2018 жылғы 29 маусымда Женевада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ мен ЕУРОПАЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМ (CERN) арасындағы ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА қатысты ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ 2018
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын
Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасы) атынан Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бір тараптан
және Женева қаласында, Швейцария, орналасқан үкіметаралық ұйым - Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйымы ("CERN") атынан өзінің Бас директоры доктор Фабиола Джанотти екінші тараптан,
мыналарды:
іргелі ғылым мен технологиялық прогрестің одан әрі дамуы үшін кадрлар даярлауды қоса алғанда, физикалық зерттеулердің маңызы зор екенін;
CERN мүшесі болып табылмайтын, бірақ онымен ынтымақтастық жолға қойылған мемлекеттермен CERN-нің ынтымақтастықты нығайту ниетін;
CERN ғылыми бағдарламасына қатысуға Қазақстан Республикасының мүдделілігін;
CERN мен Қазақстан Республикасы арасындағы орнаған байланыстарды;
Қазақстан Республикасы ғалымдарының, инженерлері мен техниктерінің ұзақ мерзімді негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін база құруға, сондай-ақ Тараптар уағдаласа алатын басқа да үлестерді ұсынуға деген Тараптардың ұмтылысын;
Тараптар өз ынтымақтастығы нәтижесінде алуды болжайтын өзара пайданы ескере отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Мақсаты
Осы Ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) Тараптар өзара түсіністік негізінде өзінің одан әрі ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытатын шеңберлерді белгілейді.
2-бап
Әскери емес мақсаттар
Тараптар өз ынтымақтастығының нәтижелерін әскери емес мақсаттарда ғана пайдаланады.
3-бап
Ынтымақтастық нысандары
Қазақстан Республикасы осы Келісімнің 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерінің белгілі бір тәжірибесі бар, оның ішінде эксперименттік және теориялық физика, үдеткіштерді, детекторлар мен есептеуіш техниканы жасау саласындағы CERN зерттеу жобаларын қолдайды. Қолдау кадрлық әлеует, ноу-хау, жабдық, материалдар, қаржы қаражаты немесе олардың кез келген комбинациясы түрінде болуы мүмкін.
4-бап
Еңбек ресурстарын қолдау
1. Егер қолдау кадрлық әлеует түрінде ұсынылатын жағдайда, CERN Қазақстан Республикасының ғалымдарынан, инженерлерінен, студенттерінен және техниктерінен келіп түскен өтінімдерді CERN қағидаларына сәйкес іріктеу және персоналдың қауымдасқан мүшесі ретінде тағайындау арқылы қарайды. Жекелеген жағдайларда CERN өңірінде тұруға жұмсалатын шығыстар құнын төлеуге қатысты шешімді CERN өз қалауы бойынша қабылдай алады.
2. Қазақстан Республикасының қойылатын өлшемшарттарға сай келетін ғалымдары, инженерлері мен студенттері үдеткіш мектебін, есептеуіш техника мектебін, Еуропалық физика мектебін қоса алғанда, CERN мектептеріне баруға және CERN жазғы студенттік бағдарламасына қатысуға өтінімдер бере алады.
3. CERN барлық өтінімдерді өтінім берушілердің біліктілігіне сәйкес қарайды.
5-бап
Орындау
1. Осы Келісімді орындау мақсаттарды, бағдарламаларды, ресурстарды, персонал мәртебесін, зияткерлік меншікті, жауапкершілікті және басқа да мәселелерді көрсете отырып, Хаттама тараптары арасындағы ынтымақтастықтың әрбір зерттеу жобасы үшін егжей-тегжейлі сипаттамасымен, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен CERN және / немесе Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу институттары мен университеттері арасында Хаттамалар жасасу арқылы жүзеге асырылады.
2. Хаттамалар осы Келісімнің шарттары Хаттама тараптары арасындағы мән-жайлардан туындайтын өзгерістермен (mutatismutandis) бірге қолданылатынын көздейді.
6-бап
Даулар
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген дау осы Келісімге қосымшада айқындалған рәсімге сәйкес шешіледі.
7-бап
Күшіне енуі және қолданыс мерзімі
1. Осы Келісім Тараптар оған қол қойған күннен бастап күшіне енеді,бүл жағдайда ол кейіннен бекітілуге немесе ратификациялануға тиіс және тиісті Тарап екінші Тарапқа мақұлдау немесе ратификациялау туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жіберген күні түпкілікті күшіне енеді.
2. Осы Келісім бастапқы бес жылдық кезеңде күшінде қалады және егер Тараптардың бірі екінші Тарапқа оны тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламамен хабарламаса немесе Тараптар ұзарту күніне дейін ең аз дегенде алты ай бұрын оны басқа мерзімге ұзарту туралы уағдаласса, ол кейіннен әр кезде жаңа бес жылдық мерзім ішінде автоматты түрде жаңартылады.
3. Келісімге Тараптар келіскен кез келген түзетуді қоса алғанда, осы Келісімнің ережелері Тарап қатысушысы болып табылатын кез келген басқа халықаралық келісімнен туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
2018 жылғы 29.06. Женева қаласында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада қол қойылды, екіұштылық немесе қайшылық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы басым болады деп түсініледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметінен Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасының Энергетика министрі | Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйымнан (CERN) доктор Фабиола Джанотти Бас директор |
ҚОСЫМША
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
Келіссөздер арқылы реттелмейтін даулар, егер Тараптар реттеудің өзге тәсілі туралы уағдаласпаса, Тараптардың бірінің өтініші бойынша үш мүше, атап айтқанда CERN Бас директоры таңдаған төреші немесе оның атынан әрекет ететін адам және Қазақстан Республикасының Үкіметі таңдаған төреші немесе оның атынан әрекет ететін адам және екі төреші бірлесіп таңдаған, CERN лауазымды адамы да, Қазақстан Республикасының азаматы да болып табылмайтын және трибуналдың төрағасы болуы тиіс үшінші төреші құрамындағы төрелік сотқа ұсынылады.
Өтініште өтініш беруші таңдаған төрешінің аты-жөнін көрсету қажет; жауапкер екінші төрешіні тағайындауы және өтінішті алған сәттен бастап екі ай ішінде екінші Тарапты төрешінің аты-жөні туралы хабардар етуі тиіс. Егер жауапкер көрсетілген екі ай мерзім ішінде екінші төрешінің аты-жөнін хабарламаса немесе егер екі төреші екінші төреші тағайындалғаннан кейін екі ай ішінде үшінші төрешіні таңдау туралы өзара уағдаласпаса, екінші төрешіні немесе үшінші төрешіні бірінші болып сотқа жүгінген Тараптың өтініші бойынша мән-жайларға байланысты Халықаралық соттың Төрағасы таңдай алады.
Трибунал өзінің жеке рәсім қағидаларын белгілейді. Оның шешімдері екі Тарап үшін міндетті болып табылады және Тараптардың шағымдануға құқығы жоқ.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.