2015 жылғы 8 қыркүйекте Гроднода жасалған «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
«Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар
және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды
бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу
жөніндегі пилоттық жобаны 2015–2016 жылдары іске асыру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз ету мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органы» – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мыналарды:
оларға қатысты бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалау туралы шешім қабылданған тауарлар айналымына бақылау жасауды;
бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен тауарларды таңбалаудың ұлттық жүйесінің жұмыс істеуін;
оларға қатысты бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалау туралы шешім қабылданған тауарлар айналымына бақылау жасау жөніндегі мүше мемлекеттің атқарушы билік органдарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуге уәкілеттік берілген мүше мемлекеттің атқарушы билік органы;
«бақылау (сәйкестендіру) белгісі» – тауарларды таңбалауға арналған қолдан жасаудан қорғау (қорғалған полиграфиялық өнім) элементтері (құралдары) бар қатаң есептілік бланкісі. Кіріктірілген радиожиілік белгісін қамтитын бақылау (сәйкестендіру) таңбаларын пайдалануға рұқсат етіледі;
«бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалау» – бекітілген үлгідегі бақылау (сәйкестендіру) белгілерін тауарларға түсіру;
«тауарлар айналымы» – Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тауарларды сақтау, тасымалдау, өндіру, оған әкелу, мүше мемлекеттер аумақтарында сатып алу және өткізу (сату);
«көтерме сауда» – тауарларды кәсіпкерлік қызметте (оның ішінде қайта сату үшін) немесе жеке, отбасылық, үй iшiлік және өзге де осындай пайдаланумен байланысты емес өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды сатып алуға және сатуға байланысты сауда қызметі түрі;
«бөлшек сауда» – тауарларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес жеке, отбасылық, үй iшiлік және өзге де мақсаттарда пайдалану үшін оларды сатып алуға және сатуға байланысты сауда қызметі түрі;
«тауарлар» – оған қатысты бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалау туралы шешім қабылданған «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасының тауар позициясы бойынша өнім;
«сауда қызметі» – тауарларды сатып алуға және сатуға байланысты кәсіпкерлік қызмет түрі;
«тауарлардың трансшекаралық саудасы» – бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына жүзеге асырылатын тауарлардың көтерме саудасы.
2-бап
1. Осы Келісім оларға қатысты бақылау белгілерімен таңбалау туралы шешім қабылданған «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру кезінде тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен (бұдан әрі – бақылау белгілері) таңбалауды енгізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Келісімнің қолданылуы оларға қатысты бақылау белгілерімен таңбалау туралы шешім қабылданған «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарлар айналымына байланысты құқықтық қатынастарға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде осындай тауарлардың айналымын және (немесе) пайдаланылуын жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға қолданылады.
3-бап
1. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі бақылау белгілерімен таңбалауға жататын тауарлар тізбесін (бұдан әрі – Тізбе) бекітеді.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің Тізбені бекіту туралы шешімі (бұдан әрі – шешім), мұндай шешім ресми жарияланған күнінен бастап кемінде күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енеді. Тізбеден тауарды шығару туралы шешім Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің 16-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша).
3. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) және (немесе) мүше мемлекеттердің аумақтарында өндірілген, Тізбеге енгізілген тауарлар бақылау белгілерімен таңбаланады.
Одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерде Тізбеге енгізілген тауарларды бақылау белгілерімен таңбалауға жол беріледі.
4. Тізбені бекіту және (немесе) өзгерту туралы шешім күшіне енген күннен бастап:
а) Тізбеге енгізілген тауарларды осы Келісімнің 6-бабының 6-тармағына сәйкес айқындалған мамандандырылған қойма үй-жайларына тасымалдауды және осындай үй-жайларда аталған тауарларды сақтауды қоспағанда, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің Тізбеге енгізілген тауарларды бақылау белгілерінсіз не белгіленген тәртіпті бұза отырып, оларға басылған бақылау белгілерімен, мүше мемлекеттердің аумақтарында сатып алуына, сақтауына, пайдалануына, тасымалдауына және сатуына тыйым салынады;
б) осы баптың осы тармақшасының екінші абзацында және 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Тізбеге енгізілген тауарларды кедендік кері импорт рәсімдеріне орналастыру және ішкі тұтыну үшін шығару осындай тауарларда бақылау белгілері болған кезде жүзеге асырылады.
Осы Келісімнің 6-бабының 6-тармағына сәйкес айқындалған мамандандырылған қойма үй-жайларында тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарғаннан кейін бақылау белгілерімен таңбалау, егер мұндай таңбалау мүмкіндігі мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе, жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Тізбеге енгізілген тауарларды бақылау белгілерімен таңбалау туралы талаптар:
а) кедендік рәсімдерге орналастырылған тауарларды Одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезінде оларды тасымалдауға;
б) кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауға;
в) техникалық регламенттердің, сондай-ақ стандарттау саласындағы нормативтік техникалық актілердің талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында сынақтан өткізуге арналған қажетті сандарындағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін тасымалдауға және сақтауға;
г) үлгілер мен экспонаттар ретінде халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерді ұйымдастырушылар мен қатысушылар Одақтың кедендік аумағына әкелген тауарларға;
д) мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген шетелдік өтеусіз (гуманитарлық) көмек болып табылатын тауарларға;
е) тауарлардың қайтарылғанын растайтын құжаттар болған кезде мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылатын бөлшек сауда шеңберінде сатып алынған және сатып алушылар сатушыларға қайтарған тауарларды тасымалдауға және сақтауға;
ж) тауарларды бажсыз сауда дүкендерінде өткізуге (сатуға);
з) кедендік бақылау аймақтарында, уақытша сақтау қоймаларында және кеден қоймаларында кедендік бақылаудағы тауарларды сақтауға;
и) тауарларды оларды өндірушілердің сақтауына және пайдалануына;
к) осындай тауарларды сатуға ұсынғанға дейін, оның ішінде оларды сату орнына қойғанға, олардың үлгілерін көрсеткенге немесе сату орнында олар туралы мәліметтерді бергенге дейін мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылатын, дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған шарттар негізінде тауарлармен комиссиялық сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің тауарларды сақтауына;
л) алып қойылған, тыйым салынған, тәркіленген не өзге тәсілмен мемлекет кірісіне айналдырылған тауарларды және мүше мемлекеттердің салық және кеден заңнамасында көзделген орындалмаған міндеттемелер есебіне өндіріп алуға қойылған тауарларды сатып алуға, сақтауға, пайдалануға, тасымалдауға және сатуға;
м) жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде әкелінген және бөлшек сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды жеке тұлғалардың тасымалдауына, сақтауына және пайдалануына қолданылмайды.
4-бап
Тізбені бекіту және (немесе) Тізбеге өзгерістер енгізу туралы шешім күшіне енген күнінен бастап:
а) мүше мемлекеттердің заңды тұлғалары мен дара кәсіпкерлеріне бақылау белгілерін жасауды және өткізуді жүзеге асыратын ұйымдар, аумағында заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер тіркелген мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органын жасалған және өткізілген бақылау белгілері туралы электрондық түрде хабардар етеді;
б) Тізбеге енгізілген тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуді және (немесе) өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осындай тауарларды бақылау белгілерімен таңбалайды және аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органын бақылау белгілерін пайдаланғаны туралы электрондық түрде хабардар етеді;
в) Тізбеге енгізілген тауарлармен трансшекаралық сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер, аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органын осындай сауданың шеңберінде сатып алынған тауарға басылған бақылау белгілері туралы электрондық түрде хабардар етеді;
г) тауарларды Тізбеге енгізу кезінде осындай тауарлармен көтерме және (немесе) бөлшек сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер, аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен осындай тауарлардың қалдықтарын бақылау белгілерімен таңбалайды және аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органын бақылау белгілерін пайдаланғаны туралы электрондық түрде хабардар етеді;
д) сатып алушылар қайтарған тауарлармен сауданы және (немесе) дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған комиссия шарттары негізінде комиссиялық сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер бұл тауарларды сатуға ұсынғанға дейін, оның ішінде оларды сату орнына қойғанға, олардың үлгілерін көрсеткенге немесе сату орнында олар туралы мәліметтерді бергенге дейін осындай тауарларды бақылау белгілерімен таңбалайды және аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органын бақылау белгілерін пайдаланғаны туралы электрондық түрде хабардар етеді;
е) Тізбеге енгізілген тауарлармен бөлшек сауданы жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер, аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің құзыретті (уәкілетті) органын, егер мұндай хабарлау аумағында олар тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайда, мұндай сауда шеңберінде өткізілген (сатылған) тауарға басылған бақылау белгілері туралы электрондық түрде хабардар етеді.
5-бап
1. Мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мүше мемлекеттердің өзге бақылау және құқық қорғау органдарымен бірлесіп Тізбеге енгізілген тауарлардың айналымын бақылауды қамтамасыз етеді.
2. Осы Келісімнің орындалуын мониторингілеуді және бақылауды, Тізбеге енгізілген тауарлардың айналымын бақылауды іске асыру мақсаттарында трансшекаралық сауда кезінде мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдарының арасында, сондай-ақ мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссияның арасында ақпараттық өзара іс-қимыл жасау қамтамасыз етіледі.
3. Тізбеге енгізілген тауарлардың айналымын бақылауды іске асыру мақсатында осы Келісімде белгіленген талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін мүше мемлекеттер өздерінің заңнамасында жауапкершілікті көздейді.
6-бап
1. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасын мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары туралы хабардар етеді.
2. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі:
а) бақылау белгісінің сипаттамасын, оны басу тәртібін, сондай-ақ бақылау белгілерін қамтитын ақпараттың құрылымы мен форматына қойылатын талаптарды;
б) тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптарды;
в) мүше мемлекеттердің заңды тұлғалары мен дара кәсіпкерлеріне бақылау белгілерін жасауды және өткізуді жүзеге асыратын ұйымдардың өз мүше мемлекеттерінің құзыретті (уәкілетті) органдарына беретін ақпаратының құрылымы мен форматына қойылатын талаптарды, сондай-ақ оны беру мерзімін;
г) Тізбеге енгізілген тауарлардың айналымын жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің өз мүше мемлекеттерінің құзыретті (уәкілетті) органдарына беретін ақпаратының құрылымы мен форматына қойылатын талаптарды, сондай-ақ мұндай ақпаратты беру мерзімін;
д) мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ осы Келісімнің орындалуын мониторингілеуді және бақылауды, сондай-ақ Тізбеге енгізілген тауарлардың айналымын және олардың пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсаттары үшін мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссияның арасында берілетін ақпараттың құрылымы мен форматына қойылатын талаптарды бекітеді.
3. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 120 күн ішінде, бірақ 2016 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей мүше мемлекеттер бақылау белгілерін өткізу және есепке алу тәртібін айқындайды.
4. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 120 күн ішінде, бірақ 2016 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі бекіткен талаптарға сәйкес тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
5. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 120 күн ішінде, бірақ 2016 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей мүше мемлекеттердің құзыретті (уәкілетті) органдары бақылау белгілерін жасауды және заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге өткізуді жүзеге асыратын ұйымдардың тізілімін қалыптастырады.
6. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап күнтізбелік 120 күн ішінде, бірақ 2016 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей мүше мемлекеттер Тізбеге енгізілген тауарларды әкелуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, тауарларды ішкі тұтыну, сондай-ақ кері импорт үшін шығарғаннан кейін оларды бақылау белгілерімен тауарларды таңбалауына рұқсат етілген мамандандырылған қойма үй-жайларына қойылатын талаптарды белгілейді және (немесе) осындай қойма үй-жайларының тізбесін айқындайды.
7-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 112-бабында айқындалған тәртіппен шешіледі.
8-бап
Осы Келісімге кез келген мүше мемлекеттердің бастамасы және өзара уағдаластығы бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін. Хаттамалар Келісімнің 11-бабына сәйкес күшіне енеді.
9-бап
Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.
10-бап
Осы Келісімге ескертпелер жасауға жол берілмейді.
11-бап
Осы Келісім осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
2015 жылғы 8 қыркүйекте Гродно қаласында орыс тілінде бір данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.
Армения Республикасынан |
Беларусь Республикасынан |
Қазақстан Республикасынан |
Қырғыз Республикасынан |
Ресей Федерациясынан |
Осымен 2015 жылғы 8 қыркүйекте Гродно қаласында қол қойылған «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің осы аудармасы орыс тілдегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.
Армения Республикасы Үкіметі үшін – Армения Республикасының Вице-Премьер-Министрі В.В. Габриелян;
Беларусь Республикасы Үкіметі үшін – Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары В.С. Матюшевский;
Қазақстан Республикасы Үкіметі үшін – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Ә. Сағынтаев;
Қырғыз Республикасы Үкіметі үшін – Қырғыз Республикасының Вице-Премьер-Министрі В.И.Диль;
Ресей Федерациясы Үкіметі үшін – Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары И.И. Шувалов;
Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссиясында сақталады.
Еуразиялық экономикалық
комиссиясы Құқықтық
департаментінің директоры В.И. Тараскин
Осымен 2015 жылғы 8 қыркүйекте Гродно қаласында қол қойылған «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің осы аудармасы орыс тілдегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Құжат айналымы департаментінің
Құжаттарды редакциялау және
лингвистикалық сараптау
басқармасы басшысы Б. Ахметжанова