Жетiбай кен орнында мұнай өндiру деңгейiн сақтау мақсатында
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. "Маңғыстаумұнайгаз" өндiрiс бiрлестiгi мен "Куэст Петролеум
Қазақстан ГмбХ" австрия фирмасы арасындағы ұңғымаларда
жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу мен озық технологияларды
енгiзу есебiнен Жетiбай кен орнында көмiр сутегiн өндiрудi жеделдету
жөнiнен "Жетiбай-Куэст" бiрлескен кәсiпорнын құру туралы шарт
мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, ведомстволары,
Маңғыстау облысының әкiмi жасасылған шарт шеңберiнде "Жетiбай-Куэст"
бiрлескен кәсiпорнын белгiленген тәртiппен барлық қажеттi
лицензиялармен және рұқсаттармен қамтамасыз етсiн, сондай-ақ
бiрлескен кәсiпорын қызметiнiң ұйымдық мәселелерiн шешу кезiнде
көмек көрсететiн болсын.
3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мен
Маңғыстау облысы Ералиев ауданының әкiмшiлiгi "Жетiбай-Куэст"
бiрлескен кәсiпорнын белгiленген тәртiппен тiркейтiн болсын.
4. "Жетiбай-Куэст" бiрлескен кәсiпорнының жұмысты орындау
барысын бақылауды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының
Энергетика және отын қорлары министрлiгiне тапсырылсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi