1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған бiр жағынан Қазақстан Республикасы мен екiншi жағынан, Еуропалық Қоғамдастықтардың және оларға мүше мемлекеттердiң арасындағы Әрiптестiк пен ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
БІР ЖАҒЫНАН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН
ЕКІНШІ ЖАҒЫНАН, ЕУРОПАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚТАРДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРҒА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ АРАСЫНДАҒЫ
ӘРІПТЕСТІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ
К Е Л I С I М
Бір жағынан
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ мен
екінші жағынан,
БЕЛЬГИЯ КОРОЛЬДІГІ,
ДАНИЯ КОРОЛЬДІГІ,
ГЕРМАНИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫ,
ГРЕК РЕСПУБЛИКАСЫ,
ИСПАНИЯ КОРОЛЬДІГІ,
ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫ,
ИРЛАНДИЯ,
ИТАЛИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ,
ЛЮКСЕМБУРГ ҰЛЫ ГЕРЦОГТІГІ,
НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІ,
АВСТРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ,
ПОРТУГАЛИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ
ФИНЛЯНДИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ,
ШВЕЦИЯ КОРОЛЬДІГІ,
ҰЛЫБРИТАНИЯ МЕН СОЛТҮСТІК
ИРЛАНДИЯНЫҢ ҚҰРАМА КОРОЛЬДІГІ
бұдан былай "Мүше-мемлекеттер" деп аталатын Еуропалық Қоғамдастықты құру туралы Шарттың, Көмір мен болаттың Еуропалық бірлестігін құру туралы Шарттың және Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық Қоғамдастық құру туралы Шарттың Уағдаласушы Тараптары және
бұдан былай "Қоғамдастық" деп аталатын
Еуропалық Қоғамдастық, Көмір мен болаттың Еуропалық бірлестігі, Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық,
Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық, оған Мүше-мемлекеттер арасындағы қазіргі орныққан байланыстарды және оларда бар ортақ құндылықтарды НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық осы байланыстарды нығайтуға және бұрын, атап айтқанда, Кеңес Социалистік Республикалар Одағы мен Еуропалық Экономикалық Қоғамдастықтың және Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық Қоғамдастық арасында 1989 жылы 18 желтоқсанда қол қойылған Келісімнің шеңберінде белгіленген қарым-қатынасты нығайта түсетін әріптестік пен ынтымақтастықты орнықтыруға ұмтылатынын МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП,
Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың және оған Мүше-мемлекеттердің осы әріптестіктің бастау негізі болып табылатын саяси және экономикалық еркіндікті нығайту жөніндегі міндеттемелерін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
Тараптардың бүкіл дүниежүзінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ жанжалдарды бейбіт жолмен шешуде жәрдемдесуге және осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымының және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің шеңберінде ынтымақтасуға батыл қадам жасағанын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың және оған Мүше-мемлекеттердің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің (ЕҚЫК) қорытынды құжатында, бұдан кейінгі Мадрид пен Венадағы кездесулерде; ЕҚЫҚ-тің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Бонн Конференциясының құжатында, Жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясы Құжатында және ЕҚЫҚ-тің 1992 жылғы "Өзгерістер шақыруының" Хельсинкілік Құжатында қабылданған Қорытынды құжаттарында баяндалатын барлық қағидаттар мен ережелерді толық жүзеге асыруға қол жеткізу жөніндегі нық табандылығын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың және оған Мүше-мемлекеттердің Еуропалық Энергетикалық Хартияның жолын ұстанатындығын ДӘЛЕЛДЕЙ ОТЫРЫП,
Заңның билігі мен адам құқықтарын, әсіресе, азшылықтың құқықтарын құрметтеудің, еркін және демократиялық сайлаулары мен нарықтық экономика құруға бағытталған экономикалық ырықтандыру сипатты болып отырған, көппартиялық жүйені орнықтырудың бірінші кезектегі маңызы туралы сенімді НЕГІЗГЕ АЛА ОТЫРЫП,
Әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімді толық жүзеге асыру сонымен бір мезгілде Қазақстан Республикасындағы саяси, экономикалық және құқықтық реформаларды одан әрі жалғастыруға қосылатын үлеске және іске асыру деңгейіне, сондай-ақ ынтымақтастық үшін, атап айтқанда, ЕҚЫҚ-тің Бонн Конференциясы қорытындыларына сай қажетті факторларды жасауға және осы үрдістерге өз үлесін қосуға байланысты болатынына СЕНІМДІ БОЛА ОТЫРЫП,
осы Келісім қамтитын салаларда көрші елдермен аймақтағы жақсы тұрмысты және тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастық үрдісіне көмек көрсетуге НИЕТ ЕТЕ ОТЫРЫП,
өзара мүдделі болатын екі жақты және халықаралық мәселелер жөніндегі ұдайы саяси пікір алысуды орнықтыруға және дамытуға ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,
Қоғамдастықтың экономикалық ынтымақтастықты және тиісті техникалық көмекті қамтамасыз етуге ұмтылысын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың экономикалық және әлеуметтік айырмашылықтарын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
осы Келісімнің негізгі мақсаттарының бірі болып Қоғамдастықтың қазақстандық экономиканы дамыту мен оның құрылымын қайта құруға жәрдемдесу жолымен осы айырмашылықты жоюға тиіс екенін ТАНИ ОТЫРЫП,
осы Келісімнің Қазақстан Республикасы және Еуропа мен көршілес аймақтар ынтымақтастығының неғұрлым кең салалары арасындағы біртіндеп жақындасудың қолайлы жағдайлар және ашық халықаралық жүйеге барынша енуін жасау үшін пайдалығын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
Тараптардың Тарифтер және сауда туралы Бас Келісімде мазмұндалатын қағидаттарын негізге ала отырып, сауданы ырықтандыруға батыл ұйғарым жасағанын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,
кәсіпкерлік қызметке, инвестициялауға ықпал ететін жағдайларды және компаниялар құру, еңбек ресурстары, қызмет көрсету мен капитал қозғалысы, бір-бірінің компанияларына барынша қолайлы ұлттық режим беру жолымен жүруіне ұмтылу сияқты салаларда жағдайларды жақсартудың қажеттілігін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП,
осы Келісім Тараптардың арасындағы экономикалық қатынастар үшін, әсіресе, экономикалық құрылымдарды қайта құру мен технологиялық жаңғырту үшін негіз болып табылатын сауда мен инвестицияны дамыту үшін жаңа ахуал жасайды деген сенімді НЕГІЗГЕ АЛА ОТЫРЫП,
айналадағы ортаны қорғау саласындағы Тараптар арасында осы салада қазіргі бар өзара тәуелділікті ескеріп, тығыз ынтымақтастықты орнықтыруға ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,
энергетика мен ядролық қауіпсіздік саласындағы тығыз ынтымақтастықты орнықтыруға ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,
Тараптардың ғарышты зерттеу саласында, осы саладағы олардың өзара қызметін толықтыру тұрғысында, ынтымақтастықты дамыту ниетін НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
мәдени ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды жақсартуды жолға қоюға ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,
ТӨМЕНДЕГІЛЕР ЖӨНІНДЕ КЕЛІСТІ:
1-БАП
Осы Келісіммен, бір жағынан Қазақстан Республикасы мен, екінші жағынан Қоғамдастықтың және оған Мүше-мемлекеттердің арасында әріптестік орнатылады. Бұл әріптестіктің мақсаты:
- Тараптардың арасында саяси қатынастарды дамытуға жәрдемдесетін саяси пікір алысу үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету;
- Тараптардың арасындағы саудаға, инвестициялауға және үйлесімді экономикалық қатынастарға ықпал ету, сол арқылы олардың тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу;
- құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, қаржылық, ғылыми, технологиялық және мәдени ынтымақтастыққа негіз жасау;
- нарықтық экономикаға өтуді аяқтау мақсатында республикада демократияны нығайту мен оның экономикасын дамыту бойынша Қазақстан қолданып жатқан күш-жігерді қолдау болып табылады.
I БӨЛІМ
ЖАЛПЫ ҚАҒИДАТТАР
2-БАП
Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысында, Хельсинки Қорытынды Құжатында және Жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясында белгіленген демократияны, халықаралық құқық пен адам құқығы қағидаттарын, сондай-ақ бұған қоса ЕҚЫҚ-нің Бонн конференциясы құжаттарында тұжырымдалған нарықтық экономика қағидаттарын құрметтеу Тараптардың ішкі және сыртқы саясатының негізі болып табылады және әріптестік пен осы Келісімнің аса маңызды бөлігін құрайды.
3-БАП
Тараптар болашақта бұрынғы Кеңестер Одағы аймағында игілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ыдырауы нәтижесінде пайда болған жаңа тәуелсіз, бұдан былай "Тәуелсіз Мемлекеттер" деп аталатын мемлекеттер, Хельсинки Қорытынды Құжаты қағидаттарына, халықаралық құқықтық қалыптарына сәйкес және тату көршілестік рухында өзара ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға тиіс әрі осы үрдіске барынша жәрдемдесу үшін барлық күш-жігерді жұмсайды деп есептейді.
II БӨЛІМ
САЯСИ ПІКІР АЛЫСУ
4-БАП
Тараптардың арасында өздері өрістетуге және тереңдетуге ниет еткен ұдайы саяси пікір алысу орнығады. Саяси пікір алысу Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасындағы жақындасу үрдісін демеуге және нығайтуға, республикада жүзеге асырылатын саяси және экономикалық өзгерістерді қолдауға және ынтымақтастықтың жаңа нысандарын жасауға жәрдемдесуге тиіс. Саяси пікір алысу:
- Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың және оған Мүше-мемлекеттердің арасындағы және де сол арқылы тұтастай алғанда демократиялық ұлттардың Қоғамдастығымен байланысты нығайтады. Осы Келісім қол жеткізген экономикалық конвергенция неғұрлым тығыз саяси қатынастарға әкеледі;
- өзара алаңдаушылық туғызатын халықаралық мәселелер бойынша айқындамалар барған сайын үйлесім тауып, сол арқылы қауіпсіздік пен тұрақтылықты арттырып отырады.
5-БАП
Министрлер деңгейіндегі саяси пікір алысу 76-бапқа сәйкес құрылатын Ынтымақтастық жөнінде Кеңестің ауқымында және басқа жағдайларда өзара келісім бойынша жүргізілетін болады.
6-БАП
Саяси пікір алысуға арналған басқа рәсімдер мен тетіктерді Тараптар, атап айтқанда, төмендегідей нысандарда:
- бір жағынан, Қазақстан Республикасы, және екінші жағынан, Қоғамдастықпен оған Мүше-мемлекеттер өкілдерінің арасында жоғары лауазымды адамдар деңгейіндегі ұдайы кездесулермен;
- тиісті екі жақты байланыстарды, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҚ және тағы сол сияқтылар ауқымындағы көпжақты кездесулерді қоса алғанда, Тараптар арасындағы дипломатиялық арналарды толық дәрежеде пайдаланумен;
- осы пікір алысуды нығайтуға және дамытуға жәрдемдесетін сарапшылар кеңесін ұйымдастыру мүмкіндігін қоса алғанда, кез келген басқа да жолдармен белгілеуге тиіс.
7-БАП
Парламенттік деңгейдегі өзара саяси пікірлесу 81-бапқа сәйкес құрылатын парламенттік ынтымақтастық комитетінің шеңберінде жүргізілетін болады.
III БӨЛІМ
ТАУАРЛАР САУДАСЫ
8-БАП
1. Тараптар мына төмендегілерге қатысты барлық салаларда:
- баж салығы мен алымдарды алудың тәсілін қоса алғанда импортталатын және экспортталатын тауарларға салынатын кедендік баж салығы мен алымдарға;
- кедендік тазартуға, транзитке, қоймалар мен жүктерді қайта тиеуге қатысты ережелерге;
- импортталатын тауарларға тікелей немесе жанама салынатын салықтарға және басқа да ішкі алымдардың кез келген түріне;
- төлем әдістеріне және мұнай төлемдерді аударуға;
- ішкі нарықтағы тауарларды сатуға, сатып алуға, тасымалдауға, бөлуге және пайдалануға байланысты ережелерге қатысты бір-біріне неғұрлым қолайлы жағдай жасау режимін береді.
2. 1-тармақтың ережелері:
а) кедендік одақ немесе еркін сауда аймағын құру мақсатында немесе осындай одақ немесе аймақ құрылуы себепті берілетін артықшылықтарға;
в) ТСБК-ге және өзге де халықаралық келісімдерге сәйкес дамушы елдердің пайдасы үшін жекелеген елдерге берілетін артықшылықтарға;
с) шекаралық саудаға жәрдемдесу мақсатында көршілес елдерге берілетін артықшылықтарға қолданылмайды.
3. Қазақстанның ТСБК-не мүше болған күні аяқталатын өтпелі кезең ішінде немесе қайсысы бұрын болатынына байланысты 1998 жылғы 31 желтоқсанға дейін КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде пайда болған басқа да мемлекеттерге Қазақстан Республикасы беретін № 1 Қосымшада белгіленетін артықшылықтарға қатысты І-параграфтың ережелері қолданылмайтын болады.
9-БАП
1. Тараптар осы Келісім мақсаттарында қол жеткізудің негізгі шарты еркін транзиттік қағидат болып табылады деп келісті. Осыған байланысты әр Тарап кедендік аумақта өндірілген немесе екінші Тараптың кедендік аумағы үшін бағытталған тауарлардың өз аумақтары арқылы шектеусіз транзиттік өтуін қамтамасыз ететін болады.
2. ТСБК-нің 5-бабының 2, 3, 4 және 5-параграфтарында жазылған ережелер екі Тараптың арасында қолданылады.
3. Осы Келісімде мазмұндалған ережелер, белгілі бір салаларға, әсіресе, Тараптар арасында келісілген көлік немесе өнім сияқты салаларға қатысты ешқандай да ерекше ережелерге шектеу жасамайды.
10-БАП
Тараптар байланысты болатын тауарларды уақытша жеткізу жөнінде халықаралық конвенцияларды туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді шектеместен, Тараптардың әрқайсысы бұдан басқа екінші Тарапқа, олармен байланысты осы тұрғысындағы кез келген халықаралық конвенцияда ескерілген жағдайда және ондағы рәсімдерге сәйкес, оның заңдарына сәйкес уақытша әкелетін тауарлар импорттық алымдар мен баж салығынан босатады. Осындай конвенциядан туындайтын міндеттемелер негізі болып табылатын шарттар назарға алынып, тиісті Тараптар бұл мәселе бойынша осы міндеттемелерді қабылдауы керек.
11-БАП
1. Қазақстан Республикасынан шығарылатын тауарлар сандық тұрғыда шек қойылмастан, осы Келісімнің 13, және 17-баптарының ережелеріне және Испания мен Портуталияның Еуропалық Қоғамдастыққа енуі туралы құжаттардың 77, 81, 244, 249 және 280-баптарының ережелеріне нұқсан келтірместей болып Қоғамдастыққа еркін импортталады.
2. Қоғамдастықтан шығарылатын тауарлар Қазақстанға еркін, мөлшері жағынан қандай да болсын шек қоймастан және бірдей дәрежеде әсер ететін шараларсыз, осы Келісімнің 13, және 17-баптарының ережелеріне нұқсан келтірместен импортталатын болады.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.04.2013 № 90-V Заңымен.
12-БАП
Тауарлар Тараптар арасында рынокпен белгіленетін бағалар бойынша сатылады.
13-БАП
1. Егер қандай да болсын өнім мейлінше өскелең мөлшерде және жергілікті өндірісшілердің осыған ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарларына залал келтіретін немесе сондай қауіпі бар шарттармен Тараптардың бірінің аумағына әкелетін болса, қайсысының мүдделеріне қатысты болуына байланысты Қазақстан Республикасы немесе Қоғамдастық төмендегі рәсімдерге және шарттарға сәйкес тиісті шаралар қабылдай алады.
2. Қандай да болсын шаралар қабылдамас бұрын немесе 4-параграфтың қолданылуы жағдайында, қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан Республикасы немесе Қоғамдастық осыдан кейінгі мейлінше қысқа мерзімде IX бөлімде осы үшін көзделгеніндей, екі Тарапқа да оңтайлы шешім іздестіру мақсатында Ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің билігіне бүкіл қажетті ақпаратты береді.
3. Егер осы консультациялардың нәтижесінде Ынтымақтастық жөніндегі Кеңесіне өтініш жасаған күннен бастап 30 күн ішінде ахуалды реттеу жөніндегі іс-әрекетке қатысты Тараптар келісімге келе алмаса, консультация туралы өтініш білдірген Тарап зиянды болдырмау немесе жою үшін қажетті болатындай деңгей мен мерзімде тиісті тауарлар импортын шектеу немесе басқа да тиісті шараларды қабылдау құқығына ие болады.
4. Кідірту орны толмас зиянға ұшырататындай қиын жағдайларда, Тараптар мұндай іс-әрекет жүзеге асырылғаннан кейін дереу консультация өткізу ұсынылған жағдайда осы консультациялар өткізілгенге дейін-ақ шаралар қабылдауы мүмкін.
5. Осы Бапта ескерілген шараларды таңдау кезінде Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізуде мейлінше аз зиян келтіретін шараларға артықшылық беретін болады.
6. ТСБК-нің VІ Бабына, ТСБК-нің - VІ бабын қолдану туралы Келісімге, ТСБК-нің VІ, ХVІ және XXIII баптарын қолдану мен түсіндіру туралы Келісімге немесе тиісті ішкі заңдарға сәйкес Тараптардың кез келгенінің демпингке қарсы шараларды немесе өтем төлеу шараларын қабылдауына осы Келісімдегі ештеңе де зиянын келтірмеуге немесе қандай да болсын түрде ықпал етпеуге тиіс.
14-БАП
Тараптар, Қазақстан Республикасының ТСБК-ге қосылуы нәтижесінде пайда болатын ахуалды қоса алғанда, жағдайдың мүмкіндік беруіне қарай, олардың арасындағы тауарлар саудасына қатысты осы Келісімнің ережелерін өзгерту мүмкіндігін қарауға міндеттенеді. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес мұндай өзгерістерге қатысты Тараптарға ұсынымдар бере алады, өзгерістер, бұл ұсынымдар оңтайлы болғанда Тараптардың арасындағы келісім арқылы, олардың әрқайсысы қолданылып жүрген рәсімдерге сәйкес күшіне енгізілуі мүмкін.
15-БАП
Келісім қоғамдық имандылық, қоғамдық тәртіп немесе қоғамдық қауіпсіздік, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, хайуанаттар мен өсімдіктерді қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, ұлттық көркем, тарихи және археологиялық құндылықтарды немесе санаткерлік, өнеркәсіптік және коммерциялық меншікті немесе алтын мен күміске қатысты ережелерді қорғау тұрғысынан өздерін ақтайтын импортталатын, экспортталатын немесе транзитпен өтетін тауарларға тыйым салуларды не шектеулерді жоққа шығармайды. Алайда мұндай тыйым салулар немесе шектеулер Тараптар арасындағы көріну кемсітушіліктің немесе сауданы жасырып шектеудің құралы болуға тиіс емес.
16-БАП
Ескерту. 16-бап алынып тасталды - ҚР 16.04.2013 № 90-V Заңымен.
17-БАП
1. Көмір мен Болаттың Еуропалық Бірлестігін құру туралы Шарт қолданылатын тауарлармен сауда жасау 11-бапты қоспағанда осы Бөлімінің ережелерімен және күшіне енуіне орай болаттан жасалған өнімдер айырбасына қатысты КБЕБ-гінің сандық уағдаластығы жөніндегі Келісімнің ережелерімен реттелетін болады.
2. Бір жағынан Қазақстан Республикасының өкілдерінен және, екінші жағынан, Қоғамдастықтың өкілдерінен тұратын көмір мен болат мәселелері жөніндегі байланыс тобы құрылатын болады.
Байланыс тобы көмір мен болатқа қатысты және Тараптар мүдделі барлық мәселелер бойынша ұдайы негізде ақпарат алмасатын болады.
18-БАП
Ядролық материалдармен сауда жасау Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық Қоғамдастық пен Қазақстан Республикасы арасында жасалуға арнайы Келісімнің ережелерімен белгіленетін болады.
ІV БӨЛІМ
КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТ ПЕН ИНВЕСТИЦИЯЛАУҒА
ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ЕРЕЖЕЛЕР
І ТАРАУ
Еңбек шарттары
19-БАП
1. Қоғамдастыққа Мүше-мемлекеттердің әрқайсысындағы қолданыстағы заңдар, шарттар мен рәсімдер қолданған жағдайда, Қоғамдастық пен Мүше-мемлекеттер өздерінің аумағында заңды негізде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтарына еңбек шарттарына, алатын сыйақысына немесе жұмыстан босануына қатысты, олардың өз азаматтарына берілетін, ұлттық белгісі бойынша кемсітушіліктен азат режим беруді қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.
2. Қазақстан Республикасындағы қолданылып жүрген заңдарды, шарттар мен рәсімдерді сақтаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізді жұмыс істейтін Мүше-мемлекеттердің азаматтарына олардың еңбек шарттарына, алатын сыйақысына немесе қызметтен босауына қатысты олардың өз азаматтарына берілетін ұлттық белгісі бойынша кемсітушіліктен азат режим беруді қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.
20-БАП
Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес қайта келу құқығын берудің қағидаты мен тәжірибесін ескеріп, жасырын көші-қонды бақылау мақсатында қандай бірлескен іс-қимыл жасау мүмкіндігі туралы мәселені зерттейді.
21-БАП
Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес ЕҚЫК-нің Бонн Конференциясы құжатында мазмұндалғандарын қоса алғанда, Тараптардың халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, кәсіпкерлер қызметтің жағдайларын жақсарту туралы мәселені қарайды.
22-БАП
Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес 19, 20 және 21-баптардың қолдану мәселелері бойынша ұсынымдар беретін болады.
II ТАРАУ
Компаниялар құру мен олардың қызметіне қатысты шарттар
23-БАП
1. а) Қоғамдастық пен оған Мүше-мемлекеттер өздерінің аумағында Қазақстан компанияларын құру үшін кез келген үшінші елдердің компанияларына олардың заңдары мен қалыптық-құқықтық құжаттарына сәйкес берілетін қолайлы режимнен кем емес режим береді.
ә) Қоғамдастық пен оған Мүше-мемлекеттері II Қосымшада аталған ерекшеліктері зиян келтірместен олардың аумағында құрылған Қазақстан компанияларының еншілес компанияларына Қоғамдастықтың кез келген компаниясы қызметіне және оның заңдары мен қалыпты-құқықтық құжаттарына сәйкес берілетін қолайлы режимнен кем емес режим береді.
2. 35 және 85-баптардың ережелеріне зиян келтірместен Қазақстан Республикасы Қоғамдастықтың компанияларына және олардың филиалдарына өзінің аумағындағы заңдары мен қалыптық-құқықтық құжаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының компанияларына және олардың филиалдарына немесе кез келген үшінші елдердің компанияларына және олардың филиалдарына 25-бапта белгіленгеніндей, оларды құру мен қызметтеріне қатысты ненің дұрыс екеніне байланысты берілетін қолайлы режимнен кем емес режим береді.
24-БАП
1. 23-баптың ережелері әуе көліктеріне, ішкі су көліктері мен
теңіз көліктеріне қолданылмайды.
2. Соған қарамастан, теңіз жолдары бойынша ішкі тасымалдауды қоса алғанда, көлік агенттіктерінің халықаралық теңіз көлігі қызметін қамтамасыз ету үшін жасайтын қызметіне қатысты әрбір Тарап екінші Тараптың компанияларының еншілер компаниялар немесе филиалдар нысанында олардың өз аумағында коммерциямен айналысуына меншікті компанияларына немесе еншілес компанияларына немесе кез келген үшінші елдің компанияларының филиалдарына ненің дұрыс екеніне байланысты берілетіннен кем емес құру мен қызметтің қолайлы шарттары бойынша рұқсат береді.
Мұндай қызмет құрамына мыналар енеді, бірақ мұнымен ғана шектеліп қалмайды:
а) маркетинг және теңіз көлігін сату, клиенттермен тікелей байланыс арқылы жүзеге асырылып, бағасын ұсынудан бастап есепшотын жазып беруге дейінгі осылармен байланысты қызметтер көрсету, бұл қызметтер көрсетушінің өзі немесе қызметті сатушылар тұрақты іскерлік келісім жасасатын қызмет көрсетушілер арқылы көрсетіледі немесе ұсынылады;
б) біртұтас қызметтерді көрсету үшін қажетті ішкі кез келген көлік қызметтері түрін әсіресе ішкі су жолдарын, автомобиль жолдарын теміржолды қоса алғанда, кез келген көлік және онымен байланысты қызметтерді сатып алу және өзінің есебінен немесе клиенттердің тапсырмасы бойынша пайдалану (және өз клиенттеріне қайталап сату);
в) көлік, кеден құжаттарына немесе тасымалданатын тауарлардың шығу тегі мен сипатына қатысты басқа да құжаттарға қатысты құжаттамаларды әзірлеу;
г) компьютерлік ақпарат жүйелерін және мәліметтерді электрондық алмасуды (телекоммуникацияға қатысты қандай да бір шектеулерге жатпайтын) қоса алғанда, іскерлік ақпаратты кез келген құралдар арқылы береді;
д) компания капиталына қатысуды және жергілікті жерде
іріктелген (немесе осы Келісімнің тиісті ережелеріне сәйкес шетелдік қызметкерлеріне қатысты) қызметкерлерді тағайындауды қоса алғанда, жергілікті кез келген көлік агенттігімен кез келген іскерлік келісім
жасау;
е) кемелердің келіп кіруін немесе қажет болған жағдайда қосымша жүктердің қабылдануын ұйымдастыратын компаниялар тапсырмасы бойынша іс-қимыл жасау жатады.
25-БАП
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. а) "Қазақстан компаниясы" немесе тиісінше "Қоғамдастық компаниясы" Қазақстан Республикасының немесе, тиісінше, Мүше-мемлекеттердің заңдарына сәйкес құрылған және, тиісті Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың аумағында өзінің тіркелген кеңсесі немесе орталық басқармасы, немесе негізгі бөлімі бар компанияны білдіреді. Алайда егер, Қазақстан Республикасының немесе тиісті Мүше-мемлекеттің заңдарына сәйкес құрылған компанияның Қазақстан Республикасы немесе, тиісінше, Қоғамдастық аумағында тек өзінің тіркелген кеңсесі ғана болса, егер ол нақты қызмет атқарып, Қазақстан Республикасының немесе тиісінше Мүше-мемлекеттердің бірінің экономикасымен тұрақты байланысты болса, онда бұл компания Қазақстан компаниясы немесе тиісінше Қоғамдастық компаниясы деп есептеледі;
б) "Еншілес компания" іс жүзінде енші берген компания
бақылауындағы компанияны білдіреді;
в) компания "Филиалы" өзінің басқарма қызметкерлері бар орталық компания қызметінің ұлғаюының нәтижесінде көрінетін тұрақтылық белгісіне, заңды тұлға болып табылмайтын оқшау бөлімше дегенді білдіреді. Оның үшінші Тараптармен іскерлік келіссөздер жүргізу үшін материалдық жарақтары болады және Тараптар қажет болған жағдайда енші берген компаниямен, шетелде тұратын бас кеңесімен заңды байланыс орната алатынын біле отырып, осы енші берген компанияға тікелей өтініш жасамауға тиіс, өйткені олар енші берген компанияның бір тармағы ретінде құрылған осы бөлімшеде іскерлік операцияларды жүргізе алады;
г) "Құру" Қазақстан компанияларының немесе Қоғамдастық компанияларының, олар а-тармағында белгіленгеніндей, тиісінше Қазақстан Республикасында немесе Қоғамдастықта еншілес компаниялар мен филиалдар құру арқылы экономикалық қызмет жүргізу құқығын білдіреді;
д) "Іс-қимыл" экономикалық қызметті жүзеге асыруды білдіреді;
е) "Экономикалық қызмет" өнеркәсіптік, коммерциялық және кәсіби сипаттағы қызметті білдіретін болады;
ж) Теңіз жолдары арқылы ішкі тасымалдауды қоса алғанда, халықаралық теңіз көлігіне қатысты Қазақстан Республикасына немесе Қоғамдастықтан тысқары қоныс тепкен Қазақстан Республикасының немесе Мүше-мемлекеттердің азаматтары және тиісінше Қазақстандық азаматтар немесе тиісінше Мүше-мемлекеттер азаматтары бақылайтын Қазақстан Республикасынан немесе Қоғамдастықтан тыс құрылған кем қатынасы компанияларында, егер олардың кемелері Қазақстан Республикасында немесе Мүше-мемлекетте тиісінше олардың заңдарына сәйкес тіркелсе, осы Тарауда және III Тарауда көзделген құқықтарды пайдаланатын болады.
26-БАП
1. Келісімнің басқа да кез келген ережелеріне қарамастан, инвесторларды, салымшыларды, сақтандыру құжаттары иелерін немесе оларға қатысты қаржылық қызметтер көрсетуші фидуциарлық міндеттер орындайтын адамдарды қорғау орайында немесе қаржылық жүйенің тұтастығын және тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Тараптың сақтық шараларды қабылдауына тыйым салынбайды. Бұл шаралар Келісімнің ережелеріне сәйкес келмеген жағдайларда, олар Тараптың осы Келісімде көзделген міндеттерінен жалтаруына мүмкіндік беретін құралдар ретінде пайдаланылмайтын болады.
2. Осы Келісімде ештеңе де Тарапқа жеке тұлғалардың істері мен есеп-шоттарына қатысты ақпаратты немесе заңды тұлғаларға тиесілі қандай да бір құпия немесе патенттелген ақпаратты ашуына талап қою ретінде түсіндірілмейтін болады.
27-БАП
Осы Келісімнің ережелері әрбір Тараптың осы келісім ережелерінің негізінде оның нарығына үшінші елдің енуіне қатысты ол қабылдаған шараларды айналып өтуін болдырмау үшін кез келген қажетті шараны қолдануына кедергі жасамайтын болады.
28-БАП
1. Осы Бөлімнің I Тарауының ережелеріне қарамастан, тиісінше Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың аумағында құрылған Қазақстан компаниясы немесе Қоғамдастық компаниясы, тиісінше, Қазақстан Республикасының немесе Қоғамдастықтың аумағындағы өзінің кез келген еншілес компанияларында немесе филиалдарында, олар құрылған елдердің қолданылып жүрген заңдарын сақтай отырып, тиісінше, Қазақстан Республикасының және Қоғамдастықтың Мүше-мемлекеттерінің азаматтары болып табылатын жалдамалы қызметкерлерді қабылдауына немесе ұстауына, мұндай жалдамалы қызметкерлер бұл ұғымның 2-параграфта белгіленгеніндей, жетекші мамандар болып табылған жағдайда, сондай-ақ олар өнебойы тек осындай компанияларда жалданып жұмыс істейтіндер үшін қоныстануға арналған ықтиярхат пен жұмыс істеу құқығына рұқсат беру жалданып жұмыс істеу мерзіміне сәйкес болуға тиіс.
2. Жоғарыда аталған осы жерде және бұдан былай "ұйымдар" деп аталатын компаниялардың жетекші мамандары, бұл ұжымның 2 (с) - тармағындағы төмендегідей санаттарда анықталғанындай, ұйым заңды тұлға болып табылған жағдайда, ал қаралып отырған адамдар онда жалданып жұмыс істесе немесе тікелей орын ауыстырудың сәтіне дейін кем дегенде бір жыл бойы оның иелерінің (акциялардың бақылау пакеті иелерінен басқасы) бірі болса, "фирманың өз ішіндегі жұмыстар бойынша орын ауыстыруға жататын адамдар" болып табылады. Олар мыналар:
а) Бақылауда болатын және директорлар немесе акционерлер
басқармасынан немесе соңғыларына ұқсас органнан тікелей нұсқаулар
алатын, компанияны негізгі басқаруды жүзеге асыратын ұйымда басшы
қызметтерде жұмыс істейтін адамдар. Оларға:
- мекеменің, мекеменің ішіндегі бөлімдердің немесе секторлардың басшылары;
- басқа да басшы, кәсіби және басқару кадрларының қызметіне басшылықты және бақылауды жүзеге асыратын адамдар;
- жеке өзі жұмысқа қабылдауға және жұмыстан шығаруға, немесе жұмысқа қабылдау мен жұмыстан шығару және қызметкерлерге байланысты басқа да әрекеттерді жүзеге асыруға өкілеттігі бар адамдар;
б) ұйымда жұмыс істейтін және қызмет көрсету, зерттеу приборларымен жұмыс істеу үшін маңызы бар сирек кездесетін білімге ие зерттеу және басқару әдістеріне ие адамдар жатады. Мұнай таным-білімді бағалау осы мекемеге тән арнайы біліммен қатар, ресми танылған кәсіпке тәнтілігін қоса алғанда, арнайы техникалық білімдерді қажет ететін жұмыстың немесе кәсіптің түріне қатысты біліктіліктің жоғары дәрежесін көрсете алады;
в) "жұмысы бойынша фирманың өз ішінде орны ауысатын адам" Тараптың аумағындағы ұйымда жұмыс істейтін және екінші Тараптың аумағында экономикалық қызметін жалғастыру ауқымында уақытша орны ауыстырылатын жеке тұлға ретінде белгіленеді; бұл орайда қаралып отырған ұйымның Тараптың аумағында негізгі қызмет орны болуға тиіс, ал орын ауыстыру екінші Тараптың аумағында шын мәнінде ұқсас экономикалық қызметті жүзеге асырушы осы ұйымның мекемесіне (еншілес компаниясына, филиалына) қатысты жүзеге асырылуы тиіс.
29-БАП
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннің алдындағы күнгі жағдаймен салыстырғанда бір-бірінің мекемесі мен компаниясы қызметінің шарттарын анағұрлым шектейтіндей кез келген шаралар қабылдаудан және әрекет жасаудан аулақ болу үшін өздерінің бүкіл мүмкіндіктерін пайдаланады.
2. Осы баптың ережелері 37-баптың ережелеріне зиян келтірмейтін болады. 37-бап қолданылатын жағдайлар басқа кез келген баптарды қолданбастан, 37-баптың ережелерімен ғана реттеледі.
3. Әріптестік пен ынтымақтастық рухында және 43-бапта мазмұндалатын ережелерге сәйкес іс-қимыл жасай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі осы, Келісімге қол қойылған күннің алдындағы күнгі жағдаймен салыстырғанда Қоғамдастықтың Қазақстан Республикасындағы еншілес компанияларын және компания филиалдарын құруға және олардың жұмыс істеуіне шектеулі жағдайлар жасай алатын жаңа заңдарды қарауға беретін немесе жаңа ережелер қабылдайтын өзінің ниеті туралы Қоғамдастықты хабардар етеді. Қоғамдастық мұндай заңдардың немесе мұндай құжаттардың жобаларын беру туралы Қазақстан Республикасынан сұрауы және осы жобалар бойынша консультациялар өткізу мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының жаңа заңдарды немесе жаңа құжаттарды енгізуі Қоғамдастықтың Қазақстан Республикасында құрылған еншілес компанияларының және компаниялары филиалдарының жұмыс істеу жағдайлары осы Келісімге қол қойған күннің алдындағы күнгі жағдаймен салыстырғанда анағұрлым шектеулі жағдайларға әкеліп соқтырған ретте, мұндай заңдар немесе құжаттар тиісті құжаттың күшіне енген кезінде Қазақстан Республикасында құрылған еншілес компаниялар мен филиалдарында үш жыл бойы қолданылмайды.
III ТАРАУ
Қазақстан Республикасы мен Қауымдастық арасында
шекарадан тыс шекте қызметтер көрсету
30-БАП
1. Тараптар осы Тараудың ережелеріне сәйкес Тараптардың қызметтер көрсету секторларының дамуын ескере отырып, осы қызметтер көрсетілетін адамдардың тарабы емес Тараптың аумағында құрылған Қазақстан компанияларының немесе Қоғамдастық компанияларының қызметтерін өскелең көлемде көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті қадамдар жасауға міндеттенеді.
2. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес І-параграфты қолдану жөнінде ұсынымдар беретін болады.
31-БАП
1. Тараптар Қазақстан Республикасында нарыққа бағытталған қызметтер көрсету секторын құру мақсатында ынтымақтасатан болады.
32-БАП
1. Тараптар халықаралық теңіз нарығына және коммерциялық негіздегі теңіз тасымалдарына шектеусіз кіру қағидатын тиімді пайдалануға міндеттенеді:
а) жоғарыда аталған ереже осы Келісімді Тараптардың біріне
немесе екіншісіне қолдануда Лайнерлік картелдер басқармасының кодексі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Конвенциясынан туындайтын құқықтар мен міндеттерге нұқсан келтірмейді. Картелдік емес бағыттар коммерциялық негізде адал бәсекелестік қағидатын ұстаған жағдайда картелдік бағыттармен бәсекелесе алады.
б) Тараптар үйінді және сұйық жүктермен сауданың негізгі бір шарты ретіндегі еркін бәсекелестік қағидатын өздерінің ұстанатындығын қуаттайды.
2. І-параграфта баяндалған қағидаттарды қолдану кезінде Тараптар:
а) осы Келісім күшіне енген кезден бастап бұрынғы Кеңестер Одағы мен Қоғамдастықтың кез келген Мүше-мемлекеттері арасында кез келген жүкті тасымалдағаны үшін жауапкершілікті бөлісуге қатысты екіжақты келісім ережелерінің ешқайсысын қолданбайды;
в) осы Келісімге қатысушы белгілі бір Тараптың лайнерлік жүк компанияларының халықаралық өзен қызметтері еркін түрде көрсетілетін болады немесе керісінше.
с) салынатын және құйылатын жүктердің саудасы жөнінде болашақта кез келген екі жақты келісімдерді жасаған кезде жүктерді тасымалдау үшін жауапкершілікті бөлісу туралы уағдаластықтарға тыйым салады;
д) осы Келісім күшіне енген сәттен бастап барлық біржақты шараларды алып тастайды және әкімшілік, техникалық және жасырын шектеулерді білдіруі мүмкін немесе халықаралық теңіз тасымалдаулары саласында еркін қызмет көрсетулерге қысым жасайтын басқа да кедергілерді жояды.
Әрбір Тарап екінші Тараптың азаматтары немесе компаниялары пайдаланатын кемелерге, бұдан басқа, халықаралық сауда үшін ашық порттарға кіруде, порттардағы инфрақұрылымды және қосымша теңіз қызметтерін пайдалануға рұқсатқа, сондай-ақ осыған байланысты төлемдер мен алымдарға, кедендік қызмет көрсетулерге, айлақтарды және тиеу-тасымалдау жабдықтарына қатысты Тараптың өзінің меншікті кемелеріне жасалатын режимнен қолайлығы кем емес режим жасайды.
3. Қоғамдастықтың халықаралық теңіз қызметтерін қамтамасыз ететін жеке тұлғалары мен компаниялары Қазақстан Республикасының ішкі суларында халықаралық өзен қызметтерін еркін көрсететін болады және керісінше.
33-БАП
Тараптардың арасында олардың коммерциялық қажеттеріне жауап беретін көлік тасымалдарын үйлестіріп дамытуды қамтамасыз ету үшін нарыққа өзара еркін кірудің шарттары және автомобиль, теміржол, ішкі, су жолдары, егер бұл қолданылатын болса, әуе тасымалы салаларында қызметтер көрсету осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тараптардың тиісті келіссөздерді өткізуі нәтижесінде жасасқан арнайы келісімдерінде ескерілетін болады.
ІV ТАРАУ
Жалпы ережелер
34-БАП
1. Осы Бөлімнің ережелері мемлекеттік саясат, қоғамдық қауіпсіздік және қоғамдық денсаулық қорғау ұғымдарымен негізделген шектеулерді ескере отырып қолданылады.
2. Олар кез келген Тараптың аумағында өкіметтің ресми органдарының өз міндетін орындау қызметіне тіпті кездейсоқ байланысты болса да қолданылмайды.
35-БАП
Бұл Бөлімнің мақсаттары үшін жеке тұлғалардың келуіне және болуына, жұмысына, еңбек жағдайы мен жұмысқа орналасуына және қызмет көрсетуге қатысты, бұл орайда, олар мұны сондай тәсіл арқылы қолданып, Келісімнің арнайы ережелерінің талаптары бойынша кез келген Тарапқа берілген артықшылықтарды жоятын немесе шектейтін тәсілмен қолданбайтын жағдайда, осы Келісімдегі ештеңе де Тараптардың өз заңдары мен ережелерінің қолдануына кедергі келтірмейді. Аталған ережелер 34-бапты қолдануға кедергі жасамайды.
36-БАП
Қазақстан компаниялары мен Қоғамдастық компанияларының бақылауында болатын және тек қана бірлескен иелігіндегі компаниялар, сондай-ақ II, III, ІV Тарауларда көзделген артықшылықтарды пайдаланады.
37-БАП
Осы Келісімге сәйкес ГАТС қамтитын салалар мен шараларға қатысты Қызметтер көрсету Саудасы жөніндегі Бас Келісімдегі тиісті міндеттемелердің күшіне енуіне бір ай қалған кезден бастап Тараптардың бір-біріне беретін режимі ГАТС ережелеріне сәйкес алғашқы Тарап ұсынатын режимге қарағанда еш жағдайда да аса қолайлы болмайды және бұл әрбір салаға, қосымша салаларға және қызметтер көрсету тәсілдеріне де қатысты болады.
38-БАП
II, III, ІV Тараулардың мақсаттары үшін ГАТС-тің V бабының қағидаттарына сәйкес экономикалық интеграция туралы келісім ауқымында қабылданған міндеттемелерге сәйкес Қазақстан Республикасы немесе Қоғамдастыққа Мүше-мемлекеттер беретін режим назарға алынбайтын болады.
39-БАП
1. Осы Бөлімнің ережелеріне сәйкес берілетін барынша қолайлылық режимі қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдердің немесе салық мәселелері жөніндегі басқа да келісімдердің негізінде Тараптар берген немесе болашақта беретін салық жеңілдіктеріне қолданылмайтын болады.
2. Осы Бөлімдегі ештеңе де қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдердің салық ережелерін, немесе салық мәселелері жөніндегі басқа да келісімдерге, немесе ішкі қаржы заңдарына сәйкес салық төлеуден бас тартуды немесе одан жалтаруды болдырмау мақсатын көздейтін Тараптардың кез келген шараны қабылдауына немесе жүзеге асыруына кедергі келтіретіндей жолмен түсіндірілмейтін болады.
3. Осы Бөлімдегі ештеңе де Қазақстан Республикасына немесе Мүше-мемлекеттерге, олардың қаржы заңдарының тиісті ережелерін қолданған кезде, бірдей жағдайда болмайтын, атап айтқанда, тұрған жеріне қатысты салық төлеушілерді алалап, кедергі келтіретіндей ыңғайда түсіндірілмейтін болады.
40-БАП
28 және 33-баптарға нұқсан келтірмей II, III және ІV Тараулардың бірде-бір ережесі:
- тиісінше Қазақстан Республикасының немесе Мүше-мемлекеттердің азаматтарына кез келген тұлға ретінде, атап айтқанда, компания акционері немесе әріптесі, оның менеджері немесе қызметшісі немесе қызмет көрсетушісі немесе оны алушы ретінде, тиісінше, Қоғамдастықтың немесе Қазақстан Республикасының аумағына келуіне немесе жүріп-тұруына;
- Қоғамдастықтың еншілес компанияларына немесе Қазақстан компанияларының Қоғамдастықтағы филиалдарына Қоғамдастық аумағында Қазақстан Республикасының азаматтарын жалдауға;
- Қазақстанның еншілес компанияларына немесе Қоғамдастық компанияларының Қазақстандағы филиалдарына Қазақстан Республикасының аумағында Мүше-мемлекеттердің азаматтарын жалдауға;
- Қазақстан компанияларына немесе Қоғамдастықтың еншілес компанияларына немесе Қазақстан компанияларының Қоғамдастығы филиалдарына уақытша жұмысқа орналастыру келісім шарттары бойынша адамдардың бақылауымен Қазақстан азаматтарын қызметке жіберуге;
- Қоғамдастық компанияларына немесе Қазақстанның еншілес компанияларына немесе Қоғамдастық компанияларының филиалдарына жалдау туралы келісім-шарттар бойынша Мүше-мемлекеттердің азаматтары болып жұмысшыларды жіберуіне құқық беретіндей етіп түсіндірілмейтін болады.
V ТАРАУ
Ағымдағы төлемдер мен капиталдар
41-БАП
1. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық резиденттерінің арасындағы тауарлар қозғалысына, қызметтер көрсетуге немесе осы Келісімнің ережелеріне байланысты тұлғалардың төлем балансының ағымдағы есеп-шоты бойынша еркін өтімді валютамен төлемдерге рұқсат етуге міндеттенеді.
2. Төлем балансының капиталдық есеп-шоты операцияларына қатысты осы Келісім күшіне енген сәттен бастап қабылдаушы Тараптың заңдарына сәйкес негізделген компанияларға тікелей инвестицияларға және II Тараудың ережелеріне сәйкес жасалған инвестицияларға байланысты капиталдың еркін қозғалуына кепілдік берілуге тиіс, және де бұл инвестициялар мен олардан алынған кез келген пайда жойылуы немесе аударылуы тиіс.
3. 2-параграфқа немесе 5-параграфқа нұқсан келтірмей, осы Келісім күшіне енген сәттен бастап капитал қозғалысына және Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық резиденттері арасындағы оған байланысты ағымдағы төлемдерге қатысты шетелдік айырбасқа жаңадан ешқандай валюталық шектеулер енгізілмейді, сол сияқты қазір қолданылып жүрген шарттарға да шектеу қойылмайды.
4. Осы Келісімнің мақсаттарына жетуге атсалысу үшін Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасында 2-параграфта айтылған нысандардан ерекше капитал қозғалысына жәрдемдесу жөнінде Тараптар бір-бірімен ақылдасып кеңесетін болады.
5. Осы заңның ережелеріне сілтеме жасай отырып, әзірге Қазақстан валютасының толық айырбасталуы енгізілмей отырғанда Халықаралық Валюта Қоры Келісімі баптарының VIII бабына сәйкес Қазақстан Республикасы, ерекше жағдайларда, қысқа немесе қабылдаумен байланысты валюта шектеулерін қолдана алады, мұның өзі Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорындағы Қазақстанның мәртебесі ауқымында рұқсат етілген осы несиелерді берумен байланысты Қазақстан Республикасына шектеулер деңгейінде қолданылады. Қазақстан Республикасы мұндай шектеулерді кемсітушілік негізде қолданатын болады. Олар осы Келісімнен аздап ықтимал ауытқитындай болып қолданылуға тиіс. Қазақстан Республикасы Ынтымақтастық жөніндегі Кеңесті осындай шараларды енгізу туралы және олардағы кез келген өзгерістер туралы дереу хабардар ететін болады.
6. 1 және 2-параграфтарға нұқсан келтірместен, Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасындағы капиталдың қозғалысы ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасындағы немесе Қоғамдастықтағы валюта айырбасы немесе ақша саясаты саласындағы саясатты жүзеге асыру үшін елеулі қиындықтар туғызады не туғызу қатерін төндіреді. Қазақстан Республикасы немесе Қоғамдастық тиісінше, Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасындағы капиталдың қозғалысына қатысты, егер бұл шаралар қатаң түрде қажет болған жағдайда, алты айдан аспайтын мерзімге алдын ала сақтану шараларын қолдана алады.
VІ ТАРАУ
Санаткерлік, өнеркәсіптік және коммерциялық меншікті қорғау
42- БАП
1. Осы Баптың ережелерін және осы Келісімге тіркелген III Қосымшаны ескере отырып, Қазақстан Республикасы осы Келісім күшіне енгеннен кейінгі бесінші жылдың аяғында осындай құқықтарды қолдануды күшейтудің пәрменді құралдарын қоса Қоғамдастықтағыға ұқсас қорғау деңгейін қамтамасыз ету мақсатында санаткерлік, өнеркәсіптік және коммерциялық меншік құқықтарын қорғауды жетілдіре беретін болады.
2. Осы Келісім күшіне енгеннен кейінгі бесінші жылдың аяғына таман Қазақстан Республикасы III Қосымшаның І-параграфында көрсетілген санаткерлік, өнеркәсіптік және коммерциялық құқықтар жөніндегі көпжақты конвенцияларға қосылуға тиіс, онда Мүше-мемлекеттері қатысушылар болып табылады, немесе оларды іс жүзінде осы конвенцияларда мазмұндалатын тиісті ережелерге сәйкес Мүше-мемлекеттер қолданады.
V БӨЛІМ
ЗАҢ ШЫҒАРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
43-БАП
1. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды шарты Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың қолданылып жүрген және болашақ заңдарын жақындастыру болып табылады деп біледі. Қазақстан Республикасы өз заңдарының Қоғамдастық заңдарымен біртіндеп жақындасуын қамтамасыз етуге ұмтылады.
2. Заңдардың жақындасу үрдісі, атап айтқанда, мына салаларға: кеден заңына, кәсіпорындар туралы заңға, банк заңына, компаниялардың есеп-шоттары мен салықтарға, санаткерлік меншікке, еңбекті қорғауға, қаржы қызметтеріне, саудаға ықпал ететін кез келген мәселелерді немесе нақты іс-қимылдарды қоса алғанда бәсеке ережелеріне, мемлекеттік сатып алуға, адамдардың денсаулығы мен өмірін, жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға, айналадағы ортаны қорғауға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, жанама салық салуға, техникалық қалыптар мен стандарттарға, ядролық саладағы заңдар мен қалыптарға, көлікке қолданылады.
3. Қоғамдастық Қазақстан Республикасына осы шараларды
жүзеге асыруға техникалық көмек көрсетеді, оларға мыналар жатады:
- сарапшылар алмасу;
- әсіресе тиісті заңдарға қатысты алдын ала ақпараттар беру;
- семинарлар ұйымдастыру;
- кадрлар даярлау;
- тиісті секторларда Қоғамдастық заңдары мәтіндерін аударуға көмек.
4. Тараптар өздерінің арасындағы саудаға қатысты болған жағдайда келісілген негізде өздерінің бәсеке туралы тиісті заңдарын қолдану жолдарын зерттеуге келісті.
VI БӨЛІМ
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
44-БАП
1. Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық экономикалық реформа үрдісіне жәрдемдесуге, Қазақстан Республикасын қалпына келтіру мен оның тұрақты өркендеуіне бағытталған экономикалық ынтымақтастықты дамытатын болады. Бұл ынтымақтастық екі Тараптың игілігі үшін қазіргі экономикалық байланыстарды нығайтады.
2. Саясат пен басқа да шаралар Қазақстан Республикасында экономикалық және әлеуметтік реформаларды, құрылымдарды қайта құруды жүргізу мақсатында жасалады және тұрақты даму мен үйлесімді әлеуметтік қорғау талаптары басшылыққа алынады. Сондай-ақ олар экологиялық қисындарды да толық дәрежеде ескеретін болады.
3. Осы мақсатта ынтымақтастық, атап айтқанда, экономикалық және әлеуметтік даму, кадрлар даярлау, кәсіпорындарға (жекешелендіруді, инвестициялауды және қаржы қызметтерін дамытуды қоса) көмек, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін өндіру энергетика және азаматтық ядролық қауіпсіздік, көлік, туризм, айналадағы ортаны қорғау және аймақтық ынтымақтастық сияқты салаларға шоғырландырылатын болады.
4. Аймақтың үйлесімді дамуын ынталандыру мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер арасындағы дамытуға жәрдемдесетін шараларға ерекше назар аударылады.
5. Осы Келісімде айтылып отырған экономикалық ынтымақтастық пен ынтымақтастықтың басқа да нысандары, мұның өзі тиімді болып отырған жерлерде, Қоғамдастық тарапынан техникалық көмектесу есебінен қолдау табуы мүмкін, бұл орайда Қазақстан Республикасына Қоғамдастықтың техникалық көмегіне және үйлестіру мен іске асыру жөніндегі оларда белгіленген рәсімдерге қатысты индикативті бағдарламаларда келісілген басым бағыттарда Тәуелсіз Мемлекеттер техникалық көмекке қолданатын Қоғамдастық Кеңесінің регламенті ескеріледі.
45-БАП
Өнеркәсіп ынтымақтастығы
1. ынтымақтастық, атап айтқанда, жәрдемдесуге:
- екі Тараптың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы іскерлік байланыстарын дамытуға;
- Қоғамдастықтың Қазақстан өнеркәсібін қайта құру ісіне қатысуына;
- басқаруды жетілдіруге;
- өнеркәсіп өнімінің сапасын жақсартуға;
- шикізат өндіретін және өңдейтін тиімді өндірістерді дамытуға;
- өнім маркетингін қоса оңтайлы коммерциялық қалыптар мен тәжірибені дамытуға;
- айналадағы ортаны қорғауға;
- қорғаныс өнеркәсібін конверсиялауға бағытталады.
2. Бұл баптың ережелері Қоғамдастық кәсіпорындарына арналған бәсеке ережелерін қолдануға ықпал етпейді.
46-БАП
Инвестицияларды қолдау мен қорғау
1. Қоғамдастық пен Мүше-мемлекеттердің тиісті өкілдіктері мен құзыреттерін ескере отырып, ынтымақтастық, бірінші кезекте, отандық та, сондай-ақ шетелдік те инвестицияларды қорғау шарттарын жақсарту, капиталды аудару мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат алмасу есебінен жеке инвестициялау үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталады.
2. Бұл ынтымақтастықтың мақсаттары, атап айтқанда, мыналар:
- егер қажет болса, Қазақстан Республикасы мен Мүше-мемлекеттер арасында инвестицияларға жәрдемдесу мен оларды қорғау туралы келісімдер жасау;
- Қазақстан Республикасы мен Мүше-мемлекеттер арасында, егер қажет болса, қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерді жасау;
- Қазақстан экономикасына шетел инвестицияларын тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызу;
- бизнес саласында тұрақты әрі толық сәйкес келетін заңдар жасау және инвестициялар саласында кәсіпкерлікті дамыту және заңдар, қалыпты актілер мен әкімшілік тәжірибесі жөнінде ақпарат алмасу үшін жағдайлар туғызу;
- инвестициялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, сауда жәрмеңкелері, көрмелер, сауда апталығы нысанында және басқа шаралар туралы ақпарат алмасу.
47-БАП
Контракттар жасасудың жариялылығы
Тараптар тауарлар мен қызметтер жөнінде, атап айтқанда, тендерлер жариялау арқылы ашық және бәсеке қағидаттары негізінде контракттар жасасу үшін жағдайлар жасауға қызмет атқаратын болады.
48-БАП
Стандарттау мен сапа сәйкестігін бағалау саласындағы ынтымақтастық
1. Тараптар арасындағы ынтымақтастық стандарттарды бүкіл дүниежүзінде сақталатын сапа саласындағы өлшемдерге, қағидаттар мен нұсқауларға сәйкес келтіруге жәрдемдеседі. Осы бағытта қолданған шаралар сапа сәйкестігі саласында өзара түсіністікке жету, сондай-ақ Қазақстан Республикасында өндірілетін өнім сапасын жақсарту жолындағы оң табыстарды қамтамасыз етеді.
2. Осы мақсатта олар жобаларды, техникалық көмекті жүзеге асыруда ынтымақтастыққа ұмтылады:
- осы салада мамандандырылған мекемелер мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетін болады;
- Қоғамдастықтың техникалық ережелерін пайдалануға және еуропалық стандарттарды және сапа сәйкестігін бағалау процедураларын қолдануға жәрдемдеседі;
- сапаны басқару саласында тәжірибе мен техникалық ақпарат алмасуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
49-БАП
Тау-кен өнеркәсібі және шикізат материалдары
1. Тараптар өздерінің алдына тау-кен өнеркәсібінде инвестицияларды көбейту мен шикізат материалдарымен сауда жасау мақсатын қояды.
2. ынтымақтастық, атап айтқанда, мына салаларға:
- тау-кен өндіру секторы мен түсті металдар секторын дамыту болашағы жөнінде ақпарат алмасуға;
- ынтымақтастық үшін құқықтық шеңберлер құруға;
- сауда мәселелеріне;
- табиғат қорғау заңдарын қабылдауға және орындауға;
- кәсіби даярлыққа;
- тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі қауіпсіздікке шоғырландырылады.
50-БАП
Ғылыми-технологиялық саладағы ынтымақтастық
1. Тараптар ресурстарға қол жеткізуді, тиісті бағдарламаларға толық қол жетуін ескере отырып өзара тиімді негізде және санаткерлік, өнеркәсіптік әрі коммерциялық меншік құқықтарын тиімді қорғаудың тиісті дәрежесін қамтамасыз ету шарттары негізінде ғылыми зерттеулер мен технологиялық талдамалар (ЗТТ) саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
2. Ғылыми және технологиялық ынтымақтастық:
- ғылыми-техникалық ақпарат алмасуды;
- ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық талдамалар саласындағы бірлескен қызметті;
- екі жақтан да кәсіби даярлық жөніндегі және зерттеулер мен талдамаларға қатысатын ғалымдар, зерттеушілер мен технологтар үшін алмасу бағдарламаларын қамтиды.
Мұндай ынтымақтастыққа білім беруге немесе кадрлар даярлауға байланысты шараларды жүргізу жатқан жағдайда, ол осы Келісімнің 51-бабының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар өзара Келісім негізінде ғылыми-технологиялық саладағы ынтымақтастықтың басқа да нысандарын жүзеге асыра алады.
Ынтымақтастықтың осы саласындағы шараларды жүргізген кезде жаппай қырып-жоятын қаруларды жасауға немесе шығаруға қатысатын немесе қатысқан ғалымдарды, зерттеушілер мен технологтарды біліктілік жағынан қайта даярлауға ерекше назар аударылатын болады.
3. Осы бапта көзделген ынтымақтастық нақты келісімдер негізінде жүзеге асыралатын болады, осы келісімдер бойынша келіссөздер мен олардың қорытындысы әр Тарап қабылдаған процедураларға сәйкес жүргізіледі және, атап айтқанда, санаткерлік, өнеркәсіптік және коммерциялық меншік құқықтарын қорғау жөніндегі қажетті ережелерді көздейді.
51-БАП
Білім беру және кәсіби даярлық
1. Тараптар Қазақстан Республикасында халықтың жалпы білімі мен кәсіби біліктілігі дәрежесін арттыру мақсатында мемлекеттік те, сондай-ақ жеке секторда да қатыса алады.
2. Бұл ынтымақтастық, атап айтқанда, мына салаларда
шоғырландырылады:
- бұған жоғары оқу орындарының аттестациялау жүйесі мен жоғары білім туралы дипломдарды қоса алғанда Қазақстан Республикасында жоғары білім беру мен кадрлар даярлау жүйелерін жетілдіру;
- ынтымақтастық жөніндегі Кеңес анықтайтын басым салалардағы мемлекеттік және жеке секторлар үшін басым салалардағы мемлекеттік және жеке секторлар үшін басшы кадрларды даярлау;
- жоғары оқу орындары арасындағы, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен фирмалар арасындағы ынтымақтастық;
- оқытушылар, оқу орнын бітірушілер, әкімшілік басшылары, жас ғалымдар мен зерттеушілер, жастар үшін ұтқырлықты қамтамасыз ету;
- тиісті мекемелерде Еуропа зерттеулері саласында оқытуды дамыту;
- Қоғамдастық тілдерін оқып-үйрену;
- ілеспе аударма саласындағы аспирантура;
- журналистер даярлау;
- оқытушы кадрларын даярлау.
3. Білім беру мен кәсіби даярлық саласындағы тиісті бағдарламаларға Тараптардың бірінің қатысу мүмкіндігін екінші бір тарап тиісті процедуралар ауқымында қарауы ықтимал және, бұл қажет болған жерде, жиынтық құрылымдар құрылуы мүмкін және Қоғамдастықтың ТЕМРUS бағдарламасына Қазақстан Республикасының қатысуына негізделген ынтымақтастық жоспарлары жасалуы мүмкін.
52-БАП
Ауыл шаруашылығы және аграрлық-өнеркәсіптік сектор
Аграрлық реформаны жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығын, аграрлық-өнеркәсіптік секторды жаңғырту, жекешелендіру, жаңа құрылымдарын құру, азық-түлікпен жабдықтаудың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ аграрлық бизнесті дамытуды және ауыл шаруашылығы өнімін ұқсату мен бөлуді ескере отырып, Қазақстан өнімдері үшін жергілікті және шетелдік өткізу нарықтарын дамыту осы саладағы ынтымақтастықтың мақсаты болып табылады. Тараптар санитарлық және фитосанитарлық стандарттарды қоса алғанда өнеркәсіп және ауыл шаруашылық тамақ өнімдеріне қатысты Қазақстан стандарттары мен Қоғамдастықтың техникалық регламенттерін біртіндеп жақындастыруды көздейді.
53-БАП
Энергетика
1. Ынтымақтастық экономика нарығы мен Еуропа Энергетика Хартиясы қағидаттары ауқымында, Еуропаның энергетика нарықтарын өскелең интеграциялау негізінде дамитын болады.
2. Ынтымақтастыққа, басқаларымен қатар, мына салалар жатады:
- энергия өндірудің, энергиямен жабдықтаудың және энергия
тұтынудың айналадағы ортаға ықпалы, айналадағы ортаға қызметтің осы түрлерінің жағымсыз әсерін болдырмауды немесе мейлінше азайтуды көздеу;
- экономикалық және экологиялық тұрғыда оңтайлы өндіріс түрлерінде энергия жеткізушілер топтарын ұлғайтуды қоса, энергиямен жабдықтау сапасы мен қауіпсіздігін арттыру;
- нарықтық экономика рухында энергетикалық секторды басқару мен реттеуді жетілдіру;
энергетикалық саясатты қалыптастыру;
энергетикалық салада сауда мен инвестицияны көтермелеу үшін қажетті жиынтық, құқықтық, салықтық және басқа да жағдайлар жасау;
- энергияны үнемдеуді дамыту және энергияны пайдалану
тиімділігін арттыру;
- энергетиканың инфрақұрылымын жаңғырту;
- энергиямен жабдықтау технологияларын және энергияның алуан түрлерін түпкі энергиялық тұтынылуын жетілдіру;
- энергетикалық секторда кадрларды басқару және техникалық жағынан даярлау;
- жабдықтаудағы, энергия мен энергетикалық материалдарды тасымалдау, олардың транзитіндегі қауіпсіздік жатады.
54-БАП
Айналадағы орта
1. Еуропа Энергетикалық Хартиясының ережелерін ескере отырып, Тараптар айналадағы орта мен денсаулық сақтау мөселелерінде өзінің ынтымақтастығын дамытып, нығайтатын болады.
2. Осы саладағы ынтымақтастық айналадағы орта жай-күйінің нашарлауына қарсы күресті көздейді және, атап айтқанда, оған мына бағыттар жатады:
- ластану деңгейінің тиімді мониторингі және айналадағы ортаның жай-күйін бағалау, айналадағы ортаның жай-күйіне қатысты Тараптардың ақпараттық экологиялық жүйелерінің өзара іс-қимылы;
- су және әуе ортасының жергілікті, аймақтық және ұлттық шеңберден тыс ластануына қарсы күрес;
- экологиялық қайта қалпына келтіру;
- энергияны тұрақты, тиімді экологиялық жағынан қауіпсіз өндіру мен пайдалану;
- өнеркәсіп объектілерінің қауіпсіздігі;
- химиялық дәрі-дәрмектерді топтастыру және оларды қауіпсіз жұмсау;
- су ортасының сапасын бақылау;
- қалдықтар мөлшерін азайту, оларды ұқсату мен қауіпсіз сақтау, Базель конвенциясының нормаларын қолдану;
- ауыл шаруашылығының, топырақ эрозиясы мен химиялық ластанудың экологиялық әсері;
- ормандарды қорғау;
- қорғалатын аймақтардың биологиялық әралуандығын сақтау, биологиялық ресурстарды пайдалану және оларды басқару;
- өнеркәсіптік және азаматтық құрылысты қоса жер пайдалануды жоспарлау;
- экономикалық және қаржылық тетіктерді пайдалану;
- ауа райының ғаламдық өзгеруі;
- экологиялық білім беру және хабардар ету;
- Ұлттық шеңберден тыс айқымда айналадағы ортаға экологиялық әсерді бағалау туралы Еуро Конвенциясы ережелерін ұлттық шеңберден тыс ауқымда қолдану жатады.
3. Тараптардың ынтымақтастығы, атап айтқанда, мыналар арқылы жүзеге асырылады:
- апаттарды және басқа да төтенше жағдайларды жоспарлау, олардың алдын алу, және оларды болдырмау;
- "таза" технологияларды беру, биологиялық технологияларды қауіпсіз әрі экологиялық жағынан негізді пайдалану мәселелерін қоса сарапшылармен, ақпаратпен алмасу және консультациялар өткізу;
- бірлескен зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыру;
- заң шығару негізін жетілдіру (Қоғамдастық стандарттары);
- аймақтық деңгейдегі (оны Еуропалық Экологиялық Агенттік шеңберінде жүзеге асыруды қоса отырып), сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық;
- атап айтқанда, ғаламдық ауа райы проблемаларына қатысты және тұрақты дамытудың қамтамасыз ету тұрғысында стратегияларды дамыту;
- айналадағы ортаға әсер ететін факторларды зерттеу арқылы жүзеге асырылады.
55-БАП
Көлік
Тараптар көлік саласында өзара ынтымақтастықты дамытып, нығайтатын болады.
Бұл ынтымақтастық, басқармалармен қатар, Қазақстан Республикасындағы көлік жүйелері мен тораптарын құрылымдық қайта құрулар мен жаңғыртуды жүргізуге, сондай-ақ тиісті жағдайларда, неғұрлым ғаламдық көлікке жүйесін құру жиынтығында Тараптар көлік жүйелерінің үйлесіміне жетуге және оларды қамтамасыз етуге бағытталған.
Ынтымақтастыққа, атап айтқанда, мыналар жатады:
- автомобиль көлігін, темір жолдары, кемежайлар мен әуежайларды басқару мен олардың қызметін жаңғырту;
- жоғарыда көрсетілген секторларда еуропалық шектен тыс байланыстар үшін өзара мүдделі болып табылатын темір жолдарды, су жолдарын, автомобиль жолдарын, теңіз кемежайларын, әуежайлары мен аэронавигациялық инфрақұрылымды жаңғырту мен дамыту;
- аралас тасымалдар жүйелеріне жәрдемдесу және оларды дамыту;
- бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын және дамыту бағдарламаларын жүргізуге жәрдемдесу;
- көлік секторын жекешелендіру мәселелерін қоса көлік саясатын және оны іске асыру тетіктерін жетілдіру үшін заң шығару және институттық шеңберлерді әзірлеу жатады.
56-БАП
Ғарыш
Қоғамдастықтың, оның Мүше-мемлекеттері мен Еуропалық Ғарыш Агенттігінің құзыреттері тиісті салаларын еске ала отырып, Тараптар, мүмкін болған жерлерде, азаматтық зерттеулер саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты, ғарыш кеңістігін игеру мен коммерциялық пайдалануды дамытуға жәрдемдесуді ниет етеді. Олар, атап айтқанда, осы саладағы өздерінің бағдарламалары мен шараларын өзара молықтыруын неғұрлым толық пайдалануға негізделген бастамаларына айырықша назар аударады.
57-БАП
Почта қызметтері мен телекоммуникациялар
Тараптар өздерінің тиісті өкілдіктері мен құзыреттері шегінде мына салалардағы ынтымақтастығын өрістетіп, нығайтады:
- телекоммуникациялар мен почта қызметтері секторын дамыту жөніндегі саясат пен бағыттарды белгілеу;
- телекоммуникациялар мен почта қызметтері саласында тариф саясаты мен маркетинг қағидаттарын жасау;
- телекоммуникациялар мен почта қызметтері саласындағы жобаларды дамыту мен күрделі қаржыны қарастыру үшін қолайлы жағдайлар туғызу;
- телекоммуникациялық және почта қызметтерін, соның ішінде қосымша салалар қызметтерін ырықтандыру арқылы көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыру;
- телекоммуникацияларды, әсіресе, ақша қаражаттарын электронды жолмен беру саласында оңды технологиялық қолдану;
- телекоммуникациялық жүйелерді басқару және олардың "мәртебесін көтеру";
- телекоммуникациялық және почта қызметтерін көрсету радиожиілік спектрін пайдалану үшін тиісті қалыптық-құқықтық база құру;
- нарықтық жағдайларда жұмыс істеу үшін телекоммуникациялар мен почта қызметтері саласындағы кәсіби даярлық.
58-БАП
Қаржы қызметтері
Ынтымақтастық, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасын жалпы жұрт таныған өзара есеп айырысулар жүйесіне қосу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталады. Техникалық көмек мыналарға:
- банк және қаржы қызметтерін дамытуға, несие ресурстарының жалпы нарқын дамытуға, Қазақстан Республикасын жалпы жұрт таныған өзара есеп айырысу жүйелеріне тартуға;
Қазақстан Республикасындағы қаржы жүйесін және мекемелерін дамытуға, салық-қаржы мәселелері жөніндегі тәжірибе алмасуға және кадрлар алмасуға;
- Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында бірлескен кәсіпорындар құру ісінде Қоғамдастықтар компанияларының қатысуы, сондай-ақ экспорттық несиелердің сақтандыру жүйесін дамыту үшін, басқаларымен қатар, қолайлы негіз жасайтын сақтандыру қызметтерін дамытуға шоғырландырылады.
Бұл ынтымақтастық, әсіресе, Қазақстан Республикасы мен Мүше-мемлекеттер арасындағы қаржы қызметтері секторындағы байланыстарды жедел дамытуға жәрдемдесуге тиіс.
59-БАП
Ақша қаражаттарын көлденең табыс көзіне айналдыру
1. Тараптар өздерінің қаржы жүйелерін тұтас алғанда қылмыстық қызметтен, атап айтқанда, есірткілермен сауда жасау арқылы көлденең табыс көзіне айналдыру үшін пайдалануды болдырмау мақсатында күш-жігер жұмсау қажеттілігі факторымен және ынтымақтасу қажеттілігімен келіседі.
2. Бұл саладағы ынтымақтастыққа, осы салада Қоғамдастықта және халықаралық дәрежеде, соның ішінде Арнаулы Жедел Қаржы Тобы (FАТF) қабылданған стандарттарға ұқсас ақшаны табыс көзіне айналдыруға қарсы күрес жөніндегі оңтайлы стандарттарды жасау мақсатында әкімшілік және техникалық көмек жатады.
60-БАП
Аймақтық ынтымақтастық
1. Тараптар аймақтық дамыту мен жер пайдалануды жоспарлау саласында ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
2. Осы мақсатта олар аймақтық дамыту мен жер пайдалану саясаты мәселелері жөнінде, сондай-ақ оны қалыптастыру әдісі жөнінде ұлттық, аймақтық және жергілікті өкімет орындары арасында ақпарат алмасуға көмектесетін болады, бұл орайда тиімсіз жағдайда орналасқан аудандар проблемаларына ерекше назар аударылады.
Олар сондай-ақ, атап айтқанда, аймақтық дамудың әдістері мен нысандарын алмасуды жеделдетуді мақсат ете отырып, аймақтық дамуды жоспарлауға жауапты тиісті аймақтар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды орнатуға және дамытуға жәрдемдесетін болады.
61-БАП
Әлеуметтік саладағы ынтымақтастық
1. Денсаулық сақтау мен еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты Тараптар жұмыс істеушілердің денсаулығы мен қауіпсіздігі дәрежесін жақсарту мақсатымен өзара ынтымақтастығын дамытуға келісті.
Бұл ынтымақтастыққа, атап айтқанда, мыналар:
- тәуекел ету дәрежесі жоғары қызмет салаларына ерекше назар аудара отырып, денсаулық пен еңбек қауіпсіздігі жөнінде білім беру мен кадрлар даярлау;
- кәсіби ауруларды және кәсіби қызметтің басқа да теріс салдарларын болдырмау жөніндегі шараларды әзірлеу және оларды жүргізуге жәрдемдесу;
- төтенше жағдайлардың салдарларын болдырмау, улы химиялық
заттарды өндіру мен қолдануды басқару;
- жұмыс орындары экологиясының, қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғаудың негізгі проблемалары бойынша зерттеулер жатады.
2. Халықты еңбекпен қамту мәселелеріне қатысты Тараптардың
ынтымақтастығы, атап айтқанда, мыналар үшін:
- еңбек нарқын оңайлау;
- еңбекке орналастыру жөніндегі қызметтер мен осы қызметтерге байланысты консультациялық қызметтер көрсету жүйелерін жаңғырту;
- еңбекке орналастыру секторын қайта құруды жоспарлау мен оның бағдарламаларын басқару;
- жергілікті еңбекпен қамтуды көтермелеу;
- өзін-өзі еңбекпен қамтуды ынталандыру мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін қоса "икемді" еңбекпен қамту бағдарламалары бойынша хабарлама алмасу үшін техникалық көмек көрсетуді қамтиды.
3. Тараптар халықты әлеуметтік қорғау саласындағы оған, атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік қорғау жүйелерінің реформаларын жоспарлау мен жүргізу мәселелері жататын ынтымақтастыққа ерекше назар аударатын болады.
Бұл реформалар Қазақстан Республикасында нарықтық экономика талаптарына жауап беретін әлеуметтік қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған және ол халықты әлеуметтік қорғау бағыттарын қамтиды.
62-БАП
Туризм
Тараптар осы саладағы ынтымақтастықты өрістетіп, тереңдете түседі, ол, атап айтқанда, мыналарды:
- туристік алмасуды оңайлатуды;
- ақпарат алмасуды ұлғайтуды;
- ноу-хау беруді;
- бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеуді;
- ресми туристік органдардың өзара іс-қимылын;
- туризмді дамыту үшін кадрлар даярлауды қамтиды.
63-БАП
Шағын және орташа кәсіпорындар
1. Тараптар өздерінің алдына шағын және орташа кәсіпорындарды (ШОК) дамытып, нығайтуды және Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың ШОК арасындағы ынтымақтастықты көтермелеуді мақсат етіп қояды.
2. Ынтымақтастыққа, атап айтқанда, мына салаларға жататын
техникалық көмек:
- ШОК үшін заңдылық негізін жасау;
- тиісті инфрақұрылым (ШОК-ты, коммуникацияларды қолдау жөніндегі агенттік, ШОК-ке арналған қорды құруға);
- технологиялық парктер құру жатады.
64-БАП
Ақпарат және коммуникация
Тараптар ақпаратты беру құралдарын қоса оны өңдеудің қазіргі заманға әдістерін дамытуды қолдайтын және ақпаратты өзара тиімді алмасуды ынталандыратын болады. Мүмкіндігінше, санаткерлік меншік құқықтарын толық сақтаған жағдайда деректер негіздеріне қол жеткізуді қоса Қоғамдастық пен Қазақстан Республикасы туралы негізгі ақпаратпен жұртшылықты таныстыруға бағытталған бағдарламаларға басымдық беріледі.
65-БАП
Тұтынушылар құқықтарын қорғау
1. Тараптар тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында өз жүйелерінің үйлесіміне қол жеткізуге бағытталған тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Бұл ынтымақтастыққа мыналар жата алады: заңдар мен институциялық реформалар саласындағы ақпарат алмасу, қауіпті өнімдер туралы өзара ақпараттар алмасудың тұрақты жүйесін құру, тұтынушыларға арналған, бірінші кезекте, бағалар және ұсынылатын тауарлар мен қызметтер сипаттамаларына қатысты ақпараттар беру тетігін жетілдіру, тұтынушылар мүдделерін қорғайтын ұйымдар арасындағы алмасуды дамыту, тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы саясаттың үйлесімі мен оны үйлестіруді күшейту, семинарлар мен үйренулерді ұйымдастыру.
66-БАП
Кеден мәселелері
1. Өзара тиімді сауданы дамытумен байланысты қабылдауға белгіленген барлық ережелерді кепілді сақтау және Қоғамдастықтағы тәріздес Тараптардың кеден жүйелерін жақындастыруға қол жеткізу осы саладағы ынтымақтастықтың мақсаты болып табылады.
2. Осы саладағы ынтымақтастыққа, атап айтқанда, мыналар жатады:
- ақпарат алмасу;
- жұмыс әдістерін жетілдіру;
- Біріккен терминология мен бірыңғай әкімшілік құжатын енгізу;
- Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың транзиттік жүйелерінің өзара іс-қимылы;
- жүк тасымалына қатысты тексерулер мен нысандылықтарды жеңілдету;
- кеден ақпаратының қазіргі заманғы жүйелерін енгізуге жәрдемдесу;
- семинарлар мен үйренулерді ұйымдастыру жатады.
Қажет болған жағдайда ынтымақтастық техникалық көмек арқылы қолдау табады.
3. Тараптардың бұдан былайғы ынтымақтастығына, атап айтқанда, 69-бапқа қатысты осы Келісімнің ережелеріне нұқсан келтірмей, кеден мәселелері жөніндегі Тараптардың әкімшілік органдарына өзара көмек осы Келісім Хаттамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.
67-БАП
Статистика саласындағы ынтымақтастық
Бұл саладағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасындағы экономикалық қайта құрулар үрдістерін қолдау мен олардың мониторингі және жеке меншік кәсіпорындарды дамыту үшін қажетті ақиқат статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында тиімді статистикалық жүйелерді одан әрі дамытуға бағытталған.
Тараптар, атап айтқанда, мына сияқты салаларда ынтымақтасатын болады:
- Қазақстан статистикалық жүйесін халықаралық әдістерге, стандарттарға және топтастыруларға бейімдеу;
- статистикалық ақпарат алмасу;
- экономикалық реформаларды жүзеге асыру мен басқару үшін қажетті статистикалық макро- және микроэкономикалық ақпаратпен қамтамасыз ету.
Осы мақсатта Қоғамдастық Қазақстан Республикасына техникалық көмек көрсетеді.
68-БАП
Жалпы экономикалық мәселелер
Тараптар өздерінің экономикалық жүйелерінің іргелі қағидаттары, нарықтық экономика жағдайындағы экономикалық саясатты белгілеу мен іске асыру мәселелері бойынша өзара түсіністікті жақсарту мақсатындағы ынтымақтастық арқылы экономикалық реформа үрдістерін жүзеге асыруға және экономикалық саясатты үйлестіруге жәрдемдеседі. Осы мақсатта Тараптар макроэкономикалық болжамдар жөнінде ақпарат алмасатын болады.
Қоғамдастық:
- Қазақстан Республикасына сараптамалық консультациялар мен техникалық көмек арқылы экономикалық реформа үрдістерін жүзеге асыруға жәрдемдесу;
- экономикалық саясатты белгілеген кезде ақпарат пен ноу-хауды беруді оңайлату және тиісті зерттеулер нәтижелерін кеңінен тарату үшін экономистер арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында техникалық көмек береді.
69-БАП
Есірткілік заттар
Тараптар өздерінің өкілеттіктері мен құзыреті шегінде есірткілік және психикаға әсер ететін заттарды, оларды әзірлеуге қажетті химиялық заттардың шығуын болдырмауды қоса, заңсыз өндіруге, жеткізуге және айналымға жіберуге қарсы күрес жөніндегі бағдарламалар мен шаралардың тиімділігін және пәрменділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ есірткіге сұранымды болдырмау мен қысқарту мақсатында ынтымақтасуға келісті. Бұл саладағы ынтымақтастық есірткілерді пайдаланумен байланысты әртүрлі салалардағы мақсаттары мен шараларына қатысты Тараптардың өзара консультациялар алысуы мен тығыз үйлестіруіне негізделеді.
70-БАП
Құқыққа қарсы қызметті болдырмау
жөніндегі ынтымақтастық
Тараптар құқыққа қарсы мына секілді қызметті болдырмауға бағытталған ынтымақтастықты қамтамасыз етеді:
- заңнан тыс көшіп келу немесе жаңа азаматтық алудың қағидаттары мен тәжірибесін ескере отырып, Тараптардың тиісті аумағында олардың азаматтығындағы жеке тұлғалардың заңсыз болуы;
- жемқорлықты қоса экономикалық саладағы заңсыз қызмет;
- өнеркәсіп қалдықтарымен мәміле жасауды қоса әртүрлі тауарлармен заңсыз операциялар жүргізу;
- жалған ақша жасау немесе жасандылық;
- тыйым салынған есірткілерді, психикаға әсер ететін заттар мен қаруды тасымалдау.
Жоғарыда көрсетілген салалардағы ынтымақтастық Тараптардың өзара консультациялар алысуларына және өзара тығыз іс-қимыл жасауына негізделеді және техникалық һәм әкімшілік көмек көрсетуді көздейді, оған мыналар жатады:
- заңсыз қызметті болдырмау саласында ұлттық заңдар жобаларын әзірлеу;
- ақпарат орталықтарын құру;
- заңнан тыс қызметті болдырмаумен айналысатын органдар жұмысының тиімділігін арттыру;
- кадрлар даярлау мен зерттеушілік инфрақұрылымдарын дамыту;
- заңсыз қызметті болдырмауға бағытталған өзара оңтайлы
шараларды әзірлеу.
VII БӨЛІМ
МӘДЕНИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
71-БАП
Тараптар мәдени ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, оны көтермелеуге және жеңілдетуге міндеттенеді. Бұған мүмкіндік болған жерлерде мұндай ынтымақтастықтың негізіне Қоғамдастықтың немесе оның қайсыбір Мүше-мемлекеттерінің мәдени ынтымақтастық бағдарламасы алынуы мүмкін, ал кейіннен өзара мүдделі басқа да шаралар жасалуы ықтимал.
VIII БӨЛІМ
ҚАРЖЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
72-БАП
Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін және 73, 74 және 75-баптарға сәйкес Қазақстан Республикасы Қоғамдастық тарапынан тегін техникалық көмек нысанында берілетін, Қазақстан Республикасындағы экономикалық қайта құруларды тездетуге бағытталған уақытша қаржы көмегін алады.
73-БАП
Бұл қаржы көмегі Қоғамдастық Кеңесінің Регламентіне сәйкес белгіленген ТАСИС бағдарламасы ауқымында жүзеге асырылатын болады.
74-БАП
Қоғамдастықтың қаржы көмегінің мақсаттары мен салалары Қазақстан Республикасының қажеттерін, Қазақстан экономикасының жекелеген секторларын қайта құруға және реформалар барысына түсіністікпен қарауды ескеретін, Тараптар арасында келісілуге жататын, белгіленген басымдықтарды бейнелейтін индикативті бағдарламада айқындалады. Тараптар бұл жөнінде Ынтымақтастық Кеңесін хабардар ететін болады.
75-БАП
Қолда бар ресурстарды оңтайлы пайдалану үшін Тараптар Қоғамдастықтың техникалық көмегінің Мүше-мемлекеттер, басқа елдер тәріздес және Халықаралық Қайта құру мен Дамыту Банкі және Еуропалық Қайта құру мен Дамыту Банкі тәріздес халықаралық ұйымдар сияқты басқа да көздерден босатылған көмекпен тығыз үйлестіру арқылы жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
IX БӨЛІМ
НҰСҚАУЛЫҚ, ЖАЛПЫ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
76-БАП
Осы арқылы Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес құрылады, ол осы Келісімнің орындалуын бақылайтын болады. Ол министрлер дәрежесінде жылына бір рет мәжіліс құрады. Кеңес Келісім ауқымында туындайтын кез келген негізгі мәселелерді және осы Келісімнің мақсаттарына жетуі тұрғысында өзара мүдделі кез келген басқа да екі жақты немесе халықаралық мәселелерді зерттейтін болады.
Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес сондай-ақ екі Тарап арасындағы келісім бойынша тиісті ұсыныстар бере алады.
77-БАП
1. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес құрамында, бір жағынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері және, екінші жағынан, Еуропа Одағы Кеңесінің мүшелері мен Еуропа Қоғамдастықтары Комиссиясының мүшелері болады.
2. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес өзінің процессуалдық нормаларын белгілейді.
3. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес Төрағасының қызметін кезегімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі мен Қоғамдастық өкілі атқарады.
78-БАП
1. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңеске өз міндеттерін орындау үшін көмектесу мақсатында, әдетте жоғары лауазымды адамдар дәрежесінде, бір жағынан, құрамында Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері және, екінші жағынан, Еуропа Одағы Кеңесінің мүшелері мен Еуропа Қоғамдастықтары Комиссиясының мүшелері бар Ынтымақтастық жөніндегі Комитет құрылатын болады. Ынтымақтастық жөніндегі Комитет Төрағасының қызметін кезегімен Қазақстан Республикасының өкілі мен Қоғамдастық өкілі атқарады.
Өзінің процессуалдық нормаларында Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес оның мәжілістерін әзірлеуді, сондай-ақ Комитеттің қызмет атқару тәртібін қоса алғанда Ынтымақтастық Комитетінің міндеттерін белгілейді.
2. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес оның мәжілістері арасындағы іс-қимылдардың дәйектілігін қамтамасыз ететін Ынтымақтастық жөніндегі Комитетке өзінің кез келген өкілеттігін бере алады.
79-БАП
Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес өз функцияларын атқаруға жәрдемдесу үшін қажетті кез келген басқа арнаулы комитетті немесе органды құру туралы шешім қабылдай алады және осындай комитеттің немесе органның құрамы мен міндеттерін, сондай-ақ қызмет атқару тәртібін белгілейді.
80-БАП
ГААТ бабына сілтеме жасайтын ережеге қатысты осы Келісім ауқымында туындайтын кез келген мәселені зерттеу барысында ынтымақтастық жөніндегі Кеңес барынша мүмкін болған дәрежеде Уағдаласушы Тараптар Бас Келісімнің осы ГАТТ бабында берілетін түсіндірмесін назарға алады.
81-БАП
Осы арқылы Парламент Ынтымақтастығы Комитеті құрылады. Ол кездесулер мен пікір алмасулар үшін шақырылатын Қазақстан Республикасы Парламенті және Еуропа Парламенті мүшелерінің форумы болып табылады. Кездесулер үзілістермен болып тұрады, бұл үзілістерді Комитеттің өзі белгілейді.
82-БАП
1. Парламент Ынтымақтастығы Комитетінің құрамында, бір жағынан, Қазақстан Республикасы Парламентінің мүшелері және екінші жағынан, Еуропа Парламентінің мүшелері болады.
2. Парламент Ынтымақтастық Комитеті өзінің процессуалдық проблемаларын белгілейді.
3. Парламент Ынтымақтастығы Комитетін кезегімен Қазақстан Республикасы Парламентінің және Еуропа Парламентінің мүшесі оның процессуалдық нормаларында баяндалған ережелеріне сәйкес басқарады.
83-БАП
Парламент Ынтымақтастығы Комитеті Ынтымақтастық жөніндегі Кеңестен осы Келісімді қолдануға қатысты ақпаратты сұратып ала алады, ынтымақтастық жөніндегі Кеңес, өз кезегінде, Комитетті сұраған ақпаратпен қамтамасыз етуте тиіс.
Парламент Ынтымақтастығы Комитеті Ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің ұсыныстары туралы ақпаратты алады.
Парламент Ынтымақтастығы Комитеті Ынтымақтастық жөніндегі Кеңеске ұсыныстар бере алады.
84-БАП
1. Осы Келісім ауқымына әр Тарап өздерінің азаматтарына қатысты екінші Тараптың заңды және жеке тұлғаларының еш кемсітушіліксіз Тараптардың білікті сот және әкімшілік органдарына, интеллектуальдық, өнеркәсіптік және коммерциялық меншікке қатыстыларын қоса алғанда, олардың жеке дара құқықтары мен меншік құқықтарын қорғау үшін емін-еркін бара алуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
2. Тараптар өздерінің тиісті өкілеттіктері ауқымында:
- Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында жасалатын коммерциялық мәмілелер мен ынтымақтастық бойынша жүргізілетін операцияларға байланысты туындайтын дау-дамайларды шешу үшін төрелік сотты пайдалануын көтермелейтін болады;
- егер дау төрелік сотқа берілетін болса, тараптар сайлаған төрелік сот орталығының ережелерімен өзгеше көзделмеген болса, дауласушы әр тарап азаматтығына қарамастан өздерінің төрелік сотын тағайындауға келіседі, бұл жағдайда төрелік соттың төрағасы немесе төрешінің жеке өзі үшінші мемлекеттің азаматы болуы мүмкін;
- өзара келісім бойынша өздерінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне олардың келісім-шарттарына қолданылатын құқықтық нормаларды белгілеуін ұсынады;
- Халықаралық сауда құқығы (UNCITRAL) жөніндегі БҰҰ Комиссиясы әзірлеген төрелік ережелерін және 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қол қойылған Шетелдік төрелік соттары шешімдерін тану мен құқық қолдану туралы конвенциясына қатысушы мемлекеттердің кез келген төрелігі орталығының төрелігін пайдалануды көтермелейтін болады.
85-БАП
Тараптардың кез келген мынадай шараларды:
а) олардың түбегейлі мүдделеріне залалды сипаты болатын ақпаратты ашуды болдырмау үшін сөзсіз қажет деп санайтын шараларды;
б) мұндай шаралар арнайы әскери мақсаттарға арналмаған тауарларға қатысты бәсеке шарттарын нашарлатпайтын болса, қару-жарақты, оқ-дәрілерді немесе әскери мақсаттағы тауарларды өндіруге не сатуға немесе қорғаныс мақсатындағы зерттеулерге, талдамаларға не өндіріске қатысты шараларды;
в) олар заң мен тәртіптің қолдауын қажет ететін елеулі ішкі тәртіп бұзулар жағдайында, соғыс кезінде немесе соғыс қатерін төндіретін елеулі халықаралық шиеленіс жағдайында өзінің қауіпсіздігі үшін немесе бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті
сақтау үшін немесе өзіне қабылданған міндеттемелер мақсатында түбегейлі деп санайтын шараларды;
г) екі жақ пайдаланатын өнеркәсіп тауарларын және технологияларды бақылау жөніндегі өздерінің халықаралық міндеттемелерін сақтау үшін қажет деп санайтын шараларды қолдануына осы Келісімде ештеңе де кедергі келтіре алмайды.
86-БАП
1. Осы Келісімде қамтылған салаларда және онда мазмұндалған оның қайсыбір арнаулы ережелеріне зиян тигізбестен:
- Қоғамдастыққа қатысты Қазақстан Республикасы қолданатын келісімдер Мүше-мемлекеттерге, олардың азаматтарына немесе олардың компанияларына және фирмаларына қатысты кемсітушіліктің өршуіне әкеп соқтырмауға тиіс;
- Қазақстан Республикасына қатысты Қоғамдастық қолданатын келісімдер Қазақстан азаматтарына, олардың компаниялары мен фирмаларына қатысты кемсітушіліктің өршуіне әкеліп соқтырмауға тиіс.
2. Өздерінің тұрғылықты жерлеріне қатысты бірдей жағдайда болатын салық төлеушілерге Тараптардың салық заңдарының тиісті ережелерін қолдану құқықтарына 1-параграфтың ережелері қысым жасамайды.
87-БАП
1. Екі Тараптың әрқайсысы ынтымақтастық жөніндегі Кеңеске осы Келісімді қолдану мен түсіндіруге қатысты кез келген дауды бере алады.
2. Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес дауды ұсыныстар арқылы шеше алады.
3. Егер дауды осы баптың 2-параграфына сәйкес шешу мүмкін болмаған жағдайда кез келген Тарап бітістіруші делдалды тағайындау туралы екінші Тарапқа хабардар етеді; бұл жағдайда екінші Тарап екі ай ішінде басқа бітістіруші делдалды тағайындайды. Осы рәсім мақсаттары үшін Қоғамдастық пен Мүше-мемлекеттер дау ісінде бір тарап болып саналады.
Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес үшінші бітістіруші делдалды тағайындайды.
Төрешілердің ұсыныстары көпшілік дауыспен қабылданады. Мұндай ұсыныстар Тараптар үшін міндетті болып табылмайды.
88-БАП
Тараптар осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға не Тараптар арасындағы қатынастардың өзге жәйттеріне қатысты кез келген мәселені талқылау үшін Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша тиісті арналар арқылы жедел түрде консультациялар алысуға келіседі.
Бұл Баптың ережелері 13, 87 және 93-баптарға әсер етпейді және соңғыларға зияны тиместен қолданылады.
89-БАП
Осы Келісім бойынша Қазақстан Республикасына берілетін режим Мүше-мемлекеттердің бір-біріне беретін режимімен салыстырғанда қолайлылығы артықтау болып табылмайды.
90-БАП
Осы Келісімнің мақсаттары үшін "Тараптар" термині, бір жағынан, Қазақстан Республикасын және екінші жағынан, өздерінің тиісті өкілеттіктеріне сәйкес Қоғамдастықты немесе Мүше-мемлекеттерді білдіреді.
91-БАП
Осы Келісімде қамтылған деңгейдегі мәселелер сондай-ақ Энергетикалық Хартия туралы шарт пен оның Хаттамаларында да көзделгендіктен, осындай Шарт пен Хаттамалар күшіне енгеннен кейін мұндай мәселелерге қолдану осы құжаттарда қандай дәрежеде қолданылуына қарай ғана пайдаланылады.
92-БАП
Осы Келісім бастапқы 10 жыл мерзімге жасалған, ол мерзім өткеннен кейін оның мерзімі бітуінен алты ай бұрын Тараптардың бірі екіншісіне Келісімнің қолданысын тоқтатуы туралы жазбаша мәлімдеме бергенге дейін Келісім жыл сайын өздігінен жаңартылып отырады.
93-БАП
1. Тараптар осы Келісім жөніндегі міндеттемелерін орындау үшін қажетті кез келген жалпы немесе арнаулы шараларды алдын ала қолданады. Олар Келісімде мазмұндалған мақсаттарға жетуді қадағалайтын болады.
2. Егер Тараптардың біреуі екінші Тарап Келісім жөніндегі міндеттемелерін орындамады деп санайтын болса, онда ол алдын ала тиісті шаралар қолдануға құқылы. Айырықша шұғыл жағдайлардан басқа реттерде, бұдан бұрын ол ынтымақтастық жөніндегі Кеңеске Тараптар үшін қолайлы шешімді іздестіру мақсатында жағдайды мұқият зерттеу үшін қажетті барлық тиісті ақпаратты береді.
Осындай шараларды таңдаған кезде Келісімнің күшін мейлінше аз бұзатын шараларға артықшылық беріледі.
Егер екінші Тарап талап ететін болса, Ынтымақтастық жөніндегі Кеңес осы шаралар жөнінде дереу хабардар етіледі.
94-БАП
Хаттамамен бірге I, II, III қосымшалар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
95-БАП
Бұл Келісім, жеке тұлғалар мен шаруашылық жүргізуші субъектілер осы Келісім ауқымында тең құқықтарға қол жеткізгенге дейін, Қоғамдастықтың құзыреті өрісіне жататын салаларды қоспағанда және Мүше-мемлекеттердің құзыреті өрісіне жататын салаларда осы Келісімнен туындайтын олардың міндеттемелеріне зиян тигізбестен, бір жағынан, бір немесе бірнеше Мүше-мемлекеттерді және, екінші жағынан, Қазақстан Республикасын байланыстыратын, қазіргі уақытта осы Келісімдер берген құқықтарды қозғамайтын болады.
96-БАП
Осы Келісім, бір жағынан, Еуропалық Экономикалық Қоғамдастықты, Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық Қоғамдастықты және Көмір мен Темір жөніндегі Еуропалық Бірлестікті құру туралы Шарттар қолданылатын аумақтар мен осы шарттар негізіне алынған талаптар бойынша және екінші жағынан, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.
97-БАП
Еуропалық Одақ Кеңесінің Бас Хатшысы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
98-БАП
Осы Келісім екі данада қазақ және дат, голланд, ағылшын, фин, швед, француз, неміс, итальян, испан, грек, португал тілдерінде жасалды. Сондай-ақ барлық мәтіндер бірдей дәрежеде түпнұсқаға сәйкес келеді және олар Еуропа Одағы Кеңесінің Бас Хатшысына сақтауға тапсырылатын болады.
99-БАП
Бұл Келісім Тараптардың өздерінің процедураларына сәйкес бекітуіне жатады.
Осы Келісім Тараптар жоғарыда аталған процедуралардың орындалуы туралы бір-біріне хабардар еткен күннен кейінгі екінші айдың алғашқы күні күшіне енеді.
Келісім күшіне енгеннен кейін және Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастықтың қатынастарына қатысты, осы Келісім Кеңес Социалистік Республикалар Одағы мен Еуропалық Экономикалық Қоғамдастық пен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық арасында Брюссельде 1989 жылғы 18 желтоқсанда қол қойылған Сауда, коммерциялық және экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімді алмастырады.
100-БАП
Егер осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті процедуралардың аяқталар сәтінде немесе аяқталған кезінде қаралып жатқан осы Келісімнің жекелеген бөлімдерінің Ережелері Қазақстан Республикасы мен Қоғамдастық арасындағы Аралық келісімдер арқылы 1994 жылы күшіне енетін болса, Уағдаласушы Тараптар мұндай жағдайларда "осы Келісімнің күшіне енетін күні" дейтін сөздер осындай Аралық келісімнің күшіне енетін күнін білдіретіні жөнінде келіседі.
I ҚОСЫМША
8-баптың 3-параграфына сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттерге Қазақстан Республикасы беретін артықшылықтардың индикативті тізімі
1. Армения, Беларусь, Эстония, Грузия, Литва, Молдова,
Украина, Түркіменстан, Ресей.
Кеден баж салығы қолданылмайды.
Осы Келісімдерде ескерілген көлемдер шегінде клиринг және халықаралық келісімдер бойынша жеткізілетін тауарларға қатысты экспорттық баж салығы қолданылмайды.
Экспорт пен импортқа қосымша құн салығы салынбайды. Экспортқа қатысты акциздік алымдар қолданылмайды.
Барлық Тәуелсіз Мемлекеттер - сауда және ынтымақтастық туралы жыл сайынғы мемлекетаралық келісімдер бойынша тауарлар жеткізуге арналған экспорттық квоталар мемлекеттік мұқтаждар үшін жеткізілімдер кезінде де беріледі.
2. Армения, Беларусь, Эстония, Грузия, Литва, Молдова, Украина, Түркіменстан.
Төлемдер рубльмен жүзеге асырылуы мүмкін.
Ресей - төлемдер рубльмен және теңгемен жүзеге асырылуы мүмкін.
Барлық Тәуелсіз Мемлекеттер - осы операцияларға байланысты жүргізілетін төлемдерді қоса алғанда коммерциялық емес операциялардың арнайы жүйесі.
3. Барлық Тәуелсіз Мемлекеттер - ағымдағы төлемдердің арнайы жүйесі.
4. Барлық Тәуелсіз Мемлекеттер - кейбір шикізат материалдары мен шалафабрикаттар саудасындағы бағалардың арнайы жүйесі.
5. Барлық Тәуелсіз Мемлекеттер - транзиттің арнайы шарттары.
6. Барлық Тәуелсіз Мемлекеттер - кеден процедураларының арнайы шарттары.
II ҚОСЫМША
23-баптың 1(б)-параграфына сәйкес Қоғамдастықтың
қосымша түсініктері
Тау-кен ендіру өнеркәсібі
Кейбір Мүше-мемлекеттерде Қоғамдастық бақылау жасамайтын компаниялар үшін ресурстар өндіру және оларды өндіру құқығын алу кезінде концессиялар пайдаланылуы мүмкін.
Балық аулау
Қоғамдастықтың Мүше-мемлекеттері егемендігіндегі немесе құқықтық өкілеттігіндегі биологиялық ресурстарға ие болу және оларды пайдалану, теңіз суларынан балық аулау, егер бұдан өзгеше ештеңе де көзделмесе, Қоғамдастықтың Мүше-мемлекеттері жалауымен және Қоғамдастық аумағында тіркелген балық аулау кемелері үшін шектеледі.
Жылжымайтын мүлікті сатып алу
Кейбір Мүше-мемлекеттерде Еуропалық Қоғамдастықтың мүшесі емес елдер компанияларының жылжымайтын мүлікті сатып алуы шектеулер объектісі болып табылады.
Радионы қоса дыбыс-бейнежазу қызметтері
Радиохабары мен ақпарат берудің өзге де нысандарын қоса алғанда оларды шығару мен таратуға қатысты ұлттық режим белгілі бір шығу өлшемдерімен байланысты дыбыс-бейнежазу жұмыстарына арналуы мүмкін.
Жер серіктері мен жедел қызметтерді қоса алғанда телекоммуникациялық қызметтер
Көрсетілмейтін қызметтер
Кейбір Мүше-мемлекеттерде қосымша қызметтер рыногына және инфрақұрылымға кіру шектеледі.
Кәсіби қызметтер
Мүше-мемлекеттердің азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар ғана көрсететін қызметтер. Белгілі бір жағдайларда бұл адамдар компаниялар құра алады.
Ауыл-шаруашылығы
Мүше-мемлекеттердің кейбіреулерінде ұлттық режим ауылшаруашылығы кәсіпорындарын құрғысы келетін, Еуропалық Қоғамдастық бақыламайтын компанияларға қолданылмайды. Еуропалық Қоғамдастық бақыламайтын компаниялардың жүзімдіктерді сатып алуы хабардар етілуге, егер қажет болса, өкілеттіктер немесе рұқсаттар беруге жатады.
Жаңалықтар агенттіктерінің қызметтері
Кейбір Мүше-мемлекеттерде баспа және радиохабарлары компанияларында шетелдіктердің қатысуы шектелген.
III ҚОСЫМША
Интеллектуальдық, өнеркәсіптік және коммерциялық меншік (ІРR) құқықтарын қорғау жөніндегі конвенциялар (42-бап)
1. 42-баптың 2-параграфы мынадай көпжақты конвенцияларға
қатысты болады:
- әдебиет және көркемөнер шығармаларын қорғау туралы Берн Конвенциясы (Париж, Акт, 1971 ж.);
- Фонограммалар мен радиохабары ұйымдарының орындаушыларын, продюсерлерін қорғау туралы Халықаралық Конвенция (Рим, 1961 ж.);
- Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттама (Мадрид, 1989 ж.);
- Ниццеде қол қойылған, Таңбаларды тіркеу мақсатында тауарлар мен қызметтерді халықаралық топтастыру туралы келісім (Женева, 1977 ж., толықтыруларымен 1979 ж.);
- Патент процедураларының мақсаттары үшін микроорганизмдерді депозиттауды халықаралық тану туралы Будапешт Шарты (1977 ж., өзгерістерімен 1980 ж.);
- Өсімдіктердің жаңа түрлерін қорғау туралы Халықаралық Конвенция (UРОҮ) (Женева актісі, 1991 ж.).
2. Ынтымақтастық Кеңесі 42-баптың 2-параграфын басқа да көп жақты конвенцияларға қолдануға ұсына алады. Егер интеллектуальдық, өнеркәсіптік және коммерциялық меншік саласында сауда шартына қатысты проблемалар туындайтын болса, онда Тараптардың бірінің сұрау салуы бойынша өзара оңтайлы шешімдер қабылдау мақсатында алдын ала дереу консультациялар алысылуға тиіс.
3. Уағдаласушы Тараптар міндеттемелердің маңыздылығын растайды. Бұл міндеттемелер мынадай көпжақты конвенциялардан туындайды:
- Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж Конвенциясы (Стокгольм Актісі, 1967 ж., толықтыруларымен 1979 ж.);
- Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі (Стокгольм Актісі, 1967 ж., толықтыруларымен 1979 ж. );
- Патент кооперациясы туралы шарт (Вашингтон, 1970 ж., толықтыруларымен 1979 ж. және өзгерістерімен 1984 ж.).
4. Осы Келісім күшіне енгеннен бастап Қазақстан Республикасы Қоғамдастықтың компаниялары мен азаматтарына интеллектуальдық, өнеркәсіптік және коммерциялық меншікті тану мен қорғау жөнінде кез келген үшінші елге екі жақты келісімдер бойынша берілетін режимге қарағанда қолайлылығы одан кем емес режим береді.
5. 4-параграфтың ережелері Қазақстан Республикасының кез келген үшінші елге ықпалды, өзара негізде беретін артықшылықтарына және Қазақстан Республикасының бұрынғы КСРО-ның басқа елдеріне беретін артықшылықтарына қолданылмайтын болады.
КЕДЕНДІК МӘСЕЛЕЛЕРДЕ ӘКІМШІЛІК ОРГАНДАРЫ
АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ЖӘРДЕМ ТУРАЛЫ
X А Т Т А М А
1 -БАП
Анықтамалар
Осы Хаттама мақсатында:
а) "кедендік заңдар" сөзі Тараптардың аумақтарында импортқа, экспортқа, тауарлардың транзиттік өтуіне қатысты қолданылатын ережелерді және осы айтылғандарға қатысты. Тараптар қабылдаған тыйым салу, шектеу және бақылау жөніндегі шараларды қоса алғанда, кез келген кедендік процедуралардың қолданылуын білдіреді;
ә) "кедендік баж салықтары" барлық баж салықтарын, салықтарды және алымдарды немесе кедендік заңдарға сәйкес Тараптардың аумақтарына есептеліп қосылатын және алынатын кез келген басқа да міндетті төлемдерді білдіреді, бірақ бұған көрсетілген қызметтердің болжалды құнымен сандық тұрғыдан шектелетін алымдар мен төлемдер қосылмайды;
б) "сұрау салушы орган" осы мақсаттар үшін Тарап тағайындаған және кеден мөселелерінде жәрдем көрсету туралы ресми сұрау салатын құзыретті әкімшілік органды білдіреді;
в) "сұрау салынатын орган" осы мақсаттар үшін Тараптар тағайындаған және кеден мөселелерінде жәрдем көрсету туралы ресми сұрау алатын құзыретті әкімшілік органды білдіреді;
г) "бұзу" кедендік заңды кез келген бұзушылықты, сондай-ақ мұндай заңдарды бұзуға деген кез келген әрекетті білдіреді.
2-БАП
Қолдану аясы
1. Тараптар кеден заңдарын дұрыс қолдануды қамтамасыз етуде, әсіресе осы заңдарды бұзатын жағдайлардан сақтандыру, оларды ашу мен тексеру негізінде бір-біріне осындай жолмен және осы Хаттаманың негізіне қаланған шарттармен жәрдемдесетін болады.
2. Кедендік мәселелерде осы Хаттамада белгіленгені сияқты жәрдемдесу, Тараптардың осы Хаттаманы қолдану жөніндегі құзыры бар кез келген әкімшілік органына қолданылады. Бұл қылмыспен күресу мәселелерінде өзара жәрдемдесуді реттейтін ережелерге нұқсан келтірмейді. Бұл сондай-ақ сот органдарының талап етуі бойынша пайдаланылатын, өкілеттігіне қарай алынған ақпаратқа, мұндай органдар осымен келісетін жағдайларды есептемегенде, таратылмайды.
3-БАП
Сұрау салу бойынша жәрдемдесу
1. Сұрау салушы органның талап-тілегі бойынша сұрау салынатын орган кедендік заңдардың тиісінше орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беру үшін оған мұндай заңдарды бұзатын немесе бұзу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, өздері жоспарлаған немесе өткізетін шараларға қатысты ақпаратты қоса алғанда, барлық тиісті ақпаратты табыс етеді.
2. Сұрау салушы органның талап-тілегі бойынша сұрау салынатын орган бір Тараптың аумағынан экспортталған тауарлар екінші Тараптың аумағына тиісті тәртіппен келіп түскен-түспегені жөнінде, қажет болған жағдайда, тауарларға қолданылған кедендік процедураларды көрсете отырып оны хабардар етеді.
3. Сұрау салушы органның талап-тілегі бойынша сұрау салатын орган:
а) оларға қатысты, олар кедендік заңдарды бұзды немесе бұзуда дейтін жеткілікті негіз бар деп ұйғарылған жеке тұлғаларға немесе заңды ұйымдарға;
ә) екінші Тараптың кедендік заңдарын саналы түрде бұзуда дейтіндей күдік туғызатын тауарларды жинайтын орындарға;
б) кеден заңдарын елеулі түрде бұзуы ықтимал болатын тауарлар қозғалысына;
в) оларға қатысты, олар кеден заңдарын бұзу арқылы пайдаланылады немесе пайдаланылуы мүмкін деп ұйғаруға негіз бар көлік құралдарына ұдайы бақылауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданады.
4-БАП
Сұрау салусыз жәрдемдесу
Тараптар өздерінің заңдарына, ережелеріне және басқа да құқықтық актілеріне сәйкес, егер олар кедендік заңдарды тиісінше қолдану үшін мұны қажет деп санаған жағдайда, атап айтқанда, олар:
- осы заңдарды бұзды, бұзуда немесе бұзуы мүмкін және басқа тараптардың мүдделілігі болуы мүмкін дейтіндей операцияларға;
- мұндай операцияларды жүргізудің жаңа тәсілдеріне немесе әдістеріне;
- олар кедендік заңдарды елеулі түрде бұзуға негіз бола алатыны белгілі болған тауарларға қатысты ақпарат алған кезде алдын ала сұрау салусыз-ақ бір-біріне жәрдем көрсететін болады.
5-БАП
Жеткізу/Хабарлау
Сұрау салушы органның талап-тілегі бойынша сұрау салынатын орган өзінің заңдарына сәйкес:
- барлық құжаттарды жеткізу;
- осы Хаттаманың қолданылу аясы тарайтын оның аумағында тұратын немесе құрылған мекен-жай иесіне барлық шешімдер туралы хабар жіберу үшін барлық қажетті шараларды қолданады. Бұл жағдайда 6-баптың 3-тармағы қолданылады.
6-БАП
Көмек туралы сұрау салудың нысаны мен мазмұны
1. Осы Хаттаманың негізінде жасалған сұрау салу жазбаша түрде табыс етілуге тиіс. Оны орындау үшін қажетті кұжаттар сұрау салуға қоса тіркелуі керек. Ауызша түрде сұрау салу, бұл өзі ахуалдың қауырттығынан туындаған кезде, қабылдануы мүмкін, бірақ олар дереу жазбаша түрде айғақталуға тиіс.
2. Осы Баптың 1-тармағы негізінде жасалған сұрау салудың мазмұнында төмендегідей ақпарат:
а) сұрау салушы орган;
ә) сұралып отырған іс-шара;
б) сұрау салудың предметі мен негізі;
в) сұрау салуға қатысты заңдар, ережелер және басқа да заңдық элементтер;
г) тексерудің объектісі болып табылатын жеке тұлға немесе заңды ұйым туралы барынша дәл әрі толық мағлұматтар;
д) 5-бапта көрсетілетін жағдайларды қоспағанда, іске қатысты фактілерді қысқаша баяндау және жүргізілген тексерулер туралы ақпарат болуға тиіс.
3. Сұрау салу құзыретті органның ресми тілінде немесе ол үшін қолайлы тілде табыс етіледі.
4. Егер сұрау салу кей талаптарға сәйкес келмесе, оны түзету немесе толықтыруға талап қойылуы мүмкін, алайда, алдын ала шаралар қабылдау туралы өкіл де берілуі мүмкін.
7-БАП
Жәрдемдесу туралы сұрау салудың орындалуы
1. Жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау мақсатында сұрау салынатын орган немесе соңғысы дербес түрде іс-әрекет жасай алмайтындай жағдайларда, осы сұрау салуды аталған орган атына жіберген әкімшілік бөлім өз құзырының шеңберінде және оның билігінде бар құралдарды ескере отырып, өзінің жеке атынан немесе осы Тараптың басқа органының сұрау салуы бойынша шыққан реттегідей қолында бар ақпаратты ұсына, тиісті тексеру жүргізе немесе оны басқалардың жүргізуін ұйымдастыра отырып жұмыс істейді.
2. Жәрдемдесу туралы сұрау салудың орындалуы сұрау
салынатын Тараптың заңдарына, ережелеріне және басқа да құқықтық тетіктеріне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бір Тараптың тиісті түрде өкілеттік берілген ресми адамдары екінші Тараптың келісімімен және соңғысы белгілеген шарттарға сәйкес осы Хаттаманың мақсаттары үшін сұрау салушы құзырлы органға қажетті кедендік заңдарды бұрмалауға қатысты ақпаратты сұрау салынған құзырлы органнан немесе оған есеп беруге міндетті өзге де органнан ала алады.
4. Тараптың лауазымды адамдары екінші Тараптың келісімімен және соңғысы белгіленген шарттарға сәйкес оның аумағында жүргізілген тексерістерге қатыса алады.
8-БАП
Ақпарат беру нысаны
1. Сұрау салынатын орган сұрау салушы органға тексерістің нәтижелерін кұжаттар, құжаттардың куәландырылған көшірмелері, есеп берулер нысанында және басқа да нысанда хабарлайды.
2. 1-тармақта көрсетілетін құжаттар осы тақылеттес мақсаттар үшін кез келген нысанда берілетін компьютерлендірілген ақпаратпен алмастырылуы мүмкін.
9-БАП
Көмек көрсету жөніндегі міндеттемелердегі ерекшеліктер
1. Осы Хаттамада көрсетілгендей, егер бұл:
а) егемендікке, ішкі саясатқа, қауіпсіздікке немесе басқа да
негізгі мүдделерге зиян келтіретін;
немесе
ә) кедендік баж салығына қатысты қалыптық-құқықтық, құжаттардан ерекше валютаға немесе салық салуға байланысты мәселелерді реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарға әсері тиетін;
немесе
б) өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны бұзатын болса, Тараптар жәрдем көрсетуден бас тарта алады.
2. Егер сұрау салушы орган өзінен жәрдем көрсетуді өтіне қалған жағдайда, мұнысы өзі орындай алмайтындай жәрдем болса, ол өзінің сұрау салуында осы фактіге назар аударуға тиіс. Бұл жағдайда осы сұрау салуға қалай жауап беруді шешу құқығы сұрау салынатын органның өзінде қалады.
3. Егер жәрдем толық көрсетілмесе немесе одан бас тартылса, мұндай шешім және оның себептері сұрау салушы органға жазбаша түрде кідіріссіз хабарлануға тиіс.
10-БАП
Құпиялықты сақтау міндеттемесі
1. Осы Хаттама негізінде хабарланатын кез келген нысандағы кез келген ақпараттың құпия сипаты болады. Оған, оны қабылдайтын елде осы тақылеттес ақпаратқа қатысты тиісті заңдар және Қоғамдастықтың ресми органдарына қатысты қолданатын тиісті ережелер шеңберінде болатын режимге ұқсас құпиялылық пен оны қорғаудың ресми режимі қолданылуға тиіс.
2. Егер берілген ақпаратты ұсыну немесе пайдалану Тараптардың бірінің негізге алынатын құқықтық қағидаттарына қайшы келеді деп есептеуге жеткілікті негіз болса және әсіресе егер аталған Тараптың зиян шегуі мүмкін болса, тапсырылған мағлұматтар берілмейтін болады. Ақпаратты алған Тарап оны берген Тарапқа ақпаратты пайдаланғандығы мен алынған нәтижелері туралы хабарлайтын болады.
3. Берілген ақпарат, ол прокуратура, сот тергеуі және құқық қорғау органдары үшін қажет болған жағдайда ғана кедендік өкімет орындарына берілуі мүмкін. Өзге адамдар мен ресми органдар ақпарат беруші құзырлы органның алдын ала берген рұқсатынан кейін ғана мұндай ақпаратты ала алады.
4. Ақпарат беруші Тарап оның дұрыстығын тексереді. Берілген ақпараттың дұрыс еместігі немесе оны жою қажеттігі анықталған жағдайда ақпарат алушы Тарап шұғыл түрде хабарлануға тиіс. Алатын Тарап түзету енгізуге немесе қажеттісін сызып тастауға міндетті болады.
5. Мүдделі адам мемлекет мүддесінің басым жағдайлары үшін зиян келтірместен, тиісті сұрау салып, сақтаудағы мәліметтер мен оларды сақтаудың мақсаттары туралы ақпаратты ала алады.
11-БАП
Ақпаратты пайдалану
1. Алынған ақпарат тек осы Хаттаманың мақсаттары үшін ғана пайдаланылуға тиіс және әрбір Тарап ақпарат беруші құзырлы орган алдын ала жазбаша келісім берген жағдайда ғана оны басқа мақсаттар үшін пайдалана алады, сөйтіп ақпарат аталған орган белгілейтін барлық шектеулерге бағынуы керек.
2. 1-тармақ кеден заңдарының сақталмауына байланысты кез келген сот немесе әкімшілік процедураларына ақпаратты пайдалануға кедергі болмауға тиіс.
3. Тараптар тапсырылған айғақтамалардың хаттамалық жазбаларында, сот ісін жүргізу кезінде немесе сотқа дейін талап етілген есептер мен куәлардың жауаптарында алынған ақпарат пен құжаттарды осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес анықтама тәрізді қабылдап, айғақтама ретінде пайдалана алады.
12-БАП
Сарапшылар мен куәлар
Құзырлы органның ресми лауазымды адамына алынған өкілдіктер ауқымында осы Хаттама қамтитын және екінші Тараптың юрисдикциясына жататын мәселелер бойынша соттағы немесе әкімшілік процессуалдық іс-әрекеттер барысында сарапшы немесе куәгер болуға және процесс үшін қажет болуы мүмкін бұйымдарды, құжаттарды немесе олардың куәландырылған көшірмелерін тапсыруға рұқсат етілуі мүмкін. Сотта сөз сөйлеуіне немесе оның юрисдикцияға формальді түрде бағынуына қойылатын талапта аталған лауазымды адамнан қандай мәселе бойынша және қандай негізде немесе қандай жағдайға байланысты жауап алынатыны туралы арнаулы нұсқау болуға тиіс.
13-БАП
Жәрдем беруге жұмсалатын шығындар
Тараптар осы Хаттаманың орындалуы кезінде жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі бір-біріне деген талаптардың бәрінен бас тартуға тиіс, бұларға қажет болған жағдайларда сарапшылар пен куәларға, сондай-ақ мемлекеттік қызметте тұрмайтын ауызша және жазбаша тәржіма жасаушы аудармашыларға жұмсалатын шығындар қосылмайды.
14-БАП
Жүзеге асыру
1. Осы Хаттаманың орындалуы бойынша басшылық жасау, бір жағынан, Қазақстан Республикасының орталық кедендік органдарына және екінші жағынан, Еуропалық Қоғамдастықтар Комиссиясының құзырлы орындарына, ал орынды деп саналған жағдайда, Еуропалық одақка Мүше-мемлекеттердің кедендік органдарына жүктеледі. Олар ақпарат қорғау саласындағы ережелерді ескере отырып, Хаттаманың орындалуы үшін қажетті барлық іс-шаралар мен келісімдер бойынша шешімдер қабылдайды. Олар ынтымақтастық кеңесіне осы Хаттамаға енгізу қажет деп санайтын өзгерістерін ұсына алады.
2. Тараптар өзара консультациялар өткізеді және осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес қабылданған толық ережелерді іс жүзінде жүзеге асыру жөнінде бұдан былай бір-бірін хабардар етіп отырады.
15-БАП
Өзара толықтыру
1. Аталған Хаттама Еуропалық Қоғамдастыққа мүше жекелеген немесе бірнеше мемлекеттер мен Қазақстан Республикасы арасында жасалған кез келген келісімнің қолданылуын қиындатпайды, қайта оны толықтыра түседі. Хаттама сондай-ақ осындай келісімдер ауқымында неғұрлым кең көлемді өзара көмек көрсетілуін де жоққа шығармайды.
2. 11-баптың ережелеріне зиян тигізбей, бұл келісімдер Қоғамдастық мүдделі болып табылатын кедендік мәселелер бойынша Комиссияның құзырлы қызмет орындары мен Мүше-мемлекеттердің кедендік органдары арасында алынған кез келген ақпараттың берілуін реттейтін Қоғамдастық ережелеріне нұқсан келтірмейді.