2017 жылғы 15 маусымда Ханойда жасалған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы
ШАРТ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы
қылмыстылыққа қарсы күресте неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге және екі мемлекет арасындағы ұстап беру саласындағы қатынастарды реттеуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап. Ұстап беру міндеттемесі
Әрбір Тарап осы Шарттың ережелеріне сәйкес екінші Тарапқа ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін Сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық қудалау немесе сот үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан, Сұрау салынатын Тараптың аумағында жүрген адамды ұстап беруге міндеттенеді.
2-бап. Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар
1. Осы Шарт мақсатында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп сұрау салу жіберілген кезде Тараптардың заңнамасына сәйкес жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде 1 (бір) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе одан қатаң жаза көзделетін қылмыстар танылады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу өзін ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмыс үшін Сұрау салушы Тараптың соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамға қатысты болса, ұстап беру адам бас бостандығынан айыруға сотталған және өтелмеген мерзімі кемінде 6 (алты) айды құраған жағдайда ғана мүмкін болады.
3. Осы баптың мақсатында жасалған іс-әрекет Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын-табылмайтынын айқындау үшін:
а) Тараптардың заңнамасы бойынша іс-әрекеттің қылмыстардың бір санатына жатқызылатыны-жатқызылмайтыны немесе жасалған қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологиямен аталатыны маңызды емес; және
b) ұстап берілуі сұратылып отырған адамның іс-әрекеттері тұтастай алғанда назарға алынады және егер Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыстың құрамдас белгілері ерекшеленсе, маңызды емес.
4. Егер ұстап беру кеден, салық заңнамасын, валюталық реттеу саласындағы заңнаманы бұзушылықтарға байланысты қылмыстар жасағаны үшін сұратылса, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында Сұрау салушы Тараптың заңнамасындағыға ұқсас салық немесе кеден нормасының немесе валюталық реттеу саласындағы норманың қамтылмауы себептері бойынша ұстап беруден бас тартуға болмайды.
5. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалса, ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында дәл осындай мән-жайлар кезінде оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделетін жағдайда қанағаттандырылуы мүмкін.
6. Егер ұстап беру туралы сұрау салу әрқайсысы Тараптардың заңнамасында жазаланатын, бірақ олардың кейбіреулері осы баптың 1, 2-тармақтарында көрсетілген белгілерді қамтымайтын бірнеше қылмыстарға қатысты болса, адамның ұстап беруге әкеп соғатын кемінде бір қылмыс үшін ұстап берілуі мүмкін екені ескеріле отырып, осы қылмыстар үшін ұстап беру жүзеге асырылуы мүмкін.
3-бап. Ұстап беруден бас тарту
1. Егер:
a) ұстап беру осы Шарттың ережелеріне, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе;
b) егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда, орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жіберілген қылмыс Сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын болса;
c) оған байланысты өзін ұстап беру талап етіліп отырған қылмыс үшін іздестіріліп жатқан адамға Сұрау салынатын Тараптың аумағында айып тағылса, ол сотталса немесе ақталса немесе бұл қылмыс туралы іс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қысқартылған не тоқтатылған болса;
d) егер дәл осындай қылмыс Сұрау салынатын Тараптың аумағында жасалса, оның заңнамасы бойынша ескіру мерзімдерінің өтуіне байланысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру мүмкін болмаса, осы Шарттың шеңберінде ұстап беру жүргізілмейді. Сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша ескіру мерзімдерінің өтуін тоқтата тұруға байланысты шешімдерді Сұрау салынатын Тарап мойындайды және бұл жағдайда Сұрау салушы Тарап тиісті шешімнің куәландырылған көшірмесін және ескіру мерзімдеріне қатысты өз заңнамасының тиісті ережелерінен үзінді көшірмені ұсынуға тиіс;
e) ұстап берілуі сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылса;
f) Сұрау салынатын Тарап қылмыстың ауырлығын және Сұрау салушы Тараптың мүдделерін ескере отырып, іздестіріліп жатқан адамның жеке мән-жайлары салдарынан осы ұстап беру ізгілік қағидаттарына үйлеспейді деп есептесе;
g) оған байланысты ұстап беру сұратылып отырған іс-әрекет Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша әдеттегі қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмыстарға жататын болса;
һ) Сұрау салынатын Тараптың ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп жатқан адамды нәсілдік, діни, жыныстық, ұлттық, этникалық, әлеуметтік тиесілігі себептері бойынша немесе саяси себептер бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында ұсынылған немесе адам осы себептердің кез келгені бойынша сотталуы мүмкін деп пайымдауға негізді себептері болса;
і) Сұрау салынатын Тараптың іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапта азаптауларға немесе басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынасқа немесе жазалауға тартылды немесе тартылады деп пайымдауға негізді себептері болса;
j) Сұрау салынатын Тарап ұстап беру егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке қауіп-қатер төндіреді деп есептесе, осы Шарттың шеңберінде ұстап беру жүргізілмейді.
2. Сұрау салушы Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тарту себептері туралы жазбаша хабардар етілуге тиіс.
4-бап. Азаматтарды қылмыстық қудалау
1. Егер ұстап беруден іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы негізінде ғана бас тартылса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша адамды қылмыстық қудалауға ұшыратуға тиіс. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан тиісті құжаттарды жіберу туралы сұрата алады.
2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салу бойынша қабылданған іс-қимылдар туралы және іс бойынша сот талқылауының нәтижелері туралы уақтылы хабарлайды.
5-бап. Ұстап беруді кейінге қалдыру және уақытша ұстап беру
1. Егер ұстап берілуі сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында басқа қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылса немесе жазасын өтеп жатса, онда ұстап беру іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға, жазасын өтегенге немесе жазадан босатылғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін, бұл туралы Сұрау салушы Тарап хабардар етіледі.
2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімдерінің өтуіне әкеп соғуы мүмкін болса немесе қылмысты тергеп-тексеруді едәуір қиындататын болса, онда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес ұстап берілуі сұратылып отырған адамды уақытша ұстап бере алады.
3. Уақытша ұстап берілген адам қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін, бірақ оны берген күннен бастап 90 (тоқсан) тәуліктен кешіктірмей, Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылуға тиіс. Егер мұндай ұзарту үшін жеткілікті негіздер болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша уақытша ұстап беру кезеңін ұзарта алады.
6-бап. Орталық органдар
1. Ұстап беру мәселелері бойынша қарым-қатынастарды Тараптар өздерінің Орталық органдары арқылы немесе дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырады.
Осы Шартта айтылған Орталық органдарға:
Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;
Вьетнам Социалистік Республикасы үшін - Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі жатады.
2. Орталық органдардың атаулары өзгерген кезде Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.
7-бап. Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар
1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша ресімделуге және Тараптардың Орталық органдары арқылы жіберілуге тиіс. Ұстап беру туралы сұрау салуға ілеспе барлық құжаттар осы Шарттың 9-бабына сәйкес куәландырылуға тиіс.
Ұстап беру туралы сұрау салуда мынадай ақпарат:
a) сұрау салудың күні мен орны;
b) ұстап беру туралы сұрау салуды жіберу үшін негіз болған, жасалған қылмыстың қысқаша мазмұндамасы;
c) Тараптардың Орталық органдарының атауы мен мекенжайы;
d) іздестіріліп жатқан адамның ТАӘ, жынысы, туған күні, азаматтығы мен тұратын/тіркелген орны және бар болған кезде жеке басын сәйкестендіру немесе оның орналасқан жерін анықтау үшін ықпал етуі мүмкін кез келген басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.
