2012 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
Алланың атымен
Осымен қоса беріліп отырған мәтін (қазақ, әзірбайжан, парсы, орыс, түрікмен және ағылшын тілдерінде) 2012 жылғы он екінші желтоқсанда Мәскеуде жасалған "Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманың" осы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Аталған Хаттаманың түпнұсқасы Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылды.
Бұл құжат тігілген және мөрмен бекітілген 160 парақтан тұрады.
Бехзад Сабери Ансари Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің халықаралық-құқықтық мәселелер бойынша Бас директоры 2021 жылғы 8 маусым |
КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТЕҢІЗ ОРТАСЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗДЕМЕЛІК КОНВЕНЦИЯҒА КАСПИЙ ТЕҢІЗІН ЖЕРҮСТІ КӨЗДЕРІНЕН ЖӘНЕ ҚҰРЛЫҚТА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЬІЛАТЫН ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕСІНДЕ ЛАСТАНУДАН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ХАТТАМА
Кіріспе
Каспий маңы мемлекеттері:
Әзербайжан Республикасы,
Иран Ислам Республикасы,
Қазақстан Республикасы,
Ресей Федерациясы,
Түрікменстан,
бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатындар,
2003 жылғы 4 қарашада Иран Ислам Республикасы, Тегеранда жасалған, бұдан әрі Конвенция деп аталатын Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның Тараптары бола отырып,
Конвенцияны және атап айтқанда, оның 7-бабын және 11-бабының 1-тармағын орындау шешіміне бекініп,
2008 жылғы 12 қарашада Иран Ислам Республикасы, Тегеранда қабылданған Каспий теңізі үшін Конвенцияның Стратегиялық іс-қимыл бағдарламасын назарға ала отырып,
Каспий теңізінің планетадағы ең ірі ішкі су қоймасы ретінде экологиялық және гидрологиялық сипаттамаларының бірегейлігін мойындай отырып,
даму процесінің ажырамас бөлігі ретінде Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарды қорғауды, сақтауды және оның табиғи ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып, бұл ретте қазіргі және келешек ұрпақтың қажеттіліктерін әділетті негізде қанағаттандыра отырып,
жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудың теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандар, биологиялық ресурстар және адамдардың денсаулығы үшін елеулі қатерін түсіне отырып,
атап айтқанда, теңіз деңгейінің ауытқуынан туындайтын экологиялық проблемаларды назарға ала отырып,
1995 жылғы 3 қарашада Колумбия округі, Вашингтонда қабылданған Теңіз ортасын құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі жаһандық іс-қимыл бағдарламасының Каспий маңы мемлекеттері үшін маңыздылығын атап өте отырып,
төмендегілер туралы УАҒДАЛАСТЫ:
1-бап. Хаттаманың мақсаты
Осы Хаттаманың мақсаты Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және оны ұстап түру үшін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде теңіз ортасының ластануын болғызбау, азайту, бақылау және барынша мүмкін болатын дәрежеде жою болып табылады.
2-бап. Терминдерді пайдалану
Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
a) "Уағдаласушы Тараптардың конференциясы" Конвенцияның 22-бабында айтылған органды білдіреді;
b) "Хатшылық" Конвенцияның 23-бабында айтылған органды білдіреді;
c) (Қолда бар ең үздік технологиялар (ҚБЕҮТ)" шығарындылар мен қалдықтарды шектеу үшін нақты шаралардың практикалық жарамдылығын көрсететін неғұрлым қазіргі замаңғы (озық) технологияларды, жабдықтарды немесе қызмет әдістерін білдіреді. "Технологиялар" жеке өзінде пайдаланылатын технологияларды, сондай-ақ өндірістік қондырғыны жобалауға, құруға, оған қызмет көрсетуге, оның жұмыс істеуіне және оны бөлшектеуге көмегі тиетін тәсілдер мен әдістерді қамтиды;
d) "Ең үздік табиғат қорғау практикасы (ЕҮТҚП)" қоршаған ортаның жай-күйін бақылау саласындағы шаралар мен стратегияларды неғұрлым орынды үйлестіре пайдалануды білдіреді;
е) "Жағалау маңындағы аудан" жағалау жиегімен шектесетін және теңіздің жақындығы мен теңіз деңгейінің ауытқуы әсеріне ұшырап отырған құрлық белдеуін білдіреді;
f) "Шиеленісті нүкте" адамдардың денсаулығына, экожүйеге немесе табиғи ресурстарға, сондай-ақ экономикалық маңызы бар артықшылықтарға іс-жүзіндегі немесе әлеуетті қолайсыз әсерді болғызбау немесе азайту мақсатында шектен тыс ластануға ұшыраған және бірінші кезекте назарға алуды қажет ететін алаңы бойынша шектелген және бөлшектенуге ұшырайтын құрлық учаскесін, жер беті сулары учаскесін немесе нақты сулы қабатты білдіреді;
g) "Жерүсті көздерінен ластану" су жолымен, атмосфера арқылы немесе тікелей жағалаудан теңіз ортасына түсетін, құрлықта жатқан барлық нүктелі және шашыраңқы көздердің түрлерінен теңіздің ластануын білдіреді;
һ) "Нүктелі көздер" шығарындылары сол немесе өзге де ажыратылатын, шектелген және атап айтқанда, ластайтын заттар шығарылатын немесе шығарылуы мүмкін құбырларды, су жіберу арналарын, жыраларды, тоннельдерді, құбыржолдарды немесе ұңғымаларды қоса алғанда, жекелеген тасымалдау құралдары арқылы қоршаған ортаға түсетін, құрлықта жатқан ластау көздерін білдіреді;
і) "Шашыраңқы көздер" нүктелі көздерден ерекшеленетін, сорғыту, сіңіру немесе гидрологиялық өзгерістер немесе мекендеу орындарының бұзылуы нәтижесінде заттары қоршаған ортаға жерүсті ағыстарымен, жауын-шашынмен, атмосфералық булармен өтетін, құрлықта орналасқан ластау көздерін білдіреді;
j) "Шығарындылар" суға, атмосфераға немесе топыраққа ластаушы заттар төгінділерінің, ағындыларының немесе оларды жіберудің кез келген түрлерін білдіреді;
k) "Шығарындыларды реттеу" шығарындылардың шекті шамасын белгілеу немесе шығарындының әсерлеріне, сипатына немесе басқа сипаттамаларына қатысты шектеулер мен шарттарды не шығарындыларға әсер ететін пайдалану шарттарын өзге нысанда айқындау сияқты арнайы шектеуді талап ететін реттеу шараларын білдіреді;
l) "Шығарындылардың шекті шамасы" қандай да бір нақты параметрлерде көрсетілген массаны, уақыттың бір немесе бірнеше кезеңі ішінде шамадан аспайтын шығарындылардың шоғырлануын немесе деңгейін білдіреді. Заттар шығарындыларының шекті шамасы, әдетте, сұйылту есепке алынбай, қондырғыдан шығарындылардың шығу нүктесі үшін қолданылады;
m) "Сапаның экологиялық стандарты (СЭС)" суда, шегінділерде немесе биотада белгілі бір заттың немесе заттар тобының шоғырлану деңгейін білдіреді, ол адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында шамадан аспауға тиіс;
n) "Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіші (ҚОСНК)" қоршаған орта сапасының талапқа сай нысаналы деңгейін айқындайтын міндетті білдіреді, ол қоршаған ортаның қандай да бір нақты құрамдасына, мысалы, өзенге, жағажайға немесе өнеркәсіптік объектіге қатысты қол жеткізілуге тиіс.
3-бап. Қолданылу аясы
Конвенцияның 3-бабына және осы Хаттаманың 1-бабына сәйкес осы Хаттама:
а) Каспий теңізінің теңіз ортасына және/немесе жағалау маңындағы аудандарға жағымсыз әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін жерүсті нүктелі және шашыраңқы көздерден шығатын ластаушы заттар шығарындыларына қолданылады. Бұл шығарындыларға өзгелердің ішінде тұзды суларды, марштарды және жағалаудағы лагуналарды қоса алғанда, өзен сағалары, арналар немесе өзге де ағын су, жерасты ағыстары, жағалаудағы қалдықтарды жою орындары және су жіберу, құрлықта төселгендерді және теңіз түбіне орналастырылғандарды қоса алғанда, солар арқылы да, жерүсті ағыстары арқылы да теңіз ортасына түсетіндер жатады;
a) осы Хаттамаға III Қосымшада айқындалған жағдайларда Каспий теңізінің теңіз ортасына атмосфера арқылы жерүсті көздерінен таралатын ластаушы заттардың түсіміне; және
c) жағалау сызығының табиғи жай-күйінің физикалық өзгеруі және ландшафттың немесе мекендеу орындарының өзгеруі мен бұзылуы нәтижесінде ластануды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасына және/немесе жағалау маңындағы аудандарға әсер ететін қызметтің осындай түрлері нәтижесінде ластануға қолданылады.
4-бап. Жалпы міндеттемелер
1. Уағдаласушы Тараптар жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде Каспий теңізінің теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың ластануын және оған басқа да жағамсыз әсерлерді болғызбау, бақылау, азайту және барынша жою үшін Конвенция ережелеріне сәйкес барлық тиісті шараларды дербес немесе бірлесіп қабылдайды.
2. Уағдаласушы Тараптар, атап айтқанда:
a) сақтық қағидатын қолданады, оған сәйкес теңіз ортасына немесе халық денсаулығына елеулі немесе орны толмайтын залал келу қатері болған, ғылыми тұрғыдан толық сенімді болмаған кезде мұндай залалды болғызбау жөніндегі экономикалық тиімді шараларды кейінге қалдыру үшін негіз ретінде пайдаланылмайды;
b) "ластаушы төлейді" қағидатын қолданады, оған сәйкес ластануды болғызбау, бақылау және азайту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға арналған шығастарды ластаушы көтеруге тиіс;
c) Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға елеулі жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін қызмет түрлерінің қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысты Уағдаласушы Тараптардың екіжақты және көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдеседі;
d) тиісті жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеу кезіндегі экологиялық факторларды, оның ішінде адамдардың денсаулығына байланысты аспектілерді жан-жақты есепке алуды қамтамасыз етеді;
е) зілзалаларға дайын болуды және ден қоюды қамтамасыз ету арқылы өнеркәсіптік авариялар мен дүлей зілзалалар салдарынан ластану тәуекелін барынша азайту үшін алдын алу шараларын қабылдайды;
f) бекіре, каспий арқан балығы мен басқа да бағалы түрлерінің табиғи уылдырық шашуы үшін ықтимал зиянды болуы мүмкін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі арнайы шараларды қабылдайды;
g) жағалау маңындағы аудандардың дамуына кешенді тәсіл арқылы жағалау маңындағы аудандардың орнықты дамуына жәрдемдеседі;
һ) Каспий теңізі гидрологиялық бассейнінің бір бөлігі аумағында орналасқан жағалау маңына жатпайтын мемлекеттермен өзара келісім негізінде Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізуде ынтымақтастыққа ұмтылады.
5-бап. Орындау шаралары
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың орындалуын үйлестіруге және басқа Уағдаласушы Тараптарға Хатшылық арқылы тиісті ақпаратты беруге құқығы бар ұлттық органды тағайындайды.
2. Осы Хаттаманы орындау барысында Уағдаласушы Тараптар:
a) ластау көздерін бақылау шараларына негізделген және шараларды, қажет болған жерде оларды орындау графиктерін қамтитын өңірлік немесе ұлттық бағдарламаларын немесе іс-қимыл жоспарларын қабылдайды. Осындай бағдарламаларды немесе жоспарларды әзірлеу кезінде олар Теңіз ортасын құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі жаһандық іс-қимыл бағдарламасының ұсынымдарын және Каспий теңізі бойынша стратегиялық іс-қимыл бағдарламасының тиісті ережелерін назарға алғаны жөн;
b) мыналарды біртіндеп әзірлеу, қабылдау және жүзеге асыру арқылы I қосымшада санамаланған қызмет түрлері мен заттарды:
(i) тиісті заттар үшін шығарындылардың шекті шамасын, сапаның экологиялық стандарттарын және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, сондай-ақ I қосымшада айқындалатын факторларға негізделген басқару практикасын қоса алғанда, шығарындыларды бақылауды; және
(ii) шекті шамаға қол жеткізу, тиісті басқару практикасын ендіру және Уағдаласушы Тараптар келіскен шараларды орындау графиктерін қамтуды қамтамасыз етеді;
c) ҚБЕҮТ мен ЕҮТҚП-ны пайдаланады немесе пайдалануға, сондай-ақ, экологиялық негізделген технологияны қолдануға, осы Хаттамаға V қосымшада санамаланған әлеуметтік, экономикалық және технологиялық жағдайлар мен өлшемшарттарды ескере отырып, мейлінше экологиялық таза өндірісті қоса алғанда, оған қол жеткізуге және оны беруге жәрдемдеседі.
6-бап. Жалпы басшылыққа алынатын қағидаттар мен стандарттар
1. Конвенцияның 18-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар қажет болған кезде құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, жалпы басшылыққа алынатын қағидаттарды және мән-жайларға байланысты, атап айтканда;
a) жағалау маңында су жіберуге арналған, атап айтқанда, шығарындыларды тазарту үшін пайдаланылатын әдістерді ескере отырып, құбыржолдардың ұзындығына, төселу тереңдігіне және орналастырылуына;
b) бөлек тазартуды талап ететін шығарындыларға қойылатын арнайы талаптарға;
c) нақты мақсаттарда пайдалану кезінде адамдардың денсаулығын, биологиялық ресурстар мен экожүйелерді қорғау үшін қажетті теңіз суынын сапасына;
d) теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандардың айтарлықтай ластануына себепші болып табылған өнімдерді, объектілер мен өнеркәсіптік және өзге де процестерді бақылауға және қажет болған кезде біртіндеп алмастыруға;
е) тасталатын заттардың (осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған) санына, олардың шығарындыларда шоғырлануына және оларды тастау әдістеріне қатысты нақты талаптарға орай стандарттарды немесе өлшемшарттарды біртіндеп әзірлейді және қабылдайды.
2. Осы Хаттаманың 5-бабы 2-тармағының а) тармақшасында көрсетілген өңірлік бағдарламалар мен іс-қимыл жоспарлары мынадай ережелер ескеріле отырып әзірленеді және жүзеге асырылады:
a) Уағдаласушы Тараптар шығарындылардың жалпы шекті шамасын, сапаның экологиялық стандарттарын немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, сондай-ақ мән-жайларға қарай, осы Хаттамаға 1 қосымшада санамаланған заттар үшін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын кызмет нәтижесінде ластануды, болғызбауға, азайтуға немесе жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру графиктерін белгілейді және мерзімділікпен қайта қарайды; және
b) Уағдаласушы Тараптар Конференциясы ластануды болғызбау өлшемшарттарын айқындайды және Каспий теңізі теңіз ортасының жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануын азайту, бақылау және жою жөніндегі тиісті шараларға қатысты ұсынымдар береді және осы Хаттаманың 13-бабында көрсетілген мониторинг бағдарламаларын жүргізу, өнеркәсіптік және басқа да антропогендік қызметтегі өзгерістер мен ғылым және ластануға қарсы күрес технологиялары саласындағы болуы мүмкін прогресс нәтижелері жөніндегі ақпарат көлемінің ұлғаюын көрсете отырып, оларды кезең-кезеңмен жаңартып отырады.
7-бап. Нүктелі көздерден ластану
1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға жағымсыз әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін, осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттардың ластануының нүктелі көздерінен түсетін шығарындыларды реттеу қолда бар ең үздік технологияларға, ең үздік табиғат қорғау практикасына немесе шығарындылардың тиісті шекті шамаларына негізделуі үшін шаралар қабылдайды.
2. Уағдаласушы Тараптар шиеленісті нүктелер тізімінің негізінде нүктелі көздерден түсетін ластаушы заттардың айтарлықтай азаюына қол жеткізу графиктерімен ұлттық іс-қимыл жоспарларын қабылдайды және жүзеге асырады, олар бекітіледі, кейіннен Уағдаласушы Тараптар конференциясында қайта қаралады және екі жыл сайын жаңартылып отырады.
3. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті ұлттық органдарынан рұқсат алған кезде нүктелі көздерден шығарындыларға жол беріледі немесе осы Хаттаманың ережелерін, оған IV қосымшаны және Уағдаласушы Тараптар Конференциясының тиісті шешімдері мен ұсынымдары ескеріле отырып, осы органдардың реттеуіне жатады.
4. Осы мақсатпен Уағдаласушы Тараптар берілген рұқсаттар мен қоршаған ортаға шығарындыларды реттейтін, қабылданған нормативтік актілер талаптарының сақталуын бағалау үшін өздерінің құзыретті ұлттық органдары жүзеге асыратын жүйелі түрде инспекциялау және қадағалау жүйесін құруды қамтамасыз етеді. Рұқсаттар мен нормативтік актілер талаптары сақталмаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар тиісті санкцияларын енгізеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді.
8-бап. Шашыраңқы көздерден ластану
1. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға І қосымшада санамаланған, Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарға әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін заттардың ластануының шашыраңқы көздерінен шығарындыларды реттеу әдістері ҚБЕҮТ-ге және ЕҮТҚП-ға негізделуі үшін шаралар қабылдайды.
2. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға әсерін тигізетін ауыл шаруашылығы қызметіне байланысты ластану ауыртпалығын айтарлықтай азайту үшін, оның осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттар бойынша сапаның келісілген экологиялық стандарттарына және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында осы Хаттамаға II қосымшада айқындалған өлшемшарттарға сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдайды.
9-бап. Қызметтің өзге де түрлерінен туындайтын ластану
1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға жағымсыз әсерін тигізетін немесе тигізуі мүмкін әрі осы Хаттаманың 7 және 8-баптарының ережелерінде қамтылмаған қызмет түрлері ҚБЕҮТ және ЕҮТҚП негізінде жүзеге асырылуы үшін шаралар қабылдайды.
2. Уағдаласушы Тараптар теңіз деңгейінің өзгеруі нәтижесінде теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандардың ластануын болғызбау, бақылау, азайту және барынша жою үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды. Осы мақсаттарда олар мұнай және химия өнеркәсібі қондырғыларын, сондай-ақ мұнай басып кету қатері бар жерлерді мұнаймен ластанудан қорғау жөнінде шараларды қабылдайды және ескірген жағалау қондырғылары мен қоймаларын пайдаланудан шығарады.
10-бап. Жағалау маңындағы аудандарды дамытуға кешенді тәсіл
1. Уағдаласушы Тараптар өзгелер қатарында жағалау маңындағы аудандарды жоспарлау негізінде, жеке-дара және орынды болған жағдайда, бірлесіп жағалау маңындағы аудандарды дамытуға кешенді тәсіл қолданады. Олар теңіз деңгейінің ұзақ уақыт бойы өзгеруін, желқума-желбөгет құбылыстары, дауыл, жер сілкіністері және жағалау эрозиясы сияқты қауіптіліктің табиғи факторларының жағалау маңындағы аудандардың халқына және инфрақұрылымына жағымсыз әсерлерін азайту үшін жеңілдету шараларын қабылдайды және жүзеге асырады.
2. Уағдаласушы Тараптар жағалау маңындағы аудандардағы орманның селдіреуін және жердің тозуын азайту және тоқтата тұру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды, ормандарды қалпына келтіруге және шөлейттенуге қарсы күресуге бағытталған ұлттық іс-қимыл жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлейді және жүзеге асырады.
11-бап. Трансшекаралық әсер ету
1. Кез келген Уағдаласушы Тараптың жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластану болатын басқа немесе бірнеше басқа Уағдаласушы Тараптардың жағалау маңындағы аудандарына немесе Каспий теңізінің теңіз ортасына жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін жағдайларда тиісті Уағдаласушы Тарап ықтимал қатысы болатын Уағдаласушы Тараптарға хабар береді және проблеманы шешу мақсатында олармен консультациялар өткізеді.
2. Егер екі немесе одан да көп Уағдаласушы Тараптардың аумағы арқылы өтетін немесе олардың арасында шекара құрайтын ағын судан төгінділер Каспий теңізі теңіз ортасының ластануын туындатса немесе туындатуы мүмкін болса, қатысы бар Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманы толық көлемде, оның ішінде орынды болатын жерлерде қолдануды ластаумен байланысты проблемаларды анықтауға және шешуге жауапты бірлескен органдарды құру жолымен қамтамасыз ету мақсатында ынытымақтасады.
3. Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың Тарапы болып табылмайтын мемлекеттің немесе мемлекеттердің аумағында туындайтын кез келген ластану үшін жауап бермейді.
12-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау
1. Уағдаласушы Тараптар Конвенцияның 17-бабын орындау үшін ықтимал трансшекаралық әсер етуді қоса алғанда, құрлықта жүзеге асырылатын жобалар мен қызмет түрлерінің қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалауға қатысты өңірлік және тиісті ұлттық басшылыққа алынатын қағидаттарды әзірлейді және қабылдайды әрі бұл орынды болған кезде, осы басшылыққа алынатын қағидаттарды қайта қарайды және жаңартады.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап оның аумағының шегінде құрлықта жүзеге асырылатын, Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға айтарлықтай жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін кез келген жоспарланатын қызмет түрінің немесе жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау рәсімдерін енгізеді және қолданады.
3. Осы баптың 2-тармағында айтылған қызмет түрлері мен жобалар Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдарының алдын ала жазбаша рұқсаты бойынша жүзеге асырылады, онда қоршаған ортаға әсерді бағалаудың тұжырымдары мен ұсынымдары толық көлемде ескеріледі.
13-бап. Ақпарат пен деректерді жинау, мониторингілеу және бағалау
1. Конвенцияның 19-бабының ережелері мен онда көзделген мониторинг бағдарламалары шеңберінде, ал қажет болған кезде құзыретті халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта Уағдаласушы Тараптар, мүмкіндігінше;
а) Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі туралы, оның физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамаларына қатысты деректер мен ақпарат жинауды жүзеге асырады, дерекқор дайындайды және жүргізеді;
b) көздерді бөлу және Каспий тенізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға түсетін заттардың саны туралы ақпаратты қоса алғанда, осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған заттардың жерүсті көздерінен түсуі туралы деректер мен ақпарат жинауды жүзеге асырады, дерекқорды дайындайды және жүргізеді;
c) жүйелі түрде (бес жылда кемінде бір рет) Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйіне өңірлік бағалауды жүргізеді;
d) өзінің жағалау сызығы бойындағы, әсіресе осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған қызмет түрлеріне және заттарға қатысты ластану деңгейін жүйелі бағалайды және Хатшылыққа аталған мәселе бойынша кезең-кезеңмен ақпарат ұсынады.
2. Уағдаласушы Тараптар саланы талдамалық бақылауды көздейтін мониторингтің өңірлік бағдарламасының және мониторингтің бірлескен ұлттық бағдарламаларының құрамдастарын дайындау кезінде, сондай-ақ деректерді сақтау мен алуға және олармен алмасуға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
3. Осы баптың 1-тармағында ескерілген ақпарат басқа Уағдаласушы Тараптарға Хатшылық арқылы ұсынылады.
14-бап. Ақпарат алмасу
Уағдаласушы Тараптар Конвенцияның 21-бабына сәйкес тікелей немесе Хатшылық арқылы теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі және осы Хаттаманың орындалуы туралы қолжетімді деректермен және ақпаратпен жүйелі түрде алмасып отырады. Уағдаласушы Тараптар ақпарат алмасу үшін жүйелер мен желілер құрады.
15-бап. Жұртшылықтың қатысуы
1. Уағдаласушы Тараптар Конвенцияның 21-бабына және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаға әсерін бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандардың жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға және осы Хаттаманы орындауға байланысты шешімдер қабылдау процестеріне жергілікті билік органдарының және жұртшьшықтың қатысуына жәрдемдеседі.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап Конвенцияның 21-бабына және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өздері Тараптары болып табылатын экологиялық ақпаратқа жұртшылықтың қол жеткізуі туралы қолданыстағы халықаралық келісімдердің ережелерін назарға ала отырып, Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі туралы, ластануды болғызбау, бақылау және азайту бойынша қабылданған немесе жоспарлатын шаралар туралы ақпаратқа жұртшылықтың қол жеткізуін жеңілдетеді.
16-бап. Ынтымақтастық және жәрдемдесу
1. Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануын болғызбау, бақылау, азайту және мүмкін болғанынша жою мақсатында өңірлік негізде Хатшылық немесе орынды болған кезде екіжақты негізде ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2. Конвенцияның 20-бабына сәйкес Тараптар жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде болатын ластану иелері, атап айтқанда, түсімдердің сапалық және сандық құрамын, ластаушы заттардың таралу жолдарын, олардың қайта өзгеруін және қоршаған ортаға әсерін зерделеу бойынша, сондай-ақ ластануды болғызбаудың, азайтудың және жоюдың жаңа әдістері мен тәсілдерін әзірлеуде, оның ішінде осы мақсаттар үшін неғұрлым экологиялық таза өңдірістік процестерді әзірлеуде және қолдануда ғылыми-техникалық ынтымақтастықты көтермелейді.
3. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманы орындауға жәрдемдесуді сұрайтын Уағдаласушы Тараптармен тікелей және Хатшылық арқылы, оның ішінде:
а) ғылыми, техникалық, білім беру және қоғамдық-ағартушылық бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ ғылыми, техникалық және әкімшілік кадрларды даярлау;
b) техникалық консультациялар, ақпарат беру және өзге де жәрдем көрсету кезінде ынтымақтасуға ұмтылады.
4. Уағдаласушы Тараптар теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануын болғызбауға, азайтуға және бақылауға қатысы бар халықаралық ұйымдармен, бағдарламалармен және халықаралық келісімдер органдарымен ынтымақтасады.
17-бап. Баяндамаларды ұсыну
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап Хатшылыққа Уағдаласушы Тараптар Конференциясы қабылдаған форматта осы Хаттаманы орындау жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндамаларды ұсынады. Хатшылық алынған баяндамаларды барлық Уағдаласушы Тараптар арасында таратады.
2. Аталған баяндамалар, өзгелер қатарында:
а) нормативтік-құқықтық сипаттағы шаралар, іс-қимыл жоспарлары, бағдарламалар және осы Хаттаманы, оған Қосымшаларды және оларға байланысты қабылданған ұсынымдарды орындау үшін қабылданған басқа да қадамдар туралы ақпаратты;
b) Каспий теңізіне тасталатын, I қосымшаға сәйкес бақыланатын заттардың мөлшері туралы деректерді;
c) осы Хаттаманың 7-бабына сайкес берілген рұқсаттарға қатысты статистикалық деректерді;
d) осы Хаттаманың 13-бабында көзделген мониторинг нәтижесінде деректер мен ақпаратты;
е) жағалау сызығын өзгертетін немесе жағалау маңындағы аудандар шегінде мекендеу орындарына жағымсыз әсерін тигізетін қызмет нәтижесінде ластану туралы ақпаратты;
f) шиеленісті нүктелерден болатын ластануды жою және бақылау процесінде қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпаратты;
g) қол жеткізілген нәтижелер туралы және егер осы Хаттаманы орындау кезінде туындаған жағдайда, ондай қиындықтар туралы ақпаратты қоса алғанда, осы Хаттаманың шеңберінде жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың ластануын болғызбау, бақылау, азайту және барынша мүмкін болғанынша жою жөнінде қабылданған және жүзеге асырылатын іс-қимыл жоспарларының, бағдарламалардың және шаралардың орындалу барысы туралы ақпаратты қамтиды.
3. Хатшылықтың жәрдемімен ұлттық баяндамаларда қамтылған деректер мен ақпаратты пайдалана отырып, осы Хаттаманың орындалуы және Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың жай-күйі туралы өңірлік баяндамалар дайындалады.
4. Осы Хаттамада ештеңе қандай да бір Уағдаласушы Тараптан оның ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келетін ақпараттырды талап етпейді.
18-бап. Сақтау
1. Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманың орындалуына жәрдемдесу үшін Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында бекітілуге жататын осы Хаттаманы сақтау рәсімдерін әзірлейді.
2. Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы:
а) 17-бапта ескерілген баяндамалардың және Уағдаласушы Тараптар кез келген өзге де ақпараттың негізінде Хаттаманы сақтау туралы баяндамаларды, сондай-ақ оған байланысты қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды қарайды және бағалайды;
b) тиісті жағдайларда Хаттаманың және оған байланысты қабылданған шешімдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін шешімдер қабылдайды және шараларды көздейді және шығарылған ұсынымдардың, оның ішінде Уағдаласушы Тараптың өз міндеттемелерін орындауына жәрдемдесетін шаралардың жүзеге асырылуына ықпал етеді.
19-бап. Ұйымдастыру ережелері
1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 22-бабының 10-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы, өзгелер қатарында:
a) осы Хаттаманың орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
b) Хатшылықтың жұмысын қадағалауды жүзеге асырады және оның қызметін басқарады;
c) осы Хаттамаға шолуды жүзеге асырады;
d) осы Хаттамаға немесе оның қосымшаларына түзетулерді, сондай-ақ кез келген үстеме қосымшаларды қарайды және қабылдайды;
е) осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша Хатшылық ұсынатын есептерді қарайды;
f) қабылданған шаралардың нәтижелерін және қосымшаларда баяндалған шараларды қоса алғанда, басқа шараларды қабылдаудың орындылығын қарайды;
g) осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес тиісті өңірлік бағдарламаларды, іс-қимыл жоспарларын және шараларды қабылдайды және қажет болған кезде қайта қарайды;
һ) осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес өңірлік басшылыққа алынатын қағидаттарды, стандарттарды немесе өлшемшарттарды қабылдайды және қажет болған кезде қайта қарайды;
і) осы Хаттаманың 14-бабына сәйкес ақпарат алмасу рәсімдерін қабылдайды және қажет болған кезде қайта қарайды және ақпарат алмасу үшін ақпараттық жүйелер мен желілерді құруға жәрдемдеседі;
j) осы Хаттаманың 13, 14 және 17-баптарына сәйкес Уағдаласушы Тараптар ұсынған ақпаратты қарайды және бағалайды;
k) осы Хаттаманың 18-бабында көзделгендей Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманың ережелерін, оған байланысты қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды сақтауын қарайды және бағалайды;
l) "шиеленісті нүктелер" тізімін қабылдайды және қайта қарайды және қажет болған кезде осы Хаттаманың 7-бабында көзделгендей оған өзгерістер енгізеді;
m) осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған кезде тиісті халықаралық ұйымдар мен ғылыми институттарға техникалық және қаржылық қызмет көрсетуге өтініш білдіреді;
n) Конвенцияның 22-бабы 9 (а) және (с) тармақтарына сәйкес осы Хаттаманың орындалуы үшін қажет деп танылуы мүмкін кез келген қосалқы органдарды құрады.
2. Осы Хатттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес Хатшылық, өзгелер қатарында:
а) осы Хаттаманың орындалуы үшін талап етілуі мүмкін немесе олар сұрататын баяндамалар мен зерттеулер нәтижелерін дайындайды және Уағдаласушы Тараптардың иелігіне береді;
b) осы Хаттаманың 13-бабына сәйкес Хатшылыққа ұсынылған ақпаратты Уағдаласушы Тараптарға жолдайды;
с) осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар Конференциясының бекітуі үшін өңірлік бағдарламалардың, іс-қимыл жоспарларының немесе шаралардың жобаларын дайындайды;
d) осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес Уағдаласушы Тараптар конференциясының бекітуі үшін өңірлік басқару қағидаттарының, стандарттардың немесе өлшемшарттардың жобаларын дайындайды,
20-бап. Хаттаманы қаржыландыру
1. Осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін Уағдаласушы Тараптар мүмкіндік болған кезде:
а) тиісті ішкі, екіжақты және көпжақты бағдарламалардың, жобалар мен шаралардың әзірленуі мен орындалуын қаржылай қамтамасыз етуді қарайды және жүзеге асырады;
b) гранттар мен несиелерді қоса алғанда, қаржыландырудың екіжақты және көпжақты көздерінің және тетіктерінің қаржылық ресурстарын тартуға жәрдемдеседі;
с) қорлардың, басқа елдердің үкіметтік мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жекеше сектор құрылымдарының қаражатын қоса алғанда, ресурстарды тарту және бөлу үшін инновациялық әдістер мен ынталандыруды зерделейді.
2. Егер Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы басқа шешім қабылдамаса, Конвенцияның қаржылық қағидалары mutatis mutandis осы Хаттамаға қолданылады.
21-бап. Дауларды реттеу
Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы кез келген дау Конвенцияның 30-бабына сәйкес реттеледі.
22-бап. Хаттаманың қабылдануы және күшіне енуі
1. Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясында Уағдаласушы Тараптардың бірауыздан мақұлданған шешімімен қабылданады.
2. Осы Хаттама Тегеран қаласында 2012 жылғы 12 желтоқсаннан 2013 жылғы 12 маусым аралығында тек Каспий маңы мемлекеттерінің қол қоюы үшін ашық.
3. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады. Хаттама қол қою үшін жабылған күнінен бастап, кез келген Каспий маңы мемлекетінің қосылуы үшін ашық болады.
4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттар Конвенция Депозитарийіне сақтауға тапсырылады.
5. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы оны ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттарды депозитарийге сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
23-бап. Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды және оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау
Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды, соңдай-ақ оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау туралы ұсыныстар енгізе алады. Мұндай түзетулер мен қосымшаларды Уағдаласушы Тараптар қабылдайды және олар үшін Конвенцияның 24 және 25-баптарына сәйкес күшіне енеді.
24-бап. Хаттаманың ұлттық заңнамаға әсері
Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманы орындау бойынша тиісті неғұрлым қатаң ұлттық шаралар қабылдау құқығына әсер етпейді.
25-бап. Өзге де халықаралық шарттармен байланыс
Осы Хаттамада ештеңе Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.
26-бап. Ескертпелер
Осы Хаттамаға ешқандай ескертпелерге жол берілмейді.
27-бап. Депозитарий
Конвенция Депозитарийі осы Хаттаманың Депозитарийі болып табылады.
28-бап. Теңтүпнұсқалы мәтіндер
Осы Хаттаманың әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдереріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Хаттаманы түсіндіру немесе қолдану туралы даулар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.
29-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздерге қатысы
Осы Хаттама ережелерінің ешқайсысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын ала айқындаушы ретінде түсіндірілмейді.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
Екі мың он екінші жылғы желтоқсан айының он екінші күні Мәскеу қаласында жасалды.
КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТЕҢІЗ ОРТАСЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗДЕМЕЛІК КОНВЕНЦИЯҒА КАСПИЙ ТЕҢІЗІН ЖЕРҮСТІ КӨЗДЕРІНЕН ЖӘНЕ ҚҰРЛЫҚТА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЬІЛАТЫН ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕСІНДЕ ЛАСТАНУДАН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ХАТТАМАҒА
I ҚОСЫМША
Бақыланатын қызмет түрлері және заттар санаттары
Осы қосымшада Уағдаласушы Тараптар осы Хаттаманың 5 және 6-баптарында айтылған жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануды болғызбау, бақылау, азайту және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды және шараларды дайындау кезінде назарға алатын элеметтер санамаланған.
Осындай іс-қимыл жоспарлары, бағдарламалар және шаралар осы Қосымшаның С бөлімінде санамаланған сипаттамалар негізінде іріктелген, А бөлімінде санамаланған қызмет түрлерін, сондай-ақ В бөлімінде самаланған заттар санаттарын қамтуға бағытталған. Іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды және шараларды дайындау кезінде Уғдаласушы Тараптар тиісті халықаралық құралдардың ережелерін назарға ала алады.
Іс-қимылдар басымдылығын теңіз және жағалау маңындағы экожүйелерге және ресурстарға, халықтың денсаулығына, әлеуметтік-экономикалық игіліктерге, оның ішінде мәдени құндылықтарға әсер ету маңыздылығының дәрежесін бағалау жолымен айқындаған жөн.
А. Қызмет түрлері
Жерүсті көздерінен ластануды болғызбау, бақылау, азайту және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларында, бағдарламаларда және шараларда басымдылықтарды айқындау кезінде Уағдаласушы Тараптар жеке-дара немесе бірлесе отырып, теңіз ортасын ластауға қабілеттілігі негізінде айқындалған және маңыздылығы тәртібімен санамаланбаған қызметтің мына түрлерін назарға алады:
1. Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы.
2. Өнеркәсіп:
- акваөсіру;
- электрондық өнеркәсіп;
- электр энергиясын өндіру;
- тыңайтқыштар өндіру;
- тамақ өнеркәсібі;
- орман шаруашылығы;
- ядролық өнеркәсіп;
- металлургия өнеркәсібі;
- пайдалы қазбаларды өндіру;
- мұнаймен және газбен байланысты қызмет;
- қағаз және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі;
- фармацевтикалық өнеркәсіп;
- құрылыс материалдарын шығару;
- биоцидтер өндіру және әзірлеу;
- қалдықтарды рециркуляциялау;
- кеме жасау және кеме жөндеу;
- былғары өнеркәсібі;
- тоқыма өнеркәсібі.
3. Қалдықтарды басқару:
- қауіпті және уытты қалдықтар;
- өнеркәсіптік сарқынды сулар;
- қаланың қатты қалдықтары және сарқынды сулар;
- радиоактивті қалдықтар;
- сарқынды сулардың қалдықтарын жою;
- қалдықтарды жағу және олардың жану өнімдерімен жұмыс істеу;
- зымыран отыны.
4. Туризм.
5. Көлік.
6. Жасанды аралдардың құрылысы және оларды басқару.
7. Автомагистральдар мен автомобиль жолдарын салу.
8. Химиялық қаруды және оқ-дәрілерді жою.
9. Су түбін тереңдету жұмыстары.
10. Порттарды салу және ондағы жұмыстар.
11. Жағалау сызығының физикалық табиғи жай-күйінің өзгеруі.
12. Теңіз деңгейінің өзгеруіне ұшыраған пайдаланылмайтын қондырғылар.
В. Заттар санаттары
Жерүсті көздерінен ластануды болғызбау, бақылау, азайту және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды дайындау және шараларды қолдану кезінде Уағдаласушы Тараптар қауіпті немесе өзге де зиянды сипаттамаларының негізінде айқындалған, маңыздылығы тәртібімен санамаланбаған заттардың мына санаттарын назарға алады:
1. Су сапасын нашарлата алатын қышқылды немесе сілтілі қосындылар.
2. Биоцидтер және өзге бөлімдерде қамтылмаған олардың туындылары.
3. Шикі мұнай мен мұнай текті көмірсутектер және өңделген армай материалдары.
4. Цианидтер мен фторидтер.
5. Ауыр металдар және олардың қосындылары.
6. Теңіз қоқысы (кез келген төзімді өнеркәсіптік немесе өңделіп тасталған, кәдеге жаратылған немесе қалдырылған қатты материалдар).
7. Эвтрофикацияны туындата алатын заттар.
8. Биохимиялық ыдырамайтын детергенттер және басқа да биохимиялық ыдырамайтын үстіңгі белсенді заттар.
9. Теңіз ортасында оттегінің болуына қолайсыз әсер ететін немесе теңіз суының физикалық немесе химиялық сипаттамаларына қолайсыз әсер ете алатын немесе теңізді кез келген құқыққа сыймды пайдалануға кедергі келтіре алатын уытты емес заттар.
10. Органикалық галогенді қосындылар және теңіз ортасында осындай қосындылар түзе алатын заттар.
11. Фосфорлы органикалық қосындылар және теңіз ортасында осындай қосындылар түзе алатын заттар.
12. Органикалық қалайы қосындылары және теңіз ортасында осындай қосындылар түзе алатын заттар.
13. Патогендік микроорганизмдер.
14. Полициклдік хош иісті көмірсутектері.
15. Ядролық заттарды қоса алғанда, радиоактивті заттар.
С. Заттардың сипаттамалары
Жерүсті көздерінен ластануды болғызбау, бақылау, азайту және барынша мүмкін болғанынша жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, бағдарламаларды және шараларды дайындау кезінде Уағдаласушы Тараптар тиісті жағдайларда, басымдылық тәртібімен санамаланбаған заттар мен факторлардың мынадай сипаттамаларын назарға алады:
1. Биоаккумуляция және тағам тізбегі бойынша ластаушылар шоғырлануының ұлғаюы.
2. Заттардың кумулятивтік әрекеті.
3. Заттардың таралу заңдылықтары (яғни саны, пайдаланылу түрлері, теңіз ортасына түсу ықтималдығы).
4. Адамдардың тағам ретінде тұтынуына арналған теңіз өнімдерінің органолептикалық сипаттамаларына әсері.
5. Теңіз суының иісіне, түсіне, мөлдірлігіне, температурасына немесе басқа да қасиеттеріне әсері.
6. Денсаулыққа әсері және денсаулыққа қатері.
7. Теңіз флорасы мен фаунасына жағымсыз әсері мен биологиялық ресурстардың орнықты пайдаланылуын немесе теңізді өзге де құқыққа пайдалану.
8. Заттардың беріктігі.
9. Эвтрофикацияны туындату қабілеті.
10. Радиоактивтілік.
11. Көзге көрінетін әсерлерге апаратын және апармайтын шоғырлану арақатынасының коэффициенті (NОЕС).
12. Теңіздің экожүйесіндегі жағымсыз өзгерістердің қатері және әсер етудің қайтымсыздығы немесе ұзақтығы.
13. Уыттылық немесе өзге де зиянды қасиеттер (мысалы, канцерогендік, мутагендік, тератогендік).
14. Алысқа көшіріле алатындығы.
II ҚОСЫМША
Ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздері
А. Анықтамалар
Осы Қосымшаның мақсаттары үшін:
1. "Ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздері", керісінше, нүктелі көздерге жататын жануарларды қарқынды өсіру объектілерін қоспағанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және үй жануарларын өсіруге байланысты ластанудың нүктелі емес көздерін білдіреді.
2. "Ең үздік практика" Каспийдің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға ластаушы заттардың ағынын болғызбау, азайту немесе бақылау мақсатындағы құрылымдық және құрылымдық емес сипаттағы рентабельді және қолжетімді шараларды білдіреді.
B. Ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы көздерден ластануды болғызбау, бақылау және азайту жөніндегі жоспарлар
Әрбір Уағдадасушы Тарап осы Хаттама күшіне енген кезден бастап келісілген қысқа мерзімдерде Каспий теңізінің теңіз ортасына немесе жағалау маңындағы аудандарға қолайсыз әсер етуі мүмкін ауыл шаруашылығында болатын шашыраңқы көздерден ластануды болғызбау, бақылау және азайту жөніндегі жоспарлар мен шараларды әзірлейді. Мұндай жоспарлар мен шаралар, атап айтқанда, құрамында эвтрофикацияға алып келетін заттар, пестицидтер, тұнба шөгінділер және патогендік организмдер бар шашыраңқы ластану көздерін қамтиды.
Жоспарларды әзірлеу кезінде мыналар назарға алынады:
1. Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға қолайсыз әсері етуі мүмкін:
a) Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға қолайсыз әсер етуі мүмкін шоғырлану деңгейлерін бағалауды;
b) адамдардың денсаулығына ықтимал қатерлерді анықтауды;
c) қолданыстағы ең үздік практикаларды және олардың тиімділігін бағалауды;
d) мониторинг бағдарламаларын ендіруді қоса алғанда, ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздерін бағалау және талдау.
2. Мыналарды:
а) олардың жеткіліктілігі тұрғысынан ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздерін басқаруға бағытталған жоспарларды, саясат және құқықтық тетіктер қағидаттарын бағалау мен талдауды және ең үздік практикаларға қол жеткізу үшін қажетті осындай өзгерістерді жүзеге асыру жоспарын әзірлеуді;
b) ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздерін басқарудың қолданыстағы әкімшілік жүйесін бағалауды; сондай-ақ
c) Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздерінен ластануын болғызбау, бақылау және азайту үшін ең үздік практикаларда пайдалануды кеңейту мақсатында экокомикалық және экономикалық емес ынталандыру бағдарламаларын әзірлеуді және оны іске асыруға жәрдемдесу қоса алғанда, саяси, заңнамалық және экономикалық шаралар.
3. Мыналарды:
a) ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы ластану көздері және олардың теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандардың, адамдардың денсаулығына және экономикаға әсері туралы хабардар болуды арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы секторында және бүкіл халық арасында бағдарламалар әзірлеуді және жүзеге асыруды;
b) теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың маңызды роліне және ауыл шаруашылығы қызметі нәтижесін ластану әсеріне қатысты ағарту бағдарламаларын әзірлеуді және білім беру жүйесінің барлық деңгейінде жүзеге асыруды;
c) ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы көздерден ластануды болғызбау, азайту және бақылау мақсатында, ауыл шарушылығы секторының жұмыскерлері үшін ең үздік құрылымдық және құрлымдық емес практикалар жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуді қоса алғанда, мемлекеттік басқару органдарының қызметкерлері мен, ауыл шаруашылығы секторының жұмыскерлерін ең үздік практикаларды ендіру бойынша даярлау бағдарламаларын әзірлеуді және жүргізуді;
d) тиімді технологияларды беруге және ақпарат алмасуға жәрдемдесу бағдарламаларын әзірлеуді қоса алғанда, оқыту, даярлау және хабардар болуды арттыру бағдарламалары.
С. Баяндамаларды усыну
Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттаманың 17-бабына сәйкес Каспий теңізі теңіз ортасының және жағалау маңындағы аудандардың ауыл шаруашылығында орын алған шашыраңқы көздерден ластануын болғызбау, бақылау және азайту жөніндегі өз жоспарлары туралы баяндамалар ұсынады.
III ҚОСЫМША
Ластанудың атмосфера арқылы таралуы
Осы Қосымша 3-баптың 2 b) тармағының ережелеріне сәйкес, осы Хаттаманы жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде атмосфера арқылы таралатын ластануға қатысты қолданудың шарттарын айқындайды.
1. Осы Хаттама атмосфераға ластаушы шығарындыларға мынадай шарттар болған:
a) шығарылатын заттар Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға басым метеорологиялық жағдайлар кезінде таралатын немесе таралуы мүмкін бояған;
b) Каспий теңізінің теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға түсетін зат мөлшері теңіз ортасына және жағалау маңындағы аудандарға өзге де жолдармен жететін осы заттың мөлшерімен салыстырғанда, Хаттаманың 6-бабына сәйкес әзірленген өлшемшарттар бойынша қауіпті болып табылған жағдайда қолданылады.
2. Каспий теңізінің теңіз ортасы және жағалау маңындағы аудандар жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанған жағдайда, осы Хаттаманың 4 және 7-баптарының ережелері Уағдаласушы Тараптар арасындағы келісу бойынша осы Хаттамаға қосымшада санамаланған тиісті қызмет түрлері мен заттарға біртіндеп қолданылады.
3. Жоғарыда 1-тармақта санамаланған шарттар болған жағдайда, осы Хаттаманың 6-бабы 1-тармағаның ережелері:
a) Уағдаласушы Тараптардың иелігіндегі, ауаны ластаушы көздердің орналасуына және бөлінуіне қатысты ақпарат негізінде заттардың атмосфераға шығарындыларына - олардың мөлшері мен шоғырлануына;
b) отын мен шикізаттағы бақыланатан заттардың құрамына;
c) ауаның ластануын бақылау технологияларының тиімділігіне және неғұрлым тиімді өндірістік және отын жағу процестеріне;
d) ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында бақыланатын заттарды пайдаланылуына да қолданылады.
4. Осы Хаттамаға ІV қосымшаның ережелері қолданылуға болатын жерде атмосфера арқылы ластануға қатысты болады. Атмосферадан шығатын тұнбаны бағалау кезінде, сондай-ақ олардың мөлшері мен шоғырлануы тұрғысынан жерүсті көздерінен ластаушы заттар шығарындыларының кадастрын жасаған кезде шығарындылардың жалпы қолайлы коэффициенттері мен әдіснамаларын пайдалана отырып, ауаның ластану мониторингі және оны модельдеу жүргізіледі.
5. Осы Хаттаманың барлық баптары - қолдануға болатын жерлерде және жоғарыда 1-тармақта санамаланған шарттарға сәйкес жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде атмосфера арқылы таралатын ластануға бірдей қолданылады.
IV ҚОСЫМША
Шығарындыларға рұқсат
Осы Хаттаманың 7-бабының 3-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған, құрамында бақыланатын заттар бар шығарындыларға рұқсат беру туралы мәселені қарау кезінде, тиісті жағдайларда, мынадай факторларды бағалайды және қарастырады:
А. Шығарындылардың сипаты мен құрамы
1. Нүктелі немесе диффуздық көздің типі мен мөлшері (мысалы, өндірістік процесс).
2. Шығарындылардың типі (мысалы, шыққан жері, орташа құрамы).
3. Қалдықтардың жай-күйі (мысалы, қатты, сұйық, лай, шлам).
4. Жалпы мөлшері (шығарындының көлемі, мысалы, жылына).
5. Шығарынды режимі (тұрақты, тұрақты емес, маусымдық өзгеретін және т.б.).
6. I қосымшада санамаланған заттардың және егер қолданылатын болса, басқа да заттардың тиісті құрамдастарының шоғырланулары.
7. Сарқынды сулардың физикалық, химиялық және биохимиялық қасиеттері.
В. Шығарындылар құрамдастарының зияндылығы тұрғысынан сипаттамалары
1. Теңіз ортасындағы беріктігі (физикалық, химиялық, биологиялық);
2. Уыттылығы және зиянды әсердің басқа да түрлері;
3. Биологиялық материалдарда немесе тұнбаларда жиналуы;
4. Зиянды қосындыларға биохимиялық қайта түрленуі;
5. Оттегі құрамы мен теңгеріміне қолайсыз әсер етуі;
6. Су ортасында физикалық, химиялық және биохимиялық өзгерістерге бейімділігі және төменде Ғ бөлімінде санамаланған пайдалану түрлеріне зиянды биологиялық немесе өзге де әсер ете алатын теңіз суының басқа да құрамдастарымен ортасында өзара әрекеттесуі.
7. I қосымшаның С бөлімінде санамаланған барлық басқа да сипаттамасы.
С. Шығарындылар объектісінің және белгіленген ортаның сипаттпмалары
1. Жағалау маңындағы ауданның гидрографиялық, метеорологиялық, геологиялық және топографиялық сипаттамалары;
2. Көздердің орналасқан жері мен типі (арнаның су жібергіші, су ағызғышы және т.б.) және оның басқа аймақтарға (рекреациялық аймақтар, уылдырық шашу орындары, питомниктер, балық аулау аймақтары, ұлуларды аулау банкілері сияқты) және басқа шығарындыларға қатысты орналасуы;
3. Қабылдайтын ортаға шығарынды нүктесінде бастапқы сұйылту дәрежесі;
4. Ағындардың, тасулардың және желдің көлбеу көшіруге және тігінен араластыруға әсері сияқты дисперсиялық сипаттамалары;
5. Төгінді аймағындағы физикалық, химиялық, биологиялық және экологиялық тұрғыдан белгіленген су ортасының сипаттамалары, сондай-ақ
6. Белгіленген теңіз ортасының тасталатын қалдықтарды қолайсыз салдарсыз қабылдауға қабілеттілігі.
D. Қызмет санаттарының немесе көздің сипаттамалары
1. Осы жерге тән технологиялар мен басқару әдістерін қоса алғанда, бұрыннан бар технологиялар мен басқару әдістерінің сипаттамалары.
2. Объектілердің ахуалға қарай қолданыста болған мерзімі, сондай-ақ
3. Бұрыннан бар экономикалык, әлеуметтік және мәдени ерекшеліктері.
Е. Өндірістің, қалдықтарды тазартудың баламалы технологиялары немесе басқару әдістері
1. Рециркуляция, регенерация және қайта пайдалану мүмкіндігі.
2. Шикізат материалдарын онша қауіпті емес немесе қауіпсіз түрлеріне алмастыру.
3. Неғұрлым экологиялық таза қызмет түрлеріне немесе өнімдерге алмастыру.
4. Аз қалдықты және экологиялық таза технологиялар немесе процестер, сондай-ақ
5. Төгінділердің баламалы нұсқалары (мысалы, жер бетіне шығару).
F. Теңіз экожүйелеріне және теңіз суын пайдалану түрлеріне ықтимал залал келтірілуі
1. Ластанудың:
a) тамаққа тұтынуға жарамды теңіз организмдеріне;
b) шомылатын жерлердегі суға; сондай-ақ
c) эстетикалық құндылыққа ықпал ету есебінен адамдардың денсаулығына әсері.
2. Теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне, атап айтқанда, биологиялық ресурстарға, құрып кету қаупі төнген түрлерге және мекендеуге қиын жерлерге әсері.
3. Теңізді құқыққа сыйымды пайдаланудың өзге де түрлеріне әсері.
V ҚОСЫМША
Қолда бар ең үздік технологиялар мен ең үздік табиғат қорғау практикалар жөніндегі нұсқау
Осы Хаттаманың тиісті ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Тараптар қолда бар ең үздік технологияларды (ҚБЕҮТ) және ең үздік табиғат қорғау практикаларын (ЕҮТҚП) қолданады немесе оларды ендіруге ықпал етеді.
A. Қолда бар ең үздік технологиялар
1. "Қолда бар ең үздік технологиялар (ҚБЕҮТ)" термині шығарындылар мен қалдықтарды шектеу үшін нақты шаралардың практикалық жарамдылығын көрсететін неғұрлым қазіргі заманғы (озық) технологияларды, жабдықтарды немесе қызмет әдістерін білдіреді, "Технологиялар" өзі пайдаланылатын технологияларды, сондай-ақ олардың көмегімен өндірістік қондырғы жобаланатың, салынатын, қызмет көрсететін, жұмыс істейтін және бөлшектенетін тәсілдер мен әдістерді қамтиды.
2. Қолда бар ең үздік технологияларды пайдалануда, егер ондайлар болса, қалдықсыз технологияларды пайдалануға назар аударылады.
3. Технологиялық процестер, жабдықтар мен жұмыс әдістері тобының қолда бар ең үздік технологияларға жататындығын айқындау кезінде жалпы және нақты жағдайларда:
a) жақында сынақтан сәтті өткен ұқсас технологиялық процестерге, жабдыққа немесе жұмыс әдістеріне;
b) технологиялық прогреске және ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардағы өзгерістерге;
c) осындай технологиялардың экономикалық орындылығына;
d) жаңа әрі бұрыннан бар зауыттарда монтаждау мерзіміне;
е) тиісті шығарындылардың сипаты мен көлеміне;
f) сақтық қағидатына ерекше назар аударылуға тиіс.
4. "Қолда бар ең үздік технологиялардың" нақты технологиялық процесс үшін нені білдіретіндігін түсіну технологиялық прогресс, экономикалық және әлеуметтік факторлар, сондай-ақ ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардың өзгеруі нәтижесінде уақыт өте келе өзгереді.
5. Егер қолда бар ең үздік технологияларды пайдалану нәтижесінде шығарындылардың азаюы экономикалық жағынан қолайлы нәтижелерге әкелмесе, қосымша шаралар колдану қажет.
B. Ең үздік табиғат қорғау практикасы
1. "Ең үздік табиғат қорғау практикасы (ЕҮТҚП)" термині қоршаған ортаның жай-күйін бақылау саласындағы шаралар мен стратегиялардың неғұрлым мақсатқа сай үйлесімділігін пайдалануды білдіреді.
2. Әдістерді таңдаған кезде әрбір нақты жағдайда, ең болмағанда, мынадай дәйектілікпен орналастырылған шаралар жиынтығы қарастырылуға тиіс:
a) халыққа және пайдаланушыларға қызмет пен өнімнің белгілі бір түрлерін таңдаудың, оларды пайдаланудың және түпкілікті жоюдың экологиялық салдарларына қатысты ақпарат беру және білім беру;
b) өнімнің тіршілік ету циклі барысында қызметінің барлық аспектілерін қамтитын Тиісті экологиялық практика кодекстерін әзірлеу және қолдану;
c) тұтынушыларға өнімге, оны пайдалануға және түпкілікті жоюға байланысты экологиялық тәуекелдер туралы хабар беретін заттаңбаларды міндетті түрде пайдалану;
d) электр энергиясын қоса алғанда, ресурстарды үнемдеу;
е) қалдықтарды жинау және жою жүйелеріне халықтың қол жеткізуін қамтамасыз ету;
f) қауіпті заттарды немесе өнімдерді пайдаланудан және қауіпті қалдықтарды жинақтаудан бас тарту;
g) рециклдеу, регенерациллау және қайтадан пайдалану;
һ) қызмет түрлеріне, өнімдерге немесе өнімдер топтарына экономикалық құралдарды қолдану;
i) бірқатар шектеу шараларын немесе тыйым салуларды қамтитын лицензиялау жүйесін құру,
3. Тұтас алғанда да, нақты жағдайларда да "ең үздік табиғат қорғау практикасы" шаралардың қандай үйлесімін білдіретіндігін айқындау кезінде:
a) өнімнің және оның өндірісінің, оны пайдалану мен түпкілікті жоюдың экологиялық қауіптілігіне;
b) қызметтің неғұрлым аз ластайтын түрлеріне немесе заттарға алмастыруға;
c) қолдану ауқымдарына;
d) алмастырылатын материалдардың немесе қызмет түрлерінің қоршаған орта үшін ықтимал пайдаларына немесе қатерлеріне;
е) ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардағы прогреске және өзгерістерге;
f) өндіру мерзімдеріне;
g) әлеуметтік және экономикалық салдарларға; сондай-ақ
һ) сақтық шараларын қолдану қағидатына ерекше назар аударылуға тиіс.
4. Бұл нақты көз үшін "ең үздік табиғат қорғау практикасы" уақыт өте келе технологиялық прогресс, экономикалық және әлеуметтік факторлар, сондай-ақ ғылыми білімдер мен тұжырымдамалардағы өзгерістер нәтижесінде өзгереді дегенді білдіреді.
5. Егер ең үздік табиғат қорғау практикаларын пайдалану нәтижесінде түсетін заттар мөлшерінің азаюы экологиялық қолайлы нәтижелерге әкелмесе, қосымша шаралар қабылдау және осындай ен үздік табиғат қорғау практикасын қайта қарау қажет.