I БӨЛIМ
Жалпы ережелер
1-бап. Төтенше жағдай Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес республиканың бүкiл аумағында не аумағының бiр бөлiгiнде енгiзiлетiн уақытша шара болып табылады және мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдары қызметiнiң айрықша құқықтық режимiн бiлдiредi, ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, заңды ұйымдардың құқықтарына шек қояды, сондай-ақ оларға қосымша мiндеттер жүктейдi. Төтенше жағдай тек қана азаматтардың қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету және республиканың конституциялық құрылысын қорғау мүддесiнде енгiзiледi.
2-бап. Төтенше жағдай енгiзудiң мақсаты жағдайды тезiрек тұрақтандыру, заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, сондай-ақ шұғыл құтқару және апат-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн қажеттi жағдай жасау болып табылады.
II БӨЛIМ
Төтенше жағдай енгiзу талаптары, негiздерi
мен тәртiбi
3-бап. Төтенше жағдай республика азаматтарының қауiпсiздiгiне немесе конституциялық құрылысына нақты қатер төнгенде ғана енгiзiледi, бұл қатердi төтенше шаралар қолданбай жою мүмкiн болмайды.
4-бап. Осы Заңның 3-бабының талаптарын сақтаған жағдайда төтенше жағдай енгiзуге:
а) азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн күштеудi қолдана отырып конституциялық құрылысты өзгерту әрекеттерi; жаппай тәртiпсiздiктер мен ұлтаралық жанжалдар; жекелеген жерлердi қоршауға алу; сондай-ақ iргелес мемлекеттердiң аумағынан мемлекеттiк шекара арқылы жаппай өту;
б) халықтың өмiрi мен денсаулығын сақтау, халық игiлiгiне келтiрiлетiн зиянды азайту мақсатымен шұғыл құтқару және апат-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзудi қажет ететiн табиғи нәубеттер мен экологиялық дағдарыс жағдайлары, жұқпалы аурулар, iндеттер, iрi апаттар мен опаттар негiз болады.
Табиғи нәубет немесе кең көлемдi техногендiк апат нақты қауiп төндiрген жағдайда мемлекеттiк басқару органдары ұсынған негiздер бойынша да төтенше жағдай енгiзiлуi мүмкiн.
5-бап. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына немесе оның жекелеген жерлерiне төтенше жағдай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiн дереу хабардар ете отырып Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен енгiзiледi немесе ұзартылады.
6-бап. Төтенше жағдай енгiзу немесе ұзарту туралы құжатта:
а) осы Заңның 3 және 4-баптарының талаптарына сәйкес төтенше жағдай енгiзу немесе ұзарту үшiн негiз болған жағдайлар;
б) осы Заңның 3-бабының талаптарына сәйкес төтенше жағдай енгiзу немесе ұзарту қажеттiгiнiң негiздеулерi;
в) төтенше шаралардың тiзбегi мен шегi және осы Заңның 17 және 18-баптарының талаптарын сақтай отырып азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды ұйымдардың өкiлеттiктерiн уақытша шектеулердiң мейлiнше толық тiзбегi;
г) төтенше жағдай режимiн жүзеге асыру үшiн жауапты мемлекеттiк органдар мен осы органдардың төтенше өкiлеттiгiнiң айқын шегi;
д) төтенше жағдай енгiзiлетiн немесе ұзартылатын аумақтың шекарасы;
е) құжаттың күшiне ену уақыты, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлетiн немесе ұзартылатын дәл мерзiмi көрсетiледi.
Төтенше жағдай енгiзу туралы құжат күшiне енгенге дейiн кем дегенде 6 сағат бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа мәлiм етiледi.
7-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше жағдай енгiзу туралы Жарлығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң сессия жұмыс iстеген кезеңде дереу Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң бекiтуiне берiлуi керек. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi Жарлықты 48 сағаттан аспайтын мерзiмде қарайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң сессиялары аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң кезектен тыс сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды. Онда Жоғарғы Кеңес төтенше жағдай енгiзу туралы Жарлықты қабылданған кезден бастап 72 сағаттан аспайтын мерзiмде қарайды. Төтенше жағдай енгiзу туралы Жарлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының халық депутаттары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң мәжiлiсi өтетiн жерге арнаулы шақырусыз мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде келуге мiндеттi.
8-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қаулысымен осы Заңның 7-бабымен белгiленген тәртiпте және мерзiмде бекiтiлмеген Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше жағдай енгiзу немесе ұзарту туралы Жарлығы күшiн жояды. Бұл туралы тиiстi аумақтың халқы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландырылады.
9-бап. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жағдай 3 тәулiкке дейiн, Қазақстан Республикасы аумағының бiр бөлiгiнде 6 тәулiкке дейiн мерзiмге енгiзiледi.
Осы мерзiм өткенде Қазақстан Республикасының Президентi төтенше жағдайдың күшiн жояды. Төтенше жағдай енгiзуге негiз болған жәйттер жойылмаған кезде Қазақстан Республикасының Президентi оның күшiн осы баптың бiрiншi бөлiгiмен белгiленген мерзiмге бiрнеше мәрте ұзартуға қақылы. Төтенше жағдайдың қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы Жарлықты да Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi бекiтедi.
Қазақстан Республикасының Президентi, егер төтенше жағдай жариялау үшiн негiз болған жәйттер жойылса, белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн оның күшiн жоюға қақылы.
Төтенше жағдайдың күшiн жою немесе ұзарту туралы шешiм қабылданған кезден бастап күшiне енедi және дереу жарияланады.
III БӨЛIМ
Төтенше жағдай кезеңiнде енгiзiлетiн
мемлекеттiк басқару түрлерi
10-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген аумақта Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен осы Заңға сәйкес басқарудың айрықша түрлерi енгiзiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi және атқарушы органдары төтенше жағдай енгiзiлген аумақта жұмыс iстейтiн тиiстi төменгi органдардың кез-келген шешiмiнiң күшiн жоюға қақылы.
Төтенше жағдай талаптарында басқаруды жүзеге асыратын - мемлекеттiк органдарға жағдайды тезiрек тұрақтандыру, құқық тәртiбi мен заңдылықты қалпына келтiру және азаматтардың қауіпсiздiгiне төнген қатердi жоюға қажеттi шаралар қолдану үшiн төтенше өкiлеттiктер берiлуi мүмкiн. Бұл төтенше шаралар, осы Заңның 18-бабында аталған құқықтар мен бостандықтарды қоспағанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарды уақытша шектеудi көздеуi мүмкiн.
11-бап. Төтенше жағдай енгiзудi тудырған жәйттердi жою жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру үшiн, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген аумақтың атқарушы өкiмет органдары өз қызметтерiн тиiсiнше жүзеге асырмаған ретте Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен арнаулы уақытша органдар (тиiстi аймақтардың комендатуралары) құрылуы мүмкiн. Басқарудың айрықша түрлерiн енгiзу, олардың күшiн жою немесе қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қабылданған кезден бастап, егер басқа айрықша мәнiсi ескертiлмесе, күшiне енедi және дереу жария етiледi.
Бұл органдарға төтенше жағдай енгiзiлген аумақтағы атқарушы өкiмет органдарының өкiм ету және атқару өкiлеттiктерi толықтай немесе iшiнара берiле алады.
Осындай органдардың төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi бұйрықтары мен өкiмдерi тиiстi аумақта мiндеттi түрде орындауға жатады.
12-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген аумақтардағы барлық атқарушы органдар, кәсiпорындар, мекемелер, қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтар тиiстi аумақта айрықша басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының өкiмдерi мен бұйрықтарын орындауға және оларға жан-жақты қолдау жасауға мiндеттi, Өкiмдер мен бұйрықтарды орындамау Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
13-бап. Республиканы немесе оның жекелеген аумақтарын басқарудың айрықша түрлерiн жүзеге асыратын органдар:
- осы Заңның IV бөлiмiнде көзделген шараларды қолдануға;
- жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың қызметiн тоқтата тұруға, олардың қызметiн уақытша атқаруға;
- Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарына бағынышты аумақтардың мемлекеттiк, шаруашылық және әлеуметтiк-мәдени дамуы мәселелерi бойынша ұсыныстар жасауға;
Қазақстан Республикасының үкiметi белгiлеген тәртiпте тиiстi жерде орналасқан кез-келген кәсiпорынды, мекеме мен ұйымды өзiне бағынышты етiп енгiзуге қақылы.
14-бап. Қоғамдық тәртiптi, азаматтардың өмiрiн, денсаулығын, қауіпсiздiгін, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, басқа да құқық қорғау органдарының, Республика ұландарының күштерi мен құралдары пайдаланылады.
Табиғи және экологиялық нәубеттердiң, жұқпалы аурулардың, iндеттердiң, iрi апаттар мен опаттардың зардаптарын жою үшiн халық игiлiгiне келтiрiлетiн зиянды азайту мақсатында Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органының шешiмi бойынша республиканың министрлiктерi мен ведомстволары қатыстырылады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмiмен төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету және оны енгiзудi туғызған оқиғалардың зардаптарын жою үшiн Қарулы күштердiң әскери бөлiмдерi мен бөлiмшелерi қатыстырыла алады.
ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.03.12. N 347 Заңымен.
IV БӨЛIМ
Төтенше жағдайда қолданылатын шаралар
15-бап. Осы Заңның 6-бабының "в" тармағына сәйкес төтенше жағдай енгiзу туралы Жарлықпен төтенше жағдайда қолданылатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды ұйымдардың өкiлеттiктерiн уақытша шектеулердiң мейлiнше толық тiзбегiн қоса алғанда, төтенше шаралардың тiзбегi мен шегi белгiленедi.
Төтенше жағдай кезеңiне мынадай шаралар белгiленуi мүмкiн:
а) төтенше жағдай енгiзiлген аумақта келiп-кетудiң, сондай-ақ онда жүрiп-тұру бостандығын шектеудiң айрықша режимi;
б) қоғамдық тәртiп пен халықтың өмiр сүруiн қамтамасыз ететiн объектiлердi қорғауды күшейту;
в) жиналыстар, митингiлер, көше шерулерi мен демонстрациялар, сондай-ақ бұқаралық шаралар өткiзуге тыйым салу;
г) ереуілдерге тыйым салу;
д) көлiк құралдарының қозғалысын шектеу және оларды тексеру.
16-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген ретте төтенше жағдайда басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мынадай қосымша шаралар қабылдауы мүмкiн:
а) коменданттық сағат, яғни тәулiктiң белгiленген уақытында арнайы берiлген рұқсат қағаздары мен жеке басын куәландыратын құжаттарсыз көшелерде және басқа қоғамдық орындарда болуға тыйым салу;
б) баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығын шектеу; төтенше жағдай жойылғанға дейiн баспа өнiмiне, дыбыс күшейткiш техникалық құралдар мен көбейту аппаратураларына уақытша тыйым салуға жол берiледi;
в) тиiс ескертуден кейiн жағдайды тұрақтандыруға бөгет жасайтын саяси партиялардың, басқа да қоғамдық бiрлестiктер мен бұқаралық қозғалыстардың қызметiн тоқтата тұру;
г) құжаттарды тексеру, ал ерекше жағдайларда, азаматтардың қолында қару бар екендiгi туралы деректер болса, жеке адамды тексеру, мүлiктерiн, тұрғын үйi мен көлiк құралдарын тексеру;
қару, спирт iшiмдiктерiн сатуға тыйым салу, азаматтардың оқ ататын, газ және суық қару мен оқ дәрiлерiн, ал кәсiпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан сондай-ақ техникалық құралдарды уақытша алу;
е) белгiлi бiр жердiң тұрғындары болып табылмайтын қоғамдық тәртiп бұзушыларды олардың түпкiлiктi тұратын жерiне немесе төтенше жағдай енгiзiлген аумақтан тыс жерге аластау;
ж) тұруға қауiптi аудандардан азаматтарды уақытша қоныс аудару (көшiру), мiндеттi түрде оларға тұрақты немесе уақытша тұрғын үй немесе баспанасын беру;
з) тамақ өнiмдерi мен ең қажеттi заттарды бөлудiң айрықша тәртiбiн енгiзу;
и) карантин орнату және басқа санитарлық-жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүргiзу;
к) меншiк түрiне қарамастан кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың ресурстарын жұмылдыру, олардың жұмыс тәртiбiн өзгерту, төтенше жағдай уақытында қажеттi өнiм шығаруға қайта бағдарлау, құтқару және басқа жұмыстар жүргiзу үшiн қажеттi өндiрiстiк қызметтiң басқа да өзгерiстерi;
л) мемлекеттiк кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың басшылары өз мiндеттерiн тиiсiнше атқармаған жағдайда оларды төтенше жағдай кезеңiнде жұмыстан босату және аталған қызметтердi уақытша атқаруға басқа адамдарды тағайындау;
м) апат-құтқару жұмыстарын шұғыл жүргiзу қажеттiгiне байланысты ерекше жағдайларда еңбек қабiлетi бар халықты құтқару жұмыстары құрамаларына және азаматтардың көлiк құралдарын аталған жұмыстарды жүргiзу үшiн жұмылдыруға жол берiледi.
V БӨЛIМ
Төтенше жағдайда азаматтар мен лауазымды адамдар
құқықтарының кепiлдiктерi және жауапкершiлiктерi
17-бап. Төтенше жағдайда қолданылатын шаралар мен атқарушы өкiмет пен басқару органдарының Заңда белгiленген өкiлеттiктерiн, қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтарын, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерiн өзгерту қалыптасқан қиын-қыстау жағдай талап ететiн шекте жүзеге асырылуға тиiс.
Осындай шараларды республика аумағының бiр бөлiгiнде қолдану республика аумағында қолданылатын адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттардан туындайтын мiндеттемелерге қайшы келмеуi керек және атқарушы өкiмет пен басқару органдарының өкiлеттiктерiн, қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтарын сондай-ақ басқа жерлердегi, сонымен бiрге жалпы республикадағы азаматтардың құқықтары мен мiндеттерiн өзгертуге әкелiп соқпайды.
18-бап. Төтенше жағдай кезеңiнде азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясының 8, 9, 12, 22-баптарында, 33-бабының 5 бөлiгiнде, 35, 36, 39, 41-баптарында көзделген құқықтары мен бостандықтары: өмiр сүру құқығы, абыройы мен қадiр-қасиетi, ар-ождан бостандығы, тұрғын үй құқығы, қажеттi қорғаныс құқығы, сотта қорғану құқығы шектеле алмайды.
Ешкiм де азаптауға, қатыгездiк немесе қадiр-қасиетiн қорлайтындай әрекетке және жазалауға ұшырамауға тиiс.
19-бап. Iшкi iстер органдары, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, басқа құқық қорғау органдары мен республикалық ұландар қаруланған күштердi, арнаулы құралдар мен оқ ататын қаруды қолдану тәртiбi мен жағдайлары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi және төтенше жағдайларда өзгертiлмейдi.
20-бап. Коменданттық сағат ережелерiн бұзған азаматтарды құқық тәртiбiн қорғау күштерi коменданттық сағат аяқталғанға дейiн, ал өзiмен бiрге құжаты жоқ адамдарды олардың жеке басын анықтағанға дейiн, бiрақ коменданттық сағат мерзiмi аяқталғаннан кешiктiрмей, ұстайды; ұсталған адамдар мен олардың қолдарындағы заттары тексерiледi.
Төтенше жағдай режимiнiң белгiленген талаптарын бұзу; құқық тәртiбiн бұзуға итермелейтiн немесе ұлттық және дiни араздықты қоздыратын әрекеттер; iшкi iстер органы қызметкерiнiң немесе қоғамдық тәртiптi сақтау жөнiндегi қызмет мiндетiн немесе қоғамдық борышын орындаушы басқа адамдардың заңды өкiмiне немесе талабына қасақана бағынбау, не төтенше жағдай жарияланған жерлерде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа жататын басқа әрекеттер 3 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.
Аталған құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша хаттаманы iшкi iстер органдарының немесе жекелеген жерлер комендатурасының қызметкерлерi жасайды.
21-бап. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн қабылданған құжаттар бұл жөнiнде арнаулы хабарландырусыз-ақ төтенше жағдайдың тоқталуымен бiрге күшiн жояды. Төтенше жағдайдың күшiн жою төтенше жағдай режимiн бұзуына байланысты әкiмшiлiк қамауға алынған адамдарды дереу босата отырып төтенше жағдай режимiн бұзу туралы iстердi қарауды тоқтатуға әкелiп соғады.
22-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде не олардың алдын алу немесе жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзумен байланысты зардап шеккен азаматтарға тиiстi мемлекеттiк органдар, сондай-ақ кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар тұрғын үй бередi, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес келтiрiлген материалдық зиянды өтейдi, жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседi және басқа да қажеттi көмек көрсетедi.
23-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен әскери қызметшiлердiң күштi заңсыз қолдануы, азаматтардың осы Заңмен белгiленген құқық кепiлдiктерiн бұзуды қоса алғанда лауазымды адамдардың қызмет өкiлеттiгiн асыра пайдалануы, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңына сәйкес жауапкершiлiк жүктейдi.
24-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген аумақта сот төрелiгiн Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес құрылған соттар ғана жүзеге асырады.
Соттарда сот iсiн жүргiзу төтенше жағдай жарияланған кезде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жүргiзiледi. Сот iсiн жүргiзудiң төтенше түрлерiн енгiзуге жол берiлмейдi.
Төтенше жағдай күшiнде болған аумақта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының шешiмiмен қылмыстық және азаматтық iстердiң аумақтық соттауға жататындығы өзгертiлуi мүмкiн.
VI БӨЛIМ
Қорытынды Ережелер
25-бап. Төтенше жағдай енгiзу туралы жарлықты бекiткен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi бүкiл төтенше жағдайдың бүкiл кезеңiнде осы Заңның сақталуына бақылау жасайды.
26-бап. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төтенше жағдай күшiнде болған кезеңде Қазақстан Республикасының Конституциясын, сайлау заңдары мен сот iсiн жүргiзу заңдарын өзгертуге жол берiлмейдi, референдумдар мен сайлаулар өткiзiлмейдi.
27-бап. Төтенше жағдай енгiзудi туғызған жәйттердiң себептерi мен зардаптарын жою үшiн қажеттi жұмыстарды қаржыландыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
Президентi