2020 жылғы 3 ақпанда Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) ережелерін негізге ала отырып,
Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде қауіпсіз өнім өндіруді және оның айналысын қамтамасыз ету қажеттігіне сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Осы Келісімде осы баптың 2-тармағында көрсетілген өнімдерді қоспағанда, Одақ шеңберінде өзіне қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімдердің бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай тізбе) енгізілмеген өнімнің, сондай-ақ бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ өзіне қатысты Одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімнің Одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары айқындалады.
2. Осы Келісімнің ережелері:
а) қорғаныс және қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуге арналған, оның ішінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жеткізілетін қорғаныс өнімдеріне (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне), мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын немесе мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қорғалатын өзге де қолжетімділігі шектелген ақпаратқа жататын мәліметтерді қорғау мақсатында пайдаланылатын өнімдерге (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге), ол туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын өнімдерге (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге), атом энергиясын, сондай-ақ көрсетілген өнімдер мен көрсетілген объектілерді жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу, кәдеге жарату, көму процестерін пайдалану саласында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты талаптар белгіленетін өнімдерге (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) және объектілерге;
б) бұрын қолданыста болған өнімге;
в) дәрілік заттарға;
г) медициналық бұйымдарға (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға) қатысты қолданылмайды.
3. Осы Келісім санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдануға байланысты құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"қауіпсіз өнім" - сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттерін (құрамын, жарамдылық мерзімін (қызмет мерзімін), сондай-ақ қажет болған кезде монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату шарттарын, оның ішінде қызмет көрсетуге қажеттілікті қоса алғанда) ескере отырып, пайдалану (қолдану) шарттары орындалған кезде қауіп төндірмейтін өнім;
"өнімді алып қою" - Одақ шеңберінде қауіпті өнімнің айналысқа шығарылуының және айналысының алдын алуға бағытталған іс-шара;
"таңбалау" - белгілер, символдар, жазбалар, суреттер мен өзге де белгіленулер түрінде өнімге, қаптамаға, жазба белгіге, затбелгіге, қосымша параққа немесе мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген қаптамаға жапсырылған, оған салынған немесе оған қоса берілген өзге де ақпаратты тасымалдағыш түріне түсірілген және өнімді сәйкестендіруді қамтамасыз етуге және оның құрамы, тұтынушылық қасиеттері мен оны пайдалану (қолдану) жөніндегі ұсыныстар туралы сатып алушыны (тұтынушыны) хабардар етуге арналған ақпарат;
"өнім айналысы" - өтеусіз немесе өтеулі негізде коммерциялық қызмет барысында мүше мемлекеттердің аумағында тарату мақсатында өнімді жеткізгеннен кейін немесе әкелгеннен кейін (оның ішінде дайындаушының қоймасынан жөнелткеннен кейін немесе қоймаға орналастырмай тиеп жібергеннен кейін) оның дайындаушыдан сатып алушыға (тұтынушыға) оның өту процестері;
"қауіпті өнім" - сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттерін (құрамын, жарамдылық мерзімін (қызмет мерзімін), сондай-ақ қажет болған кезде монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату шарттарын, оның ішінде қызмет көрсетуге қажеттілікті қоса алғанда) ескере отырып, пайдалану (қолдану) шарттары орындалған кезде қауіп төндіретін өнім;
"өнімді кері қайтару" - Одақ шеңберінде айналысқа шығарылған және айналыстағы қауіпті енімді, сондай-ақ сатып алушыға (тұтынушыға) өткізілген қауіпті өнімді кері қайтаруға (оның ішінде уақытша) бағытталған іс-шара;
"тұтынушы" - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке (тұрмыстық) қажеттілік үшін ғана өнімге тапсырыс беруге (сатып алуға) ниетті не тапсырыс беретін (сатып апатын, пайдаланатын) жеке тұлға;
"сатып алушы" - кез келген заңды мақсатта пайдалану үшін өнімге тапсырыс беруге (сатып алуға) ниетті не тапсырыс беретін (сатып алатын, пайдаланатын) заңды немесе жеке тұлға, оның ішінде тұтынушы.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге ұғымдар Шартта айқындалған мәнде қолданылады.
3-бап
1. Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген өнімнің қауіпсіздігін заңды тұлғалар немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар, олардың уәкілетті өкілдері, оның ішінде дайындаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, өнімді өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын импорттаушылар мен сатушылар оның өмірлік циклінің барлық сатысында (жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, ретке келтіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату кезінде) осы Келісімді ескере отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.
2. Қауіпті өнімді Одақ шеңберінде айналысқа шығару және оның айналысы үшін жауапкершілік мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.
4-бап
1. Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген өнімді әзірлеу (жобалау) кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнімнің қасиеттерін (көрсеткіштерін, сипаттамаларын) белгілеуге мүмкіндік беретін техникалық шешімдер қолданылуға тиіс. Қажет болған жағдайда ықтимал қатерден қорғауды қамтамасыз ететін қауіпсіздік жүйелері (элементтері) көзделуге тиіс және (немесе) өнімді пайдаланудың (қолданудың) қауіпсіз шарттары туралы, оның ішінде тұтынушылардың жекелеген санаттары үшін, әсіресе, оны пайдалану (қолдану) кезінде мұндай өнім төндіруі мүмкін қатерге әлсіз тұтынушылар үшін ақпарат ұсынылуға тиіс.
2. Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген өнімді өндіру кезінде осындай өнімді әзірлеу (жобалау) кезінде берілген деңгейдегі қауіпсіздік қасиеттерінің (көрсеткіштерінің, сипаттамаларының) тұрақтылығы қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген өнімнің Одақ шеңберіндегі айналысы кезінде осындай өнімді әзірлеу (жобалау) және өндіру кезінде берілген деңгейдегі өнімнің қауіпсіздік қасиеттерінің (көрсеткіштерінің, сипаттамаларының сақталуы) жарамдылық мерзімі (қызмет мерзімі) ескеріле отырып, қамтамасыз етілуге тиіс.
5-бап
1. Бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімнің, сондай-ақ бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ оған қатысты мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қауіпсіздіктің міндетті талаптары белгіленбеген өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дайындаушы (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға) мыналарға:
а) өнімнің сипаттамаларын (оның құрамын қоса алғанда), қаптамаға қойылатын талаптарды ескеру, оны пайдалану (қолдану) жөніндегі нұсқаманың (нұсқаулықтың) және қажет болған кезде оны монтаждау, іске қосу, реттеу және сынау жөніндегі нұсқаманың болуы қажеттілігіне;
б) осы өнімді басқа өніммен бірге пайдалану мүмкіндігі туралы ақпарат немесе негізделген болжал болған кезде осы өнімнің басқа өнімге әсері туралы мәліметке;
в) сатып алушыға (тұтынушыға) өнім және оның таңбалануы туралы ақпаратты беру, сондай-ақ оны пайдалану (қолдану), кәдеге жарату жөніндегі нұсқаманы (нұсқаулықты) беру және (немесе) басқа да нұсқаулар беру, оның ішінде осы өнім туралы өзге ақпаратты (жекелеген жағдайларда жарамдылық мерзімі (қызмет мерзімі) ішінде оны пайдалану бойынша ұсынымдарды және (немесе) шектеулерді қоса алғанда), сондай-ақ өнімді монтаждаудан, ретке келтіруден, пайдаланудан (қолданудан) болуы мүмкін ықтимал қатер және қажет болған кезде оларды жою тәсілдері туралы ақпаратты ұсыну қажеттілігіне;
г) өнімді мақсаты бойынша қолданбау қатер төндіруі мүмкін болғанда осындай қолдану мүмкіндігі туралы негізделген болжалдарға;
д) тұтынушылардың жекелеген санаттарының, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандардың, жүкті әйелдердің, бала емізетін аналардың, мүгедектердің өнімді пайдалануы (қолдануы) туралы ақпаратты ұсыну қажеттілігіне сүйенуге тиіс.
2. Дайындаушы (дайындаушы уәкілеттік берген тұлға) осы баптың 1-тармағында көрсетілген өнімнің қауіпсіздігін, оның таңбалауда мәлімделген қасиеттерге және дайындаушының сатып алушыға (тұтынушыға) (дайындаушы белгілеген жарамдылық мерзімі (қызмет мерзімі) ішінде өнімді пайдалану (қолдану) жөніндегі дайындаушы белгілеген ұсынымдарды (нұсқауларды) және (немесе) шектеулерді сақтаған жағдайда) берген өнімнің негізгі тұтынушылық қасиеттері мен қауіпсіздігі туралы мәліметтерге сәйкестігін қамтамасыз етеді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өнімді өндіру кезінде мүше мемлекеттердің көрсетілген өнімге қолданылатын мемлекетаралық стандарттарын және (немесе) ұлттық (мемлекеттік) стандарттарын дайындаушының ерікті негізде қолдануы осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарды сақтау және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті талап болып табылады.
Осындай өнімге күші қолданылатын мемлекетаралық стандарттарды және (немесе) мүше мемлекеттердің ұлттық (мемлекеттік) стандарттарын қолданбау осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарды сақтамау ретінде қарастырылмайды және өнімді қауіпті өнім ретінде қарау шарты болып табылмайды.
4. Сатушы (импорттаушы) осы баптың 1-тармағында көрсетілген өнімді пайдалану (қолдану), оны сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дайындаушы белгілеген талаптарды сақтауға міндетті және оларды сатып алушының (тұтынушының) назарына, оның ішінде оларды өнімге ілеспе құжаттамаға, оның таңбалауына енгізу арқылы немесе басқа тәсілмен жеткізуге міндетті.
6-бап
1. Өнімдердің бірыңғай тізбесіне енгізілген, өзіне қатысты Одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттер өздерінің заңнамасында өнімді айналысқа шығару қағидаларын және міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілей алады.
Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өзіне қатысты міндетті қауіпсіздік талаптары қолданылатын өнім көрсетілген талаптарға сәйкес келген жағдайда, ол қауіпсіз деп саналады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өнімге қатысты міндетті қауіпсіздік талаптары, мұндай өнімнің көрсетілген талаптарға сәйкестігін бағалау нысандары, сондай-ақ мұндай өнімнің (мұндай өнімнің және міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейтін құжаттардың атауларын көрсете отырып) сәйкестігін бағалауды жүзеге асыратын органдар туралы ақпаратты мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссияға жібереді.
Еуразиялық экономикалық комиссия көрсетілген ақпараттың Одақтың ресми сайтында орналастырылуын қамтамасыз етеді.
3. Мүше мемлекеттер бірін-бірі және Еуразиялық экономикалық комиссияны өнімдердің бірыңғай тізбесіне енгізілген, өзіне қатысты Одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімді айналысқа шығару қағидалары мен міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілеу туралы көрсетілген нормалар күшіне енген күнге дейін күнтізбелік 180 күннен кешіктірмей хабардар етеді.
7-бап
1. Бірыңғай тізбеге енгізілмеген, сондай-ақ өнімдердің бірыңғай тізбесіне енгізілген, өзіне қатысты Одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес міндетті қауіпсіздік талаптары белгіленбеген өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттер қауіпті өнім анықталған жағдайда, оның айналысына байланысты зиян келтірілуінің алдын алу бойынша (оның ішінде қауіпті өнімді алып қою және кері қайтару бойынша) өздерінің заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
2. Осы Келісімді іске асыру мақсатында мүше мемлекеттер өздерінің заңнамасына сәйкес өнімнің қауіпсіздігі мониторингін жүргізуді қамтамасыз етеді, оның ішінде қауіпті өнім айналысына байланысты зиян келтірілгені анықталған жағдайлар туралы және адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, өсімдіктер мен жануарлардың өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізу және (немесе) залал келтіру қатерінің дәрежесі туралы ақпарат жинауды және талдауды жүзеге асырады.
Қауіпті өнім айналысына байланысты зиян келтірілу және адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, өсімдіктер мен жануарлардың өміріне және (немесе) саулығына зиян тигізу және (немесе) залал келтіру жағдайларының анықталғаны туралы ақпарат Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы ақпараттық ресурстарына орналастыруға жатады.
Ақпаратты ұсыну, жинау, жинақтау және оны Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жалпы ақпараттық ресурстарына орналастыру тәртібін Еуразиялық экономикалық комиссия айқындайды.
8-бап
Осы Келісімді қолдануға және (немесе) түсіндіруге байланысты мүше мемлекеттер арасындағы даулар Шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
9-бап
1. Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.
2. Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарий алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді,
3. Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.
2020 жылғы "3" ақпанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әр мүше мемлекетке жібереді.
Армения Республикасы үшін | Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін | Ресей Республикасы үшін |
Осы мәтін 2020 жылғы 3 ақпанда Мәскеу қаласында:
Армения Республикасы үшін - Армения Республикасы Вице-премьер- министрі М.Г. Григорян;
Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасы Премьер- министрдің орынбасары И.В. Петришенко;
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Премьер- Министрдің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ә.А. Смайылов;
Қырғыз Республикасы үшін - Қырғыз Республикасы Вице-премьер- министрі Ж.П. Разаков;
Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары - Ресей Федерациясының Қаржы министрі А.Г. Силуанов қол қойған, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімнің толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссиясында сақталады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның | |
Құқықтық департаментінің директоры | В.И. Тараскин |
Осы мәтін Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген енімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Қазақстан Республикасының | |
Сауда және интеграция министр | Б. Сұлтанов |