Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 тамыздағы № 307 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Мақашұлы Жұманғаринге Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 24 тамыздағы
№ 307 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі - Шарт) ережелерін негізге ала отырып,

      мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы ынтымақтастықты ұзақ мерзімді және тұрақты негізде нығайтуға мүдделілік білдіре отырып,

      бір мүше мемлекеттің аумағында тіркелген әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің басқа мүше мемлекетте өткізілетін мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуға қатысуға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге ұмтылысын құптай отырып,

      мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделері ескерілетін тең құқықтылық пен өзара тиімділік қағидаттарына сүйене отырып,

      мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілердің құқықтарын тиісті қорғау қажеттілігін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "банк кепілдігі" - бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында көзделген міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін принципалдың мүше мемлекетінің аумағында тіркелген кепілгер берген кепілдік (тәуелсіз кепілдік);

      "банк кепілдіктерінің тізілімі" - бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында көзделген, берілген банк кепілдіктері туралы ақпаратты қамтитын бенефициардың мүше мемлекетінің тізілімі;

      "бенефициар" - пайдасына банк кепілдігі берілген тапсырыс беруші;

      "принципал" - банк кепілдігі берілген әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарында қолданылады.

2-бап

      Басқа мүше мемлекеттің бенефициары жүзеге асыратын мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу мақсаттары үшін принципалдың мүше мемлекетінің аумағында тіркелген кепілгерлер беретін банк кепілдіктерін өзара тануды қамтамасыз ету осы Келісімнің нысанасы болып табылады.

      Осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып берілген банк кепілдіктерін мүше мемлекеттер мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде таниды.

      Осы Келісімнің күші мыналарға:

      мәліметтері мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуға;

      мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері жүзеге асыратын сатып алуға қолданылмайды.

3-бап

      Принципалдың мүше мемлекетінің аумағында тіркелген кепілгер осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес банк болып табылуға және мынадай талаптарға:

      соңғы 6 ай ішінде кепілгерге принципалдың мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес оның экономикалық дәрменсіздігінің (банкроттығының) алдын алу және қаржылық жай-күйін жақсарту (қаржылық сауықтыру) жөнінде қолданылған шаралардың болмауына;

      егер кредиттік рейтингтің болуы туралы талап бенефициардың мүше мемлекетінің заңнамасында көзделген жағдайда - деңгейіне қойылатын талап бенефициардың мүше мемлекетінің заңнамасында көзделген бенефициардың мүше мемлекетінің кредиттік рейтингтік агенттігі берген кредиттік рейтингтің болуына не Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) кеңесі бекіткен өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс.

4-бап

      1. Басқа мүше мемлекеттің бенефициарының мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуларына қатысу үшін банк кепілдігін беру мақсатында принципалдың мүше мемлекетінің аумағында тіркелген және осы Келісімнің 3-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келетін кепілгер, егер бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында бенефициардың мүше мемлекеті кепілгерлерінің тізбесін (бұдан әрі - кепілгерлердің тізбесі) қалыптастыру көзделген болса, мұндай тізбеге енгізілуге тиіс. Бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында кепілгерлерді кепілгерлердің тізбесіне енгізу мақсаттары үшін осы Келісімде көзделмеген, кепілгерлерге қойылатын талаптарды белгілеуге жол берілмейді.

      Кепілгерлердің тізбесіне енгізу бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен, бенефициардың мүше мемлекетінің уәкілетті органы принципалдың мүше мемлекетінің уәкілетті органынан алған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

      2. Кепілгер:

      кепілгердің осы Келісімнің талаптарына сәйкес келмеуі;

      кепілгердің кепілгерлер тізбесінен шығару туралы жазбаша өтініш беруі жағдайларында принципалдың мүше мемлекеті уәкілетті органының ақпараты негізінде кепілгерлердің тізбесінен шығарылады.

      3. Кепілгерді кепілгерлердің тізбесінен шығару оған берілген және бенефициар қабылдаған банк кепілдіктерінің қолданысын тоқтатпайды және кепілгерді осындай банк кепілдіктері бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін жауаптылықтан босатпайды.

      4. Осы бапта көзделген ақпараттың құрамын, сондай-ақ осындай ақпаратты алмасу тәртібін Комиссия кеңесі айқындайды.

5-бап

      Банк кепілдігінің нысаны мен мазмұны бенефициардың мүше мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Банк кепілдігі бенефициардың мүше мемлекетінің мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен (егер мұндай заңнамада көрсетілген тізілімді қалыптастыру көзделген болса) банк кепілдіктерінің тізіліміне енгізілуге тиіс.

      Бенефициардың кепілгерге банк кепілдігі бойынша талаптарды ұсынуына, оны кепілгердің қарауына байланысты қатынастарға бенефициардың мүше мемлекетінің заңнамасы қолданылады.

6-бап

      Бенефициар мен кепілгер арасындағы, сондай-ақ бенефициар мен принципал арасындағы даулар мен келіспеушіліктер бенефициардың мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес бенефициардың тіркелген жері бойынша сот тәртібімен қаралады.

7-бап

      Мүше мемлекеттер осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті органдарды айқындайды, бұл туралы Комиссияға осы Келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламамен бір мезгілде хабарлайды.

8-бап

      Мүше мемлекеттердің осы Келісімді іске асыруы кезінде кепілгерлердің тізбесі мен банк кепілдіктерінің тізілімін жасауға және (немесе) жүргізуге және (немесе) жаңғыртуға байланысты шығыстарды мүше мемлекеттер өздері дербес көтереді.

9-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісу бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.

      Осы Келісім осы Келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      20____жылғы "___"________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады