Бұл Заң, қорғаныс толымдылығы принципiне сәйкес, әскери тапсырыстар көлемiнiң азаюы немесе болмауы және осыған байланысты кәсiпорындардың өндiрiстiк қуаттары мен ғылыми-техникалық әлеуетiнiң конверсиялануы жағдайында халық шаруашылығының қорғаныс және онымен сабақтас салаларындағы кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдар қызметiнiң құқылық, ұйымдық және әлеуметтiк-экономикалық негiздерiн белгiлейдi.
Заң республикалық және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы өкiмет органдарының конверсиялау барысында кәсiпорындармен, бiрлестiктермен және ұйымдармен қатынастарын реттейдi, нарықтық қатынастарға өту жағдайында оған барлық қатысушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етедi.
Заң конверсиялау iсiн жүргiзу кезiнде туындайтын құқылық, экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу тәртiбiн анықтайды және конверсияланатын кәсiпорындардың ғылыми-техникалық әлеуетiн, өндiрiстiк қуаттары мен еңбек ресурстарын азаматтық мұқтаждарды қанағаттандыру үшiн тиiмдi пайдалануға бағытталған.
1-тарау
Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгi ұғымдар мен анықтамалар
1. Қорғаныс өнеркәсiбiн конверсиялау дегенiмiз қорғаныс және онымен сабақтас кәсiпорындардың бiрлестiктер мен ұйымдардың босаған өндiрiстiк қуаттары мен ғылыми-техникалық әлеуетiн әскери мұқтаждардан азаматтық мұқтаждарға iшiнара немесе толығымен қайта бағдарлау.
2. Конверсияланатын кәсiпорындарға, меншiк нысанына қарамастан, қару-жарақты, әскери техника мен ұрыс құралдарын, жинақтаушы бұйымдар мен материалдарды, олар үшiн арнаулы технологияны жасау, зерттеу, әзiрлеу, сынау, жаңғырту, жөндеу, қызмет көрсету және кәдеге жарау iсiмен, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы жасау үшiн қолданылатын шикiзат пен материалдардың уран және басқа да арнаулы түрлерiн барлау, өндiру, ұқсату, сақтау және кәдеге жарату iсiмен шұғылданатын өндiрiстiк, ғылыми-өндiрiстiк кәсiпорындар, бiрлестiктер, конструкторлық немесе ғылыми-зерттеу ұйымдары, ғылыми-сынау полигондары жатады, бiрақ бұл кәсiпорындарда Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi қабылдаған шешiмдерге сәйкес аталған қызмет түбегейлi қысқартылса немесе тоқтатылса, осыған байланысты азаматтық өнiмдер шығаруды игеру немесе айтарлықтай молайту шаралары жүзеге асырылуы керек.
Қайта бейiмдеу мүмкiн еместiгi немесе тиiмсiздiгi себептi жабу (тарату) туралы шешiм қабылданған қорғаныс және онымен сабақтас кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдарда конверсияланады деп танылады.
2-тарау
Қорғаныс өнеркәсiбiн конверсиялауды басқару
2-бап. Конверсиялау бағдарламасы
Қорғаныс өнеркәсiбiн конверсиялау Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық конверсиялау бағдарламаларына, республикалық конверсиялау бағдарламалары мен аймақтық бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады. Республикалық конверсиялау бағдарламаларын кәсiпорындардың, министрлiктер мен ведомстволардың ұсынуы мен Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi. Аумақтық конверсиялау бағдарламаларын облыстық әкiмшiлiктер әзiрлейдi және олар республикалық конверсиялау бағдарламасына құрамдас бөлiк ретiнде кiредi.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi конверсияланатын кәсiпорындардың тiзбесiн жыл сайын бекiтiп отырады.
3-бап. Конверсиялауды басқару принциптерi
1. Конверсияланатын кәсiпорындар жұмысының басты принципi қорғаныс кешенiнiң жоғары технологияларын дүниежүзiлiк рынокта бәсекеге қабiлеттi азаматтық өнiмдер өндiру үшiн пайдалану болып табылады.
2. Қорғаныс өнеркәсiбiнiң конверсиялау нәтижесiнде босайтын ғылыми-техникалық әлеуетi өндiрiстiк қуаттары мен еңбек ресурстары Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұлттық бағдарламаларын орындауға, iшкi рынок қажеттерiн қанағаттандыратын және экспорттық әуелеттi арттыратын азаматтық өнiмдер өндiруде ғылыми-техникалық прогрестiң басым бағыттарын жүзеге асыруға тартылады.
3. Конверсиялау барысында әскери толымдылық принципi негiзiнде және Қазақстан Республикасының әскери доктринасына сәйкес жұмылдырушылық қуаттарды сақтау қамтамасыз етiледi.
4. Конверсиялауды жүргiзу кезiнде конверсияланатын кәсiпорындардың қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғаудың арнаулы шаралары қолданылады.
4-бап. Қорғаныс тапсырысы мен конверсиялауды
жоспарлау
1. Қазақстан Республикасының бекiтiлген әскери доктринасы негiзiнде Министрлер Кабинетi (Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер, қауiпсiздiк органдары және құқық қорғау органдары үшiн) қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың ұзақ мерзiмдi бағдарламаларын, жұмылдыру қуаттарын құру, сақтау және дамыту бағдарламаларын талдап жасайды.
Осы бағдарламаларға сәйкес ұзақ мерзiмдi шарттар жасалады және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейтiн тәртiппен қорғаныс тапсырысы бекiтiледi. Аталған ұзақ мерзiмдi бағдарламалар конверсиялау бағдарламаларын әзiрлеу үшiн де пайдаланылып, конверсиялауды жоспарлау мен өндiрiстi ұйымдастыру мақсатында конверсияланатын мүдделi кәсiпорындарға жеткiзiледi.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi қабылдаған бюджетке сәйкес Министрлер Кабинетi қару-жарақ пен әскери техника сатып алу көлемiн және осының негiзiнде қорғаныс өнеркәсiбiнiң кәсiпорындарында конверсиялауды жүргiзу тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi.
3. Конверсиялауды жүргiзу барысы, сондай-ақ конверсияланатын кәсiпорындарды мемлекеттiк қолдау шаралары (халықаралық, республикалық аймақтық) конверсиялау бағдарламаларында белгiленедi. Конверсиялау бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде:
қорғаныс өндiрiсiн дамытудың, қару-жарақ пен әскери техника берудiң ұзақ мерзiмдi бағдарламалары;
жұмылдыру қуаттарын құру, сақтау және дамыту бағдарламалары;
мемлекеттiк (оның iшiнде қорғаныс) мұқтаждар үшiн өнiм мен тауарлар беру жөнiндегi тапсырыстар;
кәсiпорындардың азаматтық өнiмдердiң жаңа түрлерiн әзiрлеудi және өндiрудi игеру жөнiндегi жоспарлары;
оқу орындарының, ұлттық ғылыми орталықтардың, ғылыми-зерттеу институттарының және басқа да ұйымдардың босатылатын өндiрiстiк қуаттарды пайдалану жөнiндегi ұсыныстары ескерiледi.
4. Мемлекеттiк мұқтаждар үшiн өнiм беру тапсырысын жасау және қабылдау белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттiк мұқтаждарды анықтаған кезде Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi конверсиялаудың нақты деңгейiн анықтау үшiн әрбiр кәсiпорын бойынша қорғаныс тапсырыстарының бәрiн ескередi.
5-бап. Конверсиялауды қаржыландыру
1. Мемлекет конверсияланатын кәсiпорындарды қаржыландыруға басымдық берудi қамтамасыз етедi. Республикалық конверсиялау бағдарламаларын қаржыландыру мемлекеттiк бюджет, бюджеттен тыс қорлар, кредиттер, шетелдiк инвестициялар, сондай-ақ кәсiпорындардың өз қаржысы есебiнен жүзеге асырылады.
2. Жаңа қуаттар жасаудың және халық тұтынатын жаңа тауарларды, өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы азаматтық өнiмдердi игерудiң республикалық конверсиялау бағдарламаларын қаржыландыру үшiн Экономиканы жаңғырту қорынан жыл сайын қаражат бөлiнiп отырады.
3. Мемлекеттiк тапсырыс қорғанысы көлемiнiң кемуi немесе болмауы себептi конверсияланатын кәсiпорындардың шеккен зияны конверсияланатын кәсiпорындарға Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейтiн тәртiп бойынша өтеледi.
4. Конверсиялау кезеңiнде, еңбекке ақы төлеу деңгейiн сақтауға, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау шығындарына байланысты еңбек ұжымдары шығындарының iшiнара орнын толтыру Мемлекеттiк жұмыспен қамту қорының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Конверсияланатын кәсiпорындардың құрамынан мүлiктiк кешеннiң жекелеген бөлiктерiн олардың келiсiмiнсiз алып қоюға жол берiлмейдi.
6. Конверсияланатын кәсiпорындардың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi алынған қаражатты конверсиялау бағдарламаларын қаржыландыру үшiн аталған кәсiпорындарға қайтара отырып, олардың мүлiктiк кешенiнiң жекелеген бөлiктерiн сатуды жүзеге асырады.
7. Конверсияланатын кәсiпорындар жұмылдыру қуаттарын тиiстi министрлiктер мен ведомстволар бөлетiн республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен қолдауды қамтамасыз етедi. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмi бойынша, конверсияланатын кәсiпорындар жұмылдыру қуаттарын бейбiт уақытта азаматтық өнiмдер өндiру үшiн пайдалана алады.
3-тарау
Конверсияланатын кәсiпорынға берiлетiн өтемдер
мен жеңiлдiктер
6-бап. Конверсияланатын кәсiпорындарға берiлетiн
өтемдер мен жеңiлдiктер түрлерi
1. Конверсияланатын кәсiпорындар Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жоспарланатын жылға жыл сайын бекiтетiн тiзбе бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiн, әлеуметтiк мәдени-тұрмыстық объектiлердi және тұрғын үй қорын тапсырады, ал жергiлiктi атқарушы органдар оларды мiндеттi түрде өз балансына қабылдап алады.
2. Конверсияланатын кәсiпорындар меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның рұқсатымен негiзгi өндiрiстiк қорлардың бiр бөлiгiн жедел амортизациялауға, ескiрген жабдықтарды сатуға, ал өндiрiс толық конверсияланған немесе қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген үлгiлерiн шығару толық тоқтатылған жағдайда бiрегей жабдықты конверсиялауға және тар шеңберде мамандандырылған жабдықтарды амортизациялаусыз есептен шығаруға құқылы. Жедел амортизациялаудың нормаларын және жедел амортизациялауға жататын негiзгi өндiрiстiк қорлар бөлiгiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
3. Конверсиялау тiзбесiне енгiзiлген кәсiпорындарға монополияға қарсы заңдар бiр жыл бойы қолданылмайды.
4. Конверсиялау тiзбесiне енгiзiлген кәсiпорындар:
өз өнiмдерiн экспорттағаны және өндiрiске қажеттi шикiзатты, материалдарды, жинақтаушы бұйымдарды импорттағаны үшiн кеден бажынан босатылады;
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң рұқсатымен өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнен тауарлар өндiруге және қызмет көрсетуге бағдарланған шағын кәсiпорындар, шаруашылық және өзге де қоғамдар мен серiктестiктер желiсiн құруға құқылы.
5. Жұмыс iстейтiн халқының жиырма проценттен астамы конверсиялау салдарынан жұмыстан босатылуға жататын қалалар мен поселкелерге "Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы" Қазақ КСР Заңының 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi басым дамытылу аймақтары мәртебесiн бере алады.
Ескерту. 6-баптың 5-тармағының бiрiншi сөйлемi алынып тасталсын - ҚР Президентiнiң 1995.10.05. N 2488 жарлығымен.
4-тарау
Конверсияланатын кәсiпорындар қызметкерлерiнiң
әлеуметтiк қорғалуы
7-бап. Әлеуметтiк қорғалу құқығы
1. Конверсияланатын кәсiпорында жұмыс iстейтiн, сондай-ақ конверсиялау салдарынан жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әлеуметтiк қорғалуға құқылы. Конверсияланатын кәсiпорындар өз қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғаудың қосымша шараларын енгiзе алады.
2. Конверсиялау салдарынан жұмыстан босатылған кен, металлургия, радиохимия және уран өнеркәсiбiнiң арнаулы құрастыру өндiрiсi қызметкерлерiнiң жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақы алу кезеңi халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң шешiмiмен екi жылға дейiнгi мерзiмге ұзартылады.
5-тарау
Кәсiпорындардың конверсиялау жағдайындағы
сыртқы экономикалық қызметi
8-бап. Сыртқы экономикалық қызмет түрлерi
Конверсияланатын кәсiпорындар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлеген тәртiп бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысуға құқылы.
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлеген тәртiпке сәйкес кәсiпорындар:
шетелдерге қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың құрамына кiретiн арнаулы жүйелердi, кешендердi, жұмыс iстейтiн станоктарды, тораптарды, шикiзаттың стратегиялық түрлерiн, технологияларды, лицензияларды, "ноу-хауды", ғылыми-техникалық ақпаратты сатуға;
шет мемлекеттерiнiң кәсiпорындарымен бiрлесiп қару-жарақтың, әскери техниканың және "жұптап қолдану" техникасының үлгiлерiн әзiрлеуге, сынауға және өндiруге;
әскери өндiрiстi конверсиялау барысында босайтын шикiзатты, материалдарды, жабдықтарды азаматтық өнiмдер өндiру үшiн пайдалануға мүмкiн болмаған ретте, оларды экспорттауға;
азаматтық мақсаттағы өнiмдер өндiру жөнiнде шетелдiк әрiптестерiмен бiрлескен кәсiпорындар құруға немесе конверсиялау барысында босайтын материал және еңбек ресурстарын пайдалана отырып қызмет көрсетуге;
қару-жарақ пен әскери техникада бұрын пайдаланылған және олар туралы деректер мемлекеттiк құпия болып табылмайтын жаңа материалдарды, жабдықтарды, аспаптарды, жарнамалық технология суреттемелерiн көрмелерде, жәрмеңкелерде, конференцияларда, симпозиумдарда көрсетуге құқылы.
Қазақстан Республикасының
Президентi