2020 жылғы 26 тамызда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ мен АЗИЯ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БАНКІ арасындағы 2020 жылғы 26 тамыздағы ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(СОVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(2020 жылғы 23 желтоқсанда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2020 ж., N 6, 31-құжат)
Қазақстан Республикасы (бұдан әрі - Қарыз алушы) мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (бұдан әрі - Банк) арасындағы 2020 жылғы 26 тамыздағы келісім (бұдан әрі - Қарыз туралы келісім).
Мыналар:
(a) Банк Қарыз туралы келісімге 1-қосымшада (бұдан әрі - Бағдарлама) сипатталғандай, СOVID-19 пандемиясына байланысты Қарыз алушының қарсы циклдік дамуға арналған шығыстарын қалыптастыратын белгілі бір міндеттер, саясат пен іс-қимылдар жазылған 2020 жылғы 5 маусымдағы даму саясаты туралы хатты (бұдан әрі - Даму саясаты туралы хат) алғандығы;
(b) Бағдарламаның мақсаттары үшін Қарыз алушы Қарыз бөлу туралы өтінішпен Банкке жүгінгендігі;
(c) саясат негізінде қаржыландыру Қарыз алушыға жалпы бюджеттік қолдауды қамтамасыз ететіні және осылайша Бағдарлама қаражаты Қарыз алушының қандай да бір нақты саласында қандай да бір нақты шығыстарды қаржыландыруға арналмағаны;
(d) Банк мынаған, атап айтқанда, жоғарыда жазылғандардың негізінде осы Қарыз туралы келісімде жазылған шарттарда және ережелерде Қарыз алушыға Қарыз беруге келісімін білдіргені назарға алынады.
Жоғарыда жазылғанды ескере отырып, Қарыз алушы және Банк төмендегілер туралы уағдаласты:
Жалпы шарттар; Анықтамалар
1.01. Жалпы шарттар (осы Қарыз туралы келісімге Толықтыруда айқындалған) осы Қарыз туралы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
1.02. Егер мәнмәтіннен өзгеше туындамаса, онда осы Қарыз туралы келісімде пайдаланылатын, бас әріптерден басталатын терминдер Жалпы шарттарда немесе осы Қарыз туралы келісімге Толықтыруда оларға бекітіліп берілген мағыналарға ие болады.
Қарыз
2.01. Банк Қарыз алушыға сипаттамасы осы Қарыз туралы келісімге 1-қосымшада келтірілген бағдарламаны (бұдан әрі - Бағдарлама) қаржыландыруға жәрдем көрсету мақсатында осы Қарыз туралы келісімде жазылған немесе онда оларға сілтемелер жасалған шарттарда алты жүз алпыс бір миллион сегіз жүз мың (661 800 000 еуро) еуро сомасына Қарыз (бұдан әрі - Қарыз) беруге келіседі.
2.02. Қарыз алушы Қарыз қаражатын осы Қарыз туралы келісімге 2-қосымшаның III бөліміне сәйкес алуға құқылы.
2.03. Қарыз алушы төлеуге тиіс Біржолғы комиссия Қарыз сомасының бір пайызының төрттен бірін (0,25%) құрайды. Қарыз алушы Біржолғы комиссияны Күшіне енген күннен кейін 60 күннен кешіктірмей төлейді.
2.04. Қарыз алушы төлеуге тиіс резервке қою үшін комиссия Қарыздың алынбаған қалдығының жылдық бір пайызының төрттен бірін (0,25%) құрайды.
2.05. Қарыз алушы әрбір пайыздық кезең үшін төлейтін пайыздар ауыспалы спрэдті қосқандағы референттік мөлшерлемені немесе Жалпы шарттардың 3.02(d) бөліміне сәйкес айырбастаудан кейін қолданылуы мүмкін болатын мөлшерлемені білдіреді.
2.06. Әр жылдың 15 мамыры мен 15 қарашасы төлем күндері болып табылады.
2.07. Қарыздың негізгі сомасы осы Қарыз туралы келісімге 3-қосымшаның ережелеріне сәйкес өтеледі.
Бағдарлама
3.01. Қарыз алушы өзінің Бағдарлама мақсаттарын ұстанатыны туралы мәлімдейді. Осы мақсатта Қарыз алушы Бағдарламаны Жалпы шарттардың IV бабының ережелеріне сәйкес Бағдарлама бойынша Атқарушы агенттік арқылы іске асырады.
3.02. Осы Қарыз туралы келісімнің 3.01-бөлімінің ережелерімен шектелмей және егер Қарыз алушы мен Банк арасында өзгеше келісілмесе, Қарыз алушы осы Қарыз туралы келісімге 2-қосымшаның ережелеріне сәйкес Бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз етеді.
Күшіне ену
4.01. Осы Қарыз туралы келісімге қол қойылған күннен кейін тоқсан (90) күн өткен соң басталатын күн осы Қарыз туралы келісім күшіне енетін соңғы мерзім болып табылады.
Өкіл; мекенжайлар
5.01. Қаржы министрі Жалпы шарттардың 9.02-бөлімінің мақсаттары үшін өкілеттік берілген Қарыз алушының өкілі болып табылады.
5.02. Жалпы шарттардың 9.01-бөлімінің мақсаттары үшін Қарыз алушының мекенжайы:
Қаржы министрлігі
Мәңгілік Ел даңғылы, 8
Нұр-Сұлтан, 010000,
Қазақстан Республикасы
Факс: +7 (7172) 750352
5.03. Банк мекенжайы:
Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі
Азия Қаржы орталығы, №1, Тяньчэнь шығыс көшесі
Чаоян ауданы, Бейжің, 100033, Қытай Халық Республикасы
Факс: +86-10-8358-0002
__________, _____________, жоғарыда көрсетілген жылы және күні КЕЛІСІЛДІ.
1-ҚОСЫМША Бағдарламаның сипаттамасы
Бағдарламаның басты мақсаты СОVID-19 пандемиясының денсаулыққа, кірістер мен экономикалық мүмкіндіктерге елеулі теріс әсерін жеңілдету арқылы салықтық-бюджеттік ынталандыруды ұсыну болып табылады. Бағдарлама шеңберіне: (і) Қарыз алушының COVID-19-ға қарсы денсаулық сақтау саясаты шараларын және пандемияның таралуына қарсы күресті; (іі) кедейлер мен осал топтарға әсерін және бизнестер мен жұмыспен қамтудың тұрақсыздануын жеңілдету үшін әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуды қалпына келтіру жөніндегі шараларды; және (ііі) Қарыз алушының экономикалық ынталандыру шараларын іске асыру кіреді. Бағдарламаның анағұрлым егжей-тегжейлі сипаттамасы Даму саясаты туралы хатта қамтылған.
2-ҚОСЫМША Бағдарламаны орындау
I бөлім. Іске асыру тетіктері
A. Институционалдық тетіктер
1. Қарыз алушы, мониторингті және есептілікті беруді қоса алғанда, Бағдарламаның Атқарушы агенттігі арқылы Бағдарламаны іске асыруға жауапты болып табылады.
2. Қарыз алушы Бағдарламаны іске асыруға қатысты өз ведомстволары мен ұйымдарының барлық әрекеттерінің ұтымды әкімшілік әдістерге және рәсімдерге сәйкес жүргізілуін және үйлестірілуін қамтамасыз етеді.
B. Саяси диалог
1. Қарыз алушы Бағдарламаның Атқарушы агенттігі арқылы Банкпен Бағдарламаны іске асыру уақытында туындаған проблемалар мен шектеулерді, сондай-ақ оларды жою мен жеңілдету жөніндегі тиісті шараларды дереу талқылайды.
2. Қарыз алушы Бағдарламаның Атқарушы агенттігі арқылы Банкті Бағдарламаны іске асыру үшін салдары болуы мүмкін көмек көрсету жөніндегі басқа көпжақты және екіжақты агенттіктермен іс-қимыл саясатын талқылауға қатысты хабардар етеді және Банкке олардан туындайтын іс-қимыл саясаты жөніндегі барлық ұсыныстарға түсінік беруге мүмкіндік береді. Қарыз алушы Бағдарламаның Атқарушы агенттігі арқылы кез келген осындай ұсыныстың түпкілікті бекітілгеніне және іске асырылғанына дейін Банктің пікірін назарға алады.
C. Әріптестік қаржыландыруды пайдалану
1. Қарыз алушы Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес келетін белгілі бір бағдарламалар мен іс-шаралардың іске асырылуын қаржыландыру үшін Әріптестік қаржыландырудың пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
D. Тыйым салынған практикалар
1. Қарыз алушы Бағдарламаны іске асыруға қатысатын оның персоналы мен басқа да өкілдерінің Бағдарламаны іске асыру кезінде әдептің ең биік стандарттарын ұстануын қамтамасыз етеді. Осы мақсатта Қарыз алушы: (а) осы адамдардың әрқайсысының Қарызға қатысты қандай да бір тыйым салынған практикалармен айналыспауын талап етуге; және (b) Бағдарламаның Тыйым салынған практикалар саясатының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс.
II бөлім. Мониторинг бойынша есептілік және Бағдарламаны бағалау
А. Бағдарлама бойынша есептер
1. Қарыз алушы Бағдарламаның мониторингін жүзеге асырады және оның іске асырылу барысын бағалайды, және Күшіне енген күннен кейін 6 айға дейін тоқсан сайынғы есептерді ұсынады және Бағдарламаны іске асырудың бүкіл кезеңі бойы Банкпен, оның ішінде: (а) макроэкономикалық және қаржы секторларының жай-күйі, (b) Қарыз алушының COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі жоспары шеңберінде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру, (с) бюджеттің атқарылуы, қаражат шығыстары мен қозғалысы және (d) медициналық шараларға, әлеуметтік қорғауға және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге арналған шығыстарды және экономикалық ынталандыру шараларын қоса алғанда, қарсы циклдік даму шараларын қолдауға республикалық бюджеттен жүргізілген шаралар мен шығыстар және (е) гендерлік индикаторлары бар әлеуметтік қолдау бағдарламаларының бенефициарларын қадағалау (жынысы бойынша сараланған деректермен) бойынша диалогта болады.
2. Қарыз алушы (і) Әріптестік қаржыландыруға және оның пайдаланылуына, және (іі) Даму саясаты туралы хатта көзделген мақсаттарға қол жеткізуді және әрекеттерді орындауды қоса алғанда, Бағдарламаны іске асыруға қатысты Банк тарапынан барлық осындай негізді түрде сұрау салынған есептілік пен ақпаратты Банкке беруді немесе олардың берілуін қамтамасыз етеді.
3. Жалпы шарттардың 4.08(с)-бөлімінің мақсаттары үшін Аяқталу туралы есеп Банкке Жабу күнінен кейін алты айдан кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
III бөлім. Қарыз қаражатын алу
A. Жалпы ережелер
1. Қарыз алушы Жалпы шарттардың II бабының, осы Бөлімнің ережелеріне және Банк Қарыз алушыға хабарламасында көрсететін сол қосымша нұсқаулықтарға сәйкес Қарыз қаражатын ала алады.
B. Алу шарттары; алу кезеңі
1. Осы Бөлімнің А бөлігінің ережелеріне қарамастан, Банк Біржолғы комиссияның толық сомасын алмайынша, қаражат Қарыз Шотынан алынбауға тиіс.
2. Қарыз сомасын бөлу. Қарыз біржолғы транш түрінде бөлінеді, оның қаражатын Қарыз алушы Қарыз Шотынан ала алады. Қарыз сомасын осы мақсаттарға бөлу төменде келтірілген кестеде көрсетілген:
Бөлу | Бөлінген Қарыз сомасы (еурода көрсетілген) |
---|---|
Біржолғы транш | 661 800 000 |
ЖАЛПЫ СОМА | 661 800 000 |
3. Қарыз сомасын депозитке салу. Банкпен өзгеше келісілген жағдайларды қоспағанда:
(a) Қарыз Шотынан барлық алынған қаражатты Банк Қарыз алушы тағайындаған және Банк үшін қолайлы Депозиттік шотқа депозитке салуға тиіс;
(b) Қарыз алушы Қарыздың қандай да бір сомасын Депозиттік шотқа депозитке әр салған кезде балама сома Қарыз алушының бюджеттік басқару жүйесінде Банк үшін қолайлы нысанда есепке алынып отыратынын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Қарыздың ешбір қаражаты осы 2-қосымшаға 1-толықтыруда көрсетілген атауларды қаржыландыру үшін алынбауға тиіс.
5. Жалпы шарттардың 2.05(с)-бөлімінің және оларға Толықтырудың 8-тармағының мақсаттары үшін Жабылу күні 2021 жылғы 31 желтоқсан болып табылады.
С. Қаржылық есептер; Аудиттер
1. Қарыз алушы Банк үшін қолайлы бухгалтерлік есептің бірізді қолданылатын стандарттарына сәйкес және Депозиттік шоттың есептілігі мен құжаттамасын көрсету үшін тиісінше тәртіппен Депозиттік шот бойынша жеке есептілікті және құжаттаманы жүргізуге немесе оның жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Қарыз алушы Банктің сұрау салуын алған кезде Банк үшін қолайлы жүйелі қолданылатын аудит стандарттарына сәйкес Банк үшін біліктілігі, тәжірибесі мен өкілеттік қатары қолайлы тәуелсіз аудиторлардың депозиттік шоттың Қарыз қаражатына ғана қатысты қаржылық есептілігін (бұдан әрі - Қаржылық есептер) аудиторлық тексеруді ұйымдастырады. Қарыз алушы Банкке Қаржылық есептер мен аудиторлардың пікірлерін ағылшын тілінде, олар дайындалғаннан кейін дереу, бірақ кез келген жағдайда Банк сұрау салғаннан кейін алты (6) айдан кешіктірмей ұсынуға тиіс.
IV бөлім. Басқа міндеттемелер
1. Қарыз алушы қажеттілігіне қарай Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қарыз қаражатынан басқа талап етілетін қаражатты, жабдықтарды, көрсетілетін қызметтерді және басқа да ресурстарды уақтылы ұсынуға тиіс.
2-қосымшаға 1-толықтыру |
Ерекшеліктер (құқыққа сыйымсыз шығыстар) тізімі
Қарыз қаражатын алу төмендегі:
(і) БҰҰ-ның Халықаралық сауда стандартты сыныптамасының, 3-басылымның (СХСС, 3-басылым) мына топтарына немесе кіші топтарына немесе Банктің Қарыз алушыға хабарламасында көрсетілгеніндей СХСС-дағы одан әрі өзгерістерде көзделген қандай да бір топқа не кіші топқа енгізілген тауарлармен байланысты шығыстарға:
Кесте: Құқыққа сыйымсыз баптар
Тарау | Тақырып | Баптардың сипаттамасы |
---|---|---|
112 | Алкогольді сусындар | |
121 | Өңделмеген темекі; темекі өндірісінің қалдықтары | |
122 | Өңделген темекі (темекі алмастырғыштарды қамтитын немесе қамтымайтын) | |
525 | Радиоактивті және онымен байланысты материалдар | |
667 | Інжу, асыл және жартылай асыл тастар, өңделмеген немесе өңделген | |
718 | 718.7 | Ядролық реакторлар және олардың құрауыштары; ядролық реакторлар үшін радиация шығармайтын отын элементтері (картридждер) |
728 | 728.43 | Темекі дайындауға немесе өңдеуге арналған жабдық |
897 | 897.3 | Алтын, күміс немесе платина тобының металдарынан жасалған зергерлік бұйымдар (қол сағаттар мен қол сағаттарға арналған корпустарды қоспағанда) және алтын немесе күміс бұйымдар (асыл тастарды қоса алғанда) |
971 | Ақшалай емес алтын (алтын кеніші мен концентраттарды қоспағанда) |
Дереккөз: Біріккен Ұлттар Ұйымы.
(ii) Банктің қарыздары немесе гранттары шеңберінде қаржыландырылатын кез келген келісімшарттарды қоса алғанда, кез келген ұлттық немесе халықаралық қаржы ұйымы немесе агенттік тарапынан қаржыландыру жүргізілген немесе келісілген келісімшарттар негізінде жеткізілген тауарлармен байланысты шығыстарға;
(iii) әскери немесе жартылай әскери мақсаттарға арналған тауарлармен немесе сән-салтанат заттарымен байланысты шығыстарға;
(іу) есірткіге жұмсалатын шығыстарға;
(v) өндіру, пайдалану немесе импорты Қарыз алушының заңнамасына немесе Қарыз алушы қосылған халықаралық келісімдерге сәйкес тыйым салынған экологиялық қауіпті тауарларға шығыстарға, және
(vі) Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VII тарауына сәйкес қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес Қарыз алушы тыйым салған төлемдермен байланысты шығыстарға қатысты жүргізілмейтін болады.
3-ҚОСЫМША Өтеу кестесі
1. Төмендегі кестеде Қарыздың негізгі борышын өтеу күндері және негізгі борышты өтеудің әрбір күні төленуге тиіс Қарыздың жалпы негізгі сомасының пайызы (бұдан әрі - Өтеу үлесі) көрсетілген. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күні толық көлемде игерілетін болса, онда Негізгі борышты өтеудің әрбір күні Қарыз алушы төлеуге тиіс Қарыздың Негізгі сомасын Банк: (а) Негізгі борышты өтеудің бірінші күні алынған Қарыз сомасын; (b) Негізгі борышты өтеудің әрбір күні Өтеу үлесіне көбейту арқылы айқындайтын болады.
Негізгі борышты өтеу күні | Өтеу үлесі (пайыздық мәнде) |
---|---|
2023 жылғы 15 қарашадан бастап 2029 жылғы 15 қараша аралығында әрбір 15 мамыр мен 15 қараша | 7,14% |
2030 жылғы 15 мамыр | 7,18% |
2. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күні толық көлемде алынбаған болса, онда Негізгі борышты өтеудің әрбір күні Қарыз алушы өтеуге жататын Қарыздың негізгі сомасы былайша:
(a) кез келген Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күні алынған шамада айқындалатын болады; Қарыз алушы осы Қосымшаның 1-тармағына сәйкес осындай күні алынған Қарыз сомасын өтеуге тиіс;
(b) Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінен кейін алынған кез келген сомалар алымы Негізгі борышты өтеудің осы күні үшін осы Қосымшаның 1-тармағындағы кестеде көрсетілген Өтеу үлесінің бастапқы сомасы (бұдан әрі - Төлемді өтеу үлесінің Бастапқы сомасы) болып табылатын, ал бөлімі осындай күнге немесе одан кейінгі күнге негізгі борышты өтеу күні Төлемді өтеу үлесінің Бастапқы сомаларының барлық қалған сомасы болып табылатын бөлшекке әрбір осындай алу сомасын көбейту арқылы Банк айқындайтын сомаларда осындай алу күнінен кейін Негізгі борышты өтеудің әрбір күні өтелуге тиіс.
3. (а) Негізгі борышты өтеудің кез келген күні төленуге жататын Негізгі борыш сомаларын есептеу мақсатында ғана Негізгі борышты өтеудің кез келген күнінің алдындағы күнтізбелік екі ай ішінде алынған Қарыз сомалары алынған күннен кейінгі Негізгі борышты өтеудің екінші күні алынды және өтелмеді деп есептеледі және алынған күннен кейінгі Негізгі борышты өтеудің екінші күнінен бастап Негізгі борышты өтеудің әрбір күні өтелуге жататын болады.
(b) Осы тармақтың (а) тармақшасының ережелеріне қарамастан, егер Банк кез келген уақытта осы ретте шоттар Негізгі борышты өтеудің тиісті күні немесе одан кейін жазылатын төлем мерзімдері негізінде шоттарды ұсыну жүйесін ендірсе, бұл тармақшаның ережелері шоттарды ұсынудың осындай жүйесі өндірілгеннен кейін жасалған кез келген алуға қолданылмайтын болады.
ТОЛЫҚТЫРУ
I бөлім. Анықтамалар
1. "Қарыз алушы" Алушы дегенді білдіреді, өйткені көрсетілген термин Жалпы шарттарда айқындалған.
2. "Әріптестік қаржыландыру" Бағдарлама шеңберінде Қарыз қаражатынан алынатын жергілікті валютадағы ақшалай қаражатты білдіреді.
3. "Депозиттік шот" 2-қосымшаның ІІІ.В.3-бөлімінде көрсетілген Қарыз шотынан алынған қаражат енгізілетін, Қарыз алушы тағайындаған және Банкпен келісілген депозиттік шотты білдіреді.
4. "Бағдарлама бойынша Атқарушы агенттік" Қаржы министрлігін немесе Банк үшін қолайлы оның кез келген құқықтық мирасқорын білдіреді.
5. "Жалпы шарттар" 2020 жылғы 20 наурыздағы "Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің тәуелсіз қарыздарына арналған жалпы шарттарды" білдіреді.
6. "Даму саясаты туралы хат" осы Қарыз туралы келісімнің (А) кіріспесінде көрсетілген даму саясаты туралы хатты білдіреді.
7. "Тыйым салынған практикалар саясаты" Банктің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы "Тыйым салынған практикалар саясатын" білдіреді.
II бөлім. Жалпы шарттарға түзетулер
Жалпы шарттарға мынадай өзгерістер енгізілген:
1. Жалпы шарттарда "Жоба" термині пайдаланылған жағдайларда бұл термин "Бағдарлама" терминімен ауыстырылуға тиіс.
2. Жалпы шарттарда "Жоба бойынша Атқарушы агенттік" термині пайдаланылған жағдайларда бұл термин "Бағдарлама бойынша Атқарушы агенттік" терминімен ауыстырылуға тиіс.
3. 4.01-бөлім. Жобаны орындаудың жалпы қағидаттары мынадай редакцияға өзгертілді: "4.01-бөлім. Бағдарламаны орындаудың жалпы қағидаттары. Қарыз алушы Бағдарламаның: (і) тиісті қырағылықпен және тиімділікпен және ұтымды әкімшілік, қаржылық, қоғамдық, әлеуметтік әдістерге және басқару әдістеріне сәйкес; және (іі) Заң келісімдерінің ережелеріне сәйкес орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.".
4. 4.09-бөлім. Қаржылық басқару; Қаржылық есептілік; Аудит алып тасталды.
Осымен 2020 жылғы 26 тамызда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) осы аудармасы ағылшын тілдегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Құжат айналымы Департаментінің Құжаттарды редакциялау және лингвистикалық сараптау басқармасы басшысы |
Б.Ахметжанова |