімге өзгерістер енгізу туралы
Хаттама
(2016 жылғы 4 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 3, 48-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
«Байқоңыр» ғарыш айлағының қауіпсіз жұмыс істеуіне өзара мүдделіліктерін растай отырып,
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында авария туындаған жағдайдағы және оның зардаптарын жою барысында Тараптардың уәкілетті мемлекеттік және басқа да органдарының іс-қимылдарын нақтылау қажеттілігін басшылыққа ала отырып,
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қол қоюдан кейінгі кезеңде орын алған, зымырандарды ұшырған кездегі авариялардың зардаптарын жою кезіндегі Тараптардың өзара іс-қимыл тәжірибесін есепке ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімге мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 1-баптың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«- «авария» зымыранды ұшыруды жүзеге асыру, оның бөліктерінің құлауы үшін көзделген аумақты қоспағанда, ұшырылуы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жүзеге асырылған зымыранның Қазақстан Республикасының аумағына тұтастай немесе өзгеше түрде құлауын білдіреді.»;
2) 7-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Авария туындаған жағдайда Ресей Тарапының уәкілетті органы Қазақстан Тарапының уәкілетті органдарына аварияның болу фактісі, оның уақыты мен болжамды ауданы туралы дереу хабарлайды.»;
3) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«Авария туындаған жағдайда Ресей Тарапының уәкілетті органы дереу ресейлік мамандардың жедел тобын қалыптастырады және авария болған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей ахуалды бағалау, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелерімен және Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мақсатында, оның ішінде оқшаулауға жататын аумақты айқындау және аварияның зардаптарын жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-шараларды орындау үшін оларды авария болған ауданға жібереді.
Осы Келісімнің 6-бабында көзделген тәртіппен авариялық жағдайлардағы іс-қимылдарға әзірлікке келтірілген және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылатын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің күштері мен құралдары Тараптардың уәкілетті органдарымен келісілген көлемде және мерзімде ахуалды бағалау және аварияның зардаптарын жою жөніндегі шұғыл іс-шараларды орындауға кіріседі.
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары авариялық зымыран бөлшектері құлаған ауданда авария болған ауданда тұратын тұрғындарға хабарлауды жүзеге асырады және қажет болған кезде Тараптардың уәкілетті органдарымен келісілген көлемде аварияның зардаптарын жоюға жәрдем көрсетеді.
Тараптар авария туындаған кезден бастап бір тәулік ішінде аварияның зардаптарын жою жөніндегі бірлескен штабты (бұдан әрі - бірлескен штаб) құратын және аварияның ауқымын айқындау және оның зардаптарын жою жөніндегі бірлескен іс-қимылдар тәртібін келісетін комиссияларды (бұдан әрі - үкіметтік комиссиялар) тағайындайды.
Үкіметтік комиссиялар тағайындалғанға дейін аварияның ауқымын айқындау және оның зардаптарын жою жөніндегі бірлескен іс-қимылдар тәртібін келісуді және үйлестіруді:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің уәкілетті өкілі;
Ресей Тарапынан - Ғарыш аппараттарын шығару құралдарының ұшу сынақтарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның тең төрағасы жүзеге асырады.
Бірлескен штаб орындалатын жұмыстардың көлемі мен мерзімін, тартылатын күштер мен құралдардың құрамы мен міндеттерін, тартылатын күштердің өзара іс-қимылдар тәртібін және жұмыстардың жүргізілу барысын бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан және Ресей Тараптарынан құрылған бірлескен штаб бастықтарының шешімдерімен бір тәулік ішінде қызметтің тиісті бағыттары бойынша нысаналы жұмыс топтары (іздестіру, аварияның зардаптарын жою жөніндегі, медициналық-санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, залалды және аварияның зардаптарын бағалау жөніндегі, тексеру нәтижелерін жинақтап қорыту және үкіметтік комиссиялар есебінің бөлімдерін дайындау жөніндегі, сондай-ақ өзара негізінде қажет деп танылатын басқа да жұмыс топтары) құрылады.
Жұмыс топтарының жұмыс нәтижелері бойынша қызмет бағыттары бойынша орындалған жұмыстар туралы бірлескен актілерге (хаттамаларға) қол қойылады.
Көрсетілген актілерге авариялардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды өткізуге байланысты шығыстарды растайтын құжаттар және Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарына келтірілген мүліктік залал үшін өтемақыға, дене зақымы, жеке тұлғаның денсаулығына қандай да бір өзге елеулі зиян келтіргені немесе мұндай тұлғаның қайтыс болғаны үшін, осы тұлға немесе заң бойынша құқығы бар кез келген тұлға (осындай жеке тұлғаның өсиетін орындау тапсырылған адамдар, оның мұрагерлері немесе суброгация тәртібімен құқығы ауысатын адамдар) талап ететін өтемақыға құқықты растайтын құжаттар, көрсетілген өтемақылардың мөлшері қоса беріледі.
Бірлескен штаб қызмет бағыттары бойынша жұмыс топтары жұмысының материалдарын жинақтап қорытады және оларды үкіметтік комиссияларға ұсынады.
Үкіметтік комиссиялардың жұмыс нәтижелері бойынша бірлескен хаттамаға қол қойылады.»;
4) 9-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Тараптардың іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару бөлімшелерінің ахуалды бағалау жөніндегі, оның ішінде зымыран бөлшектерін жинау, халықты медициналық тексеру, аумақтарды ветеринариялық және экологиялық тексеру жөніндегі іс-қимылдарды қоса алғандағы іс-қимылдары үкіметтік комиссиялармен келісілген тәртіппен, көлемде және әдістемелер бойынша бірлесіп жүзеге асырылады.»;
5) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Келісім бойынша жұмыстарды үйлестіруді мына уәкілетті органдар жүзеге асырады:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі;
Ресей Тарапынан - Федералдық ғарыш агенттігі.
Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.
Тараптар осы Келісімнің 6 - 8-баптарында көзделген уәкілетті органдардың тағайындалғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.»;
6) 14-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты дауларды «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы шешеді.».
2-бап
Осы Хаттама оның күші енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2015 жылғы 2 маусымда Байқоңыр қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін