2017 жылғы 3 сәуірде Бакуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі,
өсімдіктер карантині және оларды қорғау және карантинге жатқызылған материалды зақымдайтын зиянды организмдерге қарсы күрес, сондай-ақ өз мемлекеттерінің аумақтарында олардың интродукциялануы мен таралуын бақылау және болғызбау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың пайдасын мойындай отырып,
Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның (Рим қ. 1951 жыл, 1997 жылғы редакцияда) (бұдан әрі - Конвенция) қағидалары мен қағидаттарын және тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын назарға ала отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
жүк - бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына ауысатын және бір фитосанитариялық сертификатпен бірге жүретін (қажет болған кезде) өсімдіктердің, өсімдік өнімдерінің немесе басқа да материалдардың кейбір мөлшері (жүк бір немесе одан көп тауардан немесе партиядан құралуы мүмкін);
зиянды организм - өсімдіктер немесе өсімдік өнімдері үшін зиянды өсімдіктердің, жануарлардың немесе патогендік агенттердің кез келген түрі, өзге түрі немесе биотипі;
карантиндік зиянды организм - өзі әзірше кірмеген немесе кірсе де шектеулі таралған, қатерге ұшыраған аймақ үшін әлеуетті экономикалық маңызы бар және ресми күрес объектісі болатын зиянды организм;
өңдеу - зиянды организмдерді жою, инактивациялау немесе кетіру бойынша немесе оларды залалсыздандыру немесе девитализациялау бойынша ресми рәсім;
партия - өзінің құрамының, шыққан жері және т.с.с. біртектілігімен ерекшеленетін және жүктің бір бөлігін құрайтын бір тауар бірліктерінің жиынтығы;
карантинге жатқызылған материал - зиянды организмдердің жасырыну орны бола алатын немесе олардың таралуына ықпал ететін, әсіресе іс халықаралық тасымалдарға қатысты болған жағдайларда фитосанитариялық шаралар қолданылуы қажет кез келген өсімдік, өсімдік өнімі, қоймаға қою орны, қаптама, көлік құралы, контейнер, топырақ және кез келген басқа да организм, объект немесе материал;
фитосанитариялық сертификат - Конвенцияда белгіленген, карантинге жатқызылған өніммен бірге жүретін және жүктің импорттаушы тараптың фитосанитариялық талаптарына сәйкес екендігін куәландыратын халықаралық үлгідегі құжат.
2-бап
Құзыретті органдар
Тараптардың осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ететін құзыретті органдары:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;
Әзербайжан Тарапынан - Әзербайжан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі болып табылады.
Тараптар мемлекеттерінің жоғарыда аталған құзыретті органдарының атауы өзгерген жағдайда, Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
3-бап
Ынтымақтастық және ақпарат алмасу
Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласында ынтымақтасу және ақпарат алмасу мақсатында Тараптар:
1) өсімдіктер карантиніне және оларды қорғауға қатысты нормативтік құқықтық актілердің және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың мәтіндерімен алмасуға;
2) карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбелерін бекіту бойынша өз мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілеріндегі өзгерістер туралы олар жарияланған күннен бастап екі айдан кешіктірмей бір-біріне хабарлауға;
3) қажет болған кезде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында карантиндік зиянды организмдердің пайда болу және таралу жағдайлары туралы, сондай-ақ оларды бақылау және оларға қарсы күрес әдістері туралы оларды анықтаған күннен бастап екі айдан кешіктірмей бірін-бірі хабардар етуге;
4) ғылыми-зерттеу институттары мен өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл негізінде фитосанитариялық ғылым саласында ынтымақтасуға және осы негізде алынған қандай да бір нәтижелерді немесе ақпаратты екінші Тараптың келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
4-бап
Карантинге жатқызылған материалдың әкелінетін партияларына қатысты талаптар
1. Тараптардың құзыретті органдарының лауазымды адамдары фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде карантинге жатқызылған материалдың партиясында карантиндік зиянды организмдерді анықтаған жағдайда, карантинге жатқызылған материал партияларына оның иесінің есебінен зарарсыздандыру жүргізу немесе қайтару қажеттігі туралы, ал карантинге жатқызылған материал партияларын зарарсыздандыру немесе қайтару мүмкін болмаған кезде оларды жоюға нұсқама береді. Барлық жағдайларда Тараптардың құзыретті органдары Конвенцияның Фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандартының (ISPM 13) талаптарына орай сәйкессіздігі туралы біріне-бірі ақпарат беруге тиіс.
2. Екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін жүктермен Конвенцияның Фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандартының (ISPM 12) талаптарына сәйкес фитосанитариялық немесе кері экспорттық фитосанитариялық сертификат бірге жүруге тиіс.
3. Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелеріне және ұлттық заңнамаларына сәйкес жүктер мен оларды тасымалдау құралдарын жете тексеру және қажет болған кезде, зертханалық зерттеу, өңдеу жүргізу үшін шаралар, сондай-ақ карантиндік зиянды организмдердің өз мемлекеттерінің. аумағына енуін болғызбау үшін өзге де шаралар қолданады.
4. Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекарасы арқылы карантинге жатқызылған материалдың партияларын әкелу пункттері олардың ұлттық заңнамаларына сәйкес айқындалады.
5. Бір Тарап жүктерді екінші Тарап мемлекетінің аумағына тасымалдау үшін пайдаланатын көлік құралдары мұқият тазартылуға және қажет болған кезде зарарсыздандырылуға тиіс.
6. Карантинге жатқызылған материалдарды әкелген және әкеткен кезде буып-түю материалы ретінде Конвенцияның Фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандартына (ISPM 15) сәйкес арнайы өңдеуден өткен, ағаштан жасалған буып-түю материалдары, сондай-ақ карантиндік зиянды организмдердің тасымалдаушысы болмайтын жоңқа, қағаз, пластик және басқа да материалдар қолданылатын болады. Тараптардың құзыретті органдары карантиндік зиянды организмдердің тасымалдаушысы болуы мүмкін топырақтың (торфты қоспағанда), топырағы бар тірі тамырланған өсімдіктердің импортына тыйым салады.
5-бап
Фитосанитариялық сертификат
Карантинге жатқызылған материал партиясымен бірге жүретін фитосанитариялық сертификат түпнұсқада болуға және Қазақстан Тарапы үшін қазақ, орыс және/немесе ағылшын тілдерінде, ал Әзербайжан Тарапы үшін әзербайжан, орыс және/немесе ағылшын тілдерінде толтырылуға тиіс. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың қолымен және мөрмен куәландырылмаған, Фитосанитариялық сертификаттағы мәтіннің барлық түзетулері, сызып тасталуы және түсініксіздігі оны заңды күшінен айырады.
Карантинге жатқызылған материал партиясын кері экспорттау жағдайында кері экспорттық фитосанитариялық сертификат міндетті түрде өндіруші мемлекеттің фитосанитариялық сертификатының түпнұсқасымен бірге жүруге тиіс.
6-бап
Карантинге жатқызылған материал партияларының транзиті
Бір Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін карантинге жатқызылған материал партияларының транзитіне экспорттаушы Тараптың фитосанитариялық немесе кері экспорттық фитосанитариялық сертификаты болған жағдайда екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы рұқсат берілуге тиіс.
7-бап
Басқа да халықаралық міндеттемелермен арақатынас
Осы Келісімнің ережелері өздерінің мемлекеттері қатысушылары болып табылатын Тараптардың басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады.
9-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 10-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.
10-бап
Күшіне енуі
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім 5 (бес) жылға жасалады және Тараптардың біреуі тиісті кезең өткенге дейін 6 (алты) айдан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етпейінше, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
2017 жылғы "3" сәуірде Баку қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан, орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін