2018 жылғы 14 мамырда Сочиде жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. НАЗАРБАЕВ |
Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 6-бабы 2-тармағының және 7-бабының ережелерін негізге ала отырып,
үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен өзара тиімді және тең құқықты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ұмтылысты растай отырып,
жалпыға бірдей танылған қағидаттарға және халықаралық құқықтың нормаларына бейілділікті растай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
I бөлім Жалпы ережелер
1-бап
Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - Одақ) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға (бұдан әрі - халықаралық шарттар) сәйкес Одаққа оларды реттеу нысанасына қатысты қажетті құзырет берілген үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен (бұдан әрі - үшінші тарап) халықаралық шарттар жасасу, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру тәртібін айқындайды.
Одақтың халықаралық шарттарды жасасуы кезінде мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) өзара іс-қимыл жасау тәртібін (бұдан әрі - өзара іс-қимыл жасау тәртібі) Комиссия Кеңесі айқындайды.
II бөлім Халықаралық шарт жасасу туралы ұсыныс
2-бап
1. Халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты мүше мемлекет, Комиссия Кеңесінің мүшесі немесе үшінші тарап енгізе алады.
Комиссия Алқасы белгіленген тәртіппен Комиссия Кеңесінің мүшелеріне халықаралық шарт жасасу туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы өтінішпен жүгіне алады.
2. Халықаралық шарт жасасу туралы ұсыныс Комиссияға жазбаша түрде жіберіледі.
3. Комиссия Алқасының Төрағасы өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде мүше мемлекеттердің үкіметтеріне осындай ұсыныстың келіп түскені туралы ақпарат береді.
4. Мүше мемлекеттер халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты зерделейді, қажет болған жағдайда консультациялар өткізеді және өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде өз позициялары туралы Комиссияға жазбаша түрде ақпарат береді.
Мүше мемлекеттердің позициялары туралы жиынтық ақпаратты Комиссия өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде мүше мемлекеттерге жібереді.
3-бап
1. Халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты одан әрі қараудың орындылығымен барлық мүше мемлекеттер келіскен жағдайда Комиссия көрсетілген мәселенің Комиссия Алқасы жанындағы тиісті консультациялық органдар шеңберінде қаралуын қамтамасыз етеді және осы Келісімнің 2-бабының 4-тармағына сәйкес олар туралы ақпарат ұсынылған мүше мемлекеттердің позицияларын ескере отырып, халықаралық шарт жасасудың экономикалық орындылығына алдын ала талдау жүргізеді.
2. Халықаралық шарт жасасу туралы үшінші тараптан келіп түскен ұсынысты одан әрі қараудың орындылығына бір немесе бірнеше мүше мемлекеттің келісімі болмаған кезде Комиссия мүше мемлекеттермен алдын ала келісілген тиісті жауапты жолдау арқылы үшінші тарапқа Одақтың позициясы туралы ақпарат береді.
3. Комиссия Алқасы осы баптың 1-тармағында көзделген іс-шаралар өткізу қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне сәйкес Комиссия Кеңесінің қарауы үшін, оның ішінде халықаралық шарт жасасудың орындылығы туралы талдамалық анықтаманы қамтитын материалдар дайындауды қамтамасыз етеді. Материалдарға осы баптың 4-тармағының үшінші абзацында көрсетілген жағдайды қоспағанда, халықаралық шарттың мәтіні (болған кезде) не халықаралық шарттың жобасы (Одақ органдарының жұмыс тіліне аудармасымен) немесе оның тұжырымдамалық ережелері де енгізіледі.
4. Халықаралық шарт жобасының тұжырымдамалық ережелері, әдетте, халықаралық шарт жасасудың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне, халықаралық шартта реттеуге жататын негізгі мәселелерге қатысты ережелерді қамтиды.
Халықаралық шарт жобасының тұжырымдамалық ережелерін дайындауды Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, оның ішінде үшінші тараппен өткізілген консультациялардың (олар өткізілген кезде) қорытындылары негізінде жүзеге асырады.
Халықаралық шарт жасасу мәселесін 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің XXIV бабының 8-тармағы түсінігінде қараған жағдайда, халықаралық шарт жобасының тұжырымдамалық ережелері халықаралық шарт жасасудың орындылығын зерделеу жөніндегі бірлескен зерттеу тобының (бұдан әрі - бірлескен зерттеу тобы) шеңберінде дайындалады және осы Келісімнің 6-бабының 6-тармағында көрсетілгендей, Комиссия Кеңесіне қарау үшін ұсынылады.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген талдамалық анықтамада:
а) мүше мемлекеттер үшін осындай шартты жасасумен байланысты ықтимал артықшылықтар мен тәуекелдер туралы мәліметтерді қоса алғанда, халықаралық шартты жасасудың болжанатын экономикалық салдары туралы мәліметтер;
б) халықаралық шартты жасасудың ықтимал мерзімдері туралы ақпарат;
в) үшінші тараптың халықаралық шарт жасасуға қатысты ниеті туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
6. Осы баптың 5-тармағының "в" тармақшасында көрсетілген мәліметтерді нақтылау қажет болған кезде, Комиссия көрсетілген мәселені Комиссия Алқасы жанындағы тиісті консультациялық органның шеңберінде келіскеннен кейін үшінші тараппен алдын ала консультациялар өткізеді.
4-бап
1. Комиссия Кеңесі халықаралық шарт жасасу туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша мынадай:
осы Келісімнің III бөліміне сәйкес бірлескен зерттеу тобын құру туралы;
келіссөздерді бастау туралы мәселені Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (бұдан әрі - Жоғары кеңес) қарауына шығару туралы және халықаралық шарт жобасының тұжырымдамалық ережелерін мақұлдау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Халықаралық шартқа қосылу туралы мәселе қаралған жағдайда Комиссия Кеңесі, егер Комиссия Кеңесінің шешімімен өзгеше белгіленбесе, кейіннен Жоғары кеңестің осы Келісімнің 11-бабында көрсетілген шешімді қабылдауы мақсатында мүше мемлекеттердің қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізуі туралы шешім қабылдайды.
Халықаралық шартқа қосылу туралы мәселені қарау қажет болған кезде осы Келісімнің III және IV бөлімдері тиісті қатынастарға mutatis mutandis арқылы қолданылады.
III бөлім Бірлескен зерттеу тобы
5-бап
1. Халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты қосымша зерделеу қажет болған кезде Комиссия Кеңесі мүше мемлекеттер мен Комиссия өкілдерінен бірлескен зерттеу тобын құру туралы шешім қабылдайды.
2. Халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің XXIV бабының 8-тармағы түсінігінде қараған кезде бірлескен зерттеу тобы міндетті түрде құрылады.
3. Бірлескен зерттеу тобының жұмысына үшінші тараптың өкілдері қатысады.
4. Бірлескен зерттеу тобының отырыстары мен сараптамалық консультацияларын өткізу мерзімдері мен форматын Комиссия мүше мемлекеттермен және үшінші тараппен келіседі.
6-бап
1. Осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағына сәйкес құрылған бірлескен зерттеу тобы өз жұмысының шеңберінде мынадай мәселелерді:
а) үшінші тараппен жасалатын тауар саудасының құрылымын;
б) халықаралық шартта реттеуге жататын негізгі мәселелерді;
в) мүше мемлекеттердің әрқайсысының экономика салалары үшін артықшылықтар мен тәуекелдерді қоса алғанда, халықаралық шарт жасасудың ықтимал экономикалық салдарын;
г) халықаралық шарт жасасудың салдарын (оның ішінде бірлескен зерттеу тобына кірмейтін сарапшыларды тиісті талдау жүргізу үшін тарту қажеттігін ескере отырып) экономикалық-математикалық модельдеу нәтижелерін;
д) халықаралық шарт жасасудың орындылығы туралы шешім қабылдауға әсер ететін басқа да мәселелерді зерделейді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелерден басқа, мүше мемлекеттер мен үшінші тараптың мүдделілігі болған кезде:
а) үшінші тараппен көрсетілетін қызметтер саудасы бөлігіндегі сауда айналымының құрылымы;
б) инвестициялық саладағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары;
в) сауда режимін ырықтандыру жағдайларында шешілуі мүмкін сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы ықтимал қосымша міндеттер де зерделенуі мүмкін.
3. Бірлескен зерттеу тобы жұмысының шеңберінде халықаралық шарт жобасының тұжырымдамалық ережелері дайындалады.
4. Бірлескен зерттеу тобының жұмысы аяқталғанға дейін бірлескен зерттеу тобының жұмыс тілінде дайындалған және Одақ органдарының жұмыс тіліне аударылған қорытынды баяндаманың жобасы мүше мемлекеттердің қарауы үшін жіберіледі. Мүше мемлекеттердің қорытынды баяндама жобасын қарау мерзімі өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалады.
5. Қорытынды баяндаманы мүше мемлекеттермен және үшінші тараппен келісу бірлескен зерттеу тобы жұмысының аяқталғаны болып есептеледі.
6. Халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты Жоғары кеңестің қарауына шығару туралы шешім қабылдау мақсатында қорытынды баяндама (осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көрсетілген материалдарға қосымша) Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінде көзделген тәртіппен Комиссия Кеңесінің қарауы үшін ұсынылады.
IV бөлім Келіссөздер
7-бап
1. Халықаралық шарт жасасу туралы үшінші тараппен келіссөздер (бұдан әрі - келіссөздер) Жоғары кеңестің шешімі негізінде жүргізіледі.
2. Келіссөздерді Комиссия Кеңесі бекітетін директиваларға сәйкес құрамына мүше мемлекеттердің және Комиссияның өкілдері кіретін келіссөз делегациясы (бұдан әрі - келіссөз делегациясы) жүргізеді.
3. Келіссөздер жүргізуге арналған директивалардың жобасын халықаралық шарт жобасының тұжырымдамалық ережелерін ескере отырып, Жоғары кеңестің келіссөздерді бастау туралы шешімінің негізінде Комиссия және мүше мемлекеттер бірлесіп әзірлейді және ол Комиссия Алқасы жанындағы тиісті консультациялық органның шеңберінде қаралады.
8-бап
1. Комиссия Кеңесі Одақ атынан келіссөздер жүргізуге жауапты келіссөз делегациясының басшысын тағайындайды, сондай-ақ келіссөздерге қатысу үшін делегация құрамын бекітеді не оны жасақтау тәртібін айқындайды.
2. Мүше мемлекеттердің әрқайсысы келіссөз делегациясының тиісті ұлттық бөлігінің басшысын айқындайды.
9-бап
1. Келіссөз делегациясының басшысы үшінші тарапқа берілетін, келіссөз делегациясының келіссөз позициясын қамтитын құжаттарының жобаларын мүше мемлекеттермен жазбаша нысанда келісуді жүзеге асырады.
Құжаттардың тиісті жобаларын келісуді мүше мемлекеттер өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде жүзеге асырады.
Үшінші тараптан Комиссия алатын материалдар өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде мүше мемлекеттерге жіберіледі.
2. Қажет болған жағдайда (келіссөз позициясын тұжырымдау мақсатында) Комиссия алаңында ұйымдастырылатын мүше мемлекеттер арасындағы консультациялар шеңберінде, сондай-ақ Комиссия Алқасы жанындағы тиісті консультациялық органдардың отырыстары шеңберінде қосымша келісу жүргізілуі мүмкін.
Келіссөз делегациясының келіссөз позициясын тұжырымдау өзара іс-қимыл жасау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
Келіссөз делегациясының келіссөз позициясын аталған консультациялар шеңберінде келісу мүмкін болмаған жағдайда, тиісті мәселе Комиссия Кеңесінің қарауына шығарылады.
3. Келіссөздер раундтары барысында келіссөз делегациясы директивалардың және келіссөз делегациясының мүше мемлекеттермен келісілген келіссөз позициясы шеңберінде ғана әрекет етеді.
Келіссөз делегациясының басшысы келіссөз делегациясының атынан ресми түрде бастамалар көтереді және мүше мемлекеттер алдын ала мақұлдаған үшінші тараптың ұсыныстарымен ресми түрде келіседі.
Келіссөз делегациясының басшысы келіссөз топтарының жұмысын үйлестіретін сарапшылардың қызметін үйлестіруді, оның ішінде келіссөз делегациясының мүше мемлекеттермен келісілген келіссөз позициясын сақтау мақсатында үйлестіруді жүзеге асырады.
4. Келіссөз делегациясының басшысы келіссөздердің әрбір раундының қорытындылары бойынша өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде мүше мемлекеттерге және Комиссияға келіссөздердің барысы және халықаралық шарттың жобасы бойынша атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы есепті, келіссөздердің болып өткен раундының қорытындылары бойынша дайындалған халықаралық шарттың жобасын, сондай-ақ қажет болған кезде мүше мемлекеттердің сұрау салуы бойынша өзге де материалдарды жібереді.
5. Мүше мемлекеттер өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде Комиссияға осы баптың 4-тармағында көрсетілген материалдарды пысықтау қорытындылары бойынша ұсыныстарын жібереді.
6. Комиссия келіссөздердің қорытындылары бойынша үшінші тараппен келісілген тілде (тілдерде) дайындалған халықаралық шарттың жобасын, Одақ органдарының жұмыс тіліне аудармасын қоса бере отырып, мемлекетішілік келісуді жүргізу үшін мүше мемлекеттерге жібереді.
Мүше мемлекеттің сұрау салуы бойынша немесе егер мүше мемлекеттің заңнамасында халықаралық шарттың жобасын мемлекетішілік келісуді мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде жүзеге асыру көзделген жағдайда немесе, егер халықаралық шартқа барлық мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде қол қойылатын жағдайда, Комиссия халықаралық шарттың жобасын осындай мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдеріндегі аудармасын қоса бере отырып, мемлекетішілік келісу жүргізу үшін жібереді.
7. Халықаралық шарттың жобасы мемлекетішілік келісу қорытындылары бойынша пысықталады, үшінші тараппен келісіледі және Одақ органдарының жұмыс тіліне аудармасы қоса беріле отырып, оған қол қою және кейіннен Жоғары кеңестің қарауына ұсынуға арналған қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін мүше мемлекеттерге жіберіледі.
8. Халықаралық шартқа барлық мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде қол қойылған жағдайда, мүше мемлекеттер осы баптың 6-тармағының екінші абзацына сәйкес қоса берілген халықаралық шарт жобасының тиісті мемлекеттік тілдегі аудармасын пысықтауды қамтамасыз етеді және оны халықаралық шартқа қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің жүргізілу нәтижелері туралы ақпарат жіберу уақытынан кешіктірмей Комиссияға жібереді.
Комиссия мүше мемлекеттердің әрқайсысынан және үшінші тараптан халықаралық шарт жобасының тиісті мемлекеттік тілге аудармалары алынған күннен бастап күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей аталған аудармаларды басқа мүше мемлекеттерге жібереді.
V бөлім Халықаралық шартқа қол қою
10-бап
1. Халықаралық шартқа Одақтың атынан қол қою мүше мемлекеттер халықаралық шарттың жобасына қатысты тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін Жоғары кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.
2. Халықаралық шартқа қол қоюды, Жоғары кеңес халықаралық шартқа қол қоюдың өзге де форматы туралы шешім қабылдайтын жағдайды қоспағанда, мүше мемлекеттер және Одақ жүзеге асырады.
3. Халықаралық шартқа қол қою туралы шешім қабылданған кезде Жоғары кеңес халықаралық шартқа Одақтың құзыретіне жатқызылған бөлігінде Одақ атынан қол қоюға уәкілеттік берілген Одақ органының адамын айқындайды.
4. Жоғары кеңес қол қою үшін мақұлдаған халықаралық шарттың жобасына Одақ атынан халықаралық шартқа қол қоюға уәкілеттік берілген Одақ органының адамы, техникалық сипаттағы өзгерістерді қоспағанда, өзгерістер енгізе алмайды.
11-бап
Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіруі туралы немесе қол қойылған халықаралық шартқа қатысушы болмау ниеті туралы шешімді Жоғары кеңес барлық мүше мемлекеттер қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін қабылдайды.
12-бап
1. Егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Комиссия осы Келісімнің 11-бабында көрсетілген Жоғары кеңестің шешімі күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімде Комиссия Алқасының Төрағасы немесе оны алмастыратын адам қол қойған хабарламаны жіберу немесе тиісті құжатты депозиттеу арқылы Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіруі туралы үшінші тарапқа ақпарат береді.
2. Одақ халықаралық шартқа қосылған кезде, егер халықаралық шарттың өзінде өзгеше көзделмесе, Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіруі туралы куәландыратын құжат осындай халықаралық шарттың депозитарийіне сақтауға тапсырылады. Осындай құжатқа Одақтың атынан қол қоюды Комиссия Алқасының Төрағасы жүзеге асырады.
3. Комиссия үшінші тараптан халықаралық шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оның орындағаны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей ол туралы мүше мемлекеттерге ақпарат береді.
Комиссия мүше мемлекеттерді халықаралық шарттың күшіне енетін күні туралы да хабардар етеді.
13-бап
1. Халықаралық шартқа қол қою және (немесе) халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіру кезінде, егер халықаралық шарттың өз ережелерінде немесе қолданылатын өзге де халықаралық құқық нормаларында өзгеше көзделмесе, Одақ ескертпе жасай алады.
2. Одақ атынан ескертпе жасау туралы шешімді Жоғары кеңес халықаралық шартқа қол қою және (немесе) Одақтың оның өзі үшін міндеттілігіне келісімін білдіруі туралы шешім қабылдаумен бір мезгілде қабылдайды.
3. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, Одақтың атынан жасалған ескертпелер кез келген уақытта алып тасталуы мүмкін. Одақтың атынан жасалған ескертпелерді алып тастау Жоғары кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.
4. Халықаралық шартқа үшінші тарап жасаған ескертпелерді Одақтың қабылдауы немесе Одақтың оған қарсылық білдіруі халықаралық шарттың өз ережелеріне және қолданылатын өзге де халықаралық құқық нормаларына сәйкес Жоғары кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.
14-бап
1. Одақ оларға қатысты міндеттілігіне келісім білдірген халықаралық шарттар, халықаралық шарттың күшіне енуі, тоқтатылуы, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы ақпарат Одақтың ресми сайтында ресми жариялауға жатады.
2. Мүше мемлекеттерде халықаралық шарттарды жариялау мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Халықаралық шарттың Одақтың ресми сайтында жарияланған күні оның Одақ шеңберінде ресми жариялану күні болып есептеледі.
15-бап
1. Халықаралық шарттың ережелерін түсіндіру жөніндегі Одақтың позициясы Комиссияның жәрдемдесуімен барлық мүше мемлекеттермен бірлесіп қалыптастырылады.
2. Халықаралық шарттың ережелерін түсіндіру жөніндегі Одақтың позициясын қалыптастыру кезінде мүше мемлекеттердің арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, келіспеушіліктерді шешу консультациялар және келіссөздер арқылы жүзеге асырылады.
16-бап
1. Халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы халықаралық шарттың өз ережелеріне және қолданылатын өзге де халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алуы туралы, халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы ұсынысты Комиссияға, Комиссия Алқасы Төрағасының атына, мүше мемлекет немесе Комиссия Кеңесінің мүшесі енгізеді.
3. Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алу туралы, халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы ұсыныстың келіп түскені туралы ақпаратты Комиссия мүше мемлекеттерге жібереді.
4. Мүше мемлекеттер Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алу туралы, халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы ұсынысты қарағаннан кейін өзара іс-қимыл жасау тәртібінде айқындалған мерзімде өз позициялары туралы Комиссияға ақпарат береді.
5. Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алу туралы, халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы ұсынысты барлық мүше мемлекеттер қолдаған жағдайда, осы ұсыныс Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінде белгіленген тәртіппен Комиссия Кеңесіне қарау үшін (Комиссия Кеңесі қарайтын материалдарға Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алудың, халықаралық шартты тоқтатудың, Одақтың халықаралық шарттан шығуының немесе оның қолданысын тоқтата тұруының негіздері, тәртібі, ықтималдығы және салдары туралы талдамалық анықтама, халықаралық шарттың және өзге де материалдардың көшірмелері қоса беріле отырып) ұсынылады.
Халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы ұсынысты Комиссия Кеңесі қарағанға дейін Комиссия Алқасы қажет болған кезде мүше мемлекеттермен бірлесіп халықаралық шартты тоқтатудың, Одақтың халықаралық шарттан шығуының немесе оның қолданысын тоқтата тұруының тәртібін, рәсімдерін, салдарын және олармен байланысты өзге де мәселелерді үшінші тараппен талқылауға құқылы.
6. Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алу, халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы мәселені Жоғары кеңестің қарауы мүше мемлекеттер қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізгеннен кейін жүзеге асырылады.
7. Одақтың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін кері қайтарып алу туралы, халықаралық шартты тоқтату, Одақтың халықаралық шарттан шығуы немесе оның қолданысын тоқтата тұруы туралы, сондай-ақ тоқтап тұрған халықаралық шарттың қолданысын қайта бастау туралы шешімді Жоғары кеңес барлық мүше мемлекеттер қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін қабылдайды.
Жоғары кеңес қабылдаған шешім туралы хабарлама осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен үшінші тарапқа жіберіледі.
17-бап
Үшінші тарап халықаралық шарт жөніндегі міндеттемелерді бұзған жағдайда, Комиссия Алқасы немесе мүше мемлекеттер халықаралық шарттың ережелеріне және халықаралық құқыққа сәйкес шаралар қабылдау туралы ұсыныстарды Комиссия Кеңесіне қарау үшін ұсына алады.
18-бап
Халықаралық шарттың төлнұсқасы халықаралық шартқа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімде Комиссияға сақтауға тапсырылады.
Комиссия халықаралық шарттың куәландырылған көшірмелерін халықаралық шартқа қол қойылған немесе халықаралық шарттың депозитарийінен куәландырылған көшірмелер алынған күннен (халықаралық шартқа қосылған жағдайда) бастап күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімде мүше мемлекеттерге жібереді.
Халықаралық шартты Одақ органдарының жұмыс тіліне аударуды (егер ол халықаралық шарт тілі болып табылмаған жағдайда) Комиссия жүзеге асырады, оны мүше мемлекеттермен келіседі және халықаралық шарттың куәландырылған көшірмесімен бір мезгілде мүше мемлекеттерге жібереді.
Осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көзделген халықаралық шарттың мәтінін Одақ органдарының жұмыс тіліне аударуды, 9-бабының 6 және 7-тармақтарында көзделген халықаралық шарттың жобасын аударуды, осы Келісімнің 9-бабының 6-тармағында көзделген халықаралық шарттың жобасын мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдеріне аударуды, сондай-ақ осы Келісімнің 6-бабының 4-тармағында көзделген бірлескен зерттеу тобының қорытынды баяндамасының жобасын Одақ органдарының жұмыс тіліне аударуды Комиссия Кеңесі айқындайтын тәртіппен Комиссия жүзеге асырады.
19-бап
Егер осы халықаралық шарттарға сәйкес мұндай функциялар Одаққа жүктелсе, Комиссия көпжақты халықаралық шарттар депозитарийінің функцияларын жүзеге асырады.
Халықаралық шарттың түпнұсқасын сақтауды Комиссия жүзеге асырады.
VI бөлім Қорытынды ережелер
20-бап
Осы Келісімді қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
21-бап
Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.
22-бап
Осы Келісімге ескертпелерге жол берілмейді.
23-бап
Осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 24-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
24-бап
Осы Келісім ратификациялауға жатады және оны мүше мемлекеттердің ратификациялағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
2018 жылғы 14 мамырда орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Армения |
Беларусь |
Қазақстан |
Қырғыз |
Ресей |
Аталған мәтін 2018 жылғы 14 мамырда Сочи қаласында:
Армения Республикасы үшін Армения Республикасының Премьер-министрі Н.В.Пашинян;
Беларусь Республикасы үшін Беларусь Республикасының Президенті A.Г.Лукашенко;
Қазақстан Республикасы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев;
Қырғыз Республикасы үшін Қырғыз Республикасының Президенті С.Ш.Жээнбеков;
Ресей Федерациясы үшін Ресей Федерациясының Президенті B. В.Путин қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімнің толық және тең түпнұсқалық көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Келісімнің түпнұсқасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Құқық департаментінің директоры |
В.И. Тараскин |
Келісімнің орыс тіліндегі мәтінімен қазақ тіліндегі аудармасының тең түпнұсқалығын куәландырамын.
ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінің Мемлекеттік тіл басқармасының басшысы |
Д. Дүйсебаев |