2. Ұстап беру туралы сұрау салуға мыналар:
a) істің мән-жайлары баяндалған ақпарат;
b) соның негізінде іс-әрекет қылмыс деп танылатын заңның мәтіні, қылмыс үшін жаза және соның ішінде қылмыстық қудалауды немесе тағайындалған үкімді орындау қажет болатын мерзімді белгілейтін заңның мәтіні;
c) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы және тұратын/тіркелген орны (бар болған кезде) туралы куәландыратын құжаттар; және
d) іздестіріліп жатқан адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ фотосуреттері мен саусақ таңбасы (бар болған кезде) қоса берілуге тиіс.
3. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қылмыстық қудалау мақсатында сұратылып отырған адамға қатысты болған кезде, сұрау салуға осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы берген қамаққа алу туралы шешімнің көшірмесі қоса беріледі.
4. Ұстап беру туралы сұрау салу сот үкімін орындау мақсатында сұратылып отырған адамға қатысты болған кезде, сұрау салуға осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар және мыналар:
a) Сұрау салушы Тараптың соты шығарған түпкілікті үкімнің көшірмесі;
b) жазаның өтелген бөлігі туралы ақпарат қоса беріледі.
5. Ұстап беру туралы сұрау салу және қоса берілетін құжаттар Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.
6. Ұстап беру туралы сұрау салу техникалық коммуникациялар құралдары пайдаланыла отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.
8-бап. Қосымша ақпарат
1. Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуда ұсынылған ақпаратты осы Шартқа сәйкес ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандыру үшін жеткіліксіз деп есептесе, ол келісілген мерзім ішінде қосымша ақпаратты сұрата алады.
2. Егер ұстап берілуі сұратылған адам күзетпен ұсталса, ал ұсынылған қосымша ақпарат осы Шартқа сәйкес жеткіліксіз болса немесе келісілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Мұндай босату Сұрау салушы Тарапқа ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды ұсынуға кедергі келтірмеуге тиіс.
3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа уақтылы хабарлауға тиіс.
9-бап. Құжаттардың жарамдылығы
Тараптың Орталық органының мөрімен куәландырылған ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімінде бұдан әрі сертификаттаусыз, төлнұсқалығын анықтаусыз және заңдастырусыз жарамды болуға тиіс.
10-бап. Ұстап беру мақсатында қамаққа алу
1. Кезек күттірмейтін жағдайларда Тараптар ұстап беру туралы сұрау салу берілгенге дейін іздестіріліп жатқан адамға қатысты экстрадициялық қамаққа алуды сұрата алады. Экстрадициялық қамаққа алу туралы сұрау салу дипломатиялық арналар немесе Интерпол арқылы жіберілуі мүмкін не осы Шарттың 6-бабында айтылған Орталық органдар оны тікелей жібере алады.
Қамаққа алу туралы сұрау салу техникалық коммуникациялар құралдары пайдаланыла отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.
2. Экстрадициялық қамаққа алу туралы сұрау салуда осы Шарттың 7-бабының 1-тармағында көрсетілген ақпарат және ұстап беру туралы сұрау салудың ұсынылатыны туралы кепілдік қамтылуға тиіс.
3. Осындай сұрау салуды алғаннан кейін Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алу үшін қажетті шараларды қолдануға және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етуге тиіс.
4. Егер Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 7-бабында көрсетілген қажетті құжаттарды қамаққа алған күннен бастап 30 (отыз) тәулік ішінде бере алмаса, мұндай босату, егер сұрау салу кейіннен алынса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қарауға кедергі келтірмейді деген шартпен қамаққа алынған адам босатылуы мүмкін.
5. Ұстап беру мақсатында адамның күзетпен ұсталған уақыты Сұрау салушы Тарапта шығарылатын сот үкімі бойынша тағайындалатын жазаны орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
11-бап. Қайта ұстап беру
Егер ұстап беру туралы сұрау салуда көрсетілген адам Сұрау салушы Тарапта қылмыстық талқылау біткенге немесе жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін Сұрау салынатын Тарапқа қайта оралса, онда осы адам Сұрау салушы Тараптан нақ сол қылмысқа қатысты ұстап беру туралы жаңа сұрау салу алынған жағдайда қайта ұстап берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салушы Тараптың осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар мен материалдарды беруі талап етілмейді.
12-бап. Бәсекелес сұрау салулар
1. Егер бір адамды ұстап беру туралы сұрау салулар екі немесе одан да көп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Тараптан алынса, Сұрау салынатын Тарап өз шешімі туралы сол мемлекетті, сондай-ақ екінші Сұрау салушы Тарапты хабардар ете отырып, адамның қай мемлекетке ұстап берілетінін айқындауға тиіс.
2. Адамның қай мемлекетке ұстап берілуге тиіс екендігін айқындау кезінде Сұрау салынатын Тарап мыналарды:
a) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығы мен тұратын жерін;
b) сұрау салулар халықаралық шартқа сәйкес жасалғанын-жасалмағанын;
c) қылмыс жасалған уақыт пен орынды;
d) сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;
e) жасалған қылмыстың ауырлығын;
f) жәбірленушінің азаматтығын;
g) сұрау салушы мемлекеттер арасында одан әрі ұстап беру мүмкіндігін;
һ) сұрау салулардың алынған күндерін қоса алғанда, барлық факторларды ескеруге тиіс.
13-бап. Адамды беру
1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдағаннан кейін өзінің шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
2. Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салынатын Тараптың аумағында екі Тарапқа да қолайлы жерде Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына береді.
3. Сұрау салушы Тарап адамды Сұрау салынатын Тарап белгілейтін уақыт кезеңі ішінде Сұрау салынатын Тараптың аумағынан әкетуге тиіс және егер адам осы уақыт кезеңі ішінде әкетілмесе, Сұрау салынатын Тарап адамды күзетпен ұстаудан босата алады және осы қылмыс бойынша оны ұстап беруден бас тарта алады.
4. Егер ерекше мән-жайлар Сұрау салушы Тарапқа ұстап берілген адамды әкетуге кедергі келтірсе, бұл туралы екінші Тарап хабардар етіледі және бұл жағдайда осы баптың 3-тармағының талаптары қолданылмайды.
Мұндай жағдайда Тараптар осы бапқа сәйкес адамды берудің жаңа күні туралы өзара уағдаласуға тиіс.
14-бап. Меншікті беру
1. Ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда Сұрау салынатын Тараптың аумағында табылған, ұстап берілген адам қылмыстың салдарынан алған немесе заттай айғақтар ретінде талап етілуі мүмкін барлық меншік Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес және үшінші тұлғалардың құқықтары мен мүдделері ескеріле отырып, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша берілуге тиіс.
2. Жоғарыда айтылған меншік, егер ұстап беруді іздестіріліп жатқан адамның өліміне немесе қашып кетуіне байланысты қанағаттандыру мүмкін болмаса да, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша оған берілуге тиіс.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген меншік Сұрау салынатын Тарапта қылмыстық істі тергеп-тексеру үшін талап етілсе, ол оны беруді іс жүргізу аяқталғанға дейін уақытша кейінге қалдыра алады.
4. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы немесе үшінші тараптардың құқықтары мен мүдделері осыны талап етсе, кез келген берілген меншік Сұрау салынатын Тарапқа оның сұрау салуы бойынша өтеусіз қайтарылуға тиіс.
15-бап. Арнайы қағида
1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз:
a) сол бойынша ұстап беру қанағаттандырылған немесе сол бойынша ұстап беру қанағаттандырылған, нақ сол фактілерге негізделген басқаша аталатын қылмыс бойынша қылмыстан;
b) ұстап беруден кейін жасалған қылмыстан;
c) сол бойынша Сұрау салынатын Тарап ұстап берілген адамды айыптауға немесе соттауға келісім берген қылмыстан басқа, өзге қылмыс үшін Сұрау салушы Тарапта ұсталуға, айыпталуға немесе сотталуға болмайды.
2. Осы баптың 1-тармағын іске асыру мақсатында Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттарды беруді талап ете алады.
3. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз, ол ұстап берілгенге дейін жасаған қылмысы үшін үшінші мемлекетке ұстап беруге болмайды.
4. Осы баптың 1 және 3-тармақтары, егер:
а) адам оны ұстап бергеннен кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалса және өз еркімен қайта оралса;
b) адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан еркін кетіп қалу мүмкіндігі болған күннен бастап 30 (отыз) тәулік ішінде одан кетпесе, ұстап берілген адамды ұстауға, айыптауға және соттауға немесе осы адамды үшінші мемлекетке ұстап беруге кедергі келтірмейді. Ұстап берілген адам өзіне байланысты емес себептермен Сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт бұл мерзімге есептелмейді.
16-бап. Нәтижелер туралы хабарламалар
Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық істі тергеп-тексерудің немесе сот үкімін орындаудың нәтижелері туралы не адамды үшінші мемлекетке бергені туралы Сұрау салынатын Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.
17-бап. Транзит
1. Тараптардың заңнамасында жол берілетін шеңберде, үшінші мемлекет бір Тарапқа ұстап берген адамды екінші Тараптың аумағы арқылы транзиттік тасымалдауға тікелей Тараптардың Орталық органдары арқылы, дипломатиялық арналар арқылы немесе Интерпол арналары арқылы жіберілген жазбаша сұрау салу бойынша рұқсат етілуге тиіс.
Сұрау салуда азаматтығы туралы мәліметтерді және істің мән-жайлары туралы қысқаша ақпаратты қоса алғанда, транзиттік тасымалдауға жататын адамның деректері қамтылуға тиіс.
Транзитке сұрау салу техникалық коммуникациялар құралдары пайдаланыла отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жіберілуге тиіс.
2. Тараптардың Орталық органдары транзиттік тасымалдаудың маршрутын және басқа да шарттарын келіседі.
3. Егер транзиттеу транзит мемлекетінің аумағына уақытша қонбай әуе көлігімен жүзеге асырылса, оған рұқсат талап етілмейді. Егер Тараптардың бірінің аумағында жоспарланбаған қону орын алса, ол осы баптың 1-тармағында көзделген транзиттеу туралы сұрау салуды жіберуді талап ете алады.
4. Транзит мемлекеті транзиттеу туралы сұрау салу жоспарланбаған қонудан кейін 72 (жетпіс екі) сағат ішінде келіп түседі деген шартпен тасымалдау қайта басталғанға дейін тасымалданатын адамды күзетпен ұстайды.
18-бап. Шығыстар
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес ұстап беруге байланысты туындайтын, өз юрисдикциясындағы барлық рәсімдер бойынша шығыстарды көтереді.
2. Сұрау салушы Тарап транзиттеу бойынша шығыстарды қоса алғанда, адамды Сұрау салынатын Тараптың аумағынан тасымалдау бойынша шығыстарды көтереді.
19-бап. Консультациялар
1. Тараптардың бірінің Орталық органының сұрау салуы бойынша Орталық органдар осы Шартты түсіндіру мен қолдануға немесе нақты сұрау салуларды шешуге қатысты консультациялар жүргізе алады.
2. Орталық органдар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешілмеген даулар және келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы реттеледі.
20-бап. Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Шарттың 21-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.
21-бап. Шарттың күшіне енуі және қолданылуын тоқтату
1. Осы Шарт ратификациялауға жатады. Осы Шарт оның ратификацияланғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 60 (алпысыншы) күні күшіне енеді.
2. Осы Шарт оның күшіне енгеніне дейін ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс жасаған адамға қатысты қолданылады.
3. Тараптардың кез келгені бұл туралы жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберіп, осы Шарттың қолданысын тоқтатуға құқылы. Осы Шарт екінші Тараптың мұндай хабарламаны алған күнінен бастап 6 (алты) ай өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2017 жылғы 15 маусымда Ханойда әрқайсысы қазақ, вьетнам және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Шартты түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы | Вьетнам Социалистік Республикасы |
үшін | үшін |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың вьетнам және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.