Экономиками ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 8 мамырдағы № 542 Жарлығы.

      Осы Жарлық бәсекелестікті дамыту, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту, бизнестің шығындарын азайту арқылы Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз ететін алдағы уақыттағы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды.

      Елдің экономикалық әлеуетін кеңейтуге және бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған құрылымдық экономикалық және құқықтық реформаларды жеделдету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Экономиканы алдағы уақытта ырықтандырудың негізгі бағыттары болып мыналар айқындалсын:

      жеке меншікке қолсұғылмаушылықты қамтамасыз ету;

      жеке кәсіпкерлік қызметінің еркіндігі және мемлекеттің нарықтық қатынастарға заңсыз араласуын болдырмау қағидаттарын толығымен іске асыру;

      нарыққа қатысушылардың арасындағы еркін бәсекелестікті дамыту мен қорғауды қолдау;

      нарыққа қол жеткізу үшін реттеуші және әкімшілік кедергілерді, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін жасанды артықшылықтарды жою;

      мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарды әкімшілендіруге бизнестің жұмсалатын шығындарын жаппай азайту.

      2. Экономикалық кеңістікті босату және жекеше кәсіпкерліктің әлеуетін толығымен іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жекешелендіру процесін аяқтау және бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайталама өсуіне кедергі болатын нормативтік шарттарды жолға қою, соның ішінде мынадай шаралар арқылы мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін кең ауқымда және жедел түрде қысқартуды жүргізсін:

      1) "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмалары бойынша айрықша жағдайларды қоспағанда, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізу;

      2) мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай жария тізілімін кейіннен жаңарта отырып, республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік активтерге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ревизия жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне (тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып) 2024 жылғы 1 маусымға дейін Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офисті құруға жәрдем корсету, ол 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін мыналарды:

      міндетті түрде жекешелендіруге жататын мемлекеттік объектілерге қойылатын өлшемшарттарды тұжырымдауды;

      елу пайыздан көп акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) мемлекетке және онымен үлестес тұлғаларға тиесілі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен заңды тұлғалардың қызметіне өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, бейінді емес активтерді бәсекелес ортаға берудің мүмкіндігі мен орындылығы тұрғысынан талдау жүргізуді;

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің шешімімен ғана бекітілуі және түзетілуі мүмкін жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің (IPO, SPO, аукциондар және басқаларды өткізуді қоса алғанда, олардың әрқайсысы бойынша өткізу шарттары мен әдістерін айқындай отырып) тізбесін қалыптастыруды;

      жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің өтінімдік тізбесін қалыптастыру және енгізу арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бастамасы бойынша объектілерді жекешелендіру мүмкіндігін ұсынуды;

      мемлекеттік активтердің жекешелендіру барысын мониторингтеуді қамтамасыз етуге тиіс;

      4) жекешелендірудің келесі тәсілдерін бекіту:

      бәсекелестік және ұсыныс деңгейі төмен тауар нарықтарына субсидиарлық (қосалқы) қатысу;

      стратегиялық және әлеуметтік объектілерді, банкаралық төлемдер жүйесі мен қаржы нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қаржы нарығы инфрақұрылымының объектілерін қоспағанда, мемлекет қатысатын барлық нарық субъектілерін міндетті түрде жекешелендіруді білдіретін нарық субъектілеріне уақытша қатысу;

      мемлекет қатысатын нарық субъектісін құрудың мақсаттары мен міндеттерін, оның функцияларын айқындау және олардың жетістіктері мен іске асырылуын бағалау;

      табиғи монополия субъектілерін қоспағанда, жекешелендіру кезінде жеке монополиялар (оның ішінде, жергілікті жерлердегі) құруға жол бермеу;

      5) жеке инвесторлардың тек өзінің және қарыз қаражатының есебінен (мемлекеттік және квазимемлекеттік көздерден қарыз қаражатын және өзге де қаражатты тартпай) жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің бекітілген тізбесіне сәйкес мемлекеттік активтерді жаппай жекешелендіру процесін 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтауды қамтамасыз ету;

      6) экономикалық қызметтің барлық түрлерінің жалпы сыныптауышының әрбір коды үшін географиялық шекараларды, мемлекет қатысатын, белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыратын субъектінің атауын, субъектінің тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің сол немесе өзге нарықтарында болу мерзімін міндетті түрде көрсетуді көздейтін квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін рұқсат етілген қызмет түрлері тізбесінің жаңа форматын қабылдау;

      7) мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының қолда бар заңнамалық негіздерін қайта қарау.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп "Самұрық- Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қор) мен оның еншілес және тәуелді компанияларын корпоративтік басқарудың дербес болуын, сапасын және тәуелсіздігін арттыру мақсатында:

      2024 жылғы 1 шілдеге дейін тәуелсіз директорларды іріктеу тәртібі мен өлшемшарттарын белгілеу арқылы тағайындаулардың ашық және болжанатын жүйесін құра отырып, Қор мен оның еншілес және тәуелді компанияларының директорлар кеңестерін (байқау кеңестерін) қалыптастырудың тәртібін қайта қарасын;

      2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін тәуелсіз директорларды (тәуелсіз мүшелерді) іріктеу бойынша конкурс өткізу арқылы Қор мен оның еншілес және тәуелді компанияларының директорлар кеңестерінің (байқау кеңестерінің) құрамын жаңартсын;

      2024 жылғы 1 тамызға дейін кадрлық шешімдерді, сатып алуларды жүзеге асыруды және өндірістік процестерді қоса алғанда, Қордың еншілес және тәуелді компанияларының операциялық қызметіне оның араласуы мүмкіндігін төмендету жөніндегі қосымша жүйелі шараларды қабылдасын;

      2024 жылғы 1 тамызға дейін "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп процестердің ашықтығын арттыруды және ел ішіндегі құндылығының үлесін ұлғайтуды ескере отырып, Қордың реттелетін сатып алу жүйесін қайта қарасын.

      4. Меншік нысанына қарамастан экономиканың барлық субъектілеріне кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тең жағдайлар мен мүмкіндіктер ұсыну арқылы нарықтағы адал бәсекелестікті қамтамасыз ететін шарттарды одан әрі жетілдіру, сондай-ақ тек заңда белгіленген тәртіппен бәсекелес емес әрекеттердің жолын кесу құқығын мемлекеттің іске асыруы мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп мынадай шараларды қабылдасын:

      1) отын-энергетика кешені, көлік, байланыс салаларында және өзге де салаларда:

      2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін мұнайды мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу нарығында квазимемлекеттік сектордың үлесін сапалық жағынан қысқартуды, мұнайды қайта өңдеудің, мұнайды тасымалдаудың, сондай-ақ әуежайлар аумағында авиаотынды сақтаудың көрсетілетін қызметтеріне жеке мұнай жеткізушілердің тең және кемсітушіліксіз қол жеткізуін, оның ішінде қол жеткізуді ұсыну рәсімдерін цифрландыру арқылы қамтамасыз етсін;

      2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін байланыс операторларының кәбілдік кәрізге толыққанды тең қолжетімділігін қамтамасыз етсін;

      2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер туралы деректерді цифрландыруды аяқтасын және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін оларды беру кезінде электрондық конкурсты міндетті түрде пайдалануды қамтамасыз етсін;

      2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниялар үш жыл ішінде тікелей келіссөздер арқылы өздеріне қатысты жер қойнауын пайдалану құқығын алуға басым құқықты іске асырмаған жер қойнауы учаскелерінің электрондық аукцион арқылы өткізілуін қамтамасыз етсін;

      2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін экономиканың (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері) салалары ішінде және арасында тарифтерді кросс-субсидиялауды сатылап алып тастасын;

      2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін, монополия нарықтарын қоспағанда, бағалар мен тарифтерді қалыптастыру еркіндігін тікелей немесе жанама түрде шектейтін Қазақстан Республикасы заңнамасын нормаларының барынша көп санын сатылап күшін жоюды қамтамасыз етсін;

      2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін жеке инвестициялар тарту және ұсынылатын реттелуші көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылай отырып, табиғи монополия саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында тариф құрудың ынталандырушы әдіснамасының практикалық тұрғыдан қолданылуын қамтамасыз етсін;

      2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін азаматтарға арналған өтемақы шараларының тиімді тетігін ісе қосу мәселесін, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалана отырып мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек пен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша тұрғын үй төлемін беруді пысықтасын;

      2) 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін сатып алуды және биржалық сауданы жетілдіру саласында:

      мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын әлеуетті өнім берушілерден кемінде екі өтінім болған жағдайда, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін мемлекеттік сатып алуға қатысудан алып тастау арқылы "сары беттер" қағидаттарын енгізсін;

      тікелей шарт жасасу арқылы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу тәсілімен жүзеге асырылатын жағдайлардың тізбесін қайта қарасын;

      стандартталмаған тауарлармен биржалық сауда-саттықты және тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруды жойсын;

      биржалық сауда-саттық барысына араласу тәуекелін болдырмау және биржалық мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін тауар биржаларының цифрлық сауда жүйелерінің және клирингтік орталықтардың бағдарламалық қамтылымының тиімділігін арттырсын;

      3) 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін тауарлық-ерекшелікті субсидиялардан жеңілдікті кредиттер беруге сатылап көшуді қамтамасыз етсін;

      4) кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына ашық және тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында:

      ұсыну тәртібін стандарттау мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ұқсас түрде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді қамтамасыз етсін;

      цифрлық экожүйені жасау, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын "бір терезе" қағидаты" бойынша ұсынуды қамтамасыз ете отырып жасау арқылы мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының цифрлық форматын енгізуді аяқтасын;

      мемлекеттік қолдау шараларын көрсету кезінде қарсы міндеттемелерді есептеудің және есепке алудың тиімді тетігін қамтамасыз етсін;

      5) сатып алу тізіміне кірудің бизнес-процесін, оның ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаларды тіркеуді цифрландыруды қамтамасыз етсін.

      5. Қаржы нарықтарында адал бәсекелестікті қамтамасыз ететін шарттарды одан әрі жетілдіру мақсатында:

      1) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп:

      2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін жаңа банктер ашу үшін мүмкіндіктерді кеңейту және тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілері үшін банктік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша, оның ішінде:

      еншілес шетелдік банктер мен шетелдік банктердің филиалдарын ашу жөніндегі заңнамалық талаптарды ырықтандыру;

      шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген операциялар түрлерінің тізбесін кеңейту;

      банк жүйесін институционалдық жетілдіру, оның ішінде әмбебап және базалық банк лицензиясын енгізудің орындылығын қарай отырып жетілдіру арқылы шаралар қабылдасын;

      2) 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, тиісті сараптамадан өткеннен кейін (жобаны бағалауды қоса алғанда) және қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде, әрбір жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей келісімі алынатын жалпы елдік маңызы бар жобаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың субъектілері үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нарықтық емес (жеңілдікті) шарттармен мемлекеттік қаржыландыруды тартуға тыйым салуды енгізуді қамтамасыз етсін.

      6. Кәсіпкерліктің еркіндігінің түбегейлі қағидаттарын іске асыру, оның ішінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңды кәсіпкерлік қызметке араласпауын қамтамасыз етудің есебінен іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (келісім бойынша) бірлесіп:

      кәсіпкерлік қызмет саласындағы реттеуші саясатты одан әрі жетілдіруді, оның ішінде оның өңірлік деңгейде құқықтық тұрғыдан қолданылуының тиімділігін арттыруға басымдық бере отырып жетілдіруді;

      тұтынушылардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар ұсынатын көрсетілетін қызметтерге, оның ішінде вагондарды беру-жинау, локомотивтік тарту қызметі, жанар-жағар май материалдарын бөлу және басқалар (қолжетімділігі автоматтандырылуға жататын көрсетілетін қызметтердің тізбесі 2025 жылғы 1 маусымға дейін айқындалуы тиіс) сияқты қызметтерге қол жеткізуін толық автоматтандыруды (цифрландыруды);

