"Денисов аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы Денисов ауданы мәслихатының 2016 жылғы 6 маусымдағы № 33 шешімі.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Жарлығымен бекітілген Мәслихаттың үлгі регламентінің 65-тармағына сәйкес, Денисов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған "Денисов аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережесі бекітілсін.

      2. Осы шешімінің орындалуын бақылау "Денисов аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысына жүктелсін.

      3. Осы шешім қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының төрайымы А. Бектемісова
      Денисов аудандық мәслихатының хатшысы А. Мұрзабаев

  Денисов
  аудандық мәслихатының
  2016 жылғы 6 маусымдағы
  № 33 шешімімен
  бекітілген

"Денисов аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Қостанай облысы Денисов ауданы мәслихатының 27.12.2022 № 106 шешімімен (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. "Денисов аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мәслихат аппараты) Денисов аудандық мәслихатын (бұдан әрі - мәслихат) және оның органдарын ұйымдық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мәслихат аппаратының ведомстволары жоқ.

      3. Мәслихат аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Мәслихат аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мәслихат аппаратының, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мәслихат аппараты өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Денисов аудандық мәслихаты төрағасының (бұдан әрі-мәслихат төрағасы) өкімдерімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Денисов аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 110500, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Денисовка ауылы, Калинин көшесі, 5.

      10. Осы Ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер мәслихат аппаратына заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Мәслихат аппаратының міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері: мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін қамтамасыз ету.

      14. Өкілеттіктер:

      1) құқықтар:

      өз құзыреті шегінде заңды және жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсуге, шарттар жасасуға және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыруға;

      өз құзыреті шегінде мәслихат құзыретінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрату және алу;

      мәслихат отырыстарына, комиссияларға, жұмыс топтарына, мәслихат органдары өткізетін іс-шараларға қатысу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      мәслихат депутаттарының қызметіне әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;

      мәслихат аппаратының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша қызметтік хат алмасуды жүргізу;

      мәслихат қарайтын құжаттарды дайындауға қатысуға мүдделі органдар мен ұйымдарды тарту;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      мәслихаттың, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;

      мәслихаттың, оның органдарының және мәслихат депутаттарының қызметін құқықтық қамтамасыз ету;

      мәслихаттың қарауына келіп түскен шешімдердің жобаларын қарау;

      мәслихат депутаттарының заңнамада белгіленген құзыреттерді іске асыруына көмек көрсету;

      мәслихат қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;

      мәслихаттың басқа органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      мәслихат қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету;

      мәслихат қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.

3-тарау. Мәслихат аппаратының бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мәслихат аппаратына басшылықты мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы (мәслихат төрағасы) жүзеге асырады.

      17. Мәслихат аппаратының бірінші басшысын депутаттар арасынан депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы сайлайды және мәслихат сессияда қызметінен босатады.

      18. Мәслихат аппаратының бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.

      19. Мәслихат аппаратының бірінші басшысының өкілеттігі "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген.

      Мәслихат аппаратының бірінші басшысы болмаған кезде оның өкілеттігін Денисов аудандық мәслихат депутаттарының бірі уақытша жүзеге асырады.

      20. Мәслихат аппаратын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес мәслихат төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын мәслихат аппаратының басшысы басқарады.

4-тарау. Мәслихат аппаратының мүлкі

      21. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, мәслихат аппаратының өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады