2015 жылғы 5 қарашада Парижде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға арналған жеңілдіктер мен преференциялар туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер
бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық
мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми
қатысушыларға арналған жеңілдіктер мен преференциялар туралы келісім
(2016 жылғы 2 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 5, 77-құжат)
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы (бұдан әрі - ХКБ)
Қазақстан Республикасы ХКБ мүшесі және 1928 жылы 22 қарашада Париж қаласында жасалған, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Халықаралық көрмелер туралы конвенцияның (бұдан әрі - «Конвенция») қатысушысы болып табылатындығын, оның жеңілдіктер мен преференцияларға қатысты мемлекеттермен ХКБ-ның келісім жасауына құқық беретінін назарға ала отырып;
Қазақстан Республикасы 2014 жылғы 11 маусымда Бас Ассамблеяның 155-ші сессиясы шеңберінде ХКБ таныған, Астана қаласында «Болашақ Энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін (бұдан әрі - «көрме») 2017 жылғы 10 маусым - 2017 жылғы 10 қыркүйек аралығында өткізіп, көрменің табысы мен беделі үшін жауапты болғандықтан;
Қазақстан Республикасы Конвенцияға сәйкес көрме шеңберінде ресми қатысушылардың қатысуына жәрдем беру және оларға өз міндеттерін орындауға мүмкіндік беру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын назарға ала отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Анықтамалар
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
«Шақырушы Үкімет» — Конвенция ережелері мен көрмені ұйымдастыру және өткізу үшін белгіленген қағидалардың сақталуына кепілдік беретін Қазақстан Республикасының Үкіметі;
«көрме» - Астана қаласында 2017 жылғы 10 маусым - 2017 жылғы 10 қыркүйек аралығында өткізілетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі;
«Көрме комиссары» — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан көрмені ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша әрекет етуге уәкілеттік берілген тұлға;
«Секция комиссары» — көрмеге ресми қатысушы ретінде қатысатын, көрменің ұйымдастырушысымен және көрме комиссарымен қатысу шартына қол қоятын және Қазақстан Республикасы аумағында болу мәртебесіне ие дипломатиялық өкілдіктер басшыларына теңестірілген, ресми қатысушының Үкіметі немесе халықаралық ұйым тағайындаған өкіл;
«Ұйымдастырушы» - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 15 қаңтардағы № 11 қаулысына сәйкес құрылған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы;
«Ресми қатысушы» - Қазақстан Республикасынан көрмені өткізуге қатысуға ресми шақыру алған және қабылдаған мемлекет немесе халықаралық ұйым;
«Секция комиссарының офисі» — осы Келісімге сәйкес павильонды немесе стендті дайындаудың, пайдаланудың және кәдеге жаратудың барлық мерзімі кезеңінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме ашқан ресми қатысушының заңды тұлғасы;
«Штат қызметкерлері» - әрбір ресми қатысушының секция комиссары офисінің қызметкерлері: секция комиссары, секция комиссарының орынбасары, павильондар директоры және Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын, ресми қатысушысы, қызмет көрсететін персоналға және стенділер/павильондар бойынша алып жүрушілерге секция комиссары офисі қызметінің әкімшілік, операциялық және ұйымдастырушылық бөлігі үшін тікелей жауап беретін ресми қатысушылардың басқа да лауазымды адамдары;
«Отбасы мүшесі» - секция комиссарының, секция комиссары орынбасарының, павильондар директорларының жұбайлары және/немесе балалары (21 жасқа дейінгі);
«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері» — ұйымдастырушы тіркеген көрменің іс-шараларын жария ету қызметін жүзеге асыратын тұлғалар;
«Қатысу шарты» - Көрмеге қатысу шарттарын көздейтін, көрме комиссарының қолымен бекемделетін секция комиссары мен ұйымдастырушы арасындағы шарт;
«Негізгі регламент» — Тіркеу дерекнамасының бөлігі болып табылатын көрменің регламенті;
«Тіркеу дерекнамасы» - 2014 жылғы 11 маусымда ХКБ Бас Ассамблеясының 155-ші сессиясы шеңберінде ХКБ-ға енгізілген және бекітілген, көрмені ұйымдастыруға және өткізуге қатысты құжат.
2-бап. Келісім нысанасы
Осы Келісімде көзделген штат қызметкерлері мен өзге тұлғаларға және Конвенцияға сәйкес қолдануға дейін заңды деп танылуға және бекітілуге тиіс, шақырушы Үкімет ұсынатын жеңілдіктер мен преференцияларды айқындау және белгілеу осы Келісімнің нысанасы болып табылады.
3-бап. ХКБ, Көрме комиссары мен ұйымдастырушының міндеттері
Конвенцияның 25-бабының 1-тармағына сәйкес ХКБ көрмені өткізуге қатысты Конвенция ережелерінің орындалуына жауаптылықта болады.
Конвенцияның 10-бабының 2-тармағына сәйкес шақырушы Үкімет ұйымдастырушы міндеттемелерінің орындалуына кепілдік береді.
Конвенцияның 12-бабына сәйкес көрме комиссары көрмеге қатысты барлық мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді.
Ұйымдастырушы көрмені ұйымдастыру және өткізу үшін жауаптылықта болады.
4-бап. Жеңілдіктер мен преференциялардың бенефициарлары (алушылары)
Осы Келісімде көзделген жеңілдіктер мен преференциялар осы Келісімнің 11, 12, 13, 16-баптарында көрсетілген адамдардың өз функцияларын орындауын жеңілдету үшін, сондай-ақ ХКБ өкілдері үшін ұсынылады.
5-бап. Ұйымдастырушыға қажетті ресми ақпарат
1. Ресми қатысушы ұйымдастырушыға өзінің штат қызметкерлерінің тізбесін, сондай-ақ қажеттілігіне қарай, осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген адамдардың тізбесін бекіту үшін жіберуге міндеттенеді. Бұл ретте, ұйымдастырушыға жібергенге дейін БАҚ өкілдерінің тізбесі секция комиссарымен алдын ала келісуге жатады.
2. Жоғарыда аталған тізбеден басқа ресми қатысушы ұйымдастырушыға тізбеде көрсетілген адамдардың жеке деректері, міндеттері, қызмет түрлері мен отбасы жағдайы көрсетілген ақпаратты жіберуге міндеттенеді.
3. Қажет болған жағдайда ресми қатысушы жеңілдіктер мен преференцияларды ұсыну мақсатында Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына қажетті тауарлар, қызметтер немесе жұмыстар туралы мәліметтерді немесе кез келген басқа ақпаратты ұсынуға міндеттенеді.
6-бап. Ақпаратты растау
Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес ресми қатысушы жолдаған ресми ақпаратты адамдардың, тауарлардың, қызметтің немесе басқалардың көрмеге тікелей және ресми қатысы бар екенін ұйымдастырушы растауға тиіс. Қажет болған жағдайда, аталған ақпаратты көрме комиссары да растауға тиіс.
7-бап. Дербес деректерді қорғау
Көрме ұйымдастырушысы, комиссары немесе Қазақстан Республикасының қандай да бір басқа уәкілетті органы арасында осы Келісімнің ережелері қолданылатын адамдардың дербес деректерімен алмасу Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау туралы заңнамасы ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
8-бап. Жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану мерзімі
Осы Келісімнің 12-бабында көрсетілген 2016 жылғы 1 наурыздан - 2018 жылғы 9 наурыз аралығында қолданылатын кедендік жеңілдіктер мен преференцияларды қоспағанда, осы Келісімге сәйкес ұсынылатын жеңілдіктер мен преференциялар 2016 жылғы 1 наурыздан бастап - 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады. Осы бап осы Келісімнің 21-бабының 1-тармағы үшін нұқсан келтірмей қолданылады.
9-бап. Әкімшілік ынтымақтастық
Визалық қолдау көрсету саласындағы, ішкі істер, әлеуметтік қамсыздандыру және салықтар саласындағы мемлекеттік органдарды қоса алғанда, осы Келісімде айтылған мәселелер бойынша шешім қабылдауға уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары көрме комиссарының офисіне, ұйымдастырушыға және бірыңғай қызмет көрсету орталығына осы Келісімде көзделген жеңілдіктер мен преференциялардың берілуіне байланысты өздерінің міндеттерін орындау үшін толық ақпаратты ұсынады. Бұдан басқа, жауапты мемлекеттік органдар осы Келісімде көзделген жеңілдіктер мен преференциялардың тиісінше қолданылуы үшін қажетті қандай да бір мәселелерді шешу үшін осы келісімнен туындайтын нормалар мен қағидаларды әзірлеуге тиіс.
Атап айтқанда, виза алу жөніндегі өтінішке қатысты уәкілетті орган ресми қатысушылардың қажеттіліктеріне ерекше назар аударуға тиіс және осы мақсатта ол тиісті түрде әрі тиісті уақытта белгіленген рәсімдердің сақталуын қамтамасыз ету және визалардың жылдам берілуі үшін барлық қажетті материалдық және адами ресурстарды ұсынады.
10-бап. Жеңілдіктердің, преференциялардың мақсаты және
Қазақстан Республикасының мемлекеттік
органдарымен ынтымақтастық
1. Осы Келісімде көзделген жеңілдіктер мен преференциялар жекелеген адамдардың жеке пайдасы үшін емес, көрмені ойдағыдай өткізу мақсатында ғана беріледі.
2. Осы Келісімге сәйкес берілетін жеңілдіктер мен преференцияларға нұқсан келтірмей осындай жеңілдіктер мен преференцияларды пайдаланатын барлық тұлғалар осы Келісімде айтылған объектілерге байланысты кез келген теріс пайдаланушылықтан тартынуға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын заңдар мен қағидаларды сақтауға міндетті. Осындай адамдар Қазақстан Республикасының ішкі істеріне араласудан да тартынуға міндетті.
3. Қазақстан Республикасы жеңілдіктер мен преференцияларға құқығы бар ресми қатысушылармен байланысты адамдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне жауапты болмайды.
4. Осы Келісімнің ережелері шақырушы Үкіметтің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдану құқығын қандай да бір түрде шектемейді.
5. Осы Келісімде, Конвенцияда, қатысу шартында, негізгі регламентте реттелмеген мәселелер, тіркеу дерекнамасында белгіленгеніндей, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
2-тарау. Салалық ережелер
11-бап. Келу және болу
1. Шақырушы Үкімет штат қызметкерлерінің, отбасы мүшелерінің, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Қазақстан Республикасының аумағына келуін, шығуын және онда болуын жеңілдету жөнінде барлық қажетті шараларды қолданады.
2. Шақырушы Үкімет осы баптың 1-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының адамдарына 12 айға дейінгі мерзімге тегін көп реттік жұмыс визасын береді, оны Қазақстан Республикасының құзыретті органдары 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарта алады.
3. Шақырушы Үкімет мынадай адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келуін, шығуын және онда болуын жеңілдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды:
1) ресми қатысушылар үшін ресми қатысушының павильонын жобалауды, салуды және/немесе пайдалануды жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуші персонал;
2) көрме аумағында ресми қатысушылар мен ұйымдастырушы ұйымдастыратын көркемөнер және мәдени іс-шараларға қатысатын адамдар;
3) ұйымдастырушының рұқсатымен, негізгі регламентке сәйкес көрме шеңберінде коммерциялық қызметке қатысатын адамдар;
4) отбасы мүшелеріне қажеттілігіне қарай күтім жасау үшін керекті персонал.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген адамдарға қажетті виза жеделдетілген тәртіппен беріледі.
5. Осы баптың 1 және 3-тармақтарында көрсетілген адамдардың келуін, шығуын және болуын жеңілдету үшін осы Келісімге сәйкес еңбек қызметін жүзеге асыруға виза алу рәсіміне, сондай-ақ құзыретті органдардың тіркеу рәсіміне қажетті ережелер енгізілуге тиіс.
6. Ұйымдастырушы келу, шығу және болу рәсімдеріне байланысты тиісті ақпаратты ресми қатысушыға дереу жолдайды.
7. Виза беру рәсімінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ресми қатысушылар ұйымдастырушыға өздерінің Қазақстан Республикасында болуының болжамды мерзімін және мақсатын көрсете отырып, осы баптың 1 және 3-тармақтарында аталған адамдарға қатысты жеке деректерін дереу ұсынуға тиіс.
12-бап. Секция комиссарының офистеріне арналған салықтық
және кедендік жеңілдіктер
1. Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріне көрмені өткізу үшін өздерінің павильондарын салу, орнату, көрсету, пайдалану және бөлшектеу мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында секция комиссарының офисі сатып алған тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша қосылған құн салығы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады. Егер қосылған құн салығы сатудан түскен салықпен немесе басқа да жанама салықтармен алмастырылса, онда ережелер осындай алмастырылған салықтарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының салық салу саласындағы заңнамасы өзгерген жағдайда, секция комиссарының офисіне шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қосылған құн салығына қатысты шаралар қолданылатын болады.
2. Қазақстан Республикасында көрмені өткізу кезеңінде көздерден алынған және онда олардың қатысуына тікелей байланысты, көрме аумағында қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асырудан түскен табыстар мен кәдесый өнімдерін сатудан түскен табыстарды (бірақ шектеусіз) қоса алғанда, секция комиссары офисінің табыстары корпоративтік табыс салығын салудан босатылады.
3. Ресми пайдалану үшін секция комиссарының офисі әкелетін, көрмені ұйымдастыруға және өткізуге арналған шетел тауарларын кедендік декларациялау кедендік баж бен салық төленбей, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 329 шешіміне сәйкес тарифтік емес және техникалық реттеу шаралары қолданылмай жүзеге асырылады.
4. Дипломатиялық мәртебесі бар Секция комиссарының және штат қызметкерлерінің жеке тұтынуы үшін әкелінетін шетел тауарлары кедендік баж және салықтарды төлеуден, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 52-тарауына сәйкес тарифтік емес және техникалық реттеу шараларынан босатылады.
Дипломатиялық мәртебесі жоқ штат қызметкерлерінің жеке тұтынуы үшін әкелінетін шетел тауарлары кедендік бажбен салықтарды төлеуден, сондай-ақ 2010 жылғы 18 маусымдағы жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы келісімге сәйкес тарифтік емес және техникалық реттеу шараларынан босатылады.
Жоғарыда аталған кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын штат қызметкерлерге қатысты қолданылмайды.
5. Әкелінетін тауарлар санитариялық, ветеринариялық, және фитосанитариялық тексерілуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына сәйкес басқа да шаралар қолданылуға жатады. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мұндай тексерулерді белгіленген заңнамаға сәйкес жүргізеді.
6. Әкелу кезінде кедендік баждар мен салықтардан босатылған және тарифтік емес және техникалық реттеу шаралары қолданылмай әкелінген тауарларды коммерциялық қызметте пайдалануға, сатуға не иеліктен шығаруға болмайды. Коммерциялық қызмет үшін осындай тауарлар пайдаланылған, сатылған не иеліктен шығарылған жағдайларда, оларға Еуразиялық экономикалық одақтың құқығында көзделген шаралар қолданылады.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелуге тыйым салынған және (немесе) шектелген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерің үшінші елдермен саудада әкелуіне немесе әкетуіне тыйым салу немесе шектеу қолданылатын тізбесі Тауарлардың бірыңғай тізбесінде қамтылады және мыналармен:
«Тарифтік емес реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілер туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2012 жылғы 16 тамыздағы № 134 шешімімен;
«Тарифтік емес реттеу шаралары туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешімімен;
«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
8. Секция комиссарының офисі өзінің ұйымдастырушылық міндеттерін орындау үшін қажетті сомаға Қазақстан Республикасының кез келген банкінде және кез келген валютада есепшоттар ашуға құқылы.
13-бап. Секция комиссары мен штат қызметкерлеріне арналған салықтық жеңілдіктер
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ секция комиссары мен штат қызметкерлері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ отбасы мүшелері Қазақстан Республикасында болу кезінде мынадай жеңілдіктерді пайдаланады:
1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын немесе Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарды қоспағанда, секция комиссары, штат қызметкерлері, сондай-ақ отбасы мүшелері салықтық мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ретінде танылмайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын адамдарды қоспағанда, дамушы елдерге көмек шеңберінде жасалған секция комиссары офисімен жасасқан шарт бойынша төлем түрінде, сондай-ақ, тұруға, медициналық сақтандыруға, медициналық қызмет көрсетуге, тамақтануға, Қазақстан Республикасынан тысқары тұрғылықты жерінен көрмені өткізу орнына дейін және кері қарай жолақы шығыстарын төлеу түрінде алынған осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың табыстары жеке табыс салығын салудан босатылады. Секция комиссары офисінің осындай табыстарды төлеу шығыстарына әлеуметтік салық салынбайды.
3. Көрмені өткізу үшін өздерінің павильондарын салу, орнату, қою, пайдалану және бөлшектеу мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар сатып алған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосымша құн салығы Қазақстан Республикасының заңнамасында шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері үшін белгіленген тәртіппен қайтарылуға тиіс.
Егер қосылған құн салығы сату салығымен немесе басқа да жанама салықтармен ауыстырылған жағдайда осы тармақта белгіленген ережелер осы салықтарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының салық салу саласындағы заңнамасы өзгерген жағдайда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдері үшін белгіленген қосылған құн салығына қатысты шаралар қолданылатын болады.
4. Секция комиссарының көрмені өткізу кезеңінде Қазақстан Республикасындағы көздерден алған және көрмеге қатысуға тікелей байланысты табыстары жеке табыс салығын салудан босатылады.
14-бап. Жүргізуші куәліктерін тану
1. 1968 жылғы 8 қарашадағы БҰҰ Жол жүрісі туралы конвенциясына (бұдан әрі - Жол жүрісі туралы конвенция) қатысушы елдерде берілген жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасының аумағында танылады және қолданылады.
2. Секция комиссары, штат қызметкерлері, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген адамдар автокөлік жүргізу кезінде Жол жүрісі туралы конвенцияға сәйкес келетін қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәлігін не халықаралық жүргізуші куәлігін пайдалана алады.
3. Ұйымдастырушы, қажет болған кезде, ресми қатысушыларға жүргізуші куәлігінің қазақ немесе орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасын дайындауға жәрдемдеседі.
15-бап. Сақтандыру
1. Секция комиссары, әрбір ресми қатысушының штат қызметкерлері, сондай-ақ осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген адамдар қатысу шартында көзделген талаптарда медициналық сақтандыруды қоса алғанда, сақтандыру шарттарын жасауға тиіс.
2. Ресми қатысушы және/немесе офис комиссары ұйымдастырушыға талап етілетін сақтандыру шарттарының жасалғаны жөніндегі растаманы ұсынады.
3. Ресми қатысушылардың, секция комиссары офисінің, сондай-ақ 4-бапта көрсетілген адамдардың нұқсан келтіру салдарынан пайда болуы мүмкін, егер осындай оқиға ұйымдастырушының немесе оның персоналының немесе басқа да қатысушылар немесе оның персоналының қасақана әрекетіне немесе өрескел ұқыпсыздығына байланысты емес нұқсан келтірілген жағдайда, өтемақы талап етуге құқығы жоқ.
4. Ұйымдастырушының, нұқсан келтіру салдарынан пайда болуы мүмкін, егер осындай оқиға персоналға немесе басқа қатысушыларға қатысы бойынша Көрмеге ресми қатысушылардың немесе оның персоналының қасақана әрекетіне немесе өрескел ұқыпсыздығына байланысты емес нұқсан келтірілген жағдайда, өтемақы талап етуге құқығы жоқ.
16-бап. Ұлттық білім беру жүйесі мен университеттік курстарға қатысу
1. Қажет болған жағдайда, Астана қаласында орналасқан білім беру ұйымдарын қоса алғанда, арнайы мемлекеттік органдардың және білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының оқу орындарын қоспағанда, Астана қаласының кез келген түрдегі және деңгейдегі білім беру ұйымдары оқу жылы ішінде отбасы мүшелерін қабылдайды, мемлекеттік және орыс тілдерінде білім алуын қамтамасыз етеді.
2. Білім алушы адамдардың мектепке бару уақытында медициналық шығыстарды өтеуге арналған сақтандыру полистерінің дәлелдемелер, сондай-ақ, жазатайым оқиғаларды қамтитын полис пен нұқсан келтіргені және соған байланысты заң қызметтерінің шығыстары үшін үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті сақтандыру ұсынылатын болады.
3. Білім алушы адам бөлінген білім беру ұйымы оның оқуы аяқталған кезде берілген білімі және білім алушы адамның оқу үлгерімі табелін немесе оқыту және жалпы білім беру пәндерін зерделеу мерзімдері көрсетілген анықтама береді.
17-бап. Ақпараттық жария ету
1. Көрмеге ресми қатысушылар мен келушілер көрме туралы ақпаратты мына арналар арқылы алады:
1) тұрақты түрде шығарылатын ЭКСПО-2017 арнайы бюллетені;
2) ұйымдастырушының ресми сайты (www.ехро2017astana.com).
2. Ұйымдастырушының тауар белгісін (логотипін) пайдалану құқығы Ұйымдастырушының шешімі негізінде ресми қатысушыларға берілуге тиіс.
3. Ұйымдастырушының тауар белгісін (логотипін) пайдалану құқығы ұйымдастырушының шешіміне сәйкес ресми қатысушыларға ұсынылады.
18-бап. Бірыңғай қызмет көрсету орталығы
Ресми қатысушыларға, секция комиссары кеңселеріне және олардың штат қызметкерлеріне қызмет көрсету үшін ұйымдастырушы тәулік бойы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бірыңғай қызмет көрсету орталығын құрады. Бірыңғай орталықта мемлекеттік және көрсетілетін өзге де қызметтердің тиісті түрлерін уақтылы әрі тиімді көрсететін мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың өкілдері (ішкі істер органын, кеден органы мен салық органын қоса алғанда) болады.
19-бап. Ресми қатысушылардың құқықтары
1. Шақырушы Үкімет секция комиссарының кеңселеріне олардың негізгі қызметі шеңберінде мынадай өкілеттіктерді береді:
1) шарттарға қол қою;
2) жылжымалы мүлікті салып алу және сату;
3) сотта сөз сөйлеу;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен басқада ұйымдарында ресми қатысушылардың мүдделерін білдіру.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін ресми қатысушылардың атынан Конвенцияда көрсетілгендей секция комиссары немесе ол болмаған кезде секция комиссарының орынбасары өкілдік етеді.
3-тарау. Қорытынды ережелер
20-бап. Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген дау Конвенцияның 34-бабының ережелеріне сәйкес шешіледі.
Ресми қатысушылар арасындағы немесе ресми қатысушы мен ұйымдастырушы арасындағы кез келген даулар Конвенцияға, қатысу шартына және негізгі регламентке сәйкес шешіледі.
21-бап. Күшіне енуі және өзгерістер
1. Осы Келісім Халықаралық көрмелер бюросы және қазақстандық тарап оның күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы ақпарат бере отырып, дипломатиялық арналар арқылы екі хабарламаның екіншісін алғанын растаған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы Келісім үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
2015 жылғы 5 қарашада Париж қаласында әрқайсысы қазақ, орыс, француз және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Ауытқушылықтар туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.
Қазақстан Республикасының Халықаралық көрмелер бюросы
Үкіметі үшін үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің француз және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.