      инженерлік желілерге, оның ішінде жекеше табиғи монополия субъектілерінен алынатын инженерлік желілерге қосылуға техникалық талаптар алу рәсімдерін регламенттеуді, цифрландыруды және оңайлатуды қамтамасыз етсін;

      2) жаңа Салық кодексінде:

      салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары бойынша мөлшеріне қарай сараланған тәсілді (шоттарға тыйым салуды барынша азайту);

      борышы едәуір болған жағдайда төлеуді кепілсіз кейінгі қалдыруды/бөліп төлеуді ұсыну рәсімін оңайлатуды;

      әлеуметтік төлемдер бойынша борышты өндіріп алудың шекті мәнін белгілеуді;

      шағын және орта бизнесті салықтық тексеруді тоқтата тұру бойынша екі реттен асырмай шектеуді;

      3) 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлесіп Қазақстан Республикасының заңнамасына мыналарды:

      экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықтық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылтуды;

      әкімшілік-деликт заңнамасын жетілдіруді, оның ішінде квазимемлекеттік сектор, табиғи монополия субъектілерінің және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды болдырмау бөлігінде жетілдіруді, заңды түрде кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтірумен байланысты іс-әрекет үшін, егер оның қылмыстық жазаланатын белгілері болмаса, әкімшілік жауаптылықты белгілеуді;

      мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың прокурорлармен:

      тыйым салу-шектеу (субъектінің (объектінің немесе оның жеке учаскесінің) қызметін, әрекеттерді, процесті тоқтата тұруды; рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұруды, айыруды (қайтарып алуды); рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартуды; бұрын инвестордың пайдасына шығарылған шешімнің күшін жоюды (оны қайтарып алуды); біржақты тәртіппен келісімшартты не келісімді бұзуды) шараларын;

      Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау және тексерулер тағайындау туралы шешімдерді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың инвесторларға талап-арыздарын келісуін;

      экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарламаны және баянатты Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне:

      салықтық тексеру актісін, тұжырымында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар екенін көрсететін жеткілікті деректер қамтылған салық қызметі органы маманының қорытындысын (анықтамасын) қоса бермей;

      сотқа дейінгі шағымдану жағдайларында жоғары тұрған органның шешімдері және сотқа шағымданған кезде сот шешімдері күшіне енгенге дейін салық қызметі органдарының актілеріне сотқа дейінгі және сотқа шағымдану кезінде;

      есептеулер жұмыстарды нақты орындаусыз, қызметтер көрсетусіз, тауарларды жөнелтусіз мәмілелер бойынша жүргізілген, декларация тапсыру міндетті болғанда декларация ұсынылмаған, сондай-ақ салық салудың басқа объектілерін және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді жасыру жолымен кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді декларацияға енгізген жағдайларды қоспағанда, салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген сомаларын толық ерікті түрде өтеу кезінде тіркеуден алып тастауды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етсін;

      4) 2024 жылғы 1 шілдеге дейін алдыңғы қатарлы бүкіләлемдік стандарттар бойынша әзірленген іске асырылған халықаралық жобаларды қазақстандық талаптарға сәйкес жобалық-сметалық құжаттаманы міндетті әзірлеусіз пайдаланудың мүмкіндігін қамтамасыз етсін;

      5) 2025 жылдың соңына дейін рұқсаттар алу үшін біліктілік талаптарын қайта қарасын, сондай-ақ оларды алудың тәртібі мен мерзімі оңтайландырылсын;

      6) 2024 жылдың соңына дейін шектеулі адамдар тобына монополиялық және (немесе) басым жағдайды иеленіп отырған топтардың іс-әрекетімен келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық талап беру институтын заңнамалық тұрғыдан енгізудің орындылығы туралы мәселені пысықтасын.

      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесіп жарты жылдың және жылдың қорытындысы бойынша жұмыс нәтижелері туралы есепті ақпаратты Президент Әкімшілігіне 1 ақпанға және 1 тамызға дейін енгізуді, сондай-ақ тоқсан сайынғы негізде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның қарауына енгізуді қамтамасыз етсін.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      9. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      10. